БЕКБОЛАТ ТІЛЕУХАНҒА ХАТ
Бұл менің Бекболат ағама жазып отырған екінші хатым. Осыдан 6 жыл бұрын «Іздегеніңізді таптыңыз ба, Бекболат аға?» деген үшбу хат жолдап, сол кездегі қоғамдағы бірқатар күрмеулі мәселелерге Бекеңнің назарын аудартпақ болған едім. Амал не, «кілт» еткенге, «күмп» етіп жауап бере қоятын, қазақтың сөзі айтылғанда тыпыршып бір орнында тұра алмайтын Алаштың оғланы жақ ашпады.
Бүкіл қазақ қоғамы шулап, бірнеше қазақ баспасөзі көшіріп басқан сол бір хатқа ағам тарапынан бір ауыз жауап берілмеген соң, шынын айтайын, Алаштың баласы ретінде ішімде бір реніш қалған еді. Бірақ, Бекболат Тілеухан ағамның қазақ үшін жасаған тынымсыз еңбегі сол ренішті аз-ақ уақыттың ішінде сейілтіп жіберді. Кейіннен келе ағамның әр жасаған ісіне іштей «тілеулес» болатынды шығардым. Содан болар, соңғы кездегі Парламент ауылындағы шым-шытырық оқиғалар жүрегімді паршалап, қоң етімді кесіп, тұз сепкендей жанымды қоярға жер тапқызбай барады. Мұңдасар бір адам таппаған соң, ескі сүрлеумен Бекболат ағама хат жазуды жөн деп таптым. Осы қылығым үшін бұ қоғам «тілімді кеспек» болса, тіл – міне! Мен, бастадым...
Ағам-ау, ағашым-ау, өзіңіздей сүйенері бар ел жетім болмауға тиісті ғой. Алаштың басына қара бұлт төнгенде арқырап теңдік сұрар, найзағайдай шатырлап, арампиғылдардың үрейін ұшырар бір өзіңіз емессіз бе? «Қос тіл айдаһарда ғана болады» деп тіліп айтқан Шерханның тізгінұстары басқа емес, Сіз едіңіз ғой. Жоқ, біз, мына артыңыздан құлдыраңдап ерген құлындарыңыз қате ойлап жүр ме еді?
Әне, Білім және Ғылым министрі Ерлан Сағадиев бүйректен сирақ шығарып, сол «сираққа» жан бітірмекке бар күшін салып жатыр. «Тәуелсіз қазақ елінде қазақ мектебі болмауы керек» деген жымысқы саясатты тәуелсіздіктің күні дәл төбеде шарайнадай жарқырап тұрған кезде жүргізіп жатқаны қалай, аға? Үштілділікпен қазақ ұлтын үш басты айдаһар етпек пе, олар?! Азат ел болған 25 жыл ішінде қазақ тілі едәуір қанатын кеңге жайып үлгерген еді. Сол қанат қырқылып жатқан сәтте Сіз секілді Алаш оғландары неге үнсіз отыр? Жоқ әлде, Әлихан, Міржақып, Ахметтерден бұл жанымыз (бәлкім қызметіміз) аяулы ма еді?
Қазір бүкіл қазақ баспасөзі үштілді мектептердің болуына қарсы мақалалар жариялап, алашапқын болып жатыр. «Мына заман не болып кетер екен?» деп күллі қазақ даласы да жоғарғы жаққа елеңдеп, құлағын тігіп отыр. Миллиондардың тілегі – бір ауыз тойтарыс. Дуалы ауыздың – тойтарысы.
«Ұлым» дейтін ұлт болмаса, ұлтым дейтін ер тумайды». Сізді бұл қазақ әу баста-ақ «ұлым» деп еді, бүгінде «ұлтым» дейтін күн туған жоқ па?
Аға, бұл менің сізге қатты айтқан сөзім емес, назым деп білгейсіз. Әр қазақ бір-біріне наздануға, мұңын шағуға құқылы.
Менің бар уайымым – үйдегі бір ұлым мен екі қызымның жайы. Соларды бесіктен белі шықпай жатып, ағылшын мен орыстың тілін ұқтырамын деп, қазақтықтан жеріткім келмейді.
Мен секілді әр азамат Сағадиевтің реформасына – қарсы. Себебі, физика, биология, химия секілді пәндерді өз тілінде оқымайтын қазақ ертең кім болып шығады?. «Қазақ тілін технологияның тілі етеміз» деген тәтті қиял қайда қалады, кешегі?...
«Тіл үйрету мен білім берудің арасы тым қашық жағдаят емес пе еді? Мектептің міндеті тіл үйретуі емес – білім беру. Осыны ажырата алмайтын министрге не демек керек?.
Әлемнің ғалымдары кез-келген тілді үш айдың ішінде үйреніп алуға болатынын айтады. Ал біз болсақ, балаларымызды 11 жыл «азапқа» салмақпыз. Осылайша, «дүбәрә», «мәңгүртке» айналдыруды көздеп отырмыз.
Бір ғана мысал айтайын, менің достарым сол ағылшынның тілін айналдырған үш айдың ішінде үйреніп алып еді. Шын ниет болса, қазақтың саналы ұрпағы кез-келген тіліңізді үш айдың ішінде шемішкеше шағатынына мен бәс тіге аламын. Енді сол үш айлық білік үшін, бар білімді (қазақ тілінде қалыптасқан білім беру жүйесін) құрбандыққа шалуға бола ма?
Бұған қатысты Парламент мінберінен депутат ретінде бір ауыз сөз айтуға болатын шығар, Сізге! Депутаттық өз алдына, Алаштың арда туған азаматы мұндай сәтте үндемей қалса, сын емес пе? Сіздің өзгелерден айырмаңыз болмағаны ғой. Бұл бірінші әңгіме!
Екінші әңгіме, сатылғалы жатқан – жер мәселесі. Заты басқа болса да қазақтың көкейіндегі сөзді айтқан Косаревтен кем тумап едіңіз ғой, аға?! Жоқ, бұл жолы да ініңіз қателесіп отыр ма?
Жер сатылады делік, оны кім алмақ? Осыны ойласам болды, төбедегі күн бұлттардың арасына кіріп, айналам тұманданып кеткендей болады. Ата-бабамның қаны төгіліп, найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғаған жерге әлдебір қалталылар еге болып, әкіреңдейтіндей күй кешемін. Аштықтан қырылып қалған миллиондардың сүйегі жердің бетіне шығып, күңіреніп Қорқыттың күйін тартаттындай үрей билейді, санамды.
Менің жерімді сатуға, одан пайда көруге кімнің, қандай хақысы бар?
Сөзді көбейтпей бір ғана мысал айтайыншы...
Біздің ауылда, сонау Нарынқолдың Сүмбесінде бір ауылды жайылымнан тарықтырмайтын әйгілі Жабырдың жалпақ жотасы бар еді, бір кездері. Ел жекелікке шыққанда сол жайылым да (заң бойынша ауылдың жайылымдық жері бөлінбеуге тиіс) 49 жылға пайдалануға беріліп кетті. Бала кезде ойнаған сол тауды жырымдап, қолы жеткендер қоршап алды. Ауыл адамдары мал жаяр өрісі жоқ, көздерін көл етіп жүр, қазір. Сол ауылдастарымның басына түскен ауыртпалық бүкіл қазақтың маңдайына жазылатынын есіме алсам, бұл өмірден баз кешіп кеткім келеді. Тәуелсіз елдің болашағына сенер мендей ұлан бұлай қайғырмауы керек емес пе еді, аға!
Меніңше, жалға берудің тауқыметі осындай болғанда, сатудың зарары қандай боларын басқа ойламаса да Сіз ойласаңыз керек-ті, Бекболат аға!
Міне, екі аптаға жуық уақыт өтті! Сізден, Сіз секілді ұлтым дейтін азаматтардан үміт етіп, бір жалынды сөз, тегеурінді қарсылық күтуден жігерім құм болып барады. Сол құм болған жігерді жану үшін осы алақандай ғана хатты жаздым.
Менің құрметті оқырманым «бұл хатты неге басқа депутатқа жазбайды?» дейтін шығар. "Бұл мәселелерге Бекболаттың қатысы қанша?" деуі де мүмкін. Менің жүрегімді сыздатқан мәселе ағамның да жүрегіне шаншу болып қадаларын сеземін. Мен үшін жүз депутатың бір төбе де, Бекболатым бір төбе! Қазақ деп көмейін бүлкілдеткенде өзге жанның жүрегіндегі шоқты үрлеп, лаулататын арда азамат мұндай кезде үнсіз қалмауы тиіс. Егер де үнсіз қалса, Бекемнің қазақ үшін берерінің түгесілгені... Менің айтпағым осы ғана!
Қанат Әбілқайыр
Abai.kz