ОРАЛХАН АТЫНДАҒЫ КӨРКЕМСӨЗ ОҚУ ШЕБЕРЛЕРІНІҢ БАЙҚАУЫ ӨТЕДІ
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Оралхан Бөкей атындағы Көркемсөз оқу шеберлерінің XYIII республикалық байқауы өтеді, - деп хабарлайды Абай-ақпарат министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сондай-ақ, бүгін Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті Оралхан Бөкей атындағы Көркемсөз оқу шеберлерінің ХVІІI республикалық байқауын өткізу жөніндегі ережесін жарияланып отыр.
Біз сол ережені толығымен оқырман назарына ұсынуды жөн санап отырмыз.
1. Жалпы ережелер
1. Оралхан Бөкей атындағы Көркемсөз оқу шеберлерінің ХVІІI республикалық байқауы (бұдан әрі – Байқау) Қазақстанда тұрып мекендеп жатқан диаспорлардың тілдері күніне орай бағытталған.
2. Байқауды өткізудің мақсаттары:
1) мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту;
2) тіл мәдениетін көтеру;
3) көркем әдебиетті насихаттауды жандандыру;
4) талапты және талантты жастарды табу.
3. Байқау мемлекеттік тілде өтеді.
4. Байқау екі кезеңде өткізіледі.
1) Бірінші кезең – облыстарда және Астана, Алматы қалаларында
2016 жылғы 10 тамызға дейін өтеді.
2) Екінші кезең – республикалық байқау, 2016 жылғы қыркүйек-қазан айларында өтеді.
5. Байқауға 18-35 жас аралығындағы Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады. Бұрынғы республикалық байқаулардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері (бас жүлде, І, ІІ, ІІІ орын иегерлері) осы байқауға қатыстырылмайды.
2. Байқауды өткізудің тәртібі
6. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің
Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті (бұдан әрі – Комитет) Байқаудың ұйымдастырушысы болып табылады.
7. Байқауды өткізу туралы хабарландыру өңірлік, республикалық БАҚ-та жарияланады және Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің ресми сайтында орналастырылады.
8. Облыстар мен Астана және Алматы қалаларының жергілікті атқарушы органдары (Тілдерді дамыту басқармалары) бірінші кезеңнің жеңімпаздары туралы мәліметті екінші кезеңге қатысу үшін Комитетке 2016 жылғы
10 тамызға дейін ұсынады.
9. Байқау мынадай тапсырмалардан тұрады:
1) прозалық шығармадан үзінді оқу;
2) поэзиялық шығарма оқу.
10. Байқауда қазақтың белгілі ақын-жазушыларының кез келген шығармаларын оқуға болады.
11. Байқау шарттары:
1) мәтінді оқу уақыты 3 минуттан аспауы керек;
2) дайын фонограммаларды пайдалануға тыйым салынады;
3) үміткерлер мәтіндерді жатқа білулері шарт.
3. Байқауға қатысушыларды бағалау
12. Байқауға қатысушылардың жұмысын бағалау және жеңімпаздар мен жүлдегерлерді анықтау үшін қазылар алқасы құрылады. Қазылар алқасының құрамын Комитет анықтайды. Қазылар алқасының құрамы тіл мен әдебиет, педагогика салаларының ғалымдары, зиялы қауым өкілдері, мәдениет және өнердің беделді қайраткерлерінен тұрады. Сандық құрамы 5-7 адамнан аспауы тиіс.
13. Қазылар алқасы шешім шығару барысында келесі критерийлерді басшылыққа алады:
1) көркем мәтінді оқу шеберлігіне;
2) дауыс мәнеріне және тіл тазалығына;
3) көркем мәтінді таңдау талғамына;
4) сахналық бейне және оқу мәнері;
5) сахналық киім сәніне.
14. Байқаудың жеңімпаздары мен жүлдегерлері қазылар алқасының дауыс беру қорытындысы бойынша айқындалады.
15. Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлері арнайы дипломдармен, алғысхаттармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталады.
Мекенжайы: Астана қаласы, Орынбор көшесі, 8, 15-кіреберіс, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің
Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті.
Байланыс телефондары: 8 (7172) 74-09-85, 74-05-03, 74-14-97, 40-83-67.
Abai.kz