"ХАБАР" АРНАСЫ АЙТЫСТЫҢ ЖАНАЗАСЫН ШЫҒАРЫП ЖАТҚАН ЖОҚ ПА?
«Хабар» арнасында жүріп жатқан «Жұлдыздар айтысады» ток шоуы шетелдік жобалармен иық теңестіре алатын бірегей отандық жоба ретінде дәріптелуде.
Іс жүзінде, бұған орысша айтыс жасап, эстрадалық әндердің әуенін мақам қылып, айтысты шоуға айналдырған телеарналардың продюсерлері немесе КВН-шіктер кінәлі емес. Қазіргі қазақ айтыс өнерінің үздік өкілі саналатын Балғынбек Имашев бұдан талай жыл бұрын, үкіметбасы Кәрім Мәсімов бастаған шенеуніктер тамашалаған айтыста “Eкі тілге бірдей жетік едім” деп, әріптесі Ринатты орысша айтысуға шақырып, ресми тілде айтыс үлгісін көрсетіп, көпшіліктің "көңілінен" шыққан. Балғынбектің жаңалығы ол ғана емес, ежелгі мақамдармен бірге эстрадалық әндердің әуендерін шебер пайдаланып, оны кейінннен жеке стиліне айналдырды десе де болады. Марқұм Ержан Серікбаевтің «Таңғы қала», «Мейлі» әндерінің, тағы басқа да хит әндердің әуенімен төгілткен шумақтары ел аузында жүр.
Дайын асқа кім тік қасық болмасын?! Іле-шала ресейліктердің «Наша Раша» жобасының өңін айландырып, «Наша Казашаны» ұсынған Нұртас Адамбаев аузымен домбыра ойнап, орысша мандырайтын ақын образына еніп, орыс тілді қауымды күлкіге кенелткен. Осыдан кейін-ақ қазақтың қасиетті өнерінен қадір кетті.
Кейін концерт формасында өткен «Жұлдыздар айтысады» жобасы эфирде көрсетіле сала сынның астында қалған еді. Енді сол жобаны «Хабар» арнасының жоқ жерден тауып алғандай, фoрматын өзгертіп, қайта ұсынғанына жол болсын.
Ринат Зайытов бір кезде, айтыс ақындарының бір-біріне айтарларын алдын-ала жазып-көрсетіп, өзара келісіп алып айтысатынын жайып салған еді. «Жұлдыздар айтысады» жобасы соның нақты көрінісі. Жазып бергенді жаттап алып, сахнада жаңа қыры ашылған адуынды ақын бейнесіне енген жұлдыздардың тірлігі айтыстан гөрі әжуаға саяды. Қазақтың айтыс өнерінің жаны – суырып салмалық екенін ескерсек, жобаны ұсынушылардың әрекеті "айтысты бір жола өшіру ме екен?" деп ойлайсың!
Есбол Үсенұлы
Abai.kz