БИЛІКТІҢ ҚАЗАҚҚА ТҰҢҒЫШ ҚОЛ КӨТЕРГЕНІНЕ - 10 ЖЫЛ
(Cурет Азаттық радиосының сайтынан алынды)
2006 жылдың 14-ші шілдесі. Қазақ билігі қалаға қоныстанған қазаққа тұңғыш рет қол көтерген күн! Алматының іргесіндегі «Шаңырақ» ықшам ауданындағы бос жерге өз еріктерімен қоныс тепкен қазақтың мәселесін шеше алмаған қалалық билік жұдырыққа жүгініп, өз жерінде, бейбіт жатқан қазақты жау шапқандай қылып, жылы ұясын талқандап, сол бір бас жарылып, қол сынған оқиғаға Арон Атабек бастаған бір топ азаматты кінәлі деп тауып, алдын 18 жылға соңын 14 жылға соттап жіберген болатын.
Содан бері, міне, 10 жыл өтті. Арагідік тәуелсіз БАҚ-ы ғана тар есік, тар босаға қапаста жатқан, шаңырағын қорғағаны үшін істі болып сотталып кете барған азаматтардың абақтыдағы халінен қалың жұртты хабардар етіп келеді. Көбі ол кезді ұмытты.
Таңғы 4-тер шамасында шағын ауданға мұздай қаруланған жасақ жақындап келе жатты. Қолда барын қалқан еткен халықтың шарасыздығы сондай, бiрi жұдырықтай тастарды үйiп, ендi бiрi газ баллондарын дайындап, ендi бiрi бөтелкеге бензин құйып әбiгерге түсiп жатты. Өз жұртының шаңырағын қиратуға шiмiрiкпеген қалың нөпiр таяған сайын, жанұшырған тұрғындар өз елiнде өгей екенiне ашынды. Жәрдем тiлеп жаутаңдаған үкiметi мен жергiлiктi басқару органдары қарулы топты жiбердi.