РЕСЕЙ ҚАШАНҒЫ БІЛГЕНІН ІСТЕЙ БЕРЕДІ?
Жүзге жуық қазақстандық жүргізуші жарты айдан бері елге жете алмай жүр. Еуропадан тауар тасымалдаушылар күтпеген жерден Беларусь пен Ресей шекарасында қалып қойған деп хабарлайды КТК арнасы.
Сөйтсе, көлік иелерінің бар кінәсі - Украинаны кесіп өткенінде екен. Яғни, Ресейдің ол елге салған санкциялары кесірінен, тауар тасығандардың барлығы шекарада қаңтарылып қалған.
Көлік жүргізушілерінің күлуге де шамасы жоқ. Себебі бала-шағасына жете алмай 15-ші күн Беларусь пен Ресей шекарасында босып жүр. Кәсіпкерден кәдуілгі қаңғыбасқа айналғандар кеденшілерден тамақ сұрап жейтін халге жетіпті.
"Шекарада кептеліп тұрғанымызға екі аптадан асты. Тамақ алып ішетін ақшамыз да таусылды. Ешкім ешқандай тұшымды жауап бермейді. Қолымызда халықаралық жолқағаз да бар. Дегенмен Ресей кеденшілері Қазақстанға өткізбей жатыр", - дейді Бекбол Тоқсанбаев.
Қазір Ресей мен Беларусь шекаралары түйіскен Смоленсктегі кеден бекетінің аузында 60-тан астам жүк көлігіміз тоқтап тұр. Бірі -Италиядан тауар тиесе, ал енді бірі-Түркия мен Болгариядан зат алып, Украина, Беларусь, Ресейді кесіп өтіп, елге келуі тиіс болған. Бірақ та, сол күйі жете алмай жүр.
Қандастарымыздың жарты айдан бері елге жете алмай жүргендері тек енді белгілі болып отыр. Бірталай жылдар бойы қашыққа қатынап үйренгендер бұрын-соңды мұндай қиындық көрмедік дейді. Жүргізушілердің «қазақстаннанбыз» дегеніне де кеденшілер көнбеген.
"Официальная позиция ФТС- федеральной таможенной службы. То, что заступило через Украину проездом, оно также запрещено транзиту. Из Украины, и транзиты Украины", - дейді «Красная горка» кеден көлік бекетінің басшысы Евгений Агафонов.
Сөйтсе, одақтас елдің аяқасты айнып қалуының себебі санкцияда екен. Ресей Украинамен арасын одан әрі ушықтырып, уақытша тыйымдарды көбейткен.
"Осы жылдың 1-ші маусымынан бастап президент жарлығына сәйкес Украина территориясынан транзитпен келетін және Ресей арқылы өтетін кез-келген транзитке уақытша тыйымдар салынды. Яғни, санкция тізімінде бар тауар кеденнен өткізілмейді. Бұл Жарлық тек Қазақстанға қатынайтын тауар тасымалдаушыларға ғана емес, Қырғызстанға да қатысты", - дейді Ресей ФКҚ Орталық кеден басқармасы қоғаммен байланыс бөлім басшысы Екатерина Анчипорова.
Яғни, Ресей Украинадан жеткен жүктерді өз жері арқылы өткізбеуге бел буған. Рұқсат алу үшін бірталай тексеруден өту керек екен. Ал бұл деген сөз – отандастарымыз кері Украинаға қайтып, құжаттарын түзеуі тиіс. Тек тағы мыңдаған шақырымды қайта еңсеруге жүргізушілерде қаржы да, қайрат та жоқ. Сондықтан бар үміттері – Сыртқы істер министрлігінде. Дипломаттардан араша түсіп, оларды үйге қайтаруын сұрап отыр.
Abai.kz