ТУҒАН ЖЕР ДЕГЕН ҚАНДАЙ-ДЫ...
Туған жер деген факторды ойлап бас қатырып отырмын. Сөз жоқ, сағынасың! Бірақ, нені, кімді? Туған жер - топырақ па, ауа ма, су ма, адамдар ма, әлде сағынышты сезім ғана ма?
Бір жазушы ағамыз шекараның арғы бетінде қалып қойған туған жерін аңсайды ғой. Сосын жігіттер шекараның бергі бетінен "туған жерін көрсетейік деп" алып барады. Ағамыз шекараның арғы бетінде қозы көш жердегі жұртына қарап тұрып, көзіне жас алып: "Шіркін, ауасын бір жұтсам ғой!" дейтін көрінеді.Былай қарап тұрсаң, қозы көш жер - 5-7 шақырымдай, сол топырақ, сол ауа. Бірақ, бәрібір тура кіндік қаны тамған жердің ауасын аңсатқан сезім. Оны айтамыз, менің қалада тұратын екі досым бірдей туған ауылда үй салып жатыр. Басқа жер емес, тура қара шаңырақтың орнынан. екеуінің де үйі ауылдың шетінде, орталықтан біраз жер. Сұраймын ғой:
- Сол ауыл, сол жер, сол ауа, сол су, сол адамдар. Ауылда жер жетеді ғой, орталыққа таяу жерге неге салмайсыңдар?
Жауап біреу-ақ:
- Туған жер!
Ал, сөйлес. Сонда туған жер қандай фактор, қандай күш бұл? Бұл адамды өткенге байлайтын сағынышты сезім бе деймін, ең алдымен.
Серік Жанболат
Facebook-тегі парақшасынан