ҰЛАҒАТTЫ ҰЛЫҚ ЖАН
Өмір деген толғауы тоқсан, жолы сан сала, кейде оның қыр-сырын саналылар ғана ұғатын жұмыр жұмбақтай көрінетіні бар. Ол да ақиқат. Білімі терең, тұлғасы кесектер сол өмір көшінде өзгеден ерек, ой байламы бөлек көрініп тұрады. Ондай азамат алғашқы қадамынан-ақ қарым-қабілетін танытып, жас болса да бас болар тірлігімен төңірегіндегілерден төбе бидей ірілігімен дараланып, сөзі өтімді, ісі толымды болып тұрады. Адал еңбегімен, өнегелі ісімен, адамгершілік қасиеттерімен, басшылық қарым-қабілетімен ел мүддесі жолында еш аянып қалмастан, тер төге еңбек етіп, өз есімін тарих беттеріне алтын әріптермен жазып қалдырған ел ағаларынан еліміз кенде емес. Соның бірі – мемлекет және қоғам қайраткері Сағынбек Тұрсынов.
Сағынбек Тоқабайұлының өміршең өнегесін жіпке тізіп ақықтай көз алдыңнан өткізсең, көңіл көкжиегің кеңіп, тұлпар тектес тұлғаның бүкіл болмыс-бітімі көш жерден көрініс береді.
Иә, ол алға түскенде асқардың өзі аласарып, ауырдың өзі жеңілдеп, асаудың өзі жуасып сала беретін қасиеті бары ақиқат. Иә, оның жанындай сүйетін туған халқына сіңірген де сіңірер еңбегі, тәуелсіз елінің көгеріп-көктеуіне қосқан үлесі зор.
Иә, осындай бедел биікке жеткен, ақыл-парасаты таразы басында қашан да тең тұратын С.Тоқабайұлы халқымыздың орны бөлек алыптарының қатарынан екені даусыз. Ол да ойы мен еңісі қатар жүретін бел-белестерден іркілмей өтіп, білім-ғылым шыңына, қоғамдағы орнына өзгелер секілді бала болып дүние есігін ашып, өсе келе алға ұмтылып, талмай ізденіп дарын қарымымен жеткен.
Сағынбек Тоқабайұлы Тұрсынов 1946 жылы шілдеде Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында дүниеге келген. Қарқаралы зооветеринарлық техникумын (1967), Целиноград ауыл шаруашылығы институтын (1975), Алматы Жоғары партия мектебін (1985) бітірген С.Тұрсынов енбек жолын кеңшар зоотехнигі болып бастаған. Одан әрі Карағанды облысы ДОСААФ комитетінің техника даярлау мектебі бастығының орынбасары, Молодежный аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, «Көктал» кеңшарында партком хатшысы, директор, Карағанды облыстык партия комитетінде бөлім меңгерушісінің орынбасары, Қазақстан Компартиясы ОК-нің сектор менгерушісі, бөлім меңгерушісінің орынбасары болады.
Сағынбек Тоқабайұлы Кеңестік кезеңде білім қуып, жоғары оқу орнында оқып, мамандық алып, еңбекке араласқан соң, қалған саналы өмірін еліміздің дамуына арнаған біртуар тұлға.
Кеңестік кезде білімі терең, өзі іскер, тәжірибесі мол мамандарға жас болса да үлкен сенім артылатын. Басты талап – істің бабын тауып, ұйымдастыра, ұжымды ұйыстыра алу, сөйтіп, жұмыстың нәтижесін көрсету болатын. Жігерлілігін көрсеткен әрі бас бола білген Сағынбек Тұрсынов мол тәжірибенің арқасында, ерен еңбегі еленіп, әр жылдары 1988-1993 жылдары Талдықорған облыстык партия комитетінің хатшысы, облатком төрағасы, обкомның 1-хатшысы, облыстык кеңесінің төрағасы, облыс әкімі қызметтерін жемісті атқарып, еліне мінсіз қызмет етудің өнегелі жолын көрсетті.
Зиялы – саналы ғұмырында ұлт қалыптасуына терең тамыр жіберген, жаңа кәсіби білімнің биігіне құлаш ұрған, зерделі ойдың, парасатты пайымның, ірі азаматтық мінездің иесі Сағынбек ағамыз бүгінімен өмір сүруді қорлық деп білді, ертеңінің ертеңіне, көз ұшындағы көп жұрттың ойына келе қоймайтын келелі істерге, кемел тірліктерге үміт артты.
Ондай тұлға қашан да еріктіліктің құлы. Олар ешкімнің міндеттемесінсіз-ақ кез-келген салада адал да қажырлы еңбек етіп, ұлтын әманда өркениеттің өріне сүйрейді. Оның бәрі өзі істеуге тиісті перзенттік борыш екенін шынайы сезінеді. Ғұмыр дариясына тәй-тәйлап аяқ басқаннан тартып, қара нардай қасқайып, бабалардан қалған аманатты көш жерге болса да алға апаруға атан күшін аямайды. Бір қызығы бұл қасиет кім көрінгенге беріле бермейтіні тағы ақиқат. Ол қасиет өз заманының озық ойлы, нағыз зиялыларына ғана тән.
Елге жасаған елеулі ісі де бар, алқалаған халқынан алған абыройы да бар ел ағасы, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Сағынбек Тоқабайұлының өмірдегі қия жолы түрлі жауапты қызметтерге келіп түйісе берді. Себебі оған барлық кезде Елбасы сенім артты. Елбасы өз Жарлығымен өңірлерді басқаруға тағайындау арқылы кәсібилігін одан әрі нығайтып және де өмір көрген, айтар ойы мен көргені бар жандармен толықтыра түсті.
Қарағанды облысында алғаш құрылған аса ірі «Көктал» совхозына бірінші директор болып тағайындалып, ондағы тұралаған тірліктік бойына қан жүгірткенін де бүгінде тұрғындар тамсана еске алады.Бірер жылдан соң облыстарға әкім тағайындау туралы заң қабылданып, басқарудың жаңа әдісі қолданылғанда Сағынбек Тоқабайұлын алғашқы толқында сол Талдықорған облысы тарихында тұңғыш әкім болып тағайындалды. Бұрынғы бюро жоқ, бұрынғы Орталық Комитет жоқ, бар жауапкершілік жеке өз иығына түседі. Экономикалық байланыстар үзілген, бұрынғы қорлар сарқылған, жаңа байланыстар жасала қоймаған өте ауыр кезеңде облыс әкімі қызметін атқарған. Нарықтан тарыққан халықты әлеуметтік жағынан қолдау үшін облыстық әкімшілік жанынан бюджеттен тыс қор ашқызды. Оған іскерлік, ізденіс, мемлекеттегі заңдарға қайшы келмейтін басқа да әрекеттер арқылы түскен қаражатты облыс тұрғындарының игілігіне жұмсады. Бұл тұрғыда Қытаймен және Ресейдегі Төменгі Новгород облысымен іскерлік байланыс орнатты.
Студенттерге де стипендиясына қосымша, бір мезгіл тегін тамақ бергіздірді. Институтты ордалы университетке айналдыру үшін де аз тер төкпеді.
«Қалауын тапсаң қар жанар» демекші, көзін тауып, халықты тарықтырмау жолында және өңірдің өңін кіргізу үшін біраз ізденістер жасалды.
Тұлғасы тұтас, келбеті көркем, мінезі сырбаз, сабыры дархан, білекте қуат, көңілі шуақ, сөзге сараң, іске жомарт, жаны жайсаң аға жайлы білерім аз емес.
Ол қандай жауапты қызметтер атқарса да шарапаты мен жақсылығын халықтан аянып қалмады. Жоғары лауазымды адамның бағасын беретін де, оған төрелік ететін де – халық. Бұған Елбасы сенімімен, бір емес, бірнеше мемлекетке елшілік қызмет атқарғаны дәлел.
Сағынбек Тұрсынов 1995-96 жылдары Елбасы жарлығымен Қазақстан Республикасы Президенті аппаратының басшысы, одан кейін еліміздің Германия, Австрия мемлекеттеріндегі елшісі, 2006 жылы Венгрия мемлекетінде Қазақстанның Төтенше және өкілетті елшісі қызметтерін атқарған. Төтенше және өкілетті елші дипломатиялык рангі (1994) бар.
«Елдестірмек елшіден» деген қазақ мәтелі, елші болудың екінің бірінің қолынан келе бермейтінін, оның оңай шаруа емес екенін аңғартады. Елшіге бірнеше тілді жетік меңгерумен қатар, терең білім, мол тәжірибе, мұқалмас қажыр-қайрат қажет. Елімізде ұлт пен ұлысты ұйыстырған, ел мен елді елдестірген, ұлт қайраткері дәрежесіне көтерілген елшілер аз болмаған. Соның бірі, әрі бірегейі – қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби елші, дипломат, мемлекет және қоғам қайраткері, Алаш ардақтыларының бірі – Нәзір Төреқұлов.
Бүгінде барша қазақ жұрты Төреқұлов есімін қадір тұтып, мақтан етеді. 2003 жылы ҚР Үкіметінің қаулысымен «Қазақстан Республикасының сыртқы саясатына қосқан үлесі үшін» Нәзір Төреқұлов атындағы медаль тағайындалды. Ел үшін жанын садаға еткен боздаққа жасалған сый-құрмет уақыт өткен сайын кемелдене бермек.
Тәуелсіз мемлекетте Төреқұловтың ісі мен ізін ізгілікті жалғастырған С.Тоқабайұлы бойдағы бар қажыр-қайратын тұтас тәуелсіз елінің игілігіне айналдыруға бір кісідей еңбегін сіңірді. Мұны мен емес, ел айтады. Елдің айтқаны, ерді танығаны мен бағалағаны емес пе?! Осының барлығы адал еңбек, маңдай тер жемісі, саясатта Сағынбек ағамызға берілген жоғары бағаның көрінісі.
Бұл да Тұрсыновтай небір күрделі де күрмеулі жолдан өткен ел ағасының тұлғасын биіктете түсер кейпі болса керек-ті. Тұла бойында әлдебір зиялылық пен парасаттың пайымы бар Сағынбек Тоқабайұлы өзінің білімдарлығы мен көпті көрген керімдігі, турасын айтар бірбеткейлігі мен ақиқатшылдығы арқылы биіктей түсер еді. Соған қарағанда, тәкаппар ма деп қаласың да, әлден уақытта жүзіне бір күлкі үйіріліп, қос жанары мейірленіп сала бергенде, тұла бойыңның қалай жібіп кеткенін де сезбей қаларың бар. Иіні жұмсақ, көңілі жаз, жүрегі дархан, жаны жайсаң, әзілі нәзік, кеудесі ән, алды кең Сағынбек ағаның бар азаматтық та адами келбетін таныған сайын осы бір жанмен дидарласуға, ой бөлісуге асығып тұрар едіңіз. «Жақсыда жаттық жоқ» дегенді атам қазақ осындайда айтқан шығар, бәлкім.
Осындай ардақты тұлға, бекзат болмысты, үлкен жүректі азамат, жан-жақты білім иесі Сағынбек Тоқабайұлы: «Бұл біздің парызымыз, мойындағы қарызымыз. Әр ұрпақ өзіне артылған жүкті кейінге қалдырмай бітіріп кетуі керек. Сонда ғана ел алдындағы борышы өтеліп, қоғам көркейеді. Қарабастың қамын жеу – жегі құрт. Ол оңалтпайды, түптің түбінде омалтады», дейді біз секілді ізбасарларымен ой бөліскен сәттерде.
Міне, ғасырлар бойы ата-бабамыз аңсаған азаттығымыз – Қазақ елінің тәуелсіздігіне 25 жыл толғалы отыр. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев атап көрсеткендей, бұл тәуелсіздік көктен оңай түсе қалған жоқ. Осы ширек ғасырлық бостандық шежіресінде Ұлы Дала ұландарының талай-талай жылдарға созылған азаттық жолындағы тарихи күрестері, С.Тұрсыновтай ел азаматтарының ерен еңбектері жатыр.
Сағынбек ағамыздың өзгеден ерен, тумысы бөлек сырбаз жан екенін, сирек кездесетін шынайы тазалықтың, кәусар суындай мөлдір сұлулықтың, бекем ұстамдылықтың, нәзік іңкәрліктің, парасаттылықтың иесі екені көпке аян.
«Адам табиғатынан қабілетсіз болмайды, әрбір адам өзінше бөлек әлем» деп психология ғылымында адам баласының кез келген бір қырынан дарынды болатындығы жайлы айтылған. Иә, расында да біреуіміз оқуға құштармыз, біреуіміз жазуға, ал кейбіреулер ән айтуға немесе ұйымдастыру жұмысына бейім келеді. Ал, бірақ бір адамның бойына бірнеше қабілетті дарытуды Алла тек өзінің сүйікті құлдарына ғана нәсіп етсе керек. Ондай жандар қай кезде де жүздің арасынан жарқырап, мыңның арасынан адамдық мәртебесімен суырылып шығары анық. Иә, осындай керемет қасиет сіздің бір басыңыздан табылуы кездейсоқтық емес деп ойлаймын.
«Пайда ойлама, ар ойла, талап қыл артық білуге», деген дана Абайдың сөзіне терең мән беріп өстіңіз. «Топырағына қарап дән өседі, тегіне қарап жан өседі» деген халық даналығы да бекер айтылмаса керек.
Тағдырдың ызғарлы дауылынан бәз біреулер солқылдақ шыбықтай бір жағына қисайып жатса, енді біреулер адамдығын жоғары ұстап, өз биігінен төмендемейді. Асыл адам қай кезде де айнымайды. Адамдығын ту еткен жандар ғана тағдыр қандай сый жасаса да, астамшылық танытпай, аспай-саспай қарсы алады. Соңғы сөйлем Сағынбектей ағамыздың болмысына баға бергендей.
Бұл кейіпкерімізді мақтау үшін айтыла салған құрғақ сөз емес. Бұл оның адами тазалығынан туып отырған сөз.
Халық қашан да нағыз ерлерден, кесімді сөз айтып, өз ісін соңына жеткізе білетін нар тұлғалардан сүйеніш іздейді. Сондай жан ретінде С.Тоқабайұлы бейнесін көптің көңіл айнасынан табамыз.
С.Тұрсынов 12-шакырылған КазКСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты ретінде де елімізде болып жатқан түрлі оқиғалардың сарапшысы болып, халыққа тиімді ұсыныстарды қабылдау үшін қажырлы еңбек етті. Пікірлері мен көзқарастары түрлі-түрлі депутаттармен жұмыс жасап, олардың әрқайсысының ой-ұсыныстарының халыққа тиімді, пайдалы деген жағына баса назар аударуға үнемі атсалысты. Бұдан ешқашан шаршаған емес. Бұл – Тұрсыновқа артылған замана жүгі еді. Оны адамдық, азаматтық иықпен биік көтере білді.
Сағынбек ағамызбен сұхбаттасқан жан өзіне мәнді, мағыналы сөз сіңіріп, рухани күш жинап шығатынын айттым. «Құнды сөз құнарлы ойдан туады» демекші, айтылған сөзіндегі салиқалы ойлары мені де толғанысқа түсірді.
Күрмеулі тұстарда көрегенділік жасай алу да – пайымдылық пен парасаттылықтан туындайды. Ал парасаттылық тектіліктен келетіні әу бастан аян жәйт.
Экономика ғылымдарының докторы, академик. С.Т. Тұрсынов ғылым жолында да өз бедерін қалыптастырған тұлға. Оның ғылыми қызметінде технологиялық және экологиялық сипаттағы Қазақстан экономикасының аграрлық секторын реформалау бойынша, ауылшаруашылығында жекешелендірудің шетелдік тәжірибесі бойынша жұмыстар айрықша орын алады.
«Еңбегіне қарай – құрметі» демекші, есімі әркез құрметпен аталатын Сағынбек ағамыз мемлекетке сіңірген елеулі еңбегі үшін «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Ф.Кафка атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты, Карцы қаласының (Венгрия) Құрметті азаматы.
Сағынбек ағамызбен өте жақын араласа келе, оның саяси қырынан бөлек, мына әлемдегі жан дүниесіне қатысты құбылыстардың суретін шым-шымдай шыжымдап әуелі жүрегіне, содан кейін қағазға түсіретін суреткер ретінде де танимыз. Адамгершіліктің игі қасиеттерін бойына ұйытқан талант иесі сол бір ұлы жылылықты жазбалары арқылы ұлтына жеткізді. Өмірдің өзіндей қарапайым тіршіліктен үлкен көркем ой қорыта білді. Әдебиет деген үлкен ағыста арыны қатты толқындай буырқанбағанымен де, оның мөп-мөлдір жазбалары жан түкпіріндегі иірімдерді қозғайтын. Ол өз үнімен, өз жазу мәнерімен, өзіндік көркем ойлау жүйесімен оқырман көңілінен шыға білді. Онда мұң да, мұнарлы елес те, табы басылмаған сағыныш та, өзегіңді өртеген өкініш те, сабырға шақырған салауат та бар. Қазақстанның сыртқы саясатының қалай жүзеге асырылғанын баяндайтын бірнеше кітаптың да авторы. Оның еңбектерінде Қазақстанның сыртқы саясатымен қатар Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың рөліне, көбірек мән беріледі. Оған Сағынбек Тоқабайұлының оқырман көңіліне қонақтаған «Казахстан: рынок в АПК» (1964), «Жерұйық жемістері», «Елдестірмек елшіден» (1996) «Дипломатия – искусство возможного» (1998), «Казахстан: рывок в будущее на пути демократического развития» (2008) т.б. кітаптары мен баспасөз бетіндегі уытты мақалалары толық негіз бола алады.
Өресі биік ол сөз қуып, сөйлем теріп, ой құрап жазбады. Жай сөйлемдерге – құрмалас, құрмалас сөйлемдерге – күрделі құрмалас сөйлемдердің мағынасын сыйдыра білді. Сағынбек ағамыздың еңбектерін парақтағанда осыларға көз жеткізетініңіз ақиқат.
Қазақ қай заманда да білімге, білмекке ұмтылған. Бұл оның төрт құбыласын түгендей алатын білгірлігін танытады. Елдегі ақыл иелерінің қол иініне кіріп, түпкі ойды ұғып, сөз қадірін түсінуге ұмтылған. Үлкеніне ұйып, алдын қиып өтпеген. Мен мұны ізгіліктің ізі деп ұқтым.
Ел басқару ісінде өз есімін ерте әйгілеп, мәдениет, ғылым-білім, дипломатиялық саясат саласында тұғырлы орнын айшықтаған, қоғам дамуына зор ықпалы бар Тұрсынов феномені өте күрделі. Оның дара тұлғасы мен ерекше талантына ешкімнің дау айта алмасы анық. Бекзат болмысты Сағынбек Тоқабайұлы – Алаш жұртын дүниежүзіне танытқан, әлі де болса осы тарапта еңбек ететін, ғаламдық деңгейдегі адамзаттық ойлау дәрежесіне көтеріле алған, планетарлық мәселелердің шешімін ұсынуға қабілетті дарын иесі екені әлдеқашан мойындалған тұлға.
Биыл жемісті жетпіске көтеріліп, халқының қошемет-құрметіне бөленіп отырған көрнекті қайраткердің әлі де болса ел-жұртына, жалпы адамзат баласына берер рухани азығы мол. «Тауды аласартпай, даланың даңқын асқақтату» кредосын ұстанған дарын иесінің даралығы халқымыздың сан ғасырлық қатпарлы тарихын бедерлеп, балбал тастарға қашалып жазылғандай жүрегіміздің төрінен берік орын алды.
Елге есті сөз айтар Сағынбек Тоқабайұлындай ел ағаларының бар ғұмыры бүгінгі де, келер ұрпаққа да әрдайым өнеге. Ал біз сол өнегелі ғұмырдың бір ғана сәтін айта алдық. Ағалар ғұмыры – ел тарихы, ел шежіресі!
Оның елге жасаған еңбегі, іскер басшылығы, адамдарға қамқорлығы, белсенді жұмысы онымен қызметтес, әріптес, сыйлас, ниеттес, тілектес болған қаншама жандардың көкейінде жаңғырып тұрары шындық.
Кейіпкеріміздің жаңашылдығы, қайраткер ретіндегі қайсарлығы, халқына деген сүйіспеншілігі, Отан алдындағы қалтқысыз қызметі өскелең жасқа өнеге екені даусыз.
Рим философы Сенека «Жақсылыққа үлгі көрсетіп жетпесе, уағыз айтумен жету қиын» деген екен. Өзіндік өнегесімен жақсылыққа бастаған адамдық қасиеттерінің бір тамшы қыры осындай...».
Ұлтының бақыты үшін жаралып, ұлтының намысы үшін қажымай еңбек етіп, тұтас ғұмырын ұлтының рухани түлеуі мен жаңғыруына арнап келе жатқан ұлтының адал ұлы, Алаш жұртының аяулы азаматы Сағынбек Тоқабайұлына енді өмір бойғы бейнетінің зейнетін ұзақ жылдар көруге жазсын деген тілек айтамыз!
Жеміс мен жеңіске толы жетпісіңіз құтты болсын, болмысы бекзат Аға!
Гүлжазира Ертасова,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Abai.kz