Сенбі, 23 Қараша 2024
46 - сөз 4664 0 пікір 28 Наурыз, 2016 сағат 13:07

САЙЛАУДА КӘМУНИСТЕР ҚАЛАЙ ЖЕҢІП ЖҮР?


«Сайлаудан соң өмір өзгереді» деген тәтті қиялымды ұялы телефонымның безек қаққаны бұзды. Экранға көз жүгіртіп өттім... Таныс аты-жөн «менмұндалап» тұр екен.

- Тілеш аға ассалаумағалейкум!

- Өй, Сәтіш амансың ба? Хал жағдайың жақсы ма? - деп екпіндете есендескен ағам өзінің әдеттегі қолпашымен сөзін жалғады. - Бауырым сенің кезекті мақалаңды «Ертіс өңірінен» оқып ырза болып отырмын. Осы Алаштың жайын ойлаған азамат сендей-ақ болсын. «Алаш қаласындағы аялдамалар қазақша қалыпқа қашан түседі?» деп аямай сойып жазған екенсің. Енді соны анау шенділер оқыса ғой. Сен іреп тастаған кондукторлар көрсе деймін де... Әй, бірақ, бізде ештеңе өзгермейді ғой білесің... 

- Сіздей оқырман оқыса соның өзі жетеді аға...

- Ойбай, жеткенің не? Мен өзім ғана оқып қоймай, үйге келген, кездескен адамдардың барлығына насихаттап жүрмін. Жай уақытта «Семей Алаштың алтын бесігі» дегенде аузымызға Ай түсетіндей болады. Бірақ, әлі кеңестік «таз қалпымыздан» арыла алмай жатырмыз. 

Көзі ашық, қоғамның құбылыстарынан бейтарап қалмайтындығын үнемі осылай білдіріп тұратын Тілеш көкемнің көпшік қоя сөйлегеніне де «қойыңыз» дегім келмей әдейілеп қоңырау шалғанына мәз болып тұрғанымда:

- Ал, енді, Сәтіш өзіңмен ақылдасатын бір жағдай… - деп салмақ сала сөйлегенде елпең ете қалдым. 

- Айтыңыз, айтыңыз аға.

- Сайлау болғалы жатыр ғой өзің білесің. Мен ойлап отырмын осы «КНПК»-ға, кәмунистерге берген дұрыс па деп...

- Аға, тыныштық па?... (Әлгінде ғана Алаштың атын айтып тұрған адамға не дерімді білмей дағдарып қалдым). Ол болса, қысылатын емес, қайта әрекетіне түсінік беруге көшті.

- Неге десең, біз сәбеттік дәуірде туып-өстік өзің білесің. Ауылдан келіп, оқып адам болдық дегендей... Өміріміздің дені сол пионер, комсомол болған кезеңде өтті. Оның үстіне байқаймын, оған дауыс беретіндер де көп болмайтын сияқты. Сол бір ұпай болса да дауыс берсем дегенім ғой... Бұған қалай қарайсың?

- Кімге, қай партияға беретініңіз өз еркіңіздегі шаруа ғой. Оған несіне ақылдасып отырсыз?

- Жоқ, енді, соған сенің ойыңды білейін дегенім де... Кәмунистер партиясына көзқарасың қалай жалпы?

Сөзін о бастан арзан қолпашпен бастап, түлкібұлаңға салып отырып «бұйымтайын» айтқансып кімге бүйрегі бұратынын аңғартқан Тікеңнің бұл сұрағын естігенде мүлдем түңіліп кеттім.

- Аға, әдейі сынап отырсыз ба? Шындап келгенде маған оның барынан жоғы!.. Өзіңіз әлгінде ғана айтқан Алаштың қайраткерлерін атқызып, қазақтың үнін шығармай тұншықтырған кеңестік империяның «елесі» болып тұрған кенпікіңіздің кімге керегі бар? Әрі беріден соң тәуелсіз қазақ елінде өмір сүріп жүргеніне тәубе десін!.. Сіздің дауыс беруіңізге де зәру болып отырған жоқ олар.
Көкем менің неліктен «нервінішит» етіп тұрғаныма енді көзі жеткен сыңайлы. Әлде «қайтер екен?» деген сұрқия сұрағының соңы осылай боларын күтпеді ме, үні күбінің ішінде пісілген саумалдай күмілжіп шықты.

- А.. Ә... Дыт-дұрыс емес дейсің ғой онда, ә? Жарайд, жарайд... Просто білейін дегенім ғой.
Тілектес болып жүретін Тілеш көкемнің нені білгісі келгенін де ұқпаған қалпымда қалта телефонымды жаба салдым. 

Араға апта салып сайлау да өтті. Нәтижесін ежіктемесем де... «атының сыры иесіне мәлімнің» кері болды. Әлгі ағам айтпақшы, «Бізде ештеңе өзгермейді» деген рас екен. Қарасы аз болса да «кенпікідегілердің» көз үйренген құрамы керекті мандатын алды. Ал қазақ үміт күткен «Ауылдағылардың» аузы сасық болды ма, қайдам, Мәжілістен орын бұйырмады. Тек ойлаймын, Тілеш ағам дауыс беріп қойып, кәмунистер сонысымен озып кетті ме деп?...

Сәтжан Карипбаев

Facebook-тегі парақшасынан

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371