Сенбі, 28 Қыркүйек 2024
Қоғам 6533 0 пікір 18 Наурыз, 2016 сағат 16:21

ПАРЛАМЕНТТІК-ПРЕЗИДЕНТТІК ЖҮЙЕ: КІМ КІМ БОЛАДЫ?

Сайлаудан соң қазақ қоғамы парламенттік-президенттік басқару жүйесіне көшуі мүмкін.Әрине, бұл әзірге болжам ғана. Бірақ осылай болжам жасауымызға жетелейтін жайттар осы күні біздің көз алдымызда біртіндеп көрініс тауып жатқан да сияқты.

Алдымен сайлаудан соң Үкімет басшысы мен оның құрамы өзгеруі мүмкін бе деген сауалға жауап беріп көрейік. Мүмкін. Өйткені, Кәрім Қажымқанұлы «дағдарыс кезіндегі мендежерлік» миссиясын аяқтап болды. Расында ол дағдарыс менеджері бола алды ма, жоқ па, оны нақты айта алмаймыз. Айта алмауымызға себеп: 2008 жылғы әлемдік қаржы дағдарысын Қазақстан өкіметі бастапқыда тән алған жоқ, содан кейін барып дүние жұрты қаржы-қаражат қиындығын бастан кешіп бастағанын, қаржы қиындығының қара дауылы Қазақстанды да айналып өтпейтіндігін мойындап сөйлей бастады. Теңге кезекті рет девальвацияға ұшырады. Астанада президент Назарбаевтың өзі бастап халыққа әлем экономикасының теңселіп тұрғынын жиі еске салып отырды. Дегендей-ақ, тұрғын үй құрылысына ақша салған жекелеген тұлғалар ресми орындардың есігін жиі қағып, наразылық акцияларын өткізіп жүрді. Сөйтіп дағдарыстың ұшқыны білінді. Осы кезде ғой, Нұрсұлтан Назарбаевтың қырдағы елмен кездесіп, олардың аузынан: «Сендер қалада «дағдарыс-дағдарыс» дейсіңдер, біз ешқандай дағдарысты көріп отырған жоқпыз» дейтін сөзді естіп мәз болатыны. Елбасы айтқан соң әлгі сөз бізде тұрмыс-ахуалымызды әйгілейтін әдепкі сөзге айналып кетті. Қысқасы, 2008-2010 жылдар аралығында бір жүріп өткен қаржы дағдарысы аса қатты біліне қойған жоқ. Неге десеңіз, мұнай және өзге де құнды шиікізат атауылының әлем нарығындағы бағасы тап бүгінгідей құлдырай қоймаған еді. Қазақстан өзінің табиғи ресурстарының арқасында жоғарыда аталған дағдарысты, бүгінгі БАҚ-тың тілімен айтқанда, «доғарысқа» жіберді. Әйткенменде, ресми билік пен қолдан жасалған қоғамдық пікір әлгі дағдарысты игерген адам – Мәсімов дегенді миымызға құйып бақты.

Хош делік... Қазір нағыз дағдарыстың салқыны байқалады. Бұның өзі бізге төтеннен келген төтенше жайт емес, төтелей жүріп тапқанымыз. Бұл дағдарысты біз турасына көшсек – сұрап алдық. Кімнен дейсіз ғой? Санкцияларға ұрынған, ұрдажық Ресеймен бірге... Таяу Шығыстағы саяси тұрақсыздықтар мен Сирияның, Украинаның тағдырына алаңдаған АҚШ пен Батыстан сұрап алдық. Бір қызығы, Кәрім Мәсімов, міне, тап осы дағдарысқа керек адам еді. Өйткені бұл адам өз бетінше шешім қабылдауға дәрменсіз, Үкіметтік деңгейде бастама көтеріп, көлденең мәселелермен бел шешіп күресуге қабілетсіздігін бір неше рет дәлелдеді. Алайда,  осының алдындағы «дағдарысты жеңген» Премьер ретінде Кәрекең кәрі қатты дағдарысқа қажет болды. Неге? Біріншіден, ол еш нәрсе үшін жауап бермейтіндігін әу баста аңғартты. Екінішіден, ол ешкіміге жауап беруге міндетті де емес-ті. Үшінішіден, бұндай «құндақтаулы адамды» бәріне кінәлі етуге немесе қайсібір басы ашылмаған даулы жайттарға жығып салуға әбден болатын. Қоғамдағы наразы күштердің сыны мен ашу-ызасына мейілінше қалған ол кейінгі кездері ғана қорғанысқа тас бекіп көшкен сыңайлы. Қазір Мәсімов көп сөйлемейді, телеарналардан да көрінбейді. Тіпті, бар-жоғы белгісіз. Есесіне, Премьердің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев көзге жиі шалынады. Үкіметтің дағдарыс кезеңіндегі іс-қимылдары туралы да, өзге де, мысалы, ЕАЭО-ға қатысты әңгімелер жөнінде де (т.б.) вице-премьер Сағынтаев сөйлейді, Сағынтаев пікір білдіреді. Несі бар, сайлаудан соң... Премьер-министрдің орынтағына Бақытжан Әбдірұлы жайғасуы мүмкін. Депутаттары ескі әм жаңа адамдардан түзілген парламентке Бақытжан Сағынтаевтың кандидатурасын ұсынған соң...араға біраз уақыт салып сол парламенттің төріне Нұрсұлтан Әбішұлының өзі барып отыруы да ғажап емес! Бұл болжам, тегінде, ширек ғасырдан бері ел билігінің ең биігін ешкіммен бөліспеген Назарбаевтың «тақтан кетуі» дегенді білдірмейді. Бұл болжам Назарбаевтың дара билігі белгілі бір деңгейде бөліске түсуі ықтимал дегенді ғана білдіреді. Естеріңізде шығар, бір-екі жыл боп қалды, Назарбаев президенттік басқару институтын  бөліскісі келетіндігін ұлық жиындарда әредік қозғап қойып, қоғамдық пікірлердің аңысын аңдып жүр. Оның үстіне, сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаев та  елімізде парламенттік-президенттік басқару жүйесі қалыптасуы мүмкін екендігін таяуда Ресей барып, ондағы орыс жорналшыларына айтып келді. Қаскеңнің бұ тірлігі белгілі бір шамада Кремльді Қазақстанда алдағы уақытта болуы кәдік ауыс-түйістен құлағдар етудің жол-жоралғысына саяды. Тіпті, Кремльдің «пәтуасын» алып шыққан соң да солай айтқан шығар деген ойдамыз.  

«Меніңше, Қазақстанда парламенттің рөлі арта береді. Мұндай сенімділікке президент Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиясы да себеп болып отыр. Біз Қазақстанда саяси реформалар есеппен, орта таптың қалыптасуы мен азаматтық қоғамның даму деңгейіне қарай жүргізіліп келеді деп санаймыз. Біз мемлекеттің эволюциялық дамуын жақтаймыз. Сондықтан Қазақстан болашақта күшті парламентпен бірге транспарентті және есепті үкімет әрекет ететін парламенттік-президенттік басқару жүйесіне көшетінін жоққа шығармаймын. Бірақ бұл менің жеке болжамым. Ақырғы сөзді президент пен қоғам айтады», - деді қазақ спикері «Российская газета» тілшісіне берген сұхбатында.

Ал, осыны айтып отырған Қасым-Жомарт Кемелұлы...иә, ол да араға біраз уақыт салып, «президент Тоқаев» атанса, таң қалмаймыз. Бұның да өзіндік себебі жетерлік. Біріншіден, Тоқаев мемлекеттік қызметтің жоғары лауазымдарын игерді. Премьер-министр де болды. Кәсіби білігі жоғары дипломат. Назарбаев пен Назарбаев әулетінің ең сенімді адамдарының бірі. Ана тілі - қазақ тілін де қалпына келтіріп алған. Сөйте тұра кейінгі бірер сөздерімен солтүстіктегі көршіміздің көңілінен табылып, қазақ қоғамының сынына ұшырап үлгерді. Нешауа. Қазақтан Қасым-Жомарт қашпайды. Қазақ та қайда барар дейсіз?.. Ең бастысы – Мәскеуден мәміле үзбеген Назарбаевтың мұрагарі де «мәскеушіл» болуы керек. Сіз келісіңіз, келіспеңіз – қазақ саясаткерлерінің саяси ойыны да, саяси ойы да – осы: Ресеймен жақсы болу керек. Дегенде, міне, халықаралық жиындарда Ресей саясаткерлерінің көңілін толқытып, ресейлік саясатты қолдап сөйлеген Тоқаев Ресей барып Қазақстанда парламенттік-президенттік басқару иниституы қалыптасуы мүмкін екендігін жариялап оралды. Табиғатында ұстамды, салмақты, артық ауыс сөзге сараң, артық қадам жасамайтын Қасым-Жомарт Кемелұлының соңғы күндердегі белсенділігі бізге осыны ойлатады.

Мемлекет парламенттік-президенттік басқару жүйесіне көшкенімен заң шығарушы органның пәрмені артып, Назарбаев билігі өз күшін еселей түспесе, әлсірей қоймайды. Қазақ қоғамы ширек ғасырдан асты осы бір адамның таңдауына,  осы бір адамның қалауына, осы бір адамның ойы мен саяси ерік-жігеріне ыңғайланып өмір сүруге үйреніп қалды. Енді сол адам қандай шешім қабылдайды – оны уақыт көрсетеді. Жоғарыдағы болуы ықтимал жайттарды жиып-тере келіп біз де сөздің соңын Тоқаевтың түйініне салмақпыз: «...Бірақ бұл менің жеке болжамым. Ақырғы сөзді президент пен қоғам айтады».  

Дәурен Қуат

Abai.kz         

0 пікір