ОТЫРАР НЕ ҮШІН КҮЙРЕДІ?
Сонау Мұңал (Монғолия) даласынан Хорезм патшалығына (сартауыл) жорыққа аттанған Шыңғыс қағанға Отырар қаласына дейінгі жолда орналасқан ержүрек қазақ тайпаларының бірде-бірі қарсылық білдірмеді. Қуана қарсы алып, өз еріктерімен Шыңғыс ханға келіп қосылды. Хорезм патшалығын бірге бағындырды. Осы жорық кезінде Қазақтың он екі руынын шыққан, он екі өкіл Шыңғыс ханды ақ киізге салып көтеріп, қазіргі Шыңғыс таудың басына алып шығып, Шыңғыс ханды «ҚАҒАН» деп жариялап, таудың атын «ШЫҢҒЫС ТАУЫ» деп өзертті, ал оның ең биік шыңын «МҰҢАЛ ШЫҢЫ» деп атады. Мұны ешбір тарихшы жоққа шығара алмайды. Бұл қазақ шежіресінде айқын көрсетілген. Шәкәрім қажы шежіресі де осы деректерді береді.
Соңғы екі мыңжылдықтың ең ұлы «ҚОЛБАСШЫСЫ» деп, бүкіл әлем елдерімен (ЮНЕСКО) толықтай мойындалған Қазақтың ұлы қағаны Шыңғыс ханды барынша «жағымсыз» кейіпкер етіп көрсетуге тырысқан Орыс патшалығы мен кешегі большевиктік Совет өкіметінің жалған саясаты болды. Олардың Қазақ еліне, Қазақ даласына байланысты Шыңғыс қағанға қоятын басты кінәсі - Отырар қаласы. Сондықтан, Отырар жайлы өз зерттеулерімнің қорытындысын Сіздермен бөліскенді жөн көрдім.
Ол заманда Шыңғысханның арғы аталары құрған Қарахандар қағанатын парсылық бағыт ұстанған Хорезмшах (Сартауылдар) жаулап алды. Бүгінгі "қазақтың қаласын қиратты" деп Шыңғысхан атамызға басты кінә қылып тағатын Отырар қаласы, осы жаулаушы елге қараған болатын.
Ол жайлы тарихшы С.Ақынжанов «Қазақстанның орта ғасырлық тарихындағы қыпшақтар» кiтабында шежiрешi Жужаниден мынандай мысал келтiредi: «615 (1216) жылы... Хорезм шахы Мұхаммед Иемектен шыққан Иакафтанның ұлы түркiстандық Қадырханның елiн ойрандауға аттанды». Иә, иә, Хорезм шахы басқа емес, дәл Қадырхан-Иналшық Қайырханның (Шыңғысханның арғы атасы Қараханның) елін ойрандауға аттанып отыр. Бiрақ, Қайырхан өзiне күні кеше ғана теперiш көрсетіп, жерін жаулап алған Хорезм шахына адалдығын көрсету мақсатында және дүниеге қызығып, Шыңғысханның елшілерін өлтіріп, керуенін тонап, қазаққа сатқындық жасады. Шыңғысхан Хорезм патшасынан Қайыр ханды ұстап беруді талап етті, бірақ хорезмшахтың бұл талапты орындамағаны былай тұрсын, сонымен бірге елшілерді өлтіруге әмір етеді. Бұл Шыңғысханның Хорезмге қарсы соғыс ашуына себеп болды. Атамыз бар-жоғы жүз елу мыңға жуық сарбаздарымен Хорезмшахқа қарсы жазықсыз өлген елші-саудагерлерінің (бес жүз адам) кегін алуға аттанды. Ол кезде Хорезм патшасының төрт жүз мың тұрақты әскері бола тұра (және ол осынша әскерді бір айда жинап ала алатын еді) Шыңғысханға қарсы тұра алмай, қамалдарға жасырынып қорғанды. Себебі, ол өз әскерінің дені қазақтардан, әсіресе қаңлы және басқа қазақ руларынан болғандықтан Шыңғысханмен ашық айқасқа шығудан, оларды өз еліне қосылып кетеді деп қорықты. Атамыз өз сарбаздарына сатқын Қайырханды тірідей ұстауды бұйырды. Ол өзінің қазақ халқының алдында істеген кінәсінің кешірілмейтінін біліп, ақтық демі қалғанша айқасып, бүкіл әскерінің қырғынға ұшырауына себепкер болды. Ол қала халқының жағдайын тіпті де ойлаған жоқ, ол өзінің мына жарық дүниеде бір күн болса да тірі жүре тұруын ғана ойлады. Қаған тапсырмасы мүлтіксіз орындалып, Қайырхан тірідей ұсталды. Шыңғысхан Қайырханды ұстаған бойда өзінің жеке билігімен өлтіре салған жоқ, оны қазақтың билері ежелгі ата салтымыз бойынша тергеу жүргізіліп, куәлар тыңдалып, оның барлық кінәсін мойнына қойып, бүкіл халық алдында қазаққа жасаған сатқындығы және дүниеқоңыз, ашкөздігі үшін өлім жазасына кесті. Саған керегі ел емес, дүние (алтын) екен ғой, ал онда керегіңше деп, оның дүниеден басқа ештеңені көрмеген көзіне, жазықсыз жандардың (бес жүз адам) зарын естімеген құлағына, тойымсыз аузына алтынды ерітіп құйды.
Бұл әрекет баяғы Маңғыстаулық Дайлардың (Сақтардың) жесір ханшайымы Тұмар ханымның парсы патшасы Кирдің басын қанға толырылған торсыққа салып «Іш керегіңше» деп қақпаға іліп қойғанымен толықтай сәйкес болып тұрған жоқ па?
Түсініктеме: Хорезм патшалығының орталық астанасы қазіргі Түркменстанның Ташауыз облысы Көнеүргеніш қаласы болды. Олар ол заманда да, қазірде де қазаққа жатпайды. Басқасын былай қойғанда, олардың бізден тілдері де басқа болды. Бұл парсылардың қазақ елін жер бетінен жойып жіберу үшін құрылған патшалығы болатын. Олар оның алдында бүкіл қазақ даласын қан сасытып, қырып-жойып, қазақтың Қарахандар қағанатын құлатқан еді.
Қазақ даласындағы барлық рулар, елдер Шыңғысханға өз еріктерімен, шын ниеттерімен қуана қосылды. Ал, Қайырхан дүниеге қызығып, қазаққа сатқындық жасады. Сол үшінде тиісті жазасын алды.
Тарих тағлымы: Қазақ даласын жаулаған Сартауыл елі дәл қазіргідей саясат ұстанып, ардан ақшаны жоғары қойды. Ата жолдан ауытқып ардан аттады.
Отырардың күйреуінің біз білетін ақиқаты осы. Құрметті, оқырман! Өздеріңіз ойлап көріңіздерші! Әйтпесе, оны тірідей ұстатып, бүкіл халық алдында билердің үкімімен жазалап, оның көзіне, құлағына, аузына алтын ерітіп құюдың қаншалықты қажеті бар еді?. Көптің бірі сияқты басын қылышпен шаба салса болмас па еді.
Міне осы әрекеттер де ақыл-есі бүтін жандар үшін қаншама ғибрат жатыр:
а. Адамдарға туған еліне (ұлтына) сатқындық жасаса, жазасыз қалмайтынын ескертті;
ә. Адамдарға туған еліңе сатқындық жасасаң, ұрпағының атын атап, мақтанудың орнына ұялып безетінін білдірді;
б. Дүние қуалаудың соңы сені сондай ашкөздікке ұрындырып, өзгенің мүлкіне көз алартуыңды санаңа сіңіретінін ескертті;
г. «Елшіге тимес болар» деген атам қазақтың ең ұлы салтын бұзғандардың қандай жазаға ұшырайтынын айшықтап кетті;
ғ. Ең бастысы бұл жерде бүкіл мемлекет билігі басында жүргендерге ешқашан қателесуге болмайтынын білдірді.
Тарихшылардың “тонның ішін теріс айналдырып” тағатын кінәлары тек қана Отырар. Тағы да қайталаймын. Оның күйретілуіне бірден-бір кінәлі 500-ге жуық бейбіт елші-саудагерлерді жазықсыз қырып тастаған Қаразым патшасы Сұлтан Мұхаммед пен Отырар билеушісі Қайырхан болып табылады. Қай заманда да елші мен саудагерді жазықсыз өлтіру ешбір елдің заң аясына сыйған емес. Бұл жайлы Әбілғазы атамыз өзінің «Түрік шежіресі» атты еңбегінде (68 бет) былай дейді: «Махмут жылауыш Сұлтан Мұхаммедтен рұқсат сұрап, дүние жүзі әміршісінің сарайына қайтты. Сұлтан Мұхаммедпен тіл табысқанына Шыңғыс хан шынайы разы болып, Сұлтан Мұхаммедтің бұған жаманшылық жасамайтынына және өзінің де оған өшпенділікке бармайтынына сенімді болды. Дәл осы кезде Бағдаттың халифы Насыр Шыңғыс ханға елші жіберіп, Сұлтан Мұхаммедтің үстіне бірігіп аттанайық деп ұсыныс жасап еді, оған жасасқан шартты бұзғысы келмей, жағымды жауап бермеді, бірақ Сұлтан Мұхаммедтің бұйрығымен Қайырханның Шыңғыс ханның елшілері мен саудагерлерін өлтіруі бұл келісімді ұзаққа жеткізбеді». Күні бүгінге дейін Шыңғыс ханның да, оның төл жұрты қазақтардың да бір ауыз сөзге тоқтайтынына, уәде жұтып екі сөйлемейтініне ешкім күмән келтірген емес. Күні бүгінде де көптеген елдердің сөздік қорында (мысалы Түрік елі) екі сөйлемейтін, бір ауыз сөзге тоқтайтын мәрт адамды «Қазақ» деп атайды.
Бағдаттан шыққан әйгiлi дәрiгер Әбд әл-Латиф (1231-32 жылдары қайтыс болған) бұл билеушi туралы былай деп жазады: «Хорезм-шах Мұхаммед ибн Тукуш ұры және зорлықшы болатын, ал оның сарбаздары әумесерлер едi…
Көбiсi түркiлер – пұтшылдар немесе адамшылықтан кеткен мұсылмандар… Ол ру-тайпалардың бiр бөлiгiн қырып, қалғанын қызметке алушы едi… Ал олардың көкiрегiнде бұған деген ыза-кек қайнап жататын. Өз халқына келгенде де, жауларымен қарым-қатынаста да ол сауатты сақ саясат жүргiзбейтiн… Мiне, ендi оған бәрi бiр атаның балалары, тiлi бiр, жүрегi бiр, көсемi бiр моңғолдар төнiп келедi» (Г.Э.Фон Гюрнебаум. «Классический ислам», Москва, «Наука», 1988, стр 186).
Демек, Хорезм халқының басына қара бұлт үйiрген Шыңғыс ханның қанқұмар бiлiмсiздiгi емес, Орта Азиядағы исламның қорған қалқаны iспеттi саналатын осы билеушiнiң көрсоқыр саясаты мен жеке басының ақымақтығы едi.
Шындығында да, Шыңғыс қаған атамыздың халықаралық үрдісті бұзушыларды жазалауын Алланың бұйрығы деп түсінсек дұрысы сол болар.
«...Қара-Құла – ойраттың тұрғысы еді,
Қырық рудың қарғысы ұрды сені!
Елшіге өлім кескенге қандай жаза
Қолданарын үйреткен – Шыңғыс еді!
Ұшырайды ұзамай апатқа ордаң,
Елші өлтіріп, ел барма атақ қонған?
Ұмыттың-ау, елшіге қастық қылып,
Қаразымның Дәулетін опат болған?!» деп жырлады өлкеміздің белгілі ақыны С.Нұржан өзінің 2008 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан «Ай таранған түн» атты жыр кітабында.
Осылайша, Қайырхан Отырардың қазақтың қайқы қылышының астына түсуiне себепшi болады. Кешегi дала жауынгерi нелiктен бұлай жаза басты... Бұл жерде бар болғаны қызылбас парсыға тәуелдi Иналшық Қайырханның өз бауырларына қылыш көтергендiгiн айтсақ та жеткiлiктi. Иә, иә, өз бауырларына қылыш көтергендiгiн.
Тарих тағлымы: Жазықсыз қылыш көтерген адам, сол қылыштан өледі
«Шыңғысханның «Отырарды қиратты» дегеніне айтарым: Отырар ол заманда Қарахан әулетінің құрамындағы шағын ғана мемлекет-қала болған. Илек хандардың басы, сұлтандардың сұлтаны деген Осман Самарқанда отырған, Османның інісі Қадыр Ферғананы билеген, сосын кіші қалаларда кіші туыстары болған. Османның немере інісі Тәж-әд-Дин Білге хан Отырарды билеп отырған. 1210 жылы парсы патшасы Хорезмшах Аладдин Мұхаммед Самарқанды басып алады. Тәж-әд-Дин Білге ханды тұтқынға алады. Османды бір жылдан кейін өлтіреді. Отырарды тонайды, қаншама халқы қырылады, қаншамасы шетке қашады. Отырар бай қала, көпестердің барлығы татар даласы Шыңғыс ханға қарай қашады. Отырарды мұсылман дінбасыларына дейін тастап кетеді. Артынан Тәж-әд-Дин Білге ханның да басын алған. Содан кейін оның орнына Отырарды билеуге өзінің шешесінің әлде ағасынан, әлде інісінен туған Қайыр ханды отырғызады. Ал Шыңғыс хан келіп, Отырарды азат еткен. Керуеннің тоналып, бес жүз адамның өлтірілуі және басқа да толып жатқан жағдайлар бар. Бізде советтің тарих ғылымының азып-тозғаны соншалық, қарақшыларды жақтай біледі. Тарихшылардың барлығы Отырарда керуеннің қырғынға ұшырауын үлкен жауыздық деп бағалаған. Адам қайран қалатын жағдайлар болған. Мысалы, өзіміздің Сарайшық қаласы. 1480 жылы Ермак Сарайшық қаласын басып алады. Содан қаладағы бүкіл халықты қырады. Ең соңында Алтын Орда хандарының күмбездері бар қабірді, сүйектерді қазып алып, үйіп өртейді. Соны кезінде Иван Грозныйдың өзі айыптаған. Осыны Тәжікстанда бәрі жауыздық деп айтады. Ал совет тарихшылары дұрыс жасады дейді. Қаланы тазарту керек деп есептейді. Сол сияқты жағдайлар өте көп» (Мұхтар Мағауин).
«Қытай, монғол және басқа да тарихтардың деректеріне сүйене қытай киноматографистері 2007 жылы шығарған «Шыңғысхан» атты тарихи фильм дерегі бойынша Шыңғысхан, батысқа жорық жасап бүкіл әлемді жаулап алуды ойламаған, тек өз қоластындағы елшілікке жіберілген 500-дей адамды жазықсыз өлтіргені үшін Отырардың билеушісі Қайыр хан мен хорезмшах Мұхаммедті жазалауды ғана мақсат еткен. Тарихи драмадағы Шыңғысханның батысқа жорық жасауына себепші болған мотив туралы дерек пен Рашид-ад-дин және Әбілғазының тарихи шығармаларындағы Шыңғысханның Хорезм еліне шабуыл жасауына себепші болған мотив туралы дерек, бір-біріне сәйкес келеді. Қытай киноматографистерінің тарихи драмасында да, аталмыш мұсылман тарихшыларының шығармаларында да Шыңғысханның Хорезм мемлекетіне қарсы соғыс ашуына кінәлілер ретінде иналшық Қайыр хан мен хорезмшах Мұхаммед аталады. Осымен қатар тарихи драма да, Шыңғысхан мен оның ұрпақтарының Хорезмнен бөтен батыстағы көптеген елдерді жаулап алуына себепші болған бір-ақ адам – Отырар билеушісі Қайырхан екендігі атап көрсетілген». (С.А.Козин. Құпия шежіре. М-Л. 1941. §200,201).
«Ұйғыр және қытайлықтармен сауда жасайтын Хорезм саудагерлерiнен Хорезм-шах Шыңғыс ханның Солтүстiк Қытайды жаулап алғанын бiлдi (Цзинь империясымен түркi-моңғолдар ғана емес, Шыңғыс ханның да тiкелей өз жеке басының өштiгi бар болатын. Қытайлар Шыңғыс ханның атасы Амбағай ханды алдап қолға түсiрiп, кергiшке қағып өлтiрген-дi – Ә.Б.). Моңғол билеушiсiне құттықтау салтымен елшiлiк жiберудi дұрыс деп тапты. Шын мақсаты моңғолдардың әл-ауқатын бiлу болатын. Елшiлер мен саудагерлердi Шыңғыс хан зор құрметпен күтiп алды және жауап ретiнде өз өкiлдерi мен сауда керуенiн қоса аттандырды. Дипломаттар да, керуен де негiзiнен Қиыр Шығыспен сауда жасау кеңiстiгiн кеңейу үшiн Шыңғыс ханның агенттерi болуға келiскен хорезмдiктер мен бұхаралықтардан – Мұхаммед II-нiң бодандарынан тұратын. Керуен Хорезмнiң шекарасына жетiп, Сырдария өзенiнiң жағасындағы Отырар қаласына тоқтады. Бұл жерден Үргенiшке бет алмақ болатын. Шах олармен әңгiмелесуге келiсiм бердi. Бiрақ Отырар губернаторы (Иналшық Қайырхан – Ә.Б.) саудагерлердi өлтiрiп, дүние-мүлiктерiн тартып алуға бұйрық жасады (Шахтың құпия тапсырмасымен болса керек). Бұл хабар моңғол императорына жеткенде, ол өз өкiлiн Мұхаммедке жiберiп, одан Отырар губернаторын ұстатып беруiн өтiндi. Мұхаммед бұл өтiнiштi орындамақ түгiлi, елшiсiнiң өзiн өлтiрiп тастады. Елшiнiң жол сiлтеушiсi сақалы күзелгеннен кейiн ғана қайтуға мүмкiндiк алды. Бұл масқаралау болып табылатын. Ендiгi жерде Шыңғыс ханның соғысудан басқа амалы жоқ едi. Дереу құрылтай шақыртып, Түркiстан компаниясының (1218) жоспары жасалды» (Г.В.Вернадский. «Монголы и Русы», 1997, стр 45).
Вернадскийдің келтірген деректерінің ақылға қонымсызы саудагерлер мен елшілерді «агент» деп атауы. Ақиқатына келгенде, олар ол елдерге агент (шпион) болып барып отырған жоқ қой. Олар көрген білгендерінің бәрін өз еліне онсызда айтып барған болар еді. Өзге елдің тарихшыларының ешқайсысы оларды «шпион» деп атамайды.
Араб тарихшысы Йақут Хамауи өзінің «Му'жам ал-булдан» атты еңбегінде Мұхаммед бин Текештің Түркістан мен Мауараннахрды жаулап алғанын, Қарахандықтар билігін толығымен жойғанын жазса, ал, «Насаб-нама» нұсқаларында Отырардың Қарахандық билеушісі Хасан ибн Абд ал-Халық Білге ханды Үргеніш сұлтаны Мұхаммед сұлтан келіп өлтіргені, оның орнына Қайыр ханды хан қойғаны, Қайыр ханның нәсілі қаңлы екені жазылған. (З.Жандарбек).
«1219 жылы күзде моңғол әскерлері Отырарға жетті. Моңғол шапқыншылығы салдарынан Отырар қиратылып, қала тұрғындары қырғынға ұшырады. Бірақ 1219 жылғы апаттан кейін Отырар қайта жанданды.
1255 жылы армян саяхатшысы Отырарды Сырдария бойындағы ірі қалалар қатарында атайды. Отырар дүниежүзілік сауда да бұрынғысынша делдалдық рөл атқарды.
Қала туралы 1320 жылы Флоренция көпесі Пеголоттидің Азов теңізінен Қиыр Шығысқа дейінгі сауда жолы туралы жазбаларында да баса айтылған.
14 ғасырда Ақ Орда хандары мұнда медреселер, ханакалар, мешіттер, кеңселер салдырды.
14 ғасырдың аяғында Отырар Әмір Темір мемлекетінің құрамына кірді. Әмір Темір мұнда бірнеше рет болып, Шығыс жорығына дайындығы қызған кезде (1405) осында қайтыс болды. Әмір Темір мирасқорлары мен Мұхаммед Шайбани әулетінің қазақ хандарымен күресі барысында Отырар тағдыры тағы да сынға түсті». (Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет).
Демек, Шыңғыс ханның Отырарды өртеп жіберіп, қала тұрғындарын қырып тастады дегендері ешқандай шындыққа келмейді. 2019 жылы күзде қырылған халық, сол жылы екі-үш айдың ішінде қайта жандана алмас еді.
Осы жерде тағы бір аса көңіл аударатын мәселе «Аңыз бойынша, Отырарда әлемге аты шыққан әйгілі кітапхана болып, оны Шыңғыс хан түмені өртеп, біраз кітапты қала қорғаушылары құмыраға салып жер астына тығып сақтап қалған деседі» (Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет).
Сол заманнан қалып бізге жеткен қаншама кітап ақтарсам да, солардың ешқайсысынан Отырар қаласында әлем бойынша екінші орынды иемденетін ең бай кітапхана болыпты, оны Шыңғысхан сарбаздары өртеп жіберіпті деген тарихи дереккөз таба алмадым. Соңғы жазбалардың айтатындары, кілең «деседі», «деседі» болып келеді. Соған қарағанда мұның бәрі кешегі большевиктік Совет өкіметінің Шыңғыс қағанды қаралау үшін ойдан шығарған көптеген жалған ақпараттарының бірі болып тұр. Ондай дереккөздер болғанда олар оны қуана, қуана жариялаған болар еді.
Сол заманғы барлық жазба деректерде Шыңғыс ханның ғалымдарды, білім мен ғылымды аса қадірлегені, оның ешбір елдің салтына, тіліне, дініне тиіспегені және ғалымдардың барлық жағдайларын жасап, үнемі қолдап отырғандары айтылады. Ал, Отырар болса соның алдында ғана парсылық Хорезм патшасы жаулап алған ежелгі қазақ қаласы болатын. Ақиқатында, Қазақтың тарихын жоюға Шыңғыс қаған емес, солар мүдделі болды.
Әйтпесе, Шыңғыс қаған Атамыз:
«Данышпанды жылатқанды кебісін көрсетіп он сүйгіздім!
Анасын жылатқанды мойынына құрым кигіздім,
Отқа жақтым, күлін қарғаның ұясына салдым!
Екі жол алдым: «Әділдік» пен «Имандық»!
«Тексіз азғындар» дұшпаным!
Тектілерден Нәр алдым...» деп айтпаған болар еді.
«Тарихта жазылғандай, Шыңғыс хан көп қаланы басып алады. Солардың бірі – әйгілі Отырар. «Отырарды өртеп жіберді» дейді. Алайда археологтер қала орнында әзірше ешқандай күл табылмағанын айтады. Отырарда ақшаның құйылғаны туралы 1967 жылы Самарқанд қоймасы ашылған соң анықталды. Осы қоймадан Фараб теңгелері табылған. Біріншісі – алға ұмтылып, секіргелі тұрған арыстан бейнеленген мыс теңгелер. Екіншісі бетінде садақ пен шаршы түріндегі түріктердің тайпалық таңбасы (дүниенің төрт бұрышын меңзеген рәміз) бейнеленген теңге болған.
Егер Шыңғыс хан бәрін қиратып тастаса, сол заманғы тиындар қалай шыққан деген сауал туындайды. Күйреген қалаларда ақша соғатын мүмкіндік қайдан? Керісінше, сол кезде моңғол монеталарының дәуірі деген ерекше дәуір басталатынын» (Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінің Музейлік деректану және қолжазба орталығының жетекшісі Нәпіл Базылхан. http://abai.kz/post/view?id=5484) жақсы білді.
Тарих тағлымы. Сонау Адам Атадан бері келе жатқан ұлы қағида «Елдестірмек елшіден...», «Елшіге қиянат жасамас болар».
Қожырбайұлы Мұхамбеткәрім, Маңғыстау
Abai.kz