Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Мәйекті 9059 0 пікір 27 Сәуір, 2016 сағат 13:17

АШЫҚ ХАТҚА ҚОЛ ҚОЙҒАНДАРДЫҢ АЙТАРЫ БАР

Тәуелсіздіктің 25-жылында   Білім және ғылым министрлігіне 14 - министр тағайындылып, ол қарапайым орта мектептерге эксперимент жүргізуге кірісіп кетті. Мектепдерде тек қана 3 пәнді (қазақ тілі, әдебиеті мен тарихын) қазақ тілінде, қалған пәндерді ағылшын және орыс тілдерінде оқыту жүйесіне көшіруге ұсыныс жасады. Әсіресе  орта мектептерде жаратылыстану ғылымдарын тек «ағылшын тілінде» оқыту керектігін екпін түсіре айтты.

Бұған ұлт зиялылары, академиктер мен қоғам қайраткерлері, БАҚ өкілдері мен қаламгерлер қауымы өре түрегеліп, ынта-шынтасымен қарсылық білдірді. Тіпті, Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа Ашық хат жолдап, министр Сағадиевтің  «эксперименті» Мемлекеттік тілді жойып тынуға бағытталғанын ескертті.

Өткен аптада Астанада брифинг өткізген министр Ерлан Сағадиев мырза Ашық хат жазушыларды айыптап былай деді:  «Мен ол петицияны оқыдым. Қол қойғандардың ішінде жасы үлкен, құрметті азаматтардың барын түсінемін. Менің ойымша, олар біздің жобаны түсінбеген сияқты. Олардың басын қосып, барлығын түсіндіріп бермекпін. Бұл – бір. Екіншіден, олардың ішінде өз балаларын мемлекет қаражатына орысша да, ағылшынша да шет елдерде оқытқандар бар. Олар біреу де емес, екеу де емес. Оларға не керек? Олар өздерін элита санайды, ал, қарапайым қазақтарға білім керек жоқ деп есептейді».

Министр  мырзаның айтқандары шындыққа сая ма? Бұл туралы әлгі хатқа қол қойғандардың өздері не дейді? «Abai.kz» порталы аталған хатқа қол қойған академик Асқар Жұмаділдаев пен саясаткер Әміржан Қосановтың пікірін білген еді.

 

Асқар Жұмаділдаев, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор,   ҚҰА академигі:

МИНИСТР ЖАҚСЫ АДАМ, БІРАҚ, МЕНІҢ БАЛАМНЫҢ АЙЫБЫ НЕ?

-Министр мырза рас айтып отыр. Менің балам қазақ тілінде, ағылшын тілінде, орыс тілінде шетелде оқыды. Бірақ, Мемлекеттен бір тиын алмай, өз еңбегімен шетелге оқуға грант ұтып алып, барып оқып келді. Дәл менің балама Мемлекет айрықша жағдай жасады деп айта алмаймын.  Америкалық компьютер программасын шығарумен айналысатын «Intel» корпорациясының жарысына қатысып, қола медаль ұтып алып, шетелге оқуға түсті менің балам. Өз қаржысына барып білім алып қайтты. Оған бола мені, менің баламды айыптауға бола ма? Мұнда логика қисынсыздау, білесіз бе?!

Мен - Қазақстан Республикасының азаматымын, Сіз де осы елдің азаматысыз... Мен Мемлекетке тұрақты салық төлеп келемін. Сіз де... Жаңағы балалардың оқуына бөлінетін қаржы сол салықтан алынады. Мүмкіндік бәріне теңдей етіп беріледі. Барлығының баласы озып шығуы, бірақ, мүмкін емес. Логика осында, міне.  Біреудің баласы озып шығады, біреудің баласы кейін қалып қояды. Оған бала кінәлі емес қой?!

Мен министрге қарсы емеспін. Дұрыс, жалпы министр жақсы жігіт. Өте білімді, физ-матты бітірген. Менің қарсы болып отырғаным мынау: мен мысалы 5 тілде еркін сөйлеймін. Мен бес тілде сөйлейді екен деп, басқаларын да күштеп бес тілге үйретуге бола ма?

Мен ағылшын тілін оқытуға қарсы емеспін. Керек десеңіз, сонау жылдардан бері осы ағылшын тілін оқытуды талмай қайталап келемін.

Менің қарсы болып отырғаным мынау: «Орта және жалпы білім беретін мекемелерде жаратылыстану ғылымдарын «тек қана» ағылшын тілінде оқыту керек» деді министр мырза. Мен осы жердегі «тек қана» деген сөзге қарсымын. Рас, қазір еліміздегі, оның білім беру жүйесіндегі 80 пайыз ғылыми оқулықтар, туындылар ағылшын тілінде. Тек ағылшын тілін үйрету – қазақ тілінің есебінен жүргізілмеуі керек. Керек десеңіз, сол ғылымды қазақ тілінде сөйлетуге әбден болады. Бала өзінің қазақ тілінде оқи алмай жүріп, оны ағылшыншаға мәжбүрлеп қоюға болмайды.

Мысалы, енді әлемдік тәжірбиемен салыстырайықшы. Қазір дүниежүзінде жаратылыстану ғылымдарын «тек қана» ағылшын тілінде оқытып жатқан бірден-бір мемлекет – Малайзия. Малайзия қазір министр мырзаның айтып отырған реформасына әлдеқашан көшіп алған.

Дәл осы жүйеге Жапония мен Оңтүстік Кореада көшпек болған. Кейін бұдан бас тартты.

Мен қайталап айтамын. Ағылшын тілін үйрену қиын емес. Ал математиканы үйрену қиын! Қазақ тілінде математиканы оқи алмай жүрген қазақ баласы – ағылшын тілінде оқытсақ, нағыз сауатсыз ұрпақ тәрбиеленіп шығуы мүмкін.

Бұл - Кембридж әдісі деп аталатын жүйе ғой. Бірақ, осы жүйені сол АҚШ неге өз мектептерінде қолданбайды, Батыстың дамыған мемлекеттері неге өз мектептерінде қолданбайды? Мысалы дүниежүзінде халықның саны 1 миллион ғана Эстония деген ел бар. Онда орта мектептерде жалпы базалық білімді тек эстон тілінде береді. Сондықтан менің айтпағым, жалпы білімді қазақ тілінде де беруге болады. Егер оқушы қазақ тілінде білім аламын деп талпынып тұрса, оның құқығын шектеуге болмайды.

Министр жақсы адам, білімді жігіт, кезінде бизнеспен айналысқан. Гарвардта оқып келген. Тек қазір халықпен қоян-қолтық жұмыс істеуге тәжірбиесі жетпей жатыр. Ал жоғарыдағы айыптауы қисынға келмейді.

 

Әміржан Қосанов, саясаткер:

АНА ТІЛІН БІЛГЕНДІКТЕН БАЛАЛАРЫМ ШЕТЕЛДІК КОМПАНИЯЛАРДА ЖҰМЫС ІСТЕДІ

-Ақталатын жай жоқ! Құдай берген үш балам да қазақ мектебінде оқыған, оқып жатыр. Бірақ шет тілдерін де жақсы біледі. Бір қызығы, олардың Қазақстандағы шетел компаниясына жұмысқа тұруына олардың қазақ тілін жетік білгені мықты себеп болды! Өйткені, ол компания басшылары: «Біз Қазақстанда жұмыс істейміз. Сондықтан да бізге қазақ тілін білетін мамандар керек», - деген екен. Осыны да ұмытпауымыз керек!

Мен өзімді элита санамаймын! Көп қазақтың бірімін. Білім бар қазаққа керек. Тек қазақ тіліне нұқсан келтірілмеуі керек, гәп сонда. Бастауыш сыныптарда білім тек қазақша берілуі тиіс. Ал одан кейін орыс тілі мен ағылшын тілін оқытқанға қарсы емеспін. Бірақ жаратылыстану пәндерін тек қана ағылшынша оқытуға қарсымын. Одан қазақ тілінің беделі кеміп кетеді және ол ғылымдардың қазақ тілінде дамуы кенжелеп қалады. Ал шетелде оқығысы келетін оқушылар үшін арнайы курстар арқылы шет тілін тереңдетіп оқытып жатса, несі айып?

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1536
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3316
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6021