Жұма, 22 Қараша 2024
Кәсіп-түбі нәсіп 7094 0 пікір 28 Маусым, 2016 сағат 12:02

ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ БИЗНЕС-АҚПАРАТҚА СҰРАНЫС АРТЫП КЕЛЕДІ

Біз теледидардан жұлдыздарды емес, бизнес саласындағы табысты кәсіпкерлерді жиірек көрсетуіміз керек. Төр солардікі болуы тиіс.

 «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы пікірсайыс клубының кезекті отырысында отандық сарапшылар бүгінгі таңдағы мемлекеттік тілдегі іскерлік ақпарат ахуалын талқылады. Ұйымдастырушы тарап қазақтілді БАҚ пен экономика саласының ғалымдары, сондай-ақ «Атамекен» ҰКП басшыларының басын қосып, тіл жанашырлары, түрлі кәсіп иелері, оқу орындарының өкілдері өз кезегінде өзекті мәселе жайында жан-жақты пікір алмасты.

Осы орайда бірден атап өтер жайт, соны сипаттағы жиынға қатысушылар ана тіліміздегі бизнес ақпаратқа мемлекеттік тапсырысты көбейту қажеттігін бір ауыздан келісіп, Үкіметке, оның ішінде жаңадан құрылған Ақпарат және коммуникация министрлігіне нақты ұсыныспен шығудың дұрыстығын меңзеді.

Келелі кеңесті жүргізген «Атамекен» пікірсайыс клубының жетекшісі Қалқаман Сарин кіріспе сөзінде бизнес тілді дамытуға байланысты жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталып, қазіргі уақытта қазақ тіліндегі ақпаратқа сұраныстың жоғарылап отырғанына назар аударды. Сондықтан іскерлік мәліметтер ағынының санын өсіріп қана қоймай, сапасын да көтерген абзал.  .

Мемлекеттің қамқорлығымен, Ұлттық палатаның мұрындық болуымен шағын және орта бизнесті өркендетуге арналған саналуан бағдарламалар жасалғанымен, көп жағдайда ауылдағы ағайын мұндай тың жобалардан мақұрым қалатыны шындық.

Қалың бұқара да ауқымды мәжілістердің орыс тілінде өтіп, бизнеске қатысты құнды мағлұматтардың басым бөлігінде орыс тілінде берілетініне жиі қынжылады. Шетел, әсіресе ағылшын тіліндегі деректер тіпті қолжетімсіз.

«Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев Палата қызметінде тек қаламен шектеліп қалмау үшін, жергілікті жерлерде 188 филиалдың тұсауы кесілгенін еске салды. Атқарылған шаруалар да жоқ емес. Шағын бизнес мұқтаждығы аясында кітаптар басылып, бизнес-кеңесші оқулықтары аударылып әзірленді.

«Қазіргі таңда қазақ тіліндегі бизнеске қатысты материалдарға сұраныс артып келеді. Статистикаға қарасақ, ОҚО, Қызылорда, Маңғыстау, Атырау, Жамбыл облыстарынан зәрулік байқалады. Мемлекеттік бағдарламалар, шағын кәсіпті қалай ашуға болады деген кітаптар жарық көруде. Дегенмен заман талабына сай кітап өте аз. Келесі түйткіл, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы мемлекет жәрдемі жайлы барынша қарқынды насихатты қолға алған жөн. Қажет болса, Үкіметке хат жолдаймыз. Негізі орыс тілімен қатар, қазақ тілінде бизнес-жоспар дайындап беретін мамандарымыз бар. Ауылдық жерлерге үнемі көңіл бөліп келеміз. Демеушілер тартып, мүмкіндігінше кәсіп жасауды шағын несиемен сүйемелдеудеміз. Жедел ақпаратты тұшымды әрі қарапайым тілмен жеткізіп отыру керектігін жақсы түсінеміз», - деді Нұржан Әлтаев.

Бүгінде «Атамекен» ҰКП кәсіпкерлердің әртүрлі санаттары мен бизнес-бастамалары бар тұлғаларға оқу сабақтарын өткізуде. Жаңадан ісін бастауға талпынған азаматтарға екі күндік курспен жыл аяғына дейін 12000 жанды қамту көзделуде екен. Іс басындағы кәсіпкерлер үшін түзілген «Бизнес-өсу» курсында 2000 бизнес иесі көкжиегін кеңейтпек.

Қоғам қайраткері Мұрат Әбенов ауылдың жастары орыс тілін толық меңгермегендіктен сәтсіздікке ұшырайтынын, қаржылай сауатсыздықтан да біраз адамдардың зардап шегетінін, несиеге жүгінгенде оны қандай кәсіпке жұмсайтынын айқындап алу абзал болатынын айтты. Іскерлік тақырыпта ойын қазақы байыппен салмақтайтын спикерлер жоқтың қасы. Қазақша мектеп бітірген бизнесмендердің өзі терминологияның олқылығынан қазақша бизнес жүргізуге қиналады екен.  

«Біз теледидардан жұлдыздарды емес, бизнес саласындағы табысты кәсіпкерлерді жиірек көрсетуіміз керек. Төр солардікі болуы тиіс. Себебі тиімді ақша табуға, қандайда бір кәсіп ашуға тәжірибемен жөн сілтемесе болмайды. Қаржылық, экономикалық саланы ұғынықты талдайтын журналист қауымы да тапшы. Жиын өтті, анау кісі сөйледі, т.б.... Баспасөз хабарламаларында да сараптаманы емге таппайсың», - деп төтесінен ой өрбітті Мұрат Әбенов.

Бай-бағландардың, яғни бизнестің ұлттық тілге түбегейлі бет бұрғанына қуанғанын жасырмаған Еуразия ұлттық университетінің журналистика және саясаттану факультетінің деканы Қайрат Сақ, бірлесіп мамандар дайындауда «Атамекенмен» мемлекеттік-жекеменшік серіктестік шеңберінде меморандум жасауды ұсынды.

«Салалық тақырыпқа бейімделген журналистерге жұмыс табылмай қала ма деп қорқамыз.  Шетелде заң, қаржы, спорт, әлеумет, әрқайсына бөлек дайындайтынын мойындаймыз. Бірақ қазір заман әмбебап мамандар талап етіп отыр. Ахмет Байтұрсыновтай бабаларымыз салған сара жол Кеңес үкіметі дәуірінде үзіліп, оқулық сапасы қатты нашарлады. Сондықтан тізе қоса әрекет етуге әрқашан есігіміз ашық», - деді ол.

Өздігінше табыс сырымен «Тіл» журналының бас редакторы Нұргүл Қарағойшина бөлісті.  Басылымның басынан көп қиындықтар өтіпті. Игі мақсат жолында журнал басшылығы «Тіл жанашыры» қоғамдық бірлестігін құрып, мемлекеттік тілге қолдау көрсеткен кәсіпкерлерді, белгілі меценаттарды марапаттауда. Қазақ бизнесмендерінің басылым бетіне шығудағы сылбырлығына да ренішін жасырмады журнал жетекшісі.

«Халықаралық деңгейде «Ұлы Дала» деген балалар арасында байқау өткіздік. Байқауға Қазақстанның түкпір-түкпірінен, қиырдағы ауылдан қазақтың балалары қатысып, патриоттық ән, ұлттық аспаптарда ойнау сынды өнерлерін паш етті.  Содан қуанғанымнан «Форбс» журналына кірген 50 бизнесменге «қолдаңыздар, бүгін басынан сипасақ, ертең олар елге қызмет етеді» деген сыңайда алып-ұшып хат жаздым. Сенесіздер ме, біреуі де селт етпеді.  Баршамыздың нөмірі бірінші міндетіміз, қазақ кәсіпкеріне ұлтын сүюді үйрету. Тілдің артында халық тұр. Егер сіз ұлтты сүймесеңіз, тілді құрметтемесеңіз, сіздің халыққа да қажетіңіз болмайды. Ұлттық мұратқа барынша көмектессеңіз, қазақ сондай керемет кеңпейіл халық, жақсылықты жақсылықпен қайтарады», - деп тарқатты Нұргүл Қарағойшина.

 

«Нұр Отан» партиясы ақпарат порталының жетекшісі Қамбар Ахметов экономика тақырыбындағы қазақ тіліндегі ақпараттың жоқ болуы, оған сұраныс жоқтығын аңғартпайтынын айтты.  Мысалға, теңге бағамының құлдырауы кезінде, ақша айырбастау орындарында сеңдей соғылысқан жұрт қазақ сайттары мен газеттерінен тұшымды ештеңе оқи алмады. Мемтапсырыс бойынша бөлінетін қаражат аз емес. Тек бақыланбайды. Сапасы жоқ. Санмен ғана жауып жатыр.

«Ақпарат ауылды жерлерге жетпейтіні рас. Несие беретін орталықтарға 300-400 шақырым жерден бір айдың ішінде оншақты рет келіп, несие ала алмай кеткен адамдарды көрдім.  Бұл ақпараттың жетпегенінен деп ойлаймын. Осы мәселеде «Атамекен» ҰКП көмек жасаса деген ойым бар.  Мүмкін Палатаның ресми сайтынан тыс, бір жеке дербес кәсіпкерлікке, бизнеске байланысты сайт ашу керек шығар», - деді Қамбар Ахметов.

Смарт-бесіктей туындының авторы Серікбол Шаймерден де бизнеске қатысты әдебиеттердің кемшіндігін, арнайы дайындалған қазақша бизнес-тренерлердің сирек екенін нұсқады.

«Смарт-бесік 2-ге кіріскенде, инновациялық грантқа бизнес-жоспарды орысша жазу кеңес етілді. Сөйтсем, қазақша жазылса, өтпей қалуы мүмкін екен», деп басын шайқады жас кәсіпкер.

Блогер, белгілі қоғам қайраткері Сырым Әбдірахманов былтыр өңірлерді аралау қорытындысында халықпен жүзбе-жүз жолыққанын, ауылдағы кәсіпкерліктің мазмұнын алыпсатарлықтан тереңдете түсу керектігін ескертті.

«Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасының кеңесшісі Айгүл Ахметқалиева қазақ тілінің әлеуеті жеткілікті екенін, бірақ жаһандану заманына бейімдеу қажеттігін, бүгінде бірқатар ел аймақтарында ағартушылық жұмыс басталғанын мәлімдеді.  Бұл тұста аудармадан арылып, сапалық деңгейге биіктеу үшін өзінің тікелей белсенді атсалысуымен ашылған Ұлттық кәсіпкерлер палатасындағы бизнес-тіл бөлімін департаментке кеңейту жоспарлануда екенін сүйіншіледі.

Осылай отырыстың қорытындыланатын сәті жақындай келе іс-шара қонағы Мұрат Әбенов, заңда көрсетілген мемлекеттік тілді дамытудың негізгі тетіктерін қолдана білу абзалдығын, үгіттеу нәтиже бермесе, мәжбүрлеу қажеттігін нығарлады. Сонда қазақтілді кәсіпкердің де, тұтынушының да құқығы қорғалады.

«Пайда табуға қызықтыру қажет. Мәселен «Технодом» сияқты үлкен дүкендерге кірсең, бұрынғыдай емес, қазір бәрі қазақша, әдемілеп түсіндіріп беретін сатушыларды дайындаған.  Өйткені олар түсінді, көбі қазақ тілді тұтынушы екенін.  «Каспий банк» те қазақтілді мамандарды үйретіп жатыр, несиені кімге беретінін біліп. Үш жыл болды «Серпін» бағдарламасымен оңтүстік өңір жастарын техникалық мамандықтарға дайындап жатырмыз. Сұраныс өте жоғары. Жұмыс берушілер бізбен бірге еріп қазақ балаларын металлург, шахтер болыңдар деп үгіттеп жүр.  Жұмыс күшіне зәру. Жақында Қостанайда болдым, амал жоқ, қазақша бет бұрғаны байқалады.  Жұмысшылардың орта жасы 70-75-те зейнетке кетсе, орнын басатын өндірісте адам жоқ. Қажеттілік пен үгіттеуді және мәжбүрлеуді үшеуін қосып пайдаланған дұрыс.  Сіздердің жұмыстарыңыз өте дұрыс, енді соны жалғастырған ләзім», - деп демеу берді ол.

Экономика ғылымдарының кандидаты Асхат Наметша: «Білім саласында соңғы бес жылда істеп жатырмын, оның алдында кәсіпкерлікте, мемлекеттік қызметте болдым. Үш тілде сабақ берудемін. Қазақ тілінде 7-8 сағат ұзақ дайындалсам сабаққа, орыс тілінде 2-3 сағат, ағылшын тілінде небары 1 сағат. Өйткені тіл өте түсінікті, баспадан кітап, қосымша мәліметтер береді. Сонда қандай тілде сабақ беру тиімді? Қазақ жастары екі-үш тіл білетін болса, әлемдік тұрғыда деңгейі жоғары болар еді. Терминдер мәселесінде қазақта «тиімділік», «нәтижелілік» деген сөздер жақсы қабылданғанымен, кейінгі шетел тілдерінің баламалары түсініксіздеу. Бір жаманы орыс тілінен аударамыз. Түбірінен аудару керек. Сонда орыс тілінің ықпалы азаяды бір жағынан. Өкінішке орай төрт жылда экономика заңдылықтарын, бизнес негіздерін түк білмей өтетін студенттер бар. Сынақ жасап, доллар деген не, экономика дегеніміз не деген нәрселерді қарапайым тілмен, мысалмен тілмен түсіндіруге күш салып жатырмыз. Экономикада да әдебиеттегідей халыққа арналған қарапайым тіл қалыптастыру керек, ағылшын тіліндегідей артық сөзсіз».

 

Артур Нығметов, саясаттанушы, блогер: «Бізде масс-медиа саласы бөлек бизнес субъектісі ретінде болуы керек. Неліктен БАҚ бізде дамымайды? өйткені, мемлекеттік тапсырысқа қарап отыр. Ал онда көлем бар, сапа жоқ. Қанша мақала шыққанын санап, контент сапасын қарамайды. Мынандай кәсіпорын ашылды, істер атқарылды деген ақпараттан тыс, терең сараптама жоқ. Мемлекет тарапынан оған сұраныс жоқ, ал қоғам тарапынан сұранысты анықтау үшін ашық нарыққа шығу керек бәсекеге сай. Сонда анық білеміз ахуалды. Әмбебап журналисті өзім әртүрлі тақырыпта жазатын емес, мультимедияны, конвергентті журналистиканы білетін, тд мен радионы, газет пен сайтты біріктіріп, өнімін сатып табыс табатын тұтас бизнес-модель ретінде түсінемін».

Мөлдір Бақытқызы, «Астана» арнасының тілшісі: «Бизнес тақырыбында бағдарламалар санын көбейтіп, терминология бағытында күнделікті өмірдегі біте-қайнасып жатқан терминдерді тізбектеп, соңғы жаңалықтарды қамтып, кітапша шығару керек. «Атамекеннің» жанынан спикерлер пулын оқытып, оның барысында жаңа терминдерді көп қолданған жөн. Журналистер пулы да қажет осы саладағы. Көп қолданған сөздер құлаққа сіңіп кетеді».

Ғазиз Исаев, «Казэнерджи» қауымдастығы техникалық реттеу департаментінің директоры: «Жарнама саласы арнайы лингвист мамандарға зәру. Аударманы орысшасынан кейін түсіну қиын. ТВ-да да, ғаламторда да, сыртқы жарнамада да солай».

Алдаберген КЕМПІРБАЕВ

Abai.kz 

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5308