Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 8444 0 пікір 4 Сәуір, 2016 сағат 13:20

ҚҰЛДЫҚҚА ТҮСКЕН ҚЫЗДАР. КУКЛА ДИЛЯ

Осынау тал шыбықтай бұралған талдырмаш тәжік қызының есімін ешкім білмейді. Өзі Дилярамын дейді. Қазақша сөйлегенде анау-мынау қазағыңды жаңылдырады. Таныс-білістері Диля деп еркелететін көрінеді. Он сегіз-ақ жаста. «Жұмысына» мықты, өзінің айтуынша. «Қайда істейтін едіңіз?» десем, «Сейфуллинде» дейді. «Сейфуллині несі?» деп алғашқыда аңтарылып қалдым да, шамалыдан соң есіме түсіп, күліп жібердім. Түсінікті. Алматыдағы Сейфуллин көшесінің бойында күндіз-түні қаздай-жездей тізіліп тұратын «түнгі көбелектер» екен ғой. «Клиент» боп келіп, танысып-білісе бастаған соң журналистік жұмысымның мән-жайын айтып едім, басқалар сияқты басын ала қашқан жоқ. Өз басының хикаясын әдемілеп айтып беруге бірден келісті. Тек: «Бір сағат әңгімелессек – бір сағаттың, екі сағат әңгімелессек – екі сағаттың ақшасын төлейсің. «Клиент» ретінде» деп өзінің «кәсіби талабын» көлденең тартты. «Мақұл» дедім. «Жұмыс үшін жан пида деген жазылмаған заңым бар» деп мен де күлдім. Сөз жоқ, сұлу қыз екен. Көрінгеннің қолжаулығына айналған қайран сұлулыққа ішім удай ашып кетті, жасыратыны жоқ.

- Мен өзі, негізі, Тәжікстаннан келгем, - деп қараторы сұлу қымсынбастан хикаясын бастады, - алғашқы «еңбек жолымды» Қарағанды сауналарының бірінде бастағам. Ол кезде он алты-ақ жаста болатынмын. Әкем тәжік болғанмен, шешем қазақ. Өзіңіз де көріп отырсыз, әдемімін ғой, иә?

- Айтары жоқ, әдемісіз, - дедім мен. Шындықты мойындамасқа шарам жоқ. - Жалпы, аралас некеден туғандар әдемі болады дейді. Рас болса.

- Рас-рас, - деп Диля басын изеді, - метисткалар сұлу болады. Қарағандының байлары қырылып қалатын мен дегенде, - деп сыңғырлап күліп жіберді. Сыңғыр күлкісінен әлі де болса балалықтың балауса күлкісі арыла қоймағанға ұқсайды. Әлде маған солай көрінді ме?

- Қарағандыға қалай тап болып жүрсіз? Әдетте сіздің «кәсіптің сұлулары» «еңбек жолын» көбінесе Алматыда бастайтын еді.

- Айтайын ба? Ой, ол бір ұзақ хикая ғой.

- Айта беріңіз. Қысқартыңқырап, - дедім мен әңгіме ұзаққа созылып кетсе, ақшам жетпей қала ма деген қорқынышты оймен қалтамды сипалап, - сол үшін «клиент» боп отырмын ғой.

                       ҚАРАҒАНДЫНЫҢ КУКЛАСЫ


Он алты жасында мектепті тастап, үйінен қашып шыққан Диляра баяғы Кеңес кезінен қалған қызыл «Икаруспен» басы ауған жаққа тартып кетіпті. Құлын мүшелі қылықты қызды алыс жолға ала кетуді автобус жүргізушісінің көбісі кет әрі көрмейді, негізі. Оларға да жол қысқартатын ермек керек. Сондайлардың бірімен тез-ақ келіскен тілі майда, өзі сүйкімді қалалық қыз Диляраның жолы біздің Қарағандыға түскен екен.

- Құжатсыз қалған екенсіз. Оның үстіне кәмелетке де толмағансыз. Ауыл-қаланы айтпай-ақ қояйын, ал енді біздің елімізге қарай сапар шеккенде Өзбекстан, Қазақстан шекараларынан қалай өттіңіз? – дедім мен аздан кейін-ақ әңгіме аужайын түсіне бастаған соң, - сіз әлдебір зат, тауар емессіз ғой?

- То-то, мәселе сонда, тауар болып өттім ғой, көкетай-ау, - деп Диляра тағы күлді.

Сөйтсем, Диляра қыз екі елдің де шекарасынан «Икарустың» жүк салғышына (багажник, былайша айтқанда) жасырынып өтіпті. Тауарлармен бірге. Автобус жүргізушісі мұны коммерсант тауарының арасына «бүктеп-бүктеп» тығып тастайды. Кеденшілер мен шекарашылар ары-бері ұдайы өтіп жүрген таныс көліктерді түп қопара тексере қоймайтын көрінеді.

- Олар да адам баласы ғой. Өмір сүру керек. Құлқынды қу ақшамен бітей салған ғой автобустағы коммерсанттар, - деді Диляра менің таңданысымды байқап. – Шекарадан өту проблема емес біз сияқтылар үшін. Сөйтіп Қарағандыдан бір-ақ шықтым. Жаман болғам жоқ, кеншілер қаласының нәпсіқұмарлары мені «Қарағандының Кукласы» деп қатты еркелетті.

- Қарағанды қатты ұнаған болса, Алматыға қалай кеп қалдыңыз?

«Диляра кукла» мұның да себебін айтты. Астанаға жақын болған соң ба, әлде тәртібі тәуір қала ма, әйтеуір Қарағанды полицейлері тыныштық бермейтін көрінеді. Құжаты жоқ бойжеткен екі күннің бірінде құқық қорғаушылардың қақпанына түсіп қала берген. Тіпті үш мәрте айып төлеттіріп, Өзбекстан шекарасынан асырып жібереді. Үйреніп қалған Диляра айналып Қазақстанға қайта келген. Тек бұл жолғы таңдауы Алматыға түсіпті.

- Сіз енді ешкімі жоқ елеусіз біреу емессіз ғой. Әке-шешеңіз бар. Олар сізді іздемей ме, қалай сонда? Құжатыңыз да жоқ.

- Алғашқыда өзім хабарласып, Алматыда мейрамхана-кафелерде жұмыс істеп жүрмін дедім. Тіпті Тәжікстандағы туыстарыма ара-тұра ақша да салып тұрдым. Қиын ғой енді оларға да. Әке-шешемнің тұрақты жұмысы жоқ. Өзімнен кейін екі інім бар, соларды өсіріп-жеткізу керек. Ал құжатыма келсем... қазір менің құжатым бар. Душанбеден алдырғам. Алматыда уақытша тіркеуде де бармын. Қысқасы, ешкім мені қыса алмайды қазір. Өйткені мен мұнда заңды түрде жүрмін. Ал бірақ рас, не құжаты жоқ, не уақытша тіркеуде де жоқ менің «әріптестерім» мұнда тіпті көп. Қазір «күндіз де ұша беретін түнгі көбелектердің» көпшілігі жергілікті қазақстандықтар. Оның ішінде қазақ қыздары да өте көп. Өзбекстаннан келгендер де аз емес.

                  «КРЫШАҢ БОЛМАСА, ҚАҢҒЫП КЕТЕСІҢ...»

Диляра-кукланың айтуынша, Алматыда «секс-индустрия как положено» жолға қойылған. Таксасы арзан «көбелектер» көбінесе қаладағы қаптаған шағын қонақ үйлерде «қызмет» көрсетеді. Мұндай қонақ үйлер негізінен осындай «қызмет көрсетудің» есебінен пайда көреді екен, әйтпесе банкрот болады. Ал элиталы жезөкшелер «көбелек болып көшеде ұшпайды». Қымбат қонақ үйде істейді. Арнайы тапсырыспен ғана жүреді. Олардың өздерін неше түрлі қулық-сұмдықтан қорғап жүретін арнайы оққағарлар бар көрінеді.

- Алматыдағы секс-индустрия зауыт конвейері сияқты күні-түні жұмыс істейді, - дейді Диля, - қаладағы «нүктелердің» барлығының «крышасы» бар. Мысалы, «точканың» біреуіне полицейлер «крышевать» етсе, енді біреуіне бандиттер «крышевать» етеді. Бірақ бұлардың барлығы да бірімен-бірі өзара шырмауықтай матасып, байланысып кеткен. «Крышаң болмаса, қаңғып қаласың. Иттің итақайына жем боласың. Ең жақсысы, мүмкін ең жаманы шығар, білмеймін – әйтеуір Қазақстанда жезөкшелігі үшін қылмыстық жазаға тартатын заң жоқ. Сондықтан ұсталсақ, әкімшілік жазаға ғана тартыламыз. Ол жаза түк емес, кәкір-шүкір айып ақшасын төлей саламыз да, «көшеге қайта» шыға береміз.

                           ҚҰЛДЫҚҚА ТҮСКЕН ҚЫЗДАР

Соңғы кезде жас қыздарды жезөкшелікке мәжбүрлейтін, оларды алып-сататын ұйымдасқан қылмыстық топ туралы көп айтылып жүр.

Алматы қалалық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне жүгінсек, жақында осындай кезекті қылмыстық топтың «қызметі» әшкереленген. Мысалы, Ерлан және Әзірет деген екі жас жігіт қырғыз еліндегі Ош қаласының 19 жасар бойжеткенін Алматыға алдап әкеліп, 500 долларға сатып жіберіпті. Сондай-ақ, тағы бірнеше қырғыз қызының құжатын тартып алып, өздерін жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген Нора, Айнұр есімді «жеңгетайлар» да құқық қорғау мекемесінің арнайы операциясы барысында қолға түскен. Соңғы мәліметке қарағанда, Алматыда жезөкшелікпен айналысуға арналған жынойнақты әшкерелеу жалғасуда. Жезөкшелер ордасын әшкерелеумен Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері мен аумақ бойынша учаскелік инспекторлар айналысуда. Полицейлердің айтуынша, қонақүйлер, дәмханалар мен барлар, жалға берілетін пәтерлер мен басқа да көңіл көтеру орындары жезөкшелердің «тұрақты жұмыс орындарына» айналған.

Жақында жеңгетайлықты кәсіп еткен кезекті бір келіншекті қалалық Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері әшкереледі. Ол өзінің әкімшілік міндетін ғана емес, сондай-ақ жеңгетайлық қызметін де өте жақсы атқарған.

НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

- Алматыда жезөкшелікке мәжбүрлеу өршіп тұр. Осының алдын алатын, болмаса жолын кесетін нақты қандай шаралар істедіңіздер? – деген сұрағымызды біз Алматы қалалық ІІД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы адам саудасымен күрес бөлімінің бастығы Нұрлан Сәрсенбаевқа қойдық.

Нұрлан Сәрсенбаев: Бірқатар мекемені жақында ғана тексерген болатынбыз. Жезөкшелікпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру туралы жедел ақпарат түсісімен біз тексеру жұмыстарын жүргіздік. Нәтижесінде аталған ақпарат расталды. Еліміздегі қылмыстық кодекстің 309 бабында қарастырылған қылмыс белгілері бойынша бірнеше қонақүй әкімшісі қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

- Жеңіл жүріске салынған бойжеткендер мәселесі қалай шешілмек?

- Нұрлан Сәрсенбаев: Аталған істі жүргізу барысында бірнеше қонақ үйден 7 жеңіл жүрісті қыз әшкереленді. Бойжеткендерді есепке қою және олардың қандайда бір заңға қайшы әрекеттерге қатыстылығын тексеру мақсатында олар аумақ бойынша Алатау ауданының ІІБ жеткізілді. Сонымен қатар, қызметкерлеріміз Түрксіб ауданында орналасқан тағы бір шағын қонақүйдегі 23 жезөкшені ұстады. Олардың барлығы Алматыға еліміздің әр аймағынан келген Қазақстан Республикасының азаматтары.

- Оларға қандай да бір шара қолданыла ма?

- Нұрлан Сәрсенбаев: Қазіргі таңда қонақ үй қожайыны әкімшілік заңнамаға сәйкес еліміздің әкімшілік-құқық бұзушылық туралы кодексінің 450 бабы, яғни жезөкшелікпен айналысу үшін көпе-көрнеу үй-жайлар ұсыну бойынша жауапкершілікке тартылды. Алайда олар жеңгетайлық қызмет көрсетпеген. Айта кетейін, осы бағытта жүргізілген ауқымды және жергілікті жұмыстар мен рейдтер, сондай-ақ жедел іс-шаралар тұрақты түрде жалғасуда. Криминогендік жағдайды сауықтыру мақсатында алға қойылған міндеттерді жүзеге асыру үшін ҰҚКБ бөлімшелерінде барлық мүмкіндіктер мен ресурстар жеткілікті.

КЕРЕК-ДЕРЕК: Алматы қалалық ІІД баспасөз қызметіне жүгінсек, 2015 жылы 55 притон әшкереленген. Сонымен қатар, жедел шара барысында жезөкшелікпен айналысуға, оның ішінде 4 жағдайда кәмелеттік жасқа толмағандарды жезөкшелікке тартудың 32 фактісі анықталған. 21 қонақ үй мен 111 пәтер анықталып, иелеріне жалпы сомасы 15 миллион теңге көлемінде айыппұл салыныпты.

Марат МАДАЛИМОВ

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377