Жұма, 22 Қараша 2024
Қоғам 10563 1 пікір 25 Ақпан, 2016 сағат 14:04

КІТАП МУЗЕЙІН ЖАБУ ЕЛБАСЫНЫҢ ТАПСЫРМАСЫ МА, АРЫСТАНБЕК МЫРЗА?

ҚР Президенті Н.Назарбаевтың назарына!

 

38 жылдық тарихы бар республикалық Кітап музейі жабылмақшы. Музейді таратып, орнына Мәдениеттерді жақындастыру орталығын құру жөнінде Үкімет басшысының қаулысы 2015 жылы 27 желтоқсанда шығыпты. Бұған дейін «Қазақконцерттің» жабылғаны белгілі. Маңызды мәдени ошақтардың бірінен соң бірінің жабылуы мәдениетке жасалып отырған  шабуыл  демеске шара жоқ.

Кітап музейінің төңірегінде қалыптасқан жағдайдың жай-жапсарын білу үшін Жүрсін Ерман мырзаға хабарласқан едік.

Жүрсін Ерман, Республикалық Кітап музейінің директоры:

-          Кітап музейі осыдан 38 жыл бұрын Қуат Құлманов, Шериаздан Елеукенов, Мұқан Мамажанов сынды қазақтың ұлтшыл, мәдениетке жанашыр азаматтарының бастамасымен, Қонаевтың қолдауымен құрылған еді. Мұндай Кітап музейі ТМД көлемінде үшеу-ақ. Бірі – Петерборда, Киевте және Алматыда. Бұл музей – қазақ баспа өнерінің тарихы. Музейде Абайдың алғашқы кітабынан бастап, Ташкент, Ыстамбұл, Қазан, Петерборда шыққан көне кітаптар, қолжазбалар, көшірмелер тағы басқа қазақ баспа және баспасөз тарихына қатысты мұралармен қоса, 70 мың кітап қоры сақтаулы тұр. Музей қызметкерлері ай сайын оқушылар мен студенттерді ұйымдастырып, музейді аралатып, мұралардың тарихымен таныстырып отырады. Шетелдіктер де келіп тұрады.

Суретте: Ұлттық академиялық кітапхана директоры Үмітхан Мұңалбаева

2014 жылы 1-желтоқсанда Тұңғыш Президент күніне байланысты Ұлттық академиялық кітапхана директоры Үмітхан Мұңалбаева министрлік арқылы хат ұйымдастырып, көрмеге қою үшін Кітап музейінен 130-150 сирек жәдігерлерді бере тұрыңыздар деп сұрады. Біз бердік. Бірақ, көрмеден кейін сұрап алған кітаптарымызды қайтармай қойды. Ол кісі өзі пысық адам екен, бізден алған кітаптарды кітапханадан ашқан кітап мұражайына қалдырамын деп шу шығарды. Мұның аяғын «Кітап музейінің кітап сақтайтын жағдайы жоқ» деген әңгіме жеткізді. Бұл әңгімені министр Арыстанбек Мұхамәдиұлының құлағына әбден құйған ғой, сөйтіп, мен министрге кітапхана мен кітап музейі екеуі екі басқа нәрсе екенін түсіндіріп, хат жаздым. Соттасуға дейін бардық. Сөйтіп, ақыры министр Арыстанбек Мұхамәдиұлы 2015 жылдың 27 желтоқсан күні прьемер-минист Кәрім Мәсімовтың қолымен «Кітап музейі таратылып, Мәдениеттері жақындастыру орталығына айналсын!» деген қаулы шығартты. Бізбен ақылдасқан ешкім жоқ. Бәрін сол Үмітхан Мұңалбаева, Арыстанбек Мұхамәдиұлы – өздері кесіп-пішіп, Үкіметке қаулы қабылдатып шешіп тынған. Бұл туралы біз кеше ғана білдік.

Суретте: Мәдениет және өнер істері комитетінің төрайымы Ақтоты Райымқұлова

Ауруханадан шыққан бойда Мәдениет және өнер істері комитетінің төрайымы Ақтоты Райымқұлова шақырып алып, қаулыны көрсетті.

Суретте: ҚР Президенті Н.Назарбаевтың қабылдауында отырған Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамәдиұлы, 2014 жыл.

Бұл жерде ең сорақысы, Арыстанбек Мұхамәдиұлы мен Ақтоты Райымқұлованың бұл іс туралы айтайтыны «Елбасының тапсырмасы» дейді.  Сонда немене, Елбасы Кітап музейін таратыңдар, жабыңдар деді ме? Бұл кісілер осындай жаман шаруаларды Президенттің атын жамылып істеп алып, жаманатын Елбасыға итере салады. Бұл ұят қой! Елбасы мұндай іс болып жатқанын білмейді де.

Музейде жиырмадан астам адам жұмыс істейді.  Бәрінің бала-шағасы, банктен алған несиелері бар.  Олар қайда барады ертең? Кітап музейін жауып тастағанда, олардың адам түсінбейтін Мәдениеттерді жақындастыру орталығы деген дүниелерінің кімге керегі бар?! Музейдегі жәдігерлерді үшке бөлмекші: әл-Фараби атындағы орталық кітапханаға, Ұлттық академиялық кітапханаға және орталық музейге... Сонда жылдар бойы жинақталып, үлбіреп тұрған сирек кездесетін жәдігерлердің тоз-тозы шықпай ма! Мәдениетті дамытқанның орнына бәрін тоздырып, таратып жатқан неғылған министр бұл?!

 

Редакциядан:  Жүрсін Ерман мырзаның сұрағына орай және жоғарыдағы мәселеге байланысты аталған құзыретті орган БАҚ-қа нақты жауап береді деп күтеміз.

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5315