Сенбі, 23 Қараша 2024
Деп жатыр 3897 0 пікір 19 Шілде, 2016 сағат 09:52

ҚАРАЛЫ КҮН ЖАРИЯЛАНСА?!

Криминал мен лаңкестікті шатастырмау туралы кеше жазғанмын. Алматыда өткен брифинг барысында ҚР Ішкі істер миинистрі Қалмұханбет Қасымов полиция қызметкерлеріне қарсы шабуыл жасаған қылмыскердің мақсаты олардан «кек алу болғанын» тайға таңба басқандай айтып берді. Сөйтіп қанды оқиға терроризмнен гөрі құқық қорғау органдарымен «разборкаға» жақын болып шықты.

Ресми дерек бойынша бұрын екі рет сотталған Руслан Күлікбаев «түрмеде отырғаны үшін» құқық қорғау органдары қызметкерлерінен кек алуды ұйғарған. Алматы аудандық ІІБ, одан кейін ҚР ҰҚК Алматы қаласы бойынша департаментіне шабуыл жасап жүргені содан екен. Қылмысы үшін әділетті жаза алған адамда кек болмайды. Ол мойынсұынып жазасын өтейді. Ал әділетсіз жазаға ұшыраған адамда өзін сондай жағдайға ұшыратқандарға қарсы өштік оянады. Ашыну оқыс әрекеттерге ұрындырады. Қылмыскер басынан кезінде осындай бір келеңсіздіктер өткен сияқты.

Құқық қорғау органдарының қызметкерлері әрбір адамға «қылмыскер» деп емес, «Адам» деп қарауды жандарына серік еткендері жөн бе деймін. Терроризм әдетте үрей туғызу үшін халықты көбірек қыруды мақсат етеді. Ал күдіктінің әрекеттік мотивациясы бүкіл қоғамға емес, тек құқық қорғау органдарына қарсы бағытталған. Сондықтан күдіктінің бұл қылмыстық әрекеттері оның қандай дінді ұстанғанына қарамастан криминалдық сипатта боғанын дәлелдейді.

Куәгерлер оның сыбайласы деп ойлаған жігіт қылмыскердің тырнағына ілініп қалған автокөлік жүргізушісі болып шықты. 
Қанды оқиға 25 минутқа созылған. 10 сағат 54 минутта ол Алмалы аудандық Ішкі істер басқармасына кірген, ал 11 сағат 19 минутта қолға түскен. Соңғы деректерде шекара әскерінің тағы бір сардары қаза тапқаны айтылады. Сөйтіп бір бандиттің қолынан 5 адам қаза болып, 8 адам жараланған. Марқұмдардың отбасына қайғыларына ортақтасып тағы да көңіл айтамыз. Жараланғандар тезірек жазылсын!

Дәл осындай қанды оқиға алдыңғы күні, 17-шілдеде АҚШ-тың Луизиана штатының Батон-Руж қаласында орын алды. Иракта бұрын теңіз жаяу әскері қызметін атқарған Гэвин Лонг деген біреу афроамерикалықтарға қатыгездік танытқаны, сотсыз, тергеусіз қара нәсілді жасөспірімді өлтіріп тастағаны үшін тәртіп сақшыларынан кек алып, үш полицейді атып тастаған. Осының алдында Миннесота штатында тағы бір афроамерикалық полицейлердің қолынан қаза тапқан болатын. Осыдан соң қарсылық шаралары басталып, полицейлерге жекелеген тұлғалардың оқ ату оқиғасы жиілеп кеткен.

Кеше АҚШ Президенті Барак Обаманың өкімімен Батон-Руж қаласында полицейлерге шабуыл жасау оқиғасына байланысты 22 шілде (алдағы жұма) Қаралы күн деп жарияланды. Біздің елімізде де бес адамның жазықсыз құрбан болуына байланысты олар жер қойнына тапсырылатын күн Қаралы күн болып жарияланғаны дұрыс болар еді.

Марат Тоқашбаев

Facebook-тегі парақшасынан

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5493