Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 4690 0 пікір 23 Маусым, 2010 сағат 06:03

Алатау ауданы – үміттер ақталды ма?

ФОТО:  Болашақтағы Алатау ауданы

Алатау ауданының құрылғанына биыл екі жыл толады. Ауданды құрудағы басты мақсат - қала төңірегіндегі көптеп бой көтерген шағын аудандардың инфрақұрылымын көтеру, күрделі әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді шешу, заңсыз жер басып алуды тоқтату болатын. Ең бастысы ауданды құра отырып билік «Шаңырақ оқиғасының» қайталануының алдын алды. Екі жылда қыруар шаруа тындырылды. Алайда, шешімін әлі таппаған мәселелер одан да көп. Ауданның болашағы қандай? Не өзгерді? Не өзгереді? Билік қазаққа жаны ашыса алдымен Алатау ауданына қамқорлық көрсетіп, осы ауданды көтеруге тиіс. Өйткені, Алматының ең үлкен аудандарының бірі саналатын Алатау тұрғындары (тіркелген азаматтар саны 180 мыңнан асады) негізінен қазақтар. Кешегі ауылдың қазағы. Сіз бен біз. Демек, ауданның жай-күйі бәрімізді де толғандырары сөзсіз. Ал осы сан сауалға жауапты интернет-конференцияның бүгінгі қонағы Алатау ауданының әкімі Бағдат Сайланбайұлы Мәнізоров мырза береді.

Сұрақтарыңызды төменге жазып қалдырыңыздар немесе порталдың электронды поштасына жолдаңыздар - abai-akparat@mail.ru.

 

___________________________________________________________

 

ФОТО:  Болашақтағы Алатау ауданы

Алатау ауданының құрылғанына биыл екі жыл толады. Ауданды құрудағы басты мақсат - қала төңірегіндегі көптеп бой көтерген шағын аудандардың инфрақұрылымын көтеру, күрделі әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді шешу, заңсыз жер басып алуды тоқтату болатын. Ең бастысы ауданды құра отырып билік «Шаңырақ оқиғасының» қайталануының алдын алды. Екі жылда қыруар шаруа тындырылды. Алайда, шешімін әлі таппаған мәселелер одан да көп. Ауданның болашағы қандай? Не өзгерді? Не өзгереді? Билік қазаққа жаны ашыса алдымен Алатау ауданына қамқорлық көрсетіп, осы ауданды көтеруге тиіс. Өйткені, Алматының ең үлкен аудандарының бірі саналатын Алатау тұрғындары (тіркелген азаматтар саны 180 мыңнан асады) негізінен қазақтар. Кешегі ауылдың қазағы. Сіз бен біз. Демек, ауданның жай-күйі бәрімізді де толғандырары сөзсіз. Ал осы сан сауалға жауапты интернет-конференцияның бүгінгі қонағы Алатау ауданының әкімі Бағдат Сайланбайұлы Мәнізоров мырза береді.

Сұрақтарыңызды төменге жазып қалдырыңыздар немесе порталдың электронды поштасына жолдаңыздар - abai-akparat@mail.ru.

 

___________________________________________________________

 

1. Саламатсыз ба, Бәке! Ауданның екі жылдық мерейтойы құтты болсын! Бізге сіздің апта сайын халықпен кездесіп, мұң-мұқтажын тыңдайтын әдетіңіз ұнайды. Бұл сіздің жұмыс стиліңіз бе, әлде жоғары жақтың тапсырмасы бойынша солай істейсіз бе? Екінші сұрағым - ауданды көркейтуге байланысты өзіңіздің нақты жоспарыңыз бар ма? Сол мақсатыңызға жеткенше басқа қызметке ауысып кетпейсіз бе?

Жауап: Ең алдымен, «Абай.кз» порталының оқырмандарына рахметімді айтамын. Шынында да, Алатау ауданында Сіз бен біздер бірлесіп шешетін мәселелер жеткілікті. Сол өзекті мәселелерді қозғап, сіздердің пікірлеріңізді білу мен үшін өте маңызды. Алатау ауданының 2 жылдық мерей тойы 3 шілде күні аталып өтіледі. «Сақ қорғандары» мұражай-қорығының аумағында өтетін бұл мереке барысында киіз үйлер тігіліп, аламан бәйге болып, халқымыздың салт-дәтүріне сай іс-шаралар атқарылады. Және бұл шара Астана қаласының туған күніне орайластырылып отыр. Барлықтарыңызды тойға шақырамын.
Ал, мен халықпен әр аптаның сейсенбі күндері сағат 10-нна бастап жауапты қызметкерлермен бірге кездесіп тұруды әдетке айналдырғам. Себебі, аудандағы қордаланған мәселелерді тұрғындардың пікірін елеп-екшемей жүзеге асыру қиын іс. Әрине, әр адамның жұмыс стилі әртүрлі. Бұл менің өз жұмыс стилім деп айтуға әбден болады. Ал ауданды көріктендіру жұмыстары қаламыздың Бас жоспарына сай жүргізіледі. Менің міндетім жұмысты ұйымдастыру. Алатау ауданының өзге аудандарға қарағанда көп ерекшеліктері бар екені ескеріле отырылып, тұрақты түрде жоспарлар жасалады. Мен мүмкіндігімше әр атқарылған шаруаның нәтижесін тікелей бақылап отыруға тырысамын. Ал қызмет ауыстыру мәселесіне келер болсақ, мен мемлекеттік қызметкермін. Мемлекет қандай міндет жүктесе соны атқарамын. Ең бастысы қызметіме адал болу.

2. Бағдат мырза, Абай.кз сайтының интерент-конферециясына шығып жалпы көппен тілдесуге тәуекел еткеніңізге риза болып отырмын. Негізі, мемлекеттік қызметкер өз ісін жетік білетін болса, қандай сұрақтан болса да бас тарпайды. Бой тасаламайды. Шамасы Сіз де өз ісіңізге нық сенімді болсаңыз керек. Жақсы сұхбат болсын. Соған тілектеспін.
Рахымберді.

Жауап: Рахмет!

 

3. Сіз басқарып отырған Алтау ауданын Алматының байырғы тұрғындары "қазақ геттосы" деп атайды. Алатау ауданынына баруға қорқады. Расында, аталған ауданда мәдени орталықтар жоқ. Ірі сауда үйін салуға да кәсіпкерлер тәуекел ете алмайтын сияқты. Бұның себебін қалай түсіндіресіз?

 

Жауап: 90-жылдары тек Алатау ауданы ғана емес, қаланың көптеген аудандарында қылмыс өршіп тұрды. Бұл экономикалық қиындықтарға тікелей қатысты еді. Құқық қорғау қызметкерлері жетіспейтін. Қазір жағдай мүлдем өзгерді. Аудан халқының барлығы дерлік жұмыспен қамтылған. Тіпті қаланың ең ауыр, ең қиын жұмыстарын біздің ауданның тұрғындары атқаратыны жасырын емес. Күнкөрісі бар адам қылмысқа бармайды. Оның үстіне қазір ауданда барлық құқық қорғандары құрылып, өз қызметтерін жүйелі жүргізіп жатыр. Сондықтан Сіздің пікіріңізбен мүлдем келіспеймін! Ал мәдени орталықтарды салу бір күннің шаруасы емес. Нақты жоспарларамыз бар. Әзірше жоғарыда айтқан «Сақ қорғандары» мұражай-қорығын көріктендіріп жатырмыз. Алдағы уақытта бұл жер көптеген туристердің қызығушылығын тудырары сөзсіз. Шынында да қазір ауданымызда ірі сауда орталықтары көп емес. Дегенмен, «Арзан» және «Домиллион» секілді сауда үйлері мен барахолка базарының жартысынан астамы біздің ауданымызға қарайтынын білгеніңіз дұрыс. Болашақта қала «Саялы» ықшам ауданына қарай өсетінін ескерсек, инветорлар да көп күттірмей келе бастайтынына сенемін.

4. Шынын айтқанда "шаңырақтықтар" яғни Алатау ауданының тұрғындары билікке әлі сенбейді. Шаңырақ оқиғасының орын алуына билік өзі себеп болғаны үшін. Ал биліктің де шаңырақтықтарға сенім артып отырғаны көрінбейді. Сіз осы екеуінің, билік пен халықтың арасындағы алтын көпір бола алдыңыз ба? Сіздің негізгі миссияңыз сол ғой. Осы қалай жүзеге асуда?

Жауап: Жауап: Мен өз ісіне адал адамдарды жоғары бағалаймын. Біз мемлекет жүктеген міндет пен халықтың талап-тілегін үйлестіре отырып жұмыс істейміз. Сіздің алтын көпір деп меңзеп отырғаныңыз осы болса керек. Ал Шаңырақ оқиғасын билік тудырды дегенге келіспеймін. Ол күрделі әлеуметтік мәселе болатын. Бүгінгі таңда ол мәселе түбегейлі шешілді.

 

5. Ассалаумағалейкум, Биылғы қыста Алатау ауданына қарасты Ақбұлақ ауылында орын алған оқиғалар туралы "Общественная позиция" (Дат жобасы) газетінде егжей-тегжейлі жазылған еді. Ол кезде жергілікті билік окілдері соттың шешімінсіз біпнеше үйді әй-шәйға қарамастан бұзып тастаған еді. Істің анық-қанығын тексеруге келген журналистерді Сіздің әкімшілік қызметкерлері маңына жуытпай қойғаны да айтылған. Егер істері ақ болса, неге кіргізіп, мән-жайды түсіндірмейді. Осыған байланысты не айтасыз? Ал газеттегі соған байланысты мақаланың қолдарыңызға тигеніне еш күмәніміз жоқ.

 

Жауап: Бұл арада тұрғындардың наразылығы орынсыз болғанын айтқым келеді. Аудан құрылғаннан бастап заңсыз жер басып алумен күрестің нақты жоспарлары жасалды. Яғни, барлық ықшам аудандар жіті бақыланып, заңсыз құрылыс салуға жол берілген жоқ. Соған қарамастан Ақбұлақ ықшам ауданында алаяқтардың шырмауына түскен біраз азамат заңсыз құрылыс салып жатқанын аудан аумағында заңсыз жер басып алушылықтың алдын алу мақсататында құрылған жедел топ дер кезінде анықтап, алдын алған болатын.
Бүгінгі таңда өз бетімен жер иемдену әрекеттеріне толық тосқауыл қойылды.

 

6. Егер болашақта қазақ халқының батыры Тоқтар аға Әубәкіров сіздің ауданның тұрғындарымен кездесуге баратын болса, оған сіз қалай қарайсыз?

Жауап: Тоқтар Әубәкіров қазақ халқының мақтанышына айналған тұлға. Ол кісінің ерлігі болашақ ұрпаққа үлгі. Тоқтар ағаларындай ғарышқа ұшуды армандайтын қара домалақтар аз емес. Ендеше ол кісі біздің ауданға келемін десе неге қарсы болуымыз керек. Керісінше, ғарышкер ағамыздың аудан мектептеріне келіп, болашақ ұрпаққа патриоттық тәлім беруін қалар едік.

 

7. "Бай бесіктің" ат төбеліндей бес үйінің мәселесі әлі шешілмепті ғой. Сіз бір сөзіңізде бұған нүкте қоямын деп едіңіз? Әлде, көп нүкте қойғансыз ба?

Жауап: «Байбесік» ықшам ауданындағы жерлері заңдастырылмаған азаматтардың мәселелері шешілді деп айтуға болады. Аталмыш жер телімдері бойынша құжаттар тиісті мекемелерге жіберіліп рәсімделу үстінде. Енді күту керек. Құжаттар көп, әркімнің өз кезегі бар. Ал жекелеген азаматтардың мәселелерін өзге ықшам аудандардан жер телімін беру арқылы шешеміз.

 

8. Құрметті Бағдат Сайланбайұлы! Сізге мыңда бір алғыс айтамын! Көп жылдар бойы ала алмаған жерімнің заңды құжатын алдым. Кезінде осы жерді сатып алған болатынмын. Уақыт өте жердің құджаттары жалған, аферистер жасаған болып шықты. Енді міне қуанышқа бөленіп жатырмыз. Госактімді алдым. Сізге мыңда бір рахмет.

Жауап: Қуанышыңызға ортақпын. Расында да ауданда алаяқтардың шырмауына түскен азаматтар көп. Біз мейлінше олардың пайдасына жұмыс істеп жатырмыз. Ал, алаяқтықтың алдын алу жолында көптеген шаралар атқарылуда. Тіпті, өткен жылы көптеген азамтатарды алдап кеткен алаяқтардың үстінен ашық сот жүріп, тиісті жазаларын алғанын білесіздер.

 

9. Бағдайт Сайланбайұлы, сізді бұрын бизнесмен болға деседі. Қазір бизнесіңіз не болды? Сіздің болашақта қаланы басқарсам деген амбицияларыңыз жоқ па?

Жауап: Иә, бұрындары жеке кәсіппен айналысқаным рас. Ал мемлекеттік қызметке келген соң ҚР Мемлекеттік қызмет туралы заңына сәйкес кәсіпкерліктен кеттім. Жоғарыда айтқанымдай мемлекет жүктеген міндетті үлкен немесе кіші деп бөлместен адал атқару менің азаматтық борышым.

 

10. Бағдат мырза! Отбасыңыз туралы айтып берінізші. Көп әйел алу мәселесіне қалай қарайсыз?

Жауап: Отбасым үлкен емес. Екі қызым, бір ұлым бар. Ал, көп әйел алу мәселесі қоғам болып талқылап шешетін мәселе. Жеке басым оны құптамаймын.

 

11. Ауданымыз ашылағы бері! Көптеген қуанышты шаруалар жасалып жатыр. Мен, Шаңырақтың байырғы тұрғынымын. Бүгінде ауылымызда бұрын түсімізге де кірмеген жолдар салынды. Газ трубалары тартылып жатыр. Жеріміз заңдастырылып, госакт алып жатырмыз. Бұл екі жыл ішінде ғана жасалған жұмыстар. Әрине, көп жұмыстар әлі алда. Сондықтан Баке қадамыңызға нұр жаусын! Қала басшысына да көп рахмет!

Жауап: Рахмет!

 

12. Қала Саялыға қарай өседі деген бос сөз болды ма не? Ол жақта әлі ешқандай тірлік білінбейді ғой....

Жауап: Жоқ, бұл бос сөз емес. Қаламыздың Бас жоспары солай жасалған. Ең бастысы бұл жерде Индустриалдық аймақ құру жоспарланған. Қазрдің өзінде ол жерге инвестиция салуға ниет білдіріп отырғандар аз емес. Біз талапкерлерді қатаң сүзгіден өткізіп жатырмыз.

 

13. Құрметті Бағдат Сайланбайұлы. Алатау ауданындағы заңсыз жер басып алғандардың мәселесімен сіздер ғана емес көптеген қоғамдық ұйымдар да айналысады екен. Солармен ынтымақтасып жұмыс жасап көрген жоқсыздар ма? Әлде олардың барлығы белгілі бір саяси ұпай жинау үшін жүр ме? Сол жағын нақтылап айтып беріңізші.

Жауап: Сіздің пікіріңізде мен келісетін тұстары көп. Расында, баспана және жер мәселесімен айналысады бірқатар қоғамдық ұйымдар біздің ауданда да әрекет етеді. Дегенмен олардың, нақты ұсыныс жасаудан гөрі тым талапшыл екенін айтқанымыз дұрыс. Ол талаптардың кейбірі заңға қайшы келіп жатады. Тіпті жекелеген мәселелерді тым саясиландырып жіберітндер де бар. Ал біз ауданымыздың дамуын көздейтін нақты ұсыныстары бар кез-келген қоғамдық ұйыммен бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз. Соңғы кездері бұрыннан түсініспеушілік танытып келген кейбір қоғамдық ұйымдардың біздің жұмысымыздың дұрысекеніне көздері жетіп ынтымақтастықтың өркениетті жолдарын ұсына бастағанын айтқым келеді.

 

14. Бугинге дейин канша уйди зандастырдыныздар. Сиз зансыз салынган уйлер 4 мыннын манайында дейсиз. Билетиндер ондай уйлер 10 мыннан асады дейди. Кимге сенемиз?

Жауап: Өздеріңізге белгілі, Алатау ауданымыздың шаңырағы көтерілген күннен бастап жергілікті басшылыққа жүктелген басты міндет - ұзақ жылдар бойы шешімін таппаған заңсыз жер телімдері мен тұрғын үйлерді заңдастыру мәселесі болды.
Осы орайда, бүгінгі таңда өз бетімен жер басып алу әрекеттері 100% тоқтатылды. Заңсыз жер телімдері заңдастырылып, тұрғындар ұзақ жылдар бойы арман еткен заңды құжаттарына қол жеткізуде. Атап айтқанда, арнайы жүргізілген инвентаризация кезінде аудан бойынша 4523 заңсыз жер телімдері басып алынғаны анықталған болса, қазіргі күнге дейін заңдастыру бойынша 5384 астам өтініш қабылданып, 3179 өтініш бойынша заңдастыру жөнінде шешімдер шығарылды. Оның ішінде 2526-сы жеке меншікке, ал 653 жер телімі жалға пайдалануға берілді. Бүгінгі күнге дейін 2304 мемлекеттік акті өз иелеріне табыс етілді.
Осылайша, жері заңдасқан азаматтарымыз ендігі кезде Алматы қаласының тұрғыны ретінде тіркеуге тұрып, барлық әлеуметтік құқықтарды толыққанды пайдалану мүмкіндігіне ие болып отыр.
Дегенмен де, бүгінгі таңда Алматы қаласының бас жоспарына және жер қатынастары саласындағы талаптарға сәйкес, аудан аумағында орналасқан 1443 жер телімдерінің қауіпті аймақтарда орналасқандығы анықталып отыр. Аталған жер телімдері қолданыстағы санитарлық ережелерге және т.б. заң талаптарына байланысты заңдастыруға жатпайды. Алдында айтқанымдай, бұл азаматтарға өзге ықшам аудандардан жер телімдері беріледі.
Ал заңсыз салынған үйлердің саны 10 мыңнан асады деген жалған ақпарат.

 

15. Құрметті, Бағдат Сайланбайұлы! Сізді және ұжымыңызды Алатау ауданының 2 жылдық мерейтойымен құттықтауға рұқсат етіңіз. Мен біздің сүйікті Алматы қаласының тұрғынымын. Мен үшін қаламыздың болашағы, өсуі, жалпы дамуы маңызды мәселелердің бірі болып табылады. Осы ретте Алатау ауданының құрылуы және өркендеуі көңіл толтырарлық жайт. Жаңа аудан құрылғалы ол туралы мәліметтерді, аудан әкімдігі жұмысы жайлы ақпаратты БАҚ құралдарынан үнемі бақылаудамын. Сідердің осы өткен 2 жылда атқарған еңбектеріңіз орасан зор. Аудан құрылғанда басты мақсаттардың бірі осы аумақтағы қордаланған мәселелерді шешу, халықтың әлеуметтік жағадайын көтеру және инфрақұрылымды дамыту болатын. Бүгінгі күні көзделген жоспардың қыруар бөлігі орындалды деп есептеймін. Қала әкімі А.Есімовтің ерік-жігері мен Сіздің еңбекқорлығыңыздың арқасында бүгінде көптеген қазақтың қаракөздері өз армандары - жер телімі мен тұрғын үйлеріне деген заңды құқықтарына ие болды. Мұның өзі елге, халыққа деген сүйіспеншіліктің белгісі. Бірер жылдың ішінде мектептер, әлеуметтік нысандар салынып, жолдар жасалды. Инфрақұрылым мәселесі шешіле бастады. Сондықтан да Сіздерге ризалығымды, алғысымды білдіремін. Алдағы уақытта алған бағыттарыңыздан таймай, қазақ халқының мүддесіне сай жұмыс атқаратындықтарыңызға кәміл сенемін. Дендеріңізге саулық, бойларыңызға қуат, істеріңізге сәттілік тілеймін.

Жауап: Рахмет!

 

16. Алатау ауданынан жер алу үшін не истеу керек?

Жауап: Жер бөлу мәселесі әкімі аппатрының құзырында емес. Оның үстіне Алатау ауданында бос жер телімдері жоқ.

 

17. Мынау ким соншама мактауды уйип тогип жаткан. Анау Жанабайдын жарамсактарынын бірі шыгарсын. Айтпакшы, Баке, сіздин орынбасарыныз Жанабай адамдармен неге адамша катынаспайды. Ол неге алдына барган аамдарды арсылдап карсы алады. Ол халыкпен жумыс істейтін адам емес кой, базардагы саудагер секілді барине ай, эй деп журеди. Ол сиздин искерлик беделинизге нуксан келтирип жур деп ойламайсыз ба?

Жауап: Адамдар әр түрлі болатыны, бірақ барлығына бірдей жағу қиын екені белгілі. Ал менің орынбасарым Ж.Көлбаев өз ісін адал атқарып отыр деп санаймын.

 

18. Ассалаумағалейкум Бағдат аға. Мен Байбесік ауылының тұрғынымын. Ауданға газ құбырлары тартылып жатыр. Соны үйге тарту үшін ақша төлеуіміз керек пе? Жұрт аузында екі жүзден үш жүз мыңдай төлейміз деген сөз бар. Сол рас па?

Жауап: Иә, үйге дейін газ құбырын тарту ақылы негізде жүргізіледі. Осы орайда, мынаны айтқым келеді - Байбесік ықшам ауданында ұзындығы 1,8 шақырым орта қысымды газ құбыры тартылады. Тұрғындардың қаржы мәселесінде қиналып қалмауы үшін тиісті мекемелермен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Тиімді келісімдерге келеміз деп ойлаймын.

 

19. "Шанырактагы" жер телимдерин зансыз басып алган адамдар енди укиметке ешкандай каржы толемей тура береди ме?

Жауап: Тек «Шаңырақ» қана емес, өзге де ықшам аудандардағы заңсыз жер телімдерін басып алған азаматтар заңдастыру шаралары барысында Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес белгілі мөлшерде айыппұл төледі.

 

20. Асалаумағалейкүм Бағдат Сайланбайұлы! Менің тұрып жатқан жерім дархан ықшам ауданының бір қуысы, көше мүлде түспеген, жол картасы аясында барлық елді-мекенке тас жол түседі деп едіңіздер, осы жағы қалай болмақ?

Жауап: Елбасымыздың «Жаңа онжылдық - жаңа экономикалық өрлеу - Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын жүзеге асыруға бағытталған Үкіметтің «Жол картасы» бағдарламасына сәйкес аудан бойынша көріктендіру және жол құрылысы жұмыстарына жалпы сомасы 1 млрд. 412 млн. теңге көлемінде қаржы бөлінді. Нәтижесінде ауданымызда жалпы ұзындығы 21 км болатын 30 көшеде орташа жөндеу жұмыстары, сонымен қатар, «Шаңырақ-1,2», «Ұлжан-1» ықшамаудандарында ұзындығы 37 км болатын 122 көшеге жаңа жол құрылысы салынды.
Жалпы өткен жылы өткен жылы аудандағы 160 көшеге қарқынды жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Биыл, 2010 жылы жолдарды орташа жөндеу бойынша жалпы ұзындығы 14,2 км болатын 18 көше мен Қарасу ықшам ауданындағы жөнделмей қалған жолдарды жөндеу жоспарланған болатын. Бұл жұмыстар аяқталуға жақын.
Жұмыстардың көпшілігі тұрғындардың өтініштерінің негізінде жүргізілген.

 

21. Өжеттің Бекболат көшесінің Дарханға қарай бұрылар тұста (Өжет дүкенінің жанында) жолды қанша жөндесе де ойылып қала береді, дәл қазірдің өзінде қатты ойылып кетті. Көлік қозғалысына кедергі келтіруде. Соны сапалырақ жасатуға болмас па екен?

Жауап: Бұл мәселе бойынша тиісті мекемелерге тапсырма берілді, енді сапалы қылып жөндейтін болады.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5320