Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 4793 0 пікір 28 Наурыз, 2016 сағат 13:53

«ТҮНЕКТЕН ОРАЛҒАН ЕСІМДЕРДІҢ» ҮШІНШІ КІТАБЫ

Жазушы Бейбіт Қойшыбаев тарихтағы «ақтаңдақтар» жайында қырық жылдан бері қалам тербеп келеді. Ол өзінің осынша уақыттан бергі зерттеушілік қызметі барысында саяси репрессия құрбандары жөнінде жазған мақалалары мен түрлі баспасөз өкілдеріне берген сұхбаттарын «Түнектен оралған есімдер» деген тақырыппен төрт кітапқа жинақтаған. Осы төрт томдық жинақтың «Үш пері» атты үшінші кітабы жақында Алматыдағы «Рух БГ» баспасынан жарық көрді (Қойшыбаев Б. Түнектен оралған есімдер: тұлға және тарих. 3-кітап. Үш пері. – Алматы: «Рух БГ» баспасы, 2016. – 248 бет + 4 жапсырма бет).  Төрт томдықтың осы 3-ші томына қазақ елінің кеңестік тарихында өзіндік ерекше орындары бар Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Смағұл Садуақасов сынды  қайраткерлердің тұлғалық бейнелері арқау болған.

Саяси қуғын-сүргінге ұшыраған аталмыш тұлғалар билеуші партия жеке басқа табыну дертін әшкере еткен жылдарда-ақ ақталған, алайда олардың адал есімдері қоғам өміріне бірден қайтарыла қоймады. «Жылымық» жылдары Рысқұлов жайында алғаш қалам тартқан журналист те, оның мақаласын жариялаған баспасөз органы да жазаланып, әділетті қалпына келтіруге тағы бірқатар қажыр-қайрат пен уақыт жұмсау керек болды. Ал Қожанов пен Садуақасов «оңшылдар», «ұлтшыл-ауытқушылар» ретінде партиялық әдебиетте тек сыни тұрғыда ғана аталып жүрді. Олардың адал есімдерін жаңғыртуды биліктегі партияның жариялылық пен қайта құру саясаты ғана мүмкін етті. Өмірлерін ұлт болашағы жолындағы күреске арнаған  бұл абзал азаматтарды  бүгіндері, аңсап күткен мемлекеттік тәуелсіздіктің арқасында толық тани бастадық. 

Автор аталмыш жинаққа енген әр кезде жазған мақалаларында Кеңестік Қазақ Республикасының алғашқы онжылдықтарында белсенді еңбек еткен осынау танымал тұлғалардың күрескерлік бейнелерін мейлінше жан-жақты зерттеп біле түсуге талпыныс жасайды.  Олардың қазақтың елдік мәселелеріне, ұлттық мүдделеріне қызмет ету жолдарына деген өзіндік көзқарастарын қарастырады. Бүгінгі ұрпақтың тәлім алуы тиіс тұстарына тоқталады.  

Алаш қозғалысының 100 жылдығына, Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдығына, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің 100 жылдығына, тәуелсіздіктің  25 жылдығына орай бүткіл ұлттың азаттығы жолына басын тіккен күрескерлерінің  рухтарына арналып шығарылып отырған бұл жинақтың Отан тарихымен әуестенетіндер, зерттеушілер, студенттер, оқушылар және, әрине, қалың көпшілік үшін пайдалы боларына шүбә жоқ.  Қызығушылық танытып, кітапты сатып алғысы келетін  азаматтар  (8 727) 374-83-42, 8 701 746 33 01 телефондарына хабарласуына болады.

 Суретте: Б. Қойшыбаевтың «Түнектен оралған есімдер» жинағының 3-кітабы

Abai.kz

 

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3234
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364