ІІ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ОҚУЛАР
2016 жылдың 23-24 маусымы аралығында Павлодар қаласындағы Естай атындағы мәдениет сарайында «Білім берудегі инновациялар мен тәжірибе - уақыт талабы» атты ІІ Республикалық педагогикалық оқулар болып өтті. ІІ Республикалық педагогикалық оқулар аса көрнекті педагог, ғалым, ағартушы және ақын Ы. Алтынсариннің 175 жылдық мерейтойына арналды.
Педагогикалық оқулардың негізгі мақсаты – білім беру саласы қызметкерлерінің педагогикалық шеберлігін арттыру, үздік инновациялық педагогикалық тәжірибелерді жинақтап, кеңінен тарату.
Салтанатты шараның ашылуында сөз алған ҚР Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы, «Өрлеу» ұлттық біліктілікті арттыру орталығы АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Әмірхан Рахымжанов педагогикалық оқуларға қатысушыларға сәттілік тіледі.
Педагогикалық оқуларға еліміздің 17 аймағынан өз өңірінің намысын қорғауға алдын ала іріктеуден өткен 170-ке тарта ұстаз қатысты. Педагогикалық оқулардың басым бағыттары: мектепке дейінгі тәрбие және оқыту, бастауыш білім беру, орта білім беру, қосымша білім беру, техникалық және кәсіби білім беру, жоғары білім (педагогикалық мамандықтар), білімдегі менеджмент.
Екі күнге созылған сайыста әр команда сегіз бағыт бойынша өз жұмыстарын таныстырып, шеберліктерімен сынға түсті. «Білім берудегі инновациялар мен тәжірибе - уақыт талабы» атты ІІ Республикалық педагогикалық оқуларда әділқазы мүшелерінің шешімі бойынша Алматы облысы, Қарасай ауданы, Алтын ауыл орта мектебінің мұғалімі Елікбаева Айгүл Мамырбекқызы жүлделі І орынды иеленді.
Білімі мен біліктілігін республикалық деңгейде дәлелдеп, өзінің шығармашыл ұстаз екендігін танытқан Айгүл Мамырбекқызын жеңісті жетістігімен құттықтаймыз.
НҰРАҚБАЕВА Айгүл Зұлпықарқызы,
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы «Алматы облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты», Қоғаммен байланыс және баспа қызметі бөлімінің бас маманы
Abai.kz