Нүкіс сотындағы айыпталушылардың сөзі Нұртай Әбіқаевтың мәлімдемесін жоққа шығарды
Нүкіс сотында жауапқа тартылған қазақстандықтар қазақ-өзбек шекарасынан байқамай өткендерін айтты. Қазақстанның сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Нұртай Әбіқаев бұған дейін олардың «өзбек шекарасын заңсыз кесіп өтіп, ұрлық жасағанын мойындағанын» мәлімдеген болатын.
ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР ӨЗБЕК ШЕКАРАСЫНАН БАЙҚАМАЙ ӨТКЕНДЕРІН АЙТТЫ
Нүкіс сотында жауапқа тартылған қазақстандықтар қазақ-өзбек шекарасынан байқамай өткендерін айтты. Қазақстанның сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Нұртай Әбіқаев бұған дейін олардың «өзбек шекарасын заңсыз кесіп өтіп, ұрлық жасағанын мойындағанын» мәлімдеген болатын.
ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР ӨЗБЕК ШЕКАРАСЫНАН БАЙҚАМАЙ ӨТКЕНДЕРІН АЙТТЫ
Мамырдың 28-інде Қарақалпақстанның астанасы Нүкіс қаласында ақтөбелік жүргізушілерге қатысты қозғалған қылмыстық іс бойынша соттың екінші отырысы өтті.
Өзбек прокуратурасы жауапқа тартылған Қазақстанның 27 азаматына қазақ-өзбек мемлекеттік шекарасынан заңсыз өтіп, Қарақалпақстан аумағында ұрлық жасаған деген айып тағып отыр.
Бейсенбі күнгі сот отырысына айыпталушылардың туған-туыстары да қатысты. Бірақ өзбек заң орындары олардың ешқайсысын қамау отырғандармен жолықтырмай қойды, деп хабарлады Азаттыққа Қазақстаннан Нүкіске арнайы барғандардың бірі Жанар Сағынбаева. Ол өз ағасымен хал-жағдай сұраса алмапты.
– Жанар, бейсенбі күнгі сот отырысы қалай өтіп жатыр?
– Бүгін сотта жауап берген қазақстандық төрт азаматтың барлығы Өзбекстан территориясына адасып кіріп кеткендерін айтты. Олар: «Өзбекстан деген ешқандай жазу болған жоқ, біздің арамызда ешқандай ұйымдастырушы жоқ, бір бірімізбен тек осында келгенде ғана таныстық» деп жауап берді, – дейді Жанар Сағынбаева.
Оның айтуынша, айып тағылғандарды қорғау үшін Қазақстаннан барған адвокаттарды өзбек соты іске қатыстырмай, жазбаша түрде түсініктеме беріп кері қайтарыпты. Өзбекстанның заңы бойынша, бұл елде сотқа тартылғандарды тек сол елдің заңгері ғана қорғауға құқылы екен.
Биылғы ақпан айының 26-сында Өзбекстанның Қазақстанмен шекаралас аймағында ұсталған қазақстандық 27 адамның үстінен қозғалған қылмыстық істі тыңдауды Нүкіс соты мамырдың 25-сінде бастаған болатын.
ҚАЗАҚСТАН КОНСУЛЫ СОТҚА КІРГІЗІЛМЕГЕН
Туыстарының сөзіне қарағанда, қазір айыпталғандарды өзбекстандық 4 адвокат сотта қорғап жатыр екен. Бірақ, өзбекстандық прокуратура өкілдері секілді, олар да осы іс жайында Азаттық тілшісімен тілдесуге келісім бермеді.
Жанар Сағынбаеваның айтуынша, алғашқы сот мәжілісіне Қазақстанның ресми орындарынан ешкім келмеген. Ал бейсенбі күнгі сот тыңдауына Қазақстанның Өзбекстандағы консулы Бабур Дауренбеков келгенімен, судья оның сотқа қатысуына рұқсат бермеген.
Нүкістегі сотқа қатысты Қазақстанның сыртқы істер мекемесі де ақпарат беруге сараңдық танытып отыр. Мамырдың 28-і күні министрліктің баспасөз хатшысы Ілияс Омаров Азаттық тілшісіне «бұл жағдайға қатысты өзінде ешқандай ақпараттың жоқ» екендігін айтумен шектелді.
Бұған дейін, баспасөзге берген сұхбатында, Қазақстан сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Нұртай Әбіқаев Нүкісте қамауда отырған қазақстандықтардың барлығы өзбек шекарасын заңсыз кесіп өткенін және ұрлық жасағанын мойындады, деп мәлімдеген болатын.
– Ұсталғандардың өздерінің түсінігі бойынша, олардың мақсаты істен шыққан құбырларды ұрлау болған. Оларды жалдаған азаматтар қазір ұсталып, оларға қатысты қылмыстық іс қозғалды, – деген еді Нұртай Әбіқаев.
ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ПОЛИЦЕЙЛЕР ДЕ НҮКІСТЕН БОС ҚАЙТТЫ
Нүкіс сотында жауап беріп жатқан қазақстандық 27 азаматтың барлығы Ақтөбе облысының тұрғындары. Оларды жұмысқа жалдап Өзбекстанға баруға себепкер болған деп күдіктелген жергілікті екі кәсіпкерді қазір Ақтөбе полицейлері қамауда ұстап отыр.
Құқық орындарының дерегінде, 1963 және 1966 жылдары туған ол екі азамат бірнеше жыл бойы металл сынықтарын жинаумен, қара металды төмен бағамын сатып алып, сатумен айналысып келгендері айтылған. Полиция Қылмыстық кодекстің 209-бабының (экономикалық контрабанда) 3-тармағы бойынша іс қозғап, тергеу бастаған.
Алайда, Ақтөбе облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінің бастығы Алмат Иманғалиевтың Азаттыққа айтуынша, әлгі екі кәсіпкердің кінәсі бар-жоғын анықтау үшін Өзбекстан абақтысында жатқан 27 жүргізушінің түсінігі қажет.
– Мамырдың 2-сінде біздің екі қызметкеріміз Нүкіске арнайы барып, абақтыда отырған Қазақстан азаматтарымен кездесе алмай қайтып келді. Өзбекстанның ұлттық қауіпсіздік қызметінің өкілдері «мына құжат дұрыс емес, ана құжат жетіспейді» деген түрлі сылтаулар айтып, оларды қамау отырған ақтөбеліктермен жолықтырмай қойған. Нүкісте 20 күн бойы сарылып күткен біздің қызметкерлер мамырдың 22-сінде құрқол қайтып оралды, – дейді Алмат Иманғалиев.
Дегенмен, Ақтөбе облыстық ішкі істер департаменті Қазақстанның сыртқы істер министрлігімен бірлесіп Нүкісте ұсталған Қазақстан азаматтарымен кездесудің жолдарын қарастыруда, деп қосты баспасөз өкілі.
Айыпталушылардың тағдырына араша сұраған туған-туыстары осыған дейін Қазақстанның жергілікті және орталық билік орындарына бірнеше рет арыз-шағыммен барып, наразылық шараларын да өткізді.
Олардан нәтиже болмаған соң, АҚШ президенті Барак Обама мен Ресей президенті Дмитрий Медведевке үндеу жолдап, олардан Өзбекстан президенті Ислам Каримовпен сөйлесіп, ұсталғандарды елге қайтаруға көмектесуді өтінген-ді.
Нүкістегі сот отырысы мамырдың 29-ында жалғаспақ.
Мәншүк АСАУТАЙ 28.05.2009
“Азаттық” радиосы