АҚШ БУТ ПЕН ЯРОШЕНКОНЫ САВЧЕНКОҒА АЙЫРБАСТАМАЙДЫ
Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков мұндай айырбас туралы естімегенін мәлімдеді.
АҚШ-тың Ресейдегі елшісі Уилл Стивенс Вашингтонның украин әскери қызметшісі Надежда Савченконы Құрама Штаттарда жазасын өтеп жатқан Виктор Бут пен Константин Ярошенкоға айырбастауды жоспарлап отырмағанын мәлімдеді.
Бұған дейін Ресей президентінің баспасөз хатшысы да мұндай айырбас туралы ақпараттан хабарсыз екенін мәлімдеген еді. Алайда ол Ресей билігі мен АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керримен жақында болған келіссөздерде дәл осы ресейліктердің аттары аталғанын айтты. "Ресей өз азаматтарының мүддесін табанды түрде қорғайды. Бұл адамдардың есімдері Керримен дәл осы сарында өрбіген әңгімеде аталды", – деді Песков.
Бут пен Ярошенконың адвокаты Алексей Тарасов кейінірек оларды Савченкоға айырбастау мүмкіндігінің бар екені туралы мәлімдеді.
Abai.kz