Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 9056 1 пікір 4 Наурыз, 2016 сағат 09:04

З.ЖАНДАРБЕК. ҚАЗАҚ САЛТ-ДӘСТҮРІ ШАРИҒАТҚА САЙ МА?

Кез-келген халықта салт-дәстүр де, әдет-ғұрып та кездейсоқ пайда болмайды. Ол қоғамның өмір сүру нормаларын қалыптастырушы заңдық жүйе болып табылады. Заңның адамзат тарихындағы маңызы, заңның барлық халықтардағы киелілік сипаты мен оның киелілік сипатының қалыптасуына діни танымның ықпалы әлі көп жағдайда ескерілмей келеді. Заңның шығуында екі негіз бар: біріншісі – Тәңірдің бұйрығы; екіншісі – сол Тәңір бұйрығы аясында пайда болған заң (шариғат) – киелі дәстүр. 

Әлеуметтік тәртіп пен оның киелілік сипаты мәдениеттің тәңірлік сипатымен байланысты болды. Сондықтан мәдениеттің қалыптасуы алдымен дінмен, діни таныммен байланысты. Алайда, діни таным дүниедегі бар халықта бірдей емес. Олардың арасында сан түрлі ерекшеліктер бар. Бұл мәселені тереңірек ұғындыру үшін Имам Матуриди пікірлеріне құлақ түріп көрелік. Ол ғұлама мынадай пікірлерді алға тартады. 

Түрлі халықтарға келген дін бір болғанымен, ол дінді халықтарға жеткізуші пайғамбарлардың әртүрлі болуы, олардағы шариғаттардың ерекшеліктері, халықтардың өмір сүру жағдайы, табиғи ерекшеліктері діни сенім арасында түрлі айырмашалықтардың тууына ықпал еткені шындық. Сол себепті, халықтар Тәңірге қатысты сансыз түсініктер мен танымдарда болды. Олар өздері таныған Тәңіріне әр түрлі ат берді. Осылай Тәңір сансыз атқа ие болды. Бірақ бұл Жаратушының көп болғандығын білдірмейтін еді. Тәңірдің аталуы қанша көп болғанымен Ол бір ғана Жаратушы еді. Сондықтан, Жаратушыға қаншалықты ат берілгенімен ол бір ғана Жаратушы болып қала береді. «Қазір Таухидке мойынұсынған халықтан Алладан басқа ешбір жаратушы бар деген көзқарастың табылуы мүмкін емес. Адам баласының ақылы жетпейтін және еріксіз таңдай қақтыратын мұғжизалар жасау қабілетіне ие пайғамбарларды Алладан басқа ешқандай жаратылыс жібере алмайды».  Демек, пайғамбарлар Алланың барлығын халыққа білдіру үшін, тура жолды көрсету үшін жіберілген, Алланың өзі таңдаған тұлғалары және Алланың барлығына, бірлігіне үндейтін, Алланың хикметтерін халыққа жеткізетін басты тұлғалар, әрі негізгі дәлел болып табылады.  Имам Матуриди бұл ойын одан әрі толықтыра түсу үшін тағы мынадай тұжырымдар жасайды: «Алланың бірлігін дәлелдейтін тағы бір басқа айғақ Һақ пайғамбарлардың түрлі мұғжизалар көрсетуі болатын. Бұл мұғжизаларға куә болғандар О-ның бірлігін қабыл етпеуге мүмкіндігі қалмайтын. Егер серігі бар жаратылыстың әрекеті болса, онда пайғамбарлардың мұғжизасына ол серіктер кедергі келтірген болар еді. Сондай бір кедергі қарсыластың табылмағандығына қарағанда, пайғамбарларға қарсы тіресіп, қарсылық көрсетпеудің өзі ол пайғамбарлардың Һақ пайғамбары екендіктерін білдіреді және мұғжиза тек Һақ пайғамбарларына ғана тиесілі».

Демек, әр халық үшін өзіне жіберілген пайғамбарлар арқылы қалыптастырылған жолы, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлері киелі болып саналады. Түркілерде де әдет-ғұрып, салт-дәстүрлер ешқашан өздігінен пайда болған жоқ. Тәңірдің таңдауымен жіберілген пайғамбардың ықпалымен түрік жұртының әдет-ғұрып, салт-дәстүрлері қалыптасты. Басқаша айтқанда, түркі қоғамындағы барлық қоғамдық қатынастарды, адамгершілік нормаларын реттейтін заңдық жүйе-шариғаты қалыптасты. Бұл жол түркі жұрты үшін киелі де қасиетті жол болып саналады. Бұл жолдан бас тарту түркі жұрты үшін, бүгінгі күні қазақ халқы үшін Тәңірдің берген бұл нығметінен бас тарту болған болар еді. Тәңірдің бұл берген нығметтерінен бас тартып, шегінген кезеңдерде түркі жұрты елдігінен айырлып, өзгеге бодан болды. Бұл жолды қайта тапқанда түркілер айбынды мемлекеттер құрып, әлемге билігін жүргізе алатын деңгейге көтерілді. Сондықтан да бұл жол түркілерде көздің қарашығындай сақталып, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерінің киелілік сипаты мемлекеттік дәрежеде қорғалатын еді. Ендігі кезекте сол әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлердің басты-бастыларына кеңірек тоқталып көрелік.

Рулық-тайпалық жүйе және оның киелілік сипаты

Қазақ халқында, өзге түркі халықтарының біразында рулық, тайпалық одақтар әлі күнге бар. Алайда олардың барлығы дерлік өзінің алғашқы қалыптасу кезеңіндегі мақсаты мен атқаруға тиісті ролін атқарып отырған жоқ. Рулық, тайпалық жүйелер мен жүздік құрылымдар сақталған қазақ халқының өзінде бұл жүйелер  адамның шығу тегін анықтайтын, ағайын туыстың ара жігін ажырататын кезде ғана еске алынып, олардың тарихи мәні мүлде ұмытылған десе болады. Алайда, бұл ру, тайпалардың қалыптасуы күні кеше басталған жоқ және түркілердің тарихында мемлекеттіктің іргетасы қызметін атқару үшін құрылған жүйелер болатын. Ру, тайпалар өз міндетін дұрыс атқарып тұрған кезде түрік мемлекеттігінің мықты, өзгелерге үкімін жүргізе алатындай болғаны, ру, тайпалардың басы бірікпей, өзара қырқысты бастағанда мемлекеттігі күйреп, өзге бодан болғандығын тарихи деректер айғақтайды. Біздің қолымыздағы деректер бұл ру, тайпалардың қалыптасуы, мемлекеттік жүйенің іргетасы ретінде қалыптасу кезеңінің басталуын Оғыз қағаннан басталатынын көреміз. «Оғыз-нама» дастаны түркілерге Бір Жаратушы-Тәңірге мойынұсынуды әкелген тарихи тұлға. Қазіргі күнге дейін қазақ халқында сақталып келе жатқан әдет-ғұрып, салт-дәстүрдің осы Оғыз қаған дәуірінен бастау алғанын көреміз. Оған дәлел ретінде Оғыз қағанның Йафестен тараған халықтарды ру, тайпаларға топтастырып, түркі мемлекеттігінің басқару жүйесін қалыптастырғаны дәлел бола алады. Бұл Оғыз қағанның Яфестен тараған халықтарды бір Тәңірге мойынұсынуға шақырып, халықты иләһи дінге бет бұрғызған киелі тұлға болғандығынан хабар береді. Басқаша айтқанда, Оғыз қағанды түркі халқына Тәңірден жіберілген пайғамбар деп тануға болады. Рашид ад-дин Шыңғыс ханның да осы Оғыз қағаннан келе жатқан Тәңір дініне мойынұсынғанын жазады. Олай болса, бұл түркілердің ұзақ ғасырлар бойына Оғыздан қалған Тәңір дініне мойынұсынып, сол дінде болғандығын көрсетеді.

Біз жоғарыда Оғыз қағанның алғаш рет рулық, тайпалық жүйелерді топтастырып, мемлекетті басқарудың түркілік жүйесін қалыптастырған тұлға болғандығын айтқан болатынбыз. Ал, мұның өзі осы рулық, тайпалық жүйелердің ыдырамай сақталуын қамтамасыз ететін осы жүйемен сабақтас әдет-ғұрып, салт-дәстүрлердің қалыптасуына мүмкіндік берді. Біз сондықтан қазірге дейін қазақ арасында өмір сүріп келе жатқан әдет-ғұрып, салт-дәстүрлердің бастауы осы Оғыз қағаннан қалған және олардың барлығының киелілік сипаты бар айта аламыз.  Бұл Оғыз қағанның түркі тарихындағы орны қаншалықты маңызды болғандығын көрсетеді.

Егер біз түркі тарихындағы ұлы мемлекеттер тарихына назар салатын болсақ, түркі мемлекеттерінің шарықтау шегіне жетіп, дамуы да, құлдырап, ыдырап, тоз-тоз болып, өзгелерге бодан болуы да осы рулық, тайпалық жүйелердің қаншалықты өз қызметін дүрыс-бұрыс атқаруымен байланысты болғандығын көруімізге болады. Мысалы, Алып Ертоңға, Мөде қаған, Бумын қағандар өздері құрған хандықтарын қалыптастырып, оларды қуатты мемлекетке айналдыра алуы осы рулық, тайпалық жүйелердің қызметін өз дәрежесінде пайдалана алуымен тікелей байланысты болды. Ол мемлекеттердің ыдырап, күйреп, өзгелерге бодан болуы да осы рулық, тайпалық жүйелердің өз қызметін қажетті деңгейде атқара алмауымен, ыдырап кетуімен тікелей баланысты болды.

Түрік халықтарының ислам дінін қабылдауы түріктердің жаңа сатыға көтерілуіне ықпалын тигізді. Түріктер арасында ғылым мен мәдениет жылдам қарқынмен дамыды. Түріктер арасынан  жүздеген ғалымдар шықты. Олар ғылымның барлық саласында ірі жаңалықтарды дүниеге келтірді. Бұл жалпы ислам мәдениеті мен ғылымына қосылған қомақты үлес болғанымен, мұның есесіне түрік халқының мәдениеті мен дәстүрі күн санап өше бастады. Әсіресе, рухани, мәдени салада бұл процесс өте жылдам жүрді. Ол кездегі түсінік бойынша ислам дінін қабылдау араб болу дегенді білдіретін. Мысалы, 728 жылы Бұхара қаласының шонжарлары арабтардың сол кездегі Мауараннахрдағы өкілі Ашрасқа мұсылмандық насихаттың пәрменділігі арқасында көптеген Түркістандықтардың араб болғандығын  хабарлайды.       Ислам дінін қабылдаған түркі халықтары өздерінің дәстүрлі мәдениеті мен әдет-ғұрып, салт-дәстүрінен ажырап, толық парсылануға бет алды. Оған дәлелді ұзақтан іздемей-ақ, түркі ғұламалары тарапынана жазылған кітаптар ішінде XI-ғасыр ортасына дейін бірде-бір не діни, не ғылыми, не әдеби шығарманың жазылмауынан көруге болады. Тек, Жүсіп Баласағұнидың «Құтты білік» атты еңбегі түрік тілінде жазылған алғашқы шығарма болды. Одан  кейін Махмуд Қашқаридің «Диуан луғат ат-Түрік» еңбегі мен Ахмед Йүгнекидың «Ибат ал-Хақа’иқ» атты еңбектері дүниеге келді. Бұл шығармаларды түркі халықтарының қауіпті шепке жақындағанын білдіретін сол дәуір зиялыларының  жанайқайы десе болады.

Түркі халықтары өзінің тілін, дәстүрлі мәдениетін, әдет-ғұрып, салт-дәстүрін жоғалтып қойған жоқ. Солармен бірге, көнеден келе жатқан түрік мемлекеттігінің қалыптасқан жүйесін де өзгертуге мәжбүр болды. Оған түрік халықтарының ішкі қоғамдық қатынастарын реттейтін жүйенің шариғат үкімдерімен алмастырылуы тікелей ықпал етті. Бұл біртіндеп түркілік әдет-ғұрып, салт-дәстүрдің қолданыстан шығарылуына әкелді. Көнеден келе жатқан некелік қатынас өзгертіліп, экзогамдық қатынастар  эндогамдық қатынаспен алмастырылды. Рулас, қандас адамдар арасындағы некелік қатынастар осы кезге дейін сақталып келген рулық, тайпалық жүйелердің ыдырауына әкелді. Рулық, тайпалық жүйе түркі мемлекеттігінің басшысы – ханды осы рулық, тайпалық жүйе басшылары сайлап қоятын. Хан әркезде мемлекеттік мәселелерді осы ру, тайпа басшыларымен кеңесе отырып шешетін және әр ру, тайпа ерікті әскер шығарып, мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тиіс болатын. Мысалы,  Түргеш қағанына келген араб елшісінің  Түргештердің қағанымен болған әңгімеден  түркі мемлекеттігінің жүйесін көруге болады. Ол оқиға  Йақуттың  «Муджам ал-Булдан» атты шығармасында былайша баяндалады: «Қаған мені шақырып алып, - Саған не керек? – деп сұрады. Мен, оны мақтай отырып, оның адасып жүргенін, исламды қабылдау керектігін айттым. Қаған менен – «Ислам деген не?» – деді. Мен оған ислам дінінің талаптары мен қағидалары туралы айттым. Сонымен бірге, нені істеуге болады, қай нәрсені істеуге тиым салынғаны туралы әңгімеледім. Оған қоса діннің міндеттері мен мінәжат жасау жолдарын баяндадым. Одан кейін қаған – «Мұсылмандар кімдер?» - деп  сұрақ қойды. Мен «Олар қалалардың халқы. Олардың ішінде моншашылар, тігіншілер, етікшілер бар» - деп жауап бердім. Одан кейін Қаған  маған бірнеше күн күте тұруды бұйырды.   Бірде қаған  атқа отырып, жолға шықты. Оның қасына әрқайсысының  қолында туы бар он кісі еріп жүрді. Ол маған өзімен бірге  жүруімді талап етті. Көп ұзамай қалың ағаш қоршаған төбеге жеттік. Күн шығысымен, он кісінің біреуіне туды көтеруді бұйырды. Ту көтерілісімен, тудың  астына он мың кісі сап құрып тұра қалды. Олардың басшысы хан алдына шықты... Он ту көтерілгенде басынан аяғына дейін қаруланған жүз мың кісі дайын тұрды». Осы қысқа үзіндінің өзі түркілік мемлекеттік жүйенің қандай болғандығын аңғартады.

Ислам дінін қабылдаған түркілерде рулық, тайпалық жүйе ыдыраған соң, мемлекетті басқарудың түркілік жүйесі де ыдырады. Хан билігі бұрынғыдай бүкіл қоғам өкілдері тікелей араласа алатын коллективтік билік жүйесі болудан қалып, орнына жеке билеушінің абсолюттік билігіне негізделген, мемлекетті басқару жүйесі келді.     

Түркі дүниесінің басына осындай ауыр кезең  туғанда тарих сахнасына Қожа Ахмет  Йасауи сынды ұлы тұлға шықты. Ол сопылық ілімді түркілер арасына әкелу арқылы  ислам дініндегі иманнның әлсіреуін тоқтатып, алғашқы қалпына қайта келтірді, жоғарыда айтқанымыздай, Исламның бес парызын қабыл етіп, қоғамдық қатынастарды реттеуді толығымен түркінің салт-дәстүріне берді. Бұл түркінің жоғалған дәстүрлі мәдениеті мен  тілін қайта  тірілтті.

Одан кейінгі кезеңде рулық, тайпалық жүйелер қайтадан толығымен Жошы ұлысында қалпына келтіріліп, мемлекетті басқару жүйесі түркілік сипат алды. Ру-тайпалардың басына билікке Йасауи жолының өкілдері келді. Олар Алланың атынан билік жүргізіп, мемлекетте әділетті қоғам орнатты. Мемлекеттегі абсолюттік билік ханда да, би де, қара халықта да болған жоқ. Абсолюттік тек – заңға-шариғатқа берілді. Сол кезеңдегі Жошы ұлысының мемлекеттік жүйесінің құрылымын былайша кескіндеуге болар еді: кереге қара халық; уық - рухани жетекшілері-билер; шаңырақ – саяси билік иесі-хан. Осы жүйені 19 ғасырда өмір сүрген әрі ақын, әрі батыр Мәделі қожа Қанай датқаға айтқан өлеңінде былайша суреттейді:

Қанке осы жерде туып едім,

Саған келген жауларды қуып едім.

Шаңрағыңды шайқалтпай ұстайтұғын,

Сен кереге болғанда мен уық едім.

Бұл өлең жолдары бір жағынан дәстүрлі қазақ қоғамының жүйесін суреттесе, екінші жағынан көне түркіден келе жатқан мемлекеттік жүйені дәл суреттегенін көреміз. Сонымен бірге, кәдімгі қазақтың киіз үйінің тек үй емес, түркінің көнеден келе жатқан мемлекеттік жүйесінің символы екендігіне таңданбасқа болмайды. Жошы ұлысындағы мемлекеттік жүйенің бұлайша қалыптасуы ол мемлекетте ең әділетті қоғамның орнауына ықпал етті. Сондықтан да Жошы ұлысы Алтын Орда атанды. Осындай әділетті қоғам  орнатуға негіз болып, Жошы ұлысындағы түркілердің басының біргуіне арқау болған, көне түркі мәдениеті мен салт-дәстүрін қайта жаңғыртқан Йасауи жолы болатын.  Бұл қазақ қоғамының әлеуметтік топтарын айқындайтын қара-қожа-төре қазақ қария сөзінің негізсіз еместігін көрсетеді. Сол себепті бұл жүйелер киелі саналды. Алайда, Алтын Ордадағы бұл жүйе абсолюттік билікті қолдайтын Жошы ұрпақтарына тиімді болған жоқ. Өзбек хан қөайтыс болған соң оның тағына отырған Жәнібек хан Йасауи жолынан бас тартып,  ислам дінінің араб дәстүршілдігін негізге алған бағытын қабыл етті. Осылай ол абсолюттік билікке жетуді мақсат етті. Асан Қайғы бастаған Йасауи жолы өкіңлдерінің күресі нәтижесіз аяқталды. Ұзақ жылдарға созылған арпалыстан кейін Алтын Орда мемлекеті тарихтан кетуге мәжбүр болды. Одан кейігі кезеңде тарих сахнасына шыққан мемлекеттер де, билеушілерінің абсолюттік билікке жетеміз деп, Йасауи жолынан бас тартуымен байланысты болды. 15 ғасырдан бастап, араб дәстүршілдігін негізге алған нақшбандийа тариқаты абсолюттік билікке ұмтылған билеушілердің қолындағы құралына айналды. Нақшбандийа тариқатының Мауараннахрдағы белді өкілі Қожа Ахрар «Мен Шыңғыс хан Йасасының күлін көкке ұшырамын» Йасауи жолы мен түркі дәстүріне қарсы шықты. Биллеушілер тарапынан қолдау тапқан нақшбандийа тариқаты өкілдері түркінің киелі саналған әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерінің киелілік сипатынан ажырату үшін қолдан келгендерінің бәрін жасады. Нәтижесінде рухани билік пен саяси биліктің киелілігі, рулық, тайпалық жүйелердің киелілігі туралы түсініктер халық санасынан шайылып, Евразия түркі мемлекеттері бірінен соң бір тарих сахнасынан кетті. Рулық, тайпалық жүйелердің ыдырауы мемлекеттің түркілік сипатын жойды. Түркі мемлекеттері өзге империялардың қоластына түсті. 

Зікірия Жандарбек

Abai.kz

 

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371