Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 4344 0 пікір 22 Маусым, 2010 сағат 18:09

Жәди ШӘКЕНҰЛЫ. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа

Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!

Тағдыр тәлкегімен шетел асқан қазақтар еліміз егемендік алған алғашқы күндерді алыстан естігенде көз жасын көлдетіп бір Аллаға тәубе қылып еді. Сонан бергі 19 жылдай уақыт ішінде тарих толқынынан сүрінбей өтіп келе жатқан жас Қазақстанға деген олардың ыстық көңілі суыған жоқ. Әсіресе өзге ұлттың арасындағы өз болмысын аман сақтауды Алладан күтіп, иманын мұрат еткен ұлылардың сарқыты болған жаутаңкөз бауырларымыз Сіздің Мекке Мединеге сапар шегіп, Қағбаға кіріп қазақ үшін ақ тілек тілегенде құдіретті жаңбырдың сіркірегенін әлі күнге аңыз етіп айтып келеді. Әуелі Аллаға, екінші өзіңізге сенеді. Мейір-шапағат күтеді. Қазақстан сынды қасиетті елге, өзіңіздей дара көш басшыға арқаланып өздерін иесі бар, отаны бар бақытты халық санайды

Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!

Тағдыр тәлкегімен шетел асқан қазақтар еліміз егемендік алған алғашқы күндерді алыстан естігенде көз жасын көлдетіп бір Аллаға тәубе қылып еді. Сонан бергі 19 жылдай уақыт ішінде тарих толқынынан сүрінбей өтіп келе жатқан жас Қазақстанға деген олардың ыстық көңілі суыған жоқ. Әсіресе өзге ұлттың арасындағы өз болмысын аман сақтауды Алладан күтіп, иманын мұрат еткен ұлылардың сарқыты болған жаутаңкөз бауырларымыз Сіздің Мекке Мединеге сапар шегіп, Қағбаға кіріп қазақ үшін ақ тілек тілегенде құдіретті жаңбырдың сіркірегенін әлі күнге аңыз етіп айтып келеді. Әуелі Аллаға, екінші өзіңізге сенеді. Мейір-шапағат күтеді. Қазақстан сынды қасиетті елге, өзіңіздей дара көш басшыға арқаланып өздерін иесі бар, отаны бар бақытты халық санайды

1992  жылы қыр­күйекте өткен дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайы олардың арманына қанат бітіріп, атажұртқа бағытталған ұлы көштің керуені молынан ағытылған болатын. Әрине, көш басындағы ұлы тұлға - өзіңіз әлем қазақтарына жар салып, бар қазақты отан құшағына оралуға шақырдыңыз. Қазақ топырағына беттеген әр қазақ: «бізді Нұрсұлтан патшамыз шақырып жатыр» дегенді мақтанышпен, марқа көңілмен айтатын еді. Аллаға шүкір, сонан бері отанына оралғандардың саны да бір милионнан асты. Заман өтіп, тарих тепершігі өзге қырына аунаса да бұл еңбегіңіз қазақ тарихына алтын әріппен жазылып, мәңгілікке айшықталып қалады. Оны өшіру, өзгерту енді ешкімнің де қолынан келмейді. Шеттен оралған әр қазақ бұл шежірені немере-шөберелерінің құлағына құйып, Сізге деген, отанына деген борыштарлық сезімін ұрпақтан ұрпаққа жалғап өтетіндігінде шүбә жоқ.

Осылайша өзіңіз бастаған ұлы көштің дабырасы әлем елдерінің назарын аударып, қазақ ұлтының бауырмалдығы барша ғаламды таңғалдыра бастап еді. Десе де ертегілерде айтылатын қырық уәзір мен ханның ақылшылары жағынан алтын тақтың иесіне көлеңке түсіп жататын ежелгі әпсаналардың біздің қоғамда да бой көрсете бастағанын жасыруға болмайтын сияқты. Сол аңыз-әңгімелер де арадағы уәзірлердің кесірінен халықтың патшаға, патшаның халыққа қолы жетпеуінен туындайтын трагедиялар көп болған. Енді, міне, шетелдегі қандастармыздың отанына оралуы жолындағы әр түрлі даулы мәселелер сол ескі хикаяларды еске салып, бізді де күнәлі ойларға жетелеп отыр.

Сондай келеңсіздіктерді өзіңіз де аңғарсаңыз керек. Соңғы жылдары көші-қонның саябырси бастағанына қарата үкіметке арнайы тапсырма беріп, «Нұрлы көш» бағдарламасын алға қойып едіңіз. Аты айтып тұрғандай «Нұрлы көш» халықтың тоқырай бастаған көші-қонына үлкен үміт сыйлаған болатын. Көштің орта жолда доғарылып қалуынан алаңдаған қарттарымыз: «айналайын, Нұреке, бізді тағы бір қуандырдың ғой, бұл жақсылығың бізден қайтпаса Алладан қайтсын!» -деп ағынан ақтарылып, көздеріне жас алып еді. Әсіресе шеттегі қазақтар арқылы шекаралық өңірлердің тығыздығын арттырып, отан іргесін қымтау идеясы елім деген ерлердің жүрегіне нұрлы шуағын төккеніне баршамыз куәміз.

Алайда, жақын күндерден бері шеттен оралатын қандастарымыздың санының күрт азайып, көштің тоқырауға ұшырағаны жиі айтыла бастады. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған мына бейбіт заманда мұндай көлеңкелі құбылыстарды Сізге жеткізуге жүрексінген «уәзірлеріңіздің» «жабулы қазан қақпағымен» деп көштің тоқырағанын жасырып отырғанын да байқауға болады. Алайда, олар Сіз бастаған ұлы көштің керуеніне кедергі жасап, қан жылаған қазақ тарихын тағы бір қадам артқа шегіндіріп  отырғандарын біле ме жоқ па, ол жағы бір Аллаға ғана аян. Тіпті радио-теледидарда: «оралмандар сұрағанды ғана біледі, жылай береді!» деп мәселенің бетін теріс айналдырып жүргендер де аз емес. Олар сол сөздері арқылы билік пен халықтың ортасына от тастап, өз ұпайларын түгендегісі келетін шығар. Сол келеңсіз кеңестер «уәзірлеріңіз» арқылы біздің үнімізден бұрын сіздің құлағыңызға тиіп жатса, олардан бұрын біз ұяламыз. «Кешегі сеніп шақырған қандастарымыз үмітімізді ақтамай жатыр ма?!» - деп ойламасын дегенді ойласақ ұйқымыздан шошып оянамыз. Өйткені келгенімізден келмегеніміз көп. Уанғанымыздан уанбағанымыз көп. Артымызда әлі де болса бес миллион қазақ жатыр. Біз олардың төлін де толық көшіріп әкеле алған жоқпыз. Бес миллион қазақ Қазақстандағы қазақтардың жарымынан да көп. Өз сөзіңізбен айтқанда: «әлемдегі әрбір үшінші қазақ шет елдерде тұрады». Демек әлі де кетігіміз толып кемтігіміз жамалып болмай жатыр деген сөз.

Бүгіндері шетелдегі қазақтар жиі қоныстанған Қытай, Ресей, Өзбекстан елдерінде қазақ мектептерінің болмауы немесе барларының өзінің қысқарып-құртылуы күн сайын алаңдата бастады. Өзіңіз ортаға қойған «Нұрлы көш» бағдарламасы көз бояушылық пен шабан-шалағайлығын тастап, Сіз ойлағандай жұмыс атқарғанда ғана алыстағы ағайынды аман алып қалуға анағұрлым тез қимылдар едік. Олай болмай, Сізге уәде берген «уәзірлер» мен «ақылшылардың» өтірік мәліметіне сеніп жүре берсек, жат жұрттағы қандастарымыздың көбі-ақ өздері отырған өзге ұлттың телегейіне жұтылып кетеді. Енді 5-10 жылдан кейін олардың көбін таппай қаламыз. Сіздің ұлы мұратыңызды арқалаған ұлы көштің қайыспас нары қара кезеңнің басына шөгіп, көш орта жолда қала ма дегенді ойлаудың өзі ауыр. Бірақ әлем халықтары мойындаған дана көшбасшы Сіздің керуенімізді бұл тығырықтан аман алып шығатыныңызға сеніміміз кәміл, үмітіміз үстем. Қағбада сіркіреп жауған Алланың ақ жаңбыры мұсылманға деген, қазаққа деген сол адал ниетіңіздің айғағы деп білеміз.

Халықтың көші-қоны туралы заңға тағы да өзгертулер мен толықтырулар енгізіп, бүгінгі қазақ көшіне жұмыс атқарып отырған Еңбек және Халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Сыртқы істер, Ішкі істер министрлігі және мәдениет, білім-ғылым салалары мен жергілікті әкімшіліктер шын ниетімен іске кірісіп, жұмыла жүк көтерсе пәрменіңіз жерде қалмас еді. Тарихтың ұлы бұрылысты кезеңі өзіңізден тағы бір ұлы үндеуді күтіп тұрған сияқты. Сіздің баяғы патшалар сияқты уәзірлердің бұғауында қалмайтыныңызды біліп, осы тілектерімізді әдейі ашық білдіріп отырмыз. Саябырсыған қазақ көшін Сіз ғана қайта жөнге сала аласыз. Өзіңіздің елім-жерім деген ұланғайыр жүрегіңізден құдды Меккедегідей тағы бір шапағат жаңбырын күтеміз. Доғарылу үстіндегі қазақ көшін қайта жалғасаңыз екен. Алланың адал құлы, Мұхаммедтің үмбеті дін мұсылман Сізге амандық, ісіңізге қайыр-береке тілейді. Сіздің бауырларыңызды жарылқағаныңыз сияқты Аллатағала Сізді де жарылқасын!

 

Шеттегі шемен жүрек халықтың мұң-зарын жеткізуші

 

Жәди Шәкенұлы,

жазушы, Еуразия жазушылар одағының мүшесі


"Жас қазақ үні" газеті

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5321