Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 7407 0 пікір 30 Желтоқсан, 2010 сағат 09:56

«АЛҚА» - ҰЛТ ҚАЛАМЫНА СЕРТ

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған (№ 21, 2010 жыл) профессор М.Қойгелдиев пен ізденуші Ш.Тілеубаевтың «Алқа.Табалдырық» атты материалын оқып шығып, тарихқа ынтызар қауыммен ой бөліскенді дұрыс көрдік.

Қазір тарихтың бұрмалаң тұстарына қатысты біраз деректер табылды, енді осыны дұрыс саралау, байыптау кезеңіне өтуіміз керек. Осы ретте бізге 90-жылдардан бастап баспасөзде Алаш қозғалысы мен құбылысын танытуға белсене араласып келе жатқан ғалым Мәмбет Қойгелдиевтің ғылыми тұжырымдамалары, азаматтық позициясы ұнайды. Ол осы тақырыпқа артынан ерген жас тарихшыларды, шәкірттерін жұмылдыра алды.

Бірақ, әлбетте, ауқымды жұмыста ақылдасатын және пікір алмасатын тұстар аз болмайды. Соның бірі - осы «Алқаға» қатысты әңгіме.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған (№ 21, 2010 жыл) профессор М.Қойгелдиев пен ізденуші Ш.Тілеубаевтың «Алқа.Табалдырық» атты материалын оқып шығып, тарихқа ынтызар қауыммен ой бөліскенді дұрыс көрдік.

Қазір тарихтың бұрмалаң тұстарына қатысты біраз деректер табылды, енді осыны дұрыс саралау, байыптау кезеңіне өтуіміз керек. Осы ретте бізге 90-жылдардан бастап баспасөзде Алаш қозғалысы мен құбылысын танытуға белсене араласып келе жатқан ғалым Мәмбет Қойгелдиевтің ғылыми тұжырымдамалары, азаматтық позициясы ұнайды. Ол осы тақырыпқа артынан ерген жас тарихшыларды, шәкірттерін жұмылдыра алды.

Бірақ, әлбетте, ауқымды жұмыста ақылдасатын және пікір алмасатын тұстар аз болмайды. Соның бірі - осы «Алқаға» қатысты әңгіме.

Бірден айтайық, тарихшылар нақтылықты яки фактіні жақсы көретінін ескерсек, материалдың кіріспесіндегі авторлардың «Оқырман назарына тұтас күйінде алғаш рет ұсынылып отырған... «Табалдырық» деп жазғанымен келісу қиын. Себебі, біз «Табалдырық» деп шатастырылып жүрген «Алқа» бағдарламасын 1992 жылы 13 маусымда республикалық «Өркен» газетіне толық жариялағанбыз. Сондай-ақ дәл осы нұсқа 1997 жылы шыққан «Руханият» атты кітабымызға қосымша ретінде ұсынылған-ды. Айтқандайын, 2007 жылы «Сын» журналының тұңғыш нөмірі шығарда әріптесіміз Б.Сарбалаұлы бізден «Алқа» бағдарламасы мен оған түсінік мақаламызды арнайы сұратып, басқызғаны да бар. Ілгеріректе «Жұлдыз» журналы да солай еткен-ді. Тағы бір есте ұстайтын факт: «Алқаны» өз бетінше оқыған ғалым Т.Жұртбай, жаңылыспасам, 1992 жылдың соңында «Ақиқат» журналына жариялаған болатын. Бірақ Тұрсекең бағдарламаның кейбір жерін оқи алмай көп нүкте қойып кеткені де есімізде.

Жарайды, мәселе - кімнің бірінші оқып-оқымағанында емес, «Алқа»  хақында нақты тарихи бағаның берілуінде. Біз бұл жөнінде «Алқа» туралы ақиқат» («Алматы ақшамы», 20.07.1992), «Руханиятымыздың «Алқасы» («Руханият» кітабында, 1997) атты мақалаларымызда айтуға тырыстық.

Тарихшы мен әдебиетші үшін ең маңызды нәрсе - мәтін. Мәтін - тарих, мәтін - ой, мәтін - пәлсапа. Мысалы, Алаш тұсына қатысты басқа тарихшылардан К.Нүрпейісов пен М.Қойгелдиевтің артықшылығы неде? Әрине, еңбектерінде қазақ материалын (газет-журнал, әдеби материалдар т.б.) пайдалана алғанында.

Сол сияқты, біздің «Алқаны» танудағы үлкен кемшілігіміз - мәтінге назар аудармағанымызда және қазақ сөзін түсінбей, асығыс ой топшылауымызда. Айталық, сол 20-жылдарды бұрынырақ зерттеген ғалымдар «Алқаның» бір сөзін оқымай-ақ «құр дүрмекке ілесіп», оны жатып кеп сыбады.

90-жылдары бұл мәселе басқаша сипатта көрінді. Бәріміз айрықша құрметтейтін ғалым, эстет Ш.Елеукенов «Алқаны» НКВД-КГБ архивінен алдырған орысша нұсқасына қарап талдай салды. Әйтпесе, дәл сол орыс нұсқасының жанында (бір бума ішінде) араб харпіндегі түпнұсқа-оригинал «Алқа» тұр еді...

«Алқаның» оқырман назарына ұсынылған профессор М.Қойгелдиев пен ізденуші Ш.Тілеубаев нұсқасында түпнұсқа мәтінді шалыс оқыған жерлер бар. Бұған қарап, күндіз-түні қағаз жазатын сөзге ұста Мәмбет ағамыз осыған асығыстау үңілген-ау деп қалдық. Неге?

Бұл «негенің» астарында материалды ұсынған авторлардың: «Алқа» мен «Табалдырық» ұғымдары өз орнымен аталмай, оларды шатастыру байқалады» дегенін өздеріне қайтара айтудың жөні қылтиып қалады.

Біріншіден, «ҚӘ»-не «Алқа. Табалдырық» материалын ұсынушылар түпнұсқадағы мәтіннің бастапқы «Табалдырық» деген атауын (яғни «Введение» дегенін) тастап кеткен. Біз қазір мұндай бөлікті «Кіріспе», кейде қазақшалап «Аңдату» дейміз. 1992 жылы біз көрген бұл жазу түсіп қалуы мүмкін емес. Сонымен бірге тарихшы-әріптестеріміз осы кіріспе («Табалдырық») бөлім соңындағы мына сөздерге назар аудармаған: «Оқушы! Жақсы келдің. «Табалдырықты» аттап, төрге шық. «Алқаға» кір». Мұны бүгінгі қаймана тілге аударсақ: «Кіріспе бөлімде мәселенің не екенін айттық, енді «Алқа» атты ұйымымызға кір немесе «Алқаның» мазмұны не екенін аңғаруға ыңғайлан» болып шығады.

Енді қарапайым қисынға (логикаға) салыңыз: ұйымның атын немесе оның бағдарламасын «Кіріспе» («Табалдырық») деп қоюға бола ма? Әйтпесе ұйымның аты бір бөлек, бағдарламасының аты бір бөлек бола ма? Айтқандайын, Алаш тұсында бағдарламаны «жосық» деген.

Бұл («Табалдырық») - НКВД-ның ертегісі. «Алаштың мұнысы - әдеби ұйым («Алқа») емес, «Табалдырық» деген саяси ұйым, платформа» деген ертегі. Ал, біз неге оған сенуіміз керек? НКВД-ның фальсификациясын неге тарихи факт деуіміз керек? Құрметті Мәмбет мырза және біз секілді пақырлар көрген НКВД құжаттарында «Табалдырық» деп көбіне-көп сұрақ қоюшылар (жендеттер) айтады ғой. Тіпті «Алқа. Табалдырық» материалын ұсынушылар келтірген дәйксөзде де «Табалдырық» бағдарламасы» делініп тұрған жоқ, «Алқа» бағдарламасы» делініп тұр.

Осы нұсқаны даярлаушылар: «Алқаның» бар тарауының аты бар. Неге кіріспесінің аты жоқ?» деп өз-өзіне сұрақ қойды ма екен? Мұндай мәтінтанушылық сұрақ қойса, құжаттың шекесіне бадырайтып қойған «Табалдырық» сөзі тарау (кіріспе сөз) аты екенін аңғарар еді-ау...

Біздіңше, материалды ұсынушылар осы арқылы ұйым мен оның басты құжаты туралы халық қабылдауына кереғар жайтқа тағы да жол беріп алған.

Екіншіден, тағы да мәтін хақында. Газетке ұсынылған құжаттық материалда біршама теріс оқылған сөз, сөйлемдер бар. Мұны кім жіберді? Мәтінді қараған ізденуші ме, зерделеген тарихшы ма, әлде газет қызметкері ме - мына сауаттылықтың мәні кеткен заманда оны дәл айту қиын. Жалпы біз, мәтінмен жұмыс істейтін адамдар, осы мәселеде біраз абдыраймыз. «Ескі мәтінді оқушыға қалай ұсыну керек?» деп. Мәселен, ол кезде тыныс белгі бүгінгідей жүйеде болмаған. «Тіпті жоққа тән» десек, ол уақыттың жазу салтын, деңгейін төмендетпейміз. Ал, енді сол мәтінді тыныс белгісіз берсек, кімге обал жасаймыз? Әрине, оқырманға. Онда классикалық Абай мәтінінің өзі бүгінгідей оқылмас еді («Махаббатсыз, дүниедос» па, «махабатсыз дүние - бос» па?..» деп таласатынымыздай). Біз мұны неге айтып отырмыз?

«ҚӘ» бетінде (әрі қарай «газет нұсқасы» дейік) «Алқа» бағдарламасын «Табалдырық» деп ұсынған материалдағы қисынсыздықты көрген соң айтып отырмыз. Мысал кетірейік.

Газет нұсқасы: «Сұлулық сезімі барлық жануарлардың, оның ішінде адамның жаратылысына салынған, табиғатына беріліген» дейді. Дарвин осы пікірлерді Маркс философиясы негізінде қате демейді».

Қате тыныс белгіге қарап, тарихты білмейтіндер Дарвинді Маркстен кейін өмір сүрген деуі ғажап емес. Сондықтан дұрысы: «Сұлулық сезімі барлық жануарлардың, оның ішінде адамның жаратылысына салынған, табиғатына беріліген» дейді Дарвин. Осы пікірлерді Марқыс философиясы негізінде қате демейді» болуы керек қой.

Газет нұсқасы: «Ақындық бағытта емес. «Ақындық ақындықта қалай жұмсалса да талантты талант дейміз ғой»,- дейді Луначарский».

Мұнда бағдарламаны даярлаушылардың сөзі мен дәйкесөз араласып (мұндай қойыртпақтар бірнеше жерде кездеседі), пайым қиғаштығына жол берілген. Дұрысы: «Ақындық бағытта емес, ақындық - ақындықта. «Қалай жұмсалса да талантты талант дейміз ғой» дейді Лунашарски».

Газет нұсқасы: «Еуропа ақыны Шекспир, Шекспир дейді осы Шекспидің ақындығы ХҮІ ғасырларда қалса, Англияның асса Еуропаның тұрмысын бұлжытпай суреттегендігінен ғана ма? Еуропаның хан ақыны Гете айтады: «Әлгі күшікті тұрған күйінде суретке салсаң, жердің жүзіндегі толып жатқан күшіктің санын көбейтіп бір күшікке қосқан болып табыласын...».

Мұнда тыныс белгі және грамматикалық, лексикалық қателер де өріп жүр. Дұрысы: «Ауропа әдебиеті «Шекіспір, Шекіспір» дейді. Осы Шекіспірдің ақындығы 16-17-інші ғасырлардағы қалса Англияның, асса Ауропаның тұрмысын бұлжытпай суреттегенде ғана ма? Ауропаның асқан ақыны Гете айтады: «Кәдімгі бір күшікті тұрған күйінше суретке салсақ, жердің жүзіндегі толып жатқан күшіктің санын көбейтіп, бір күшікке қосқан болып табыласын...».

Газет нұсқасы: «Марксшылдық әдебиет туралы негізгі пікір мынау: әдебиетке сипат беретін тұрмыс. Тұрмысқа түр беретін техника мәдениеті, яғни негізінде әдебиетке бағыт беретін тұрмыс, өмірге қадам бастап елдің, яки таптың әдебиетінің алды өз өкіміңе қадам басқан елдің, яки таптың әдебиетінің алды - көр».

Бұдан не түсіндіңіз? Дұрыс оқылмағандықтан және тыныс белгі айқындалмағандықтан, ой, логика түсініксіз арнада кеткен. Дұрысы: «Марқысшылдың әдебиет туралы негізгі пікір мынау: әдебиетке сипат беретін - тұрмыс, тұрмысқа түр беретін - технике мәдениеті, яғни негізінде әдебиетке бағыт беретін - тұрмыс. Өмірге қадам басқан елдің, яки таптың әдебиетінің алды - өр, үкімге қадам басқан елдің, яки таптың әдебиетінің алды - көр».

Тілдік-рухани бағдар тұрғысынан 20-жылдардағы Алаш зиялыларының қағидатты (принципті) жолы бар. Мәселен, олар бүгінгі қолданылымдағы заводты - зауыт, техниканы - технике, искусствоны - ескүстібе, Европаны - Ауропа немесе Жабыропа деп жазған. Шындығына келсек, бүгін өзімізше «қазақ» болып, «Еуропа», «Еуразия» деп жүргеніміз - түбірімен қате сөздер. Олар «Ауропа», «Ауразия» болуы керек еді... Өйткені, барлық тілде «ұя» деген болады. Сансыз сөз сол ұядан шығып жатады. Қазақта «ау»-дан басталатын сөз-ұғымдар шашетектен. Ал, «еу»-ден басталатын - жалғыз «еу» одағайы ғана...

Мұны айтып отырған себебіміз, мына материал толған - «Еуропа». Тілді білмейтін бүгінгі жастар: «Е, Алаш зиялылары да солай айтыпты ғой!» деп, шатасуы ғажап емес («заводы» тағы бар).

Сөз болып отырған нұсқадан біз түпнұсқадағы біраз сөйлемдерді таппадық. Айталық, «Табалдырық» (кіріспе) бөлімінде «Әйтеуір бәдуам деп ұғуға мүмкін...» деген сөйлемнен кейінгі оригиналдағы «Үлгі боларлық орыс әдебиетінің түрлі тарауының тұрақсыз бір тарауына, не барса келмесіне, не ұзамай құрып кететін сиырдың шұбырындысына түсіп кетуі мүмкін» деген керемет сөйлем енбей қалаған.

«Енді төңкеріс әм әдебиетіміз» тарауының тұпнұсқасындағы: «Төңкерістің тамыры Ауропа тарихында терең жатқан болса да, Ауропа тарихы тудырған төңкеріс затында жат болса да, төңкерістің мақсұты - бір Ауропаны астаң-кестең қылу емес, жалпы адамзатты бақытқа жеткізу болғандықтан, жердің жүзінің езілген елі, тарыққан табы мынау төңкерісті менікі емес деуі мүмкін емес» деген сөйлем газет нұсқасында былайша жарым-жартылай жұтылып, өзгеріспен берліген: «Төңкерістің тарихы Еуропа тарихында терең жатқан болса да, Еуропа тарихы тудырған төңкеріс затында жат болса да, төңкерістің мақсуты - бір Еуропа ғана астаң-кестең қылу (?) емес деуі мүмкін емес».

Бағдарламаның аяқ жағындағы ұранға дейінгі абзацта да бірнеше сөз түсіп қалып, ой қисыны түсініксіз болып тұр. Пролетариат ақынын айтып келіп, қазақ жағдайына ауысқан жердің жігі білінбейді. Газет нұсқасы: «Тарихы бөлек, тұрмысы бөлек, рухы бөлек, төңкеріске жолдан қосылған елдің аты». Дұрысы: «Қазақ ақыны - әлгіден тарихы бөлек, тұрмысы бөлек, рухы бөлек, төңкеріске жолдан қосылған елдің ақыны». Мән бере қарасаңыз, екеуі - екі бөлек сөйлем.

Мәтінтану - өте қызық сала ғой. 20-жылдардың сөзі - таза қазақы сөздер мен ұғымдар. Өкінішке қарай, түпнұсқадағы «барса келмесі» - бармаса келмесі, «аттан дәуірі» - атан дәуірі, «орыстың қара жүз отаршылдығы» - орыстың қара буын отаршылдығы, «ел билеп, елге ақыл айту» - ел сиреп елге ақыл айту, «екі қолмен екі үмітпен алысқандығы» - екі қолымен екі өмірмен алысқандығы, «қата» - қате, «Шығыстың отар болған елдері, соның бір ұшығы болған кедей қазақ» - Шығыстың отар болған елдері, соның бір ұшпағы болған кедей қазақ, «осы мінез, осы құлық» - осы мінез, осы қулық, «алыстан ұрын барып тиетін пайда» - алыстан орап барып тиетін пайда, «әдебиетінің екі бетінде екі бүр» - әдебиетінің екі бетінде екі нұр болып кеткен.

Бүгінгі оқырман сөз болып отырған нұсқадағы «Әдебиет «Ғизатлұ - оқу - ұмтылу (?)» Биссимилаһ деп башлайын сөздің басын сықылды балдыр-батпаққа айналды» дегенді - «Әдебиет «ғизятлу», «құрметлу», «біссмілдә» деп бастайын сөздің басын» сықылды балдыр-батпаққа айналды» деп, «реализм мен феодализм (?)» дегенді - «реализм мен идеализм» деп түпнұсқаға жақындатып оқып, түсіне ала ма екен?..

«Алқа» бағдарламасында 12 әдебиетке (кітапқа) сілтеме бар. Біз кезінде қайта жариялағанда, оларды мәтін ішіне жақшамен көрсеткен болатынбыз. Бұл керек, себебі тарихи құжат қой. «ҚӘ»-де «тұңғыш жариялап отырмыз» деген кісілер мұны да ұмыт қалдырған...

Филолог ағайын ғана емес, жалпы сауатты жұрт «да» шылауы (оқушы да) мен жатыс септігінің «да» жалғауы (оқушыда) шатастырылса, сөйлемде мағына өзгеріп кететінін жақсы біледі. Газет нұсқасында осындай селкеулік аз емес.

Әлбетте, біз «екіншіден» дейтін позициямызда тым қазабалап кеткеніміз үшін қаламгер һәм ізденуші ағайынан ғафу өтінеміз.

Осы тұста «жауапсыздықтың бәрі - мына кісілерден» деп, кінәні нақты адамдарға аудара салудан аулақпыз. Ниетіміз - бұрмаланған мәтіннен оқушыны сақтандыру.

Үшіншіден, «Алқаның» авторлығы жөніндегі ұстанымның елдік-мемлекеттік мүддеден шет қарастырылып жүргені туралы. Мен авторлықты ақын Мағжанға бергенде не ұтарымызды түсінбеймін. Өзіміз сонау шенеунік кезеңінде де табан ақы, маңдай терін адал қаламымен тапқан зерделі азамат Шерияздан Елеукеновті қанша сыйласақ та, «Алқаны» Мағжанның жеке шығармашылығы ретінде қарастырғанын қабылдамаймыз. Себебі, бұдан ұлт тарихы да, руханият тарихы да ұтпайды. Тарихи құжаттарды дәуірдің ой-санасы, зиялылардың ой қайнауы туғызады. Оның үстіне кешегі кеңес заманында да, бүгінгі тәуелсіздік заманында да тарихи құжаттардың әу бастағы жұмыс нұсқасының бір немесе бірнеше авторы бар. Бірақ біз оны білмейміз. Тіпті білу де керек емес. Қазір бір сабаз шығып: «Жарандар, Д.А.Қонаевтың анау баяндамасын мен жазып бердім» десе, ол шындықтың ұлт үшін қандай маңызы бар? Идеяны кім немесе кімдер берді - мәселе осында!

Ендеше, «Алқа» - қай жағынан қарасаңыз да ұжымдық еңбек. Алаш зиялыларының еңбегі! Осылай десек, ұлт та ұтады, зиялылар да ұтады, зерделілерден бөлінбеген Мағжан да ұтады.

Оның үстіне дәл сол «Алқа» бағдарламасы жатқан НКВД архивінде, 20-жылдардың басқа да материалдарында (мақала, хат т.б.) Алаш зиялыларының «әдебиет пен мәдениетті большевизм сыңаржақтығынан қалай құтқарамыз?» деген ой-аңсар тұнып тұр. Міне, «Алқа» - осының жемісі.

Төртіншіден, «Алқаны» бүгінгі ұрпаққа немесе бүгінгі замандастарға таныту жөнінде. Ұятымызға қарай, біз бұл бойынша ештеңе істегеніміз жоқ. Екі-үш ғалымның, бірер журналистің жазғаны дәнеңе емес. Тіпті «ҚӘ»-де «тұңғыш басылуы» деген анықтама берілуі де осыдан 18 жыл бұрынғы жарияланымның көзден де, көңілден де таса болғанын көрсетеді. «Алқаға» тарихшы да, әдебиетші де мән бермейді екен, енді не істедік? Тонымызды отқа жағайық па?!...

Жоқ, бізге «Алқа» керек! «Алқаның» болғанын және оның идеясы ұлтпен бірге жасайтынын сезіну қажет!

Бір әріптестеріміз: «Алқа» деген ұйым бар, «Табалдырық» деген платформа бар» деп жаңылтпаш айтса, біз: «Айналайындар-ау! Мұндай әріпшілдікке барғанда не ұтамыз? Атаңнан қалған қай құжат екі түрлі аталушы еді?» деуге тиіспіз.

2008 жылы Алаш Орданың 90 жылдығын атап өту туралы кештетіп шыққан үкімет қаулысына «Алқаны» насихаттау туралы ҚР Жазушылар одағында шара өткізілсін» деген бапты енгізген болатынбыз. Ой қағазға түскенімен, ол өтпеді. Хакім Абай айтпақшы, «Бұл іске кім виноват?..».

Алаш десе, етегіміз жасқа толады, әлдебіреулерді сынағанда алдымызға жан салмаймыз, қаламгер ағайындар-ау, мерейтойымызды тойлатып көпті әбігерге салғанша, «Алқаны» асқақтатып бір жиын өткізсек қалай болады? Жөн деп тапсаңыздар, сонда бір баяндаманы біз де жасайық. Оған баяғыдан мүдделіміз.

Сонымен, Алаштың «Алқасы» халыққа кеңінен танылуы керек. Пікір алысу, шындықты айту - Жаратқанға да, пендеге де пайдалы нәрсе. Бұдан ешкімнің өті жарылып кетпейді. Алаш зиялыларының ақталғанына 22 жыл (1988 жылдан бері) болыпты, ал «Алқаны» әлі де ескермей жүргендейміз...

«Алқа» туралы сөз - ұлт тарихы мен ұлт қаламына серт!..

 

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ,

профессор

 

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963