«Астана балет» театры шақырады
«Aстана Балет» театры "Сағым сәттері" мен "Ғашықтың тілі тілсіз тіл, көзбен көр де ішпен біл" атты жаңа спектакльдердің премьера алдындағы көрсетіліміне шақырады
«Астана Балет» театры» шілденің 2 күні бір актілі екі балет премьерасын ұсынады. «Сағым сәттері» және «Ғашықтың тілі тілсіз тіл, көзбен көр де, ішпен біл» атты балеттердің алғашқы көрсетілімі «Астана опера» сахнасында өтеді.
«Астана Балет» театрының» жаңа жұмысы заманауи пластика мәнерінде жасалған, бұл заман талабына сай балет үлгісі деуге лайық.
Заманауи қытай хореографы Исян Джанның «Сағым сәттері» қойылымы әйел затына арналып, олар жайлы баяндайды. Бұл балетте пластика күшімен артистер толысқан, рухы биік, мықты әрі сұлу әйел бейнесін көрсетеді. Бұл жұмысын Исян Джан өзі үшін аса қымбат анасы мен әпкесіне арнаған. Олар оның адам ретінде, биші ретінде қалыптасуына зор әсер еткен болатын.
«Сағым сәттері» бір актілі балеті заманауи композиторлар Макс Рихтер, Доувей және Дайсукэ Касивалардың музыкасына қойылған. Қойылым екі бөлімнен тұрады: «күз» және «қыс». Қытай философиясында екі «инь» және «ян» деген екі қарама-қайшы субстанция бар. Әйел күз бен қыс айларымен байланыстырылатын «инь» субстанциясымен сабақтастырылады.
Исян Джанның би тілінің негізі – күрделі қимылдарды орындауға мүмкіндік беретін табиғи пластика. Хореографияда «ушу» және «тайчи» секілді әйгілі қытай гимнастикаларының қозғалыстары мен элементтері қолданылған. Исян Джанның балет тілі «Астана балет» артистері үшін тың. Ол еуропалық, қазақ пластикасынан мүлдем бөлек, сол себепті, осы хореография тілін меңгеріп, артистердің көркемдік құралдары мен театр репертуарын байыта түскен абзал.
«Ғашықтың тілі тілсіз тіл, көзбен көр де, ішпен біл» - Абай Құнанбаев поэзиясына арналған алғашқы балет. Қазақстандық балетмейстер Мукарам Авахридің бұл жұмысында поэзия мен музыка хореографиялық бейнелерге айналады. Поэзия тілі Абай әндерімен және хореографияның асқақ тілімен сабақтасады. Бұл қойылым терең уайым мен нәзіктік, мұң мен парасатқа толы Абай шығармашылығына деген махаббаттың белгісі. Поэзия мен пластика тілі үндес. Себебі, екеуі де адам баласын ерекше күйге бөлеу құдіретіне ие. Мукарам Авахридің жаңа жұмысы көркемдік тәсілдердің қарапайымдылығы және әсемдігімен ерекшеленеді, ал, қозғалыс еркіндігі биге көркемдік ерекшелік дарытады. Балетте Абай Құнанбаев әндері мен Карл Дженкинс (Ұлыбритания) музыкасы қолданылған.
Аккредиттеу және қосымша ақпарат алу үшін:
Жарнамалық - ақпарат жұмысы жөніндегі менеджер Ақмарал Әлібековаға мына тел.: 8 (7172) 709 644, 87027606287, ватсап 87027626258 бойынша хабарласуға болады.
e-mail: akma3101@mail.ru
Абай-ақпарат