Сенбі, 28 Қыркүйек 2024
Қоғам 11291 0 пікір 18 Сәуір, 2016 сағат 18:13

«ЖЕҢІС КҮНІ» ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІНІҢ МЕЙРАМЫ МА?

Әңгімеміздің тақырыбын 140 ұлттың мемлекеті демей, «Қазақ мемлекеті» деп атағанымыз үшін билік басындағы қазақтар бір жолға қапа бола қоймас деп білдік Өйткені, олар 1941-1945 жылдардағы 50 миллионға жуық адам қырылған соғысты да орысқа еліктеп «Ұлы Отан соғысы» деп атағанымен сол жылдары Қазақстанға қызыл вагондармен қойша айдалып келген сол 140 ұлттың ішіндегі әзірбайжан, қарашай, шешен, курд, ингуш, түрік сияқты ұлт өкілдері оны бәрі бірдей «Ұлы Отан соғысы» деп атамайды, олай демек түгіл қарғыс атқыр Мәскеу басшыларының тоз-тоз қылғаны ғой деп аһ ұратындарын өздері де біледі. Ал қарапайым қазақтар ше?

Әрине, пәлен деген жерде пәленшекеңнің пәленжылдық мерейтойы, пәлен деген рудың пәленбай деген батырының бетоннан құйылған ат үстіндегі ескерткішінің ашылу салтанаты болады десе ол кім еді деп сұрап жатпастан қос етегі далақтап шаба жөнелетін қазекем 9 Мамырдағы, «Жеңіс күнін» қандай саясаттың жолында оққа ұшқанын анық білмей, әйтеуір «Отан үшін» деп өлген бейкүнә аталары тіріліп келгендей орыстардан бетер дүбірлетіп тойлайды. Былтыр  Мәскеудегі мықтылары сол қанды қырғынның 70 жылдық мейрамы болады деп жарияласымен бұрын коммунистік партияға жан-тәнімен беріле қызмет еткен тірілері және дүниеден өткендерінің бүгінде ел басқарған болып жүрген балалары сол соғыс туралы 70 жыл бойы жазылған өтірік-шыны аралас миллиондаған кітап, мақала, суреттеме, очерк, киножурналдар, фильмдер аз болғандай Қазақстанның әр уәлаятынан (облысынан) соғысқа кеткендердің өлі-тірісінің, хабар-ошарсыздарының тізімі жарияланған том-том кітап шығаруға миллиардтаған ақша бөлді. Бұлар бұған дейін сол соғыстың 50,60 жылдығы кезінде де талай мәрте шыққан кітаптар еді. Тіпті,  бір жыл бойы сол «Жеңіс күніне» даярлық туралы жер-жерде жиындар өткізіліп жатты. 

 Әрине, бақилық болған әруақты еске алмаған, силамаған адам тірісін де  силап қарық қылмайды. Алайда, бүгінгі күні осы мәселенің екінші жағына көз салмасақ, бұл біздің ұлттық санамыздың, әсіресе, тәуелсіздік, азаттық туралы ұғымымыздың әлі де жетілмей жатқаны болар еді. Иә, шындықты айту шырық бұзу емес, бүгінде тәуелсіз республикалар ішінде осы «Жеңіс күні» дегенді қазақтан басқа дүрілдетіп тойлап жатқан ешкім жоқ. Олар керек десеңіз оны «Ұлы Отан соғысы» деп те атамайды. Сол кездегі Бас Қолбасшы Сталиннің ұлты грузин болса да Грузия «Жеңіс күні» дегенді тойлаудан әлдеқашан бас тартты. Бұл күнді Өзбекстан, Украина, Әзірбайжан мүлде атап өтпейді. Еуропа елдері де. Ал, Латвия, Литва, Эстония, Молдова оны Кеңес заманында да тойлап қарық қылған емес.  Германия бұл күнді қаралы күн деп есептейді. Сонда бір жұрттың қаралы күнін, 50 миллионға жуық адам шыбындай қырылған соғысты Ресейге қосылып алып қазекемдердің тайраңдап би билеп, «Родина» деп дарылдап ән салып, арақ ішіп әупілдеп тойлайтыны несі деп сұрасақ, оның несі айып? Былтыр осы Мейрамды Мәскеу бүкіл қару-жарағын шошаңдатып, Кремльдің қоңырауларын даңғырлатып тойлағанда солардың жанында бұрынғы КСРО республикаларынан ерекшеленіп қазекемнің қалт-құлт еткен қарияларына шейін екі езуі екі құлағына жетіп мәз болып тұрды.

Иә, бәріміздің әкелеріміз бен аталарымыз сол қанқасапқа қатысып, тірі қалғаны елге құр сүлдесін сүйретіп мүгедек боп жетті, ал өлгендері Ресейдің, Белоруссияның, Украинаның орманы мен батпағында көмусіз қалды. Қазір 1941-1945ж.ж. соғысты саясаттан хабары бар көзі ашық азаматтардың ішінде «Отан соғысы» деп атауға мүлде қарсы пікір айтушылар да аз емес. Иә, ол кезде бүкіл 15 республика КСРО деп аталатын елдің, яғни, Мәскеу Кремлінің бұғауындағы отары (колониясы) болды. Оның құрамындағы әзірбайжан, қазақ, өзбек, түрікпен, тәжік, татар, башқұрт т.б. ұлттар бұл соғысқа зорлықпен, күштеп алынғаны және рас. Оған барудан бас тартқандар мен қашқандар сол бойда атылды. Ал, қазақ халқына бұл соғыс басталғанға дейін-ақ кеңестік Ресейдің (патшалық Ресейді айтпағанда) көрсетпегені жоқ еді. Азамат соғысы кезінде орыстың біресе ақ, біресе қызыл гвардияшы әскерлері қазақ ауылдарын кезекпен қырғанын былай қойғанда одан кейінгі 1925 жылғы конфискация (тәркілеу), 1928 жылғы аштықтан, 1931-33 жылдар арасында Мәскеудің жоба-жоспарымен  4 миллионнан астам қазақты қырған ашаршылықтан, 1937-39 жылдардағы қуғын-сүргіннен, біресе халық жауы, біресе бай-құлақ, біресе Американың, біресе Жапонияның тыңшысы, атып-асудан қазақ  зәрезап  болып, рухы әбден тапталған халыққа айналған еді. Міне, осылай Ресейдің шексіз зорлық-зомбылығынан әбден  үргедек болып қалған, әрі жер бетінде ең күшті, ең білімді халық орыс деген ұғым санасына сіңірілген (біз әлі де солай ойлаймыз) қазекем орыс әскербасшыларының әмірімен жаңбырдай жауған оққа машинаның жарығына үйір-үйірімен қарсы жүгіретін даланың киігінше немесе циркте үйретілген жыртқышша қарсы шапты. Тіпті, «Москва үшін», «Кремль үшін», «Сталин үшін» деп кеудесін оққа тосқандар да за болған жоқ. «Отан үшін отқа түссең күймейсің» деген орашолақтау мәтел де сол жылдардың «туындысы». Өйткені, осы соғыстың алдында 1-2 жыл бұрын ғана (1937-39) қазаққа оңы мен солын, дұрысы мен бұрысын айтып, жол сілтеп отыратын, қазақтың тілі, ата-баба дәстүрі десе кеудесінде «қазақ, қазақ» деп атқақтап соғып тұрған жұдырықтай жұмыр етті жұлып беруге даяр азаматтарын Мәскеу таңдап отырып қынадай қырған қазақ ұлты бұл кезде саяси сауаты өте төмен,  рухы тапталған (ол рух әлі де оянған жоқ!), тіпті, әр нәрседен шошынып ауырған бала сияқты боп қалған-ды. Оның үстіне Мәскеу бай мен жарлы, мынау діндар соқыр, мынау көзі ашық атеист деп қазақты бірнеше топқа бөліп, ауызбіршілігінен де айырып тастаған еді. Сондай мәңгүрттендіру саясаты санасына сіңген қазақ арасында оққа кеудесін тосқандар, басқа да ерлік жасағандар туралы ойдан шығарылған лепірме материалдар газеттерді басып салды. Әр жерде Мәскеуді, Ленинградты, Кремльді орыс халқын мақтап жырлайтын қарт ақындар қолдан жасалды. Енді міне, сол соғыста көрсетілген талай «ерліктің» өтірігі шығып жатқанына да біраз болды. Осы күні Алматыда ескерткіші тұрған және  28 панфиловшылар саябағы деген аты берілген дивизияның ерлігі де  ойдан шығарылған өтірік екені бүгінде баспасөзде айтылып та жүр.

Әрине, өткенді қазбалай берудің жөні жоқ та шығар. Бірақ бұл жерде әңгіме сол кезде әкелеріміз бен аталарымыз душар болған

Мәскеуге табынушылық пен құлшылық сана

бүгінгі тәуелсіз жас ұрпағымыздың да санасына әлі де сіңіріліп келе жатқанында болып отыр. Құдай кешірсін, қазіргі жас ұрпақтың ұлттық санасы ұлттық намысы оянбағаны ма қайдам өз басым қазақ жастарының «Ресей болмаса бізді Өзбекстан басып алады», «мына оралман деп аталатын қарақалпақ, қытай  толып кетті» олардан гөрі бізге орыс дос дегенін талай естідім. Ау, тіліңді, дініңді бүлдіріп жеріңе ракеталарын құлатып, соның салдарынан сәбилерің мүгедек, ауру-сырқау болып туып жатқанына Ресей кінәлі ма, Өзбекстан мен оралмандар кінәлі ма десең де, оралмандардың ата-бабасы өз жерінен орыстың атып-асуынан, аштан қыруынан қашып үлгергендер ғой, десең де бетіңе меңірейіп қарайды да қояды. Өкініштісі сол, мұндай мәңгүрттік еліміз тәуелсіздік алған-жылдан кейін туған жастар арасында өте жиі ұшырасады. Себебі, олар мектепте,  ЖОО-да оқыған тарих оқулықтарында қазақтың жоңғар, яғни, қалмақ деген бір ғана дұшпаны болыпты. Олар тіпті, бүгінгі қазақтың бір-бірімен чукчаларға ұқсап орысша немесе жартылай орысша шұбартілмен сөйлесуіне де баяғы жоңғарлар кінәлі екен деп ойлауы да мүмкін. Ол оқулықтарда сонау 1592 жылы «казачество» дегенді құрғаннан бастап Ресейдің қазақ даласына жасаған қанды қырғындарының ешбірі айтылмайды. Осының бәрін көріп отырып:

         Ат үстіндегісі намыссыз, арсыз кіл кердең,

         Ақсақалдары сақалын сатып күн көрген

         Жұртыма қарап, жабырқау сөзді көп жаздым

         Есі бар қазақ еңіреп жылар жыр-шермен, - демеске амалың қалмайды. Сол ат үстіндегілер мен ақсақалдар «Жеңіс күні» деп аталатын бұл мейрамды да кейде қазақты шоқындыруға татырлық дүрбелеңге айналдырып жатқандай көрінеді. Өйткені, жыл сайын Қазақстан билігі «Жеңіс күні» деп екі күн қатарынан демалыс беретін осы мереке басталмай жатып Қазақстанда  сарыала қоңыздың қабығынан айнымайтын жібек таспалар (ленталар) таратыла бастайды да оны қазақтың қалт-құлт  еткен кемпір-шалдары мен жастарына шейін кеудесіне тағып, тіпті, кейбір әулекілер көлігіне байлап алып қара күз түскенше желбіретіп жүретін болды. Әлде мұсылманшылықтан бұратола кеткені ме, әлде надандығы ма қайдам кейбір мектептер мен балабақшаларда бұл сарыала лента сол күндері қаракөз сәбилердің төсіне де тағылатын болды. Осыдан бірер жыл бұрын «Ақ жол» партиясы 9-мамыр күні осы таспаларды таратып, Алматыны бір «қарық қылғаны» бар. Осы партияның бір басшысы оны бұл біз үшін «Даңқ лентасы» деп атады. Баяғы патшалық Ресейде орыстар әулие деп атайтын Георгийдің құрметіне бекітілген бұл таспаны «Даңқ лентасы» деу қазақты алдарқату ма, әлде білдірмей шоқындыру ма (крещение)  олар өздері біледі, алайда оны о заман да бұ заман атам қазақ кеудесіне тақпақ түгіл қолына да ұстамаған.

Рас, орысқа тиген қазақ қызынан туған ақ патша генералы Корнилов осы таспаға байланған Георгий кресін тағын жүріпті. Соны бүгінде біресе төсіне, біресе көлігіне тағып жүрген кейбір қазақ байғұстар өздеріне өзбек, әзірбайжан, түрікпен, татар, тәжік, түрік сияқты ағайындар ішінен мырс-мырс күлетінін білмейтін де  болуы мүмкін. Олардың арасында онсыз да «орыс болғың келсе әуелі қазақ бол» деген қағытпа сөз бар. Георгий айқышы да, (кресі де) оның үстіңгі жағындағы бұл таспа да Ресей-Түркия соғысы кезінде (1768-1774) Ресейге шын берілгендігін көрсеткендерге арнап 1769 жылы шығарылған еді. Оған ең алғаш ие болған М. Кутузов болатын. Ұтыры келгенде айта кетейік, Кутузов ешқандай да ұлы қолбасшы емес, Ресейдің басқаларға үлгі еті үшін қолдан жасаған қолбасшысы-тұғын. Ол бірде-бір соғыста жеке өз тактикасымен жеңіске жеткен емес. Осыдан бірер жыл бұрын Украина халқының Ресейге көзқарасы өзгеруінің көп себебінің бірі осы Георгий лентасына байланысты болатын. Орыспен бауырлас украиндар сөйткенде қазекемнің «Жеңіс күнін» тойлап, сол таспаны желбіретіп жүруінің өзі-ақ басқа жұртты күлкіге қарық қылмай ма?

 Патшалық Ресейден кейін Кеңестік Ресей 1941-1945 ж.ж. соғыс кезінде бұл таспаны 1942 жылдан бастап «Даңқ» орденінің, сосын «Германияны жеңгені үшін» медалінің төсбелгілеріне (колодколарына) пайдаланды.

Енді міне, Кеңес Одағы тарағасын империяшыл, шовинистік ауруы қайтадан қозған бүгінгі Ресей басшылығы бұл әулие Георгий орденін Георгий кресі етіп 1992 жылы қайтадан қалпына келтірді.

Көріп отырсыз, Түркиямен соғысқан патшалық Ресей де, Германиямен соғысқан кеңестік Ресей де, бүгінгі Ресей де өзіне шын беріле қызмет еткен адамды христиандардың діни тұлғасының аты-жөні жазылған марапатпен «жарылқайды» екен. Соған қарап-ақ Ресей өзінің империяшылдық, шовинистік, «ұлы орысшылдық» саясатынан ешқашан бас тартпайтынын біздің қазекең қанша аңқау болса да түсінуі керек еді ғой. Тіпті, қитабан қара бұқара түсінбеген күннің өзінде неше жыл шетінен шетел асып, ағылшынша сөйлеп оқудың түбін түсіріп келген билік басындағы «цивилизованный», «глобализованный» қазақтар соны түсінбейді дегенге кім сенеді?! Әлде олар шектен тыс «толерантный», шетінен «в планетарном масштабе», «общечеловеческом масштабе» ойлаудан және Колбиннің қазақты қостілділік арқылы жою жоспарын азсынып, оны үштілділікке жалғастырудан, орыстарға қазақтың тек орысша жауап беруін қадағалаудан қолы тимейтін болғаны ма?

Несін айтасыз, 1945 жылдан бастап күні бүгінге шейін «Жеңіс күнін» тойлап жатқан Ресей саясаткерлері мен сардарлары (офицерлерінің)  «За русскую армию», «За Россию», «За русский народ» деп арақ толы қылмойын шыныларын сыңғырлата тост көтеріп «Ура! Ура!» деп шуылдап жататынының өзі-ақ ұлттық санасы,  ұлттық намысы жоғалмаған қай қазаққа да әр нәрседен хабар беріп тұрған жоқ па?

Иә, 1941-1945 жылдардағы соғыста екі жақтан 50 миллионға жуық бейкүнә пенде опат болды. Бейкүнә дейтін себебіміз, олардың ешбіреуі де анасының құрсағынан қанқұмар, кісі өлтіруші болып туған жоқ. Олардың көпшілігі бұл соғыстың ең басты себебі не екенін білген де жоқ.  Бұл соғыстың себебі туралы пікір әлі де алуан түрлі. Біздің әкелеріміз бен аталарымыз бір-біріне қарсы мемлекеттер басшыларының жәй халықтар арасында дұшпандық өртін тұтататын идеология арқылы өздерін бұл соғысқа алдап-арбап,  күштеп айдап салуының кесірінен қантөгіске барды. Олар адам өлігін, адам қанын соғысқа келіп алғаш рет көрді. Сосын қарсы жақтың адамын әуелі өлтірмесе, ол өзін өлтіретінін үйренді. Сондықтанда  бұл «Жеңіс күнін»  сол кезде КСРО мен одақтас болған бірде-бір үлкен мемлекет тойламайды. Ендеше, осының бәрін біле тұра қыруар қаржы жұмсап оны біздің думандатуымыз дұрыс па? Ау, әшейінде екі сөзіміздің бірінде қайғы да, қуаныш та бүкіл адамзатқа ортақ дейтініміз қайда? Әлемнің небір ойшылдары «Жеңіс тойын тойлау» дегенді үлкен қателік деп білген. Ал қасиетті ислам дінінде қанша мейрам, мереке болғанымен «Жеңіс тойы» деген той болған емес. Дінімізде ол қантөгісті тойлау, яғни, күнәһарлық той деп есептелген. Ендеше, Кеңестік Ресей империясы толып жатқан қулық-сұмдықпен  күш қолдану, қорқыту-үркіту арқылы  миллиондаған халықтың санасын улап, жүз мыңдаған қазақты қанды қырғынға ұшыратуын «Жеңіс күні» деп сол Ресейден азаттық алған 25 жылдан бері тойлай беру қазақтың бүгінгі де, ертеңгі де ұрпағының санасына қалай әсер етерін ойластыратын кез әлдеқашан жеткен жоқ па?

Мырзан КЕНЖЕБАЙ

ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі

Abai.kz

0 пікір