Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 7764 0 пікір 20 Наурыз, 2016 сағат 11:57

ТҰМАҒАҢ ТҰҒЫРЫНА ҚАШАН ҚОНАДЫ?

ЖЕТІСУ ӨҢІРІНІҢ АЗАМАТТАРЫНА ҮШБУ ХАТ

Бір жыл туған төл құрдасы, өлең өлкесінде қатар шапқан дүлдүл досы Қадыр Мырза Әлі өмірден озған соң, Тұмаға – Тұманбай Молдағалиев, шыны керек, еңсесі түсіп, жалғызсырай бастады. Өзін аңыраған суық желдің өтінде қалғандай сезінді. «Сонда, Қадыр енді қайтып келмейді, ә?!» деп, үнемі сұрай беретін болды. Тіпті, осындай мағанада жоқтап өлең де жазды...

 Бірақ, көп өткен жоқ, небары бір жылдан кейін 2011 жылы 10 қазанда Тұмаға да Қадекеңнің соңынан қайтпас сапарға аттанды. Міне, содан бері де  зымырап бес жыл өте шықты. Бүгін – 20 наурыз Тұманбай ағаның туған күні.

Қазақ әдебиеті әлемінде 1935 жылы туғандардың қатары мол. Жылдың басында туған сол Қадыр Мырза Әліден басталған бұл тізім Тұманбай Молдағалиев, Ғаббас Қабышұлы, Жайсаңбек Молдағалиев, Жұмекен Нәжімеденов, Қалихан Ысқақов, Рамазан Тоқтаров, Оразақын Асқаров, Еркін Ібітанов, Үмбетбай Уәйдін, Кеңес Нүрпейісов  болып жалғаса береді. Шетінен мықты! Бірақ, жұрт Тұманбай мен Қадырды классик атап, тел қоңырдай көретін. Құрдастарының өзі де солай бағалайтын. Өткен 2015 жылы осы ағалардың фәни дүниеге келгеннен бері есептегенде жастары 80-ге толды. Өмірден өткені бар, тірі жүргені бар – әр өңір өз тумаларының мерейтойларын шама-шарқынша атап өтті. Ескерусіз қалғандары да болды.

Атап айту керек, ардақты қаламгерінің 80 жылдығын атап өтуде Батыс өңір алдына жан салған жоқ. Мерейтойлық шараларды былай қойғанда, бір күннің ішінде Қадыр Мырза Әлінің екі бірдей ескерткіші мен ақын атындағы МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ ӨНЕР ОРТАЛЫҒЫ ашылды. Бүкіл Қазақстан жұрты бұл игілікті іске дән риза болды. Жақында Орал өңіріне жасаған жұмыс сапары барысында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығына арнайы барып, өнер қайраткерлерімен жүздескенін телеарна жаңалықтарынан көрдік. Әрине, Қадыр ақын дәл осындай әспеттеуге лайық һәм тұратын ақын!

Сонымен бірге, қарт Атырау да қос құлыны - Жұмекен Нәжімеденов пен Фариза Оңғарсыновасының тұлғаларын мәрмәр тастан қашап, биік тұғырға қондырды. Айпақшы, Қадыр мен Фаризаға көзінің тірісінде өздері оқыған мектептерінің аты беріліп қойыпты...

Ал, Тұманбай Молдағалиевке ше?!

Жетісу жұрты әлі мұндай ештеңе жасаған жоқ! Өткен жылы 80 жасқа толған туған күніне орай Бәйдібек би (бұрынғы Маловодное) ауылында еске алу жиналысы өтті де, соңы ауылдың Наурыз мерекесіне арналған мерекелік шарасына жалғасып кете барды. Ар жағында  қамшы салым жерде Қазатком ауылы, онда Тұмаға оқыған орталау мектеп бар.

 

 

Мектептің іргетасы сонау 1929 жылы қаланып, 1956-1957 жылдар қайта салынған екен. Қазір онда екі жүзге тарта бала оқиды. Ақынның 80 жыдығы келе жатқан соң, ұят болмасын деп, едені мен төбесі шіріп, тозығы әбден жеткен сол мектепті мұғалімдер мен ауыл тұрғындары өз қалталарынан ақша шығарып, жамап-жасқаған көрінеді. Содан қысылған болу керек, той тізгінін ұстаған ақын ауылдастары алыс-жақыннан келген қонақтарды Қазаткомға апарған жоқ. Көрші ауылдан қайтарды. 

«Бәйдібек би ауылында өткен бұл еске алу – 80 жылдық тойдың басы ғана ғой, жыл аяғына дейін біраз шаралар атқарылатын шығар!» деп жыл бойы күткен жұрт сенімі орындалмады. Алматы қаласы да бір - екі еске алу жиналыс - концертін өткізумен доғарды. Қызылордалық қаламгер Махмұтбай Әміреұлының да «Жетісулықтар ұлы ақынын ұмытты ма?!» («Қазақ әдебиеті» газеті, №12) дейтіні де содан!

Қадекең өмірден озған күні Оралдан сол кездегі БҚО-ның әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов бір топ жерлесін өзі бастап келіп, қонағасына қатысты. Қаралы жиында қабырғасы қайысқан Алматы халқына, атын атап тұрып Тұмағаға қайғырып көңіл айтты. Кеңсайға дейін барып, топырақ салып қайтты.

Тұмағаның қасында жүрген біздер  Бақтықожа Салахитдинұлның осынау кісілігін, жалпы батыстықтардың береке-бірлігін, ұлыларын құрметтеу дәстүрін айтып, риза болдық. Сонда Тұманбай ағаның: «Ауыт, ертең мен де өмірден өтем. Осы жақсы сөздер сенің мына жаман ағаңа да айтылады. Мен халқыма Қадырдан кем еңбек сіңіргем жоқ! Қадыр байқұстың дұшпаны көп болды. Өйткені, шіркінің өте талантты болды ғой!» – дегені әлі есімде.

Тағы бірде Сәтбаев көшесінде келе жатқанбыз. Тұмаға менен: «Ауыт, осы мен өлсем, Алматыдан менің атыма көше беріле ме?» – деп сұрады.

– Әрине болады, бәрі болады, аға! – дедім мен сасқалақтап. Бірақ, «Аға, оған онша асықпаңыз, аман болыңыз!» деген сөзді қосып қойдым соңына.

– Әй, кім біледі! Мысалы, Сағи Жиенбаев бізден бір кем емес ақын, Алматыда атында дым да жоқ қой. Егер, мені ұмытып бара жатса, өзің «Әйт!» деп қоярсың! – деп, жымыңдап күлді Тұмағам.

Өкінішке орай, мерейтойы қарсаңында ақын атына ештеме берілген жоқ!

Ендігі айтар сөзімді Алматы облысының әкімі Амандық Баталов пен Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек мырзаларға тікелей арнауды жөн көріп отырмын.

Біріңіз облыстың, біріңіз қаланың басшылығын қолға алғандарыңыз әрине көп уақыт болған жоқ. Оның үстіне экономикалық дағдарыс келді... Сондықтан, мен жоғарыдағы жайттарға бола Сіздерді кінәлаудан аулақпын. Алыстан келіп, ардақты ағаның қасында іні, шәкірт болып бір мүшелімді өткіздім. Жарықтық мені Дәуренінен кем көрген жоқ. Жақсылығын да көп көрдім. Оның ақындығы жайлы қазаққа айтып жату дәл бүгін артық. Міне, тірі болса, сол Тұмекең бүгін 81 жасқа толар еді. Тек, сол «өзің «әйт!» деп қоярсың!» деген аманатын еске алып, Сіздерге хат жазып отырмын.

Құдай қуат берсін, Сіздер ат тізгінін ұстағалы Жетісу өлкесі мен Алатаудың баурайын тек тың бастамалар мен игілікті істер жайлы жағымды жаңалықтар естіліп жатыр. «Елдің жүгін көтерген, Ерім, саған, Бақ тілемей кезім жоқ жүрген менің!» («Нұрсұлтан Назарбаевқа», «Шыңдағы гүлдер» кітабы, 79-бет) деп өзі жырлағандай, Тәуелсіз Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың саясатын Тұмекеңдей қолдаған ақын жоқ! Еліміздің қолы жеткен жылт еткен жаңалыққа балаша қуанып, қалт жібермей өлең тілімен өрнектеп, Ақордаға жолдап отыратын. Кезінде осы өңірді басқарған Асанбай Асқаров, Кеңес Аухадиев, Асқар Құлыбаев, Заманбек Нұрқаділов, Шалбай Құлмаханов, Иманғали Тасмағамбетов, Серік Үмбетов, Ахметжан Есімов, Аңсар Мұсаханов бастаған ел ағаларының бәріне жүрекжарды жырларын арнаған болатын. Әттең, көзі тірі болғанда, Сіздердің де осынау еңбекетеріңізді алқап, аспандата жырлайтын еді-ау Тұмағам!

Егер, жағдайларыңыз жар беріп жатса,

1. Тұмаға туып өскен аудан мен ауыл әлі күнге сол баяғы кеңестік кезеңде қойылған атымен тұр. Оның үстіне, осы өңірде Тұманбай Молдағалиевтен өтетін тұлға болған емес. Сондықтан, Еңбекшіқазақ ауданына ақын есімі берілсе;

2. Алматы облысының орталығы Талдықорған немесе Есік қаласынан Оралдағы Қадыр Мырза Әлі орталығы секілді Тұманбай Молдағалиев атындағы мәдениет және өнер орталығы жаңадан салынса және бір-бір көшеге аты қойылса;

3. Қазатком ауылында Тұмағаның туған үйінің орны бос тұр. Сол жерден ақын мұражайы ашылып, оқыған мектебі қайта бастан жаңартылып салынса;

4. Құлжа жолынан Қазатком ауылына бұрылатын жерге ақынның бір ескеткіші тұрғызылса;

5. Алматы қаласында тағы да сол ескі қызыл үкіметтен қалған «Масанчи» деген көшені жақсы білесіздер. Бұл көше Абай даңғылынан басталып, Жамбыл, Қабанбай, Қарасай батыр көшелерін қиып өтіп, Төлеби даңғылына келіп тіреледі. Жұртқа мәлім, Қарасай мен Жамбыл – Тұмағаның өз атасы, Төлеби – арғы бабасы. Тағы бір жақсы жері, Д.Қонаев ақсақал өз қолымен берген ақынның пәтері де сол көшеге жап-жақын жерде – Аманкелді Иманов көшесіндегі үйге орналасқан. Демек, «Масанчи» көшесі Тұмағаның атына өзі-ақ сұранып тұр. Сол үшін, басқа емес, осы «Масанчи» Тұманбай Молдағалиев деп өзгертілсе; 

6. Осы «Масанчи» көшесінің бойындағы бір мектепке де жыр дүлдүлінің есімі беріліп, алдына еңселі ескерткіш орнатылса;

7. Қала мен облыс бірігіп, ақын шығармаларының 20 томдық толық жинағын шығарса, жақсы болар еді.

 

 

Құрметті Амандық Ғаббасұлы!

Құрметті Бауыржан Қыдырғалиұлы!

Мұның бәрі көптің көңілінде жүрген, қисыны келіп тұрған, еш дау тудырмайтын һәм Тұманбай Молдағалиевке лайық өтініштер деп ойлаймын. Тұманбай Молдағалиев Алла бақ берген аруақты ауылдың баласы. Арғы атасы, жоғарыда да айттым, Сұраншы, Қарасай! Одан бері де Сүйінбай мен Жамбыл аталарының жолын қуған тарлан. Інісі Нұрсұлтан Назарбаев, міне, Мәңгілік Ел құрып, Ұлт Көшбасшысына айналып отыр. Соған қарап, Тұмағаны бір рудың, бір аймақтың шеңберімен шектеуге тағы келмейді. Ол – Қазақ лирикасының королі! Көзінің тірісінде-ақ ұлттық брендке айналған қаламгер! Шекара аттап, бүкіл Түркі дүниесін дүбірлеткен тұлпар ақын!Сондықтан, Қадыр мен Тұмаға атына жасалатын барлық шаруаны – елдің ертеңгі игілігі үшін жасалған шаруа деп түсінген жөн! Сіздердей ұлт мақтанышына айналған алтын бауырлары тұрғанда, бұл тілектердің кезек-кезегімен кешікпей орындалатынына бек сенімідімін.    

Наурыз мерекесі құтты болсын!

Ұлтымыз бен мемлекетіміз үшін

істеп жатқан игі істеріңізге

риза, тілеулес көңілмен,

ақын

Ауыт Мұқибек

20.03.2016

Астана

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1487
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3256
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5522