Сенбі, 23 Қараша 2024
Тамыр 12893 0 пікір 15 Қараша, 2015 сағат 16:58

ТАРИХ ТИЫН ТІЛІНДЕ ДЕ СӨЙЛЕЙДІ

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінің Музейлік деректану және қолжазба орталығының жетекшісі Нәпіл Базылхан мырзадан (суретте) «Алаш айнасы» газетінің тілшісі сұхбат алып бүгінгі теңгеміздің бастауында тұрған ақша-шақалар туралы танымдық сұхбат құрыпты. Сұхбат аталған газетте 2012 жылы  6 наурызда жарияланғанын ескертеміз. «Жазба деректерде жоқ, ешкім білмейтін мағлұматты да титтей тиын айтып береді», - дейді Нәпіл мырза сұхбат барысында.

– Нәпіл мырза, нумизматика дегенде көптің есіне алдымен шақа (монета) жинаушылар түседі. Ал шындығында бұл – ең әуелі ақша тарихын зерттейтін ғылым. Осы саланы зерттеп жүрген ғалым ретінде әлі күнге жер қойнауынан табылып жататын ақша бедерінен өткен өмірдің белгілері қалай анықталатынын әңгімелеп берсеңіз.

– Иә, нумизматика – ең әуелі тарих ғылымының бір саласы. Кез келген монетаны алып қарасаңыз, ондағы жазу-таңбалар өткен күннің елесі іспетті. Бір ғана тиыннан қаншама мәлімет аласыз. Сондай-ақ қазақ жерінде соғылған тиындардың Америкадан, Бейжіңнен не болмаса Мәскеуден табылып жатуы да көп нәрсені аңғартады. Мәселен, Қытайдан – қарахан тиындары, біздің жерімізден қытай тиындары табылады. Мұның өзі екі елдің арасында сауда-экономикалық қарым-қатынастың өркендегенін, халықаралық валюта алмасу процесі жүргенін айғақтайды. Нумизматика археология ғылымымен де тікелей байланысты. Сенсеңіз, біз қазір бұрынғы Алматының тиын соғылған тұсында тұрмыз. Сондықтан бүгінгі Алматының астындағы бұрынғы елді мекендердің мәдени қабатынан әлі талай-талай құнды жәдігер табылары анық.

Тіпті жазба деректерде жоқ, ешкім білмейтін мағлұматты да титтей тиын айтып береді. Айталық, тарихта аты қалмаған билеушілердің бірі – Ташкенттегі Тұрсын ханды біз білмейтін едік. Оның есімі монетада кездеседі.

Ежелгі заманда өмір сүрген көне түріктердің шашы бұрымды келеді, сол бейнелері монетада соғылған. Ал енді дәл сол бейне Түркістаннан табылған тас мүсінде де кездеседі. Бағзы заманда түрік бабаларымыздың бұрым таққанын этнографиялық тұрғыдан дәлелдейтін бұл бір дерек болмақ. Еліміздің аумағында жолбарыс болғанын дәлелдейтін де монета бар. Өзіңізге белгілі, «Қазақстандағы соңғы жолбарысты 30-жылдары атып өлтірді» деген дерек бар. Сондықтан монеталардың көп мәліметті сығымдап беретін қасиеті ғажап. Ата-бабаларымыз алтын мен күмісті, мысты өңдеуді, мысты алтынмен және күміспен жалату технологиясын жақсы білген. Шақаға сурет салу, жеке қолтаңба соғудың өзі – бірін-бірі қайталамайтын ғажайып өнер. Кейбір жазулар өте көркем. Соншама жіңішке, әсем жасалуы жағынан қазіргі теңгелермен тең түседі. Мәселен, түргеш теңгелерінің диаметрі қазіргі біздің 100 теңгелікпен бірдей. Ортасы тесік, ұстауға ыңғайлы етіп жасаған. Бұл енді Қытаймен сауда жасауға бейімдеп жасағаны ғой. Тек қана қытай елінде тесік тиындар қолданыста болған.

– Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығын тойлау қарсаңында өзіңіз жұмыс істейтін Мемлекеттік орталық мұражай «Қазақстан монеталарының шежіресі» көрмесін ұйымдастырған еді. Көрмеге көне заманғы құнды жәдігерлермен қоса, бүгінгі егемен еліміздің төл ақшасы да қойылды. Бұл туған жеріміздің кешегі тарихын бүгінгі күнмен байланыстыру ниетінен туындаған секілді. Ендеше, біздің жерімізден табылған монеталар шежіресіне тоқтала кетсеңіз.

– Қазақстан монеталарының шежіресі сонау ежелгі көшпенділердің «тауарға – тауар» (мал, аң терісі, жібек, алтын, күміс, металл кесектері, асыл тастар ақша ретінде теңгерілді) саудасынан бастау алғаны мәлім. Көне түрік (VІ-ІХ ғғ.), түргеш дәуірінде «жылқыға – жібек» саудасы қарқынды дамыды. Түрік қағандығы монеталар шығарып, ақша айналымында қолданылды. Түргеш теңгелері ірі территорияда айналымға түсті, олар көбіне Суяб, Таразда соғылып тұрды.

 

Қарахан әулетінің (Х-ХІІ ғғ.) мыс фельстері Орта Азия аумағында ақшаның кең қолданыста болғанын көрсетеді. Ол кезеңде қалаларда сауда-саттық күшейіп, жаңа қалалар арқылы маңызды сауда жолдары өтті. Бұл сауда бағыты Шу өзені, Іле Алатауы арқылы Талғарға жеткен. Бір тармағы Шелекті басып өтіп, Шығыс Түркістанға дейін, екіншісі Іле өзені мен Алакөлден өтіп, Моңғолияға, одан Қытайға жетті. Қарахан әулеті дәуірінің 2145 дана мыс монета көмбесі 1976 жылы Ақтөбе қалашығынан табылған еді. Бұл көмбе тұңғыш рет осы көрмеге қойылды.

Сондай-ақ көрмеде моңғол империясы (ХІІ-ХІV ғғ.) Жошы, Шағатай, Темір әулеті кезеңдеріндегі сирек кездесетін монеталар қойылды. Орта ғасырларда Йасы, Отырар, Баласағұн, Тараз, Мерке, Атлақ, Шаш, Сарай, Сарай-әл-жадид, Сарайшық, Самарқан, Бұқара, Хоженд және басқа да монета соғатын орындарда пени, фулс, дирхем, динар секілді алтын, күміс, мыс монета-ақшалар тұрақты соғылды. Қала экономикасында, базар мен сауда орындарында ақшаның рөлі едәуір артты. Мысалы, Жошы ұлысында жылқының бағасы 50-60 динар (алтын монета), тіпті 500 динарға дейін жеткен.

Оңтүстік Қазақстанда Шағатай әулетінің монета ақшалары кең қолданыста болды. Оның айқын айғағы ретінде Алматы көмбесін атауға болады. 1967 жылы Алматы қаласы «Таулы қырат» ұжым шаруашылығы жерінен табылған күміс монеталар саны 1387 сақтау бірлікке жетеді. Бұл көмбе де көрмеде алғаш ұсынылды.

Көрмеде Қырым, Қазақ, Бұқара, Хиуа хандығы дәуірінің монеталары, Ресей патшалығы мен Қазақ КСР кезеңінің, Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы да қамтылған еді. Еліміздің әр жерінен табылған монета көмбелері, түрлі қоймалар, сонымен қатар мұражай қорындағы монеталар Отырар, Тараз, Йасы, Түркістан, Сауран, Сайрам, батыста Сарайшық, Барскент, шығыста Тараз, Кенже сияқты қалаларда ақша жүйесі мен ақшалай сауданың дамығанын айқын көрсетеді.

– Осылардың ішіндегі ең көнесі түрік дәуірінің тиындары ғой?

– Алғашқы түрік дәуірінде түрік империясы Корей түбегінен Қара теңіз, Дунайға дейін созылып жатты ғой. Сондықтан негізінен батыс түріктер сауданың тасымал жолы – Жібек жолын бақылауға алып, сауданы қалыптастыру үшін соғды үлгісінде (ол кезде Қытайда да тиын болған) монета шығара бастаған. Ябғу қағанның монетасы деген сияқты тиындар соғылған. Суретіне қарасаңыз, көне түрік дәуірінің адамдары екеніне дау жоқ. Батыс түрік қағандарының, түргештердің, жалпы билеуші әулеттің таңбалары көп кездеседі. Көне соғдыша «Тұң жабғы қағанның ақшасы» деп жазылған. Ол тиындардың көбі Шаштан, яғни Ташкент маңы оазисінен табылды. Ал 2010 жылы өз жерімізден табылған монетада жолбарыстың бейнесі бар. Айта кететін жайт, бұл жерде «түрік» деген атауды қазіргі осман түріктерімен шатастырмау керек. Совет идеологиясына сай өзгертілген «түркі» деген де – жасанды атау. Дұрысы – түрік.

Бастапқыда көшпелі тайпалар сауданы тауар алмасу арқылы жүргізген. Мемлекет орнаған соң, ол өзінің ішкі-сыртқы саудасында билікті, экономиканы, сауда-саттықты жөнге келтіру мақсатында осындай тиын, монеталар шығарып, мемлекеттік жүйені құрған.

Қарахан дәуірінде алғаш рет ислам діні қабылдана бастады. ІХ ғасырда пайда болған Қарахан әулеті Шыңғыс ханның дәуіріне дейін жалғасты. Жер аумағы оңтүстік Қазақстан, Жетісу, Шығыс Түркістанды алып жатты. Қарахан дәуірінде мыс, күміс тиындар көп болған. Діні бір болғандықтан, араб елдерінің дәстүрін сақтаған. Бір ерекшелігі, ислам діні енгеннен кейін монеталарға кәлима жазыла бастайды.

 

Қарахан дәуіріне қатысты монеталарды бұрын-соңды ешкім көрмеген еді. Археолог Уахид Хамзаұлы Шәлекеновтің жетекшілігімен 1974-1976 жылдары Ақтөбе қалашығының орнында қазба жұмыстары жүргізілгені мәлім. 1976 жылы ІХ-ХІІ ғасырлардағы қарахандықтар дәуірінің мыс монеталар көмбесі табылған. Қыш құмыра ішінен барлығы 2145 дана монета шықты. Араб графикалық мәтіндері сақталғаны – 812 дана. Бұл Оңтүстік Қазақстандағы Ақтөбе қалашығында тиын соғатын ірі орын болғанын көрсетеді. Осы нумизматикалық кешен алғаш рет жарияланды. 2008 жылы аталмыш монеталарды У.Шәлекенов ағамыз ҚР МОМ қорына сыйға тартқан.

– Мына бір ортасында тиын салатындай жырығы бар қыш құмыра өзіміз тиын жинайтын дүңгіршекті, яғни «копилканы» елестетеді екен. Бұл тиындар қай дәуірге тиесілі?

– Қарахан әулетінен Сатық Бурахан деген алғаш ислам дінін қабылдаған хан бар, бұл монеталарда соның аты кездеседі. Белгісіз көмбе. Өте тотыққан. Тиын салатын «копилкасымен» қоса табылған. Қарап отырсақ, бүгінгі өмірден еш айырмашылығы жоқ.

– Күллі әлемді өзіне бас идірген Шыңғыс ханның дәуірінде соғылған монеталар өзгелерден ерекшелене ме?

– Тарихта жазылғандай, Шыңғыс хан көп қаланы басып алады. Солардың бірі – әйгілі Отырар. «Отырарды өртеп жіберді» дейді. Алайда археологтер қала орнында әзірше ешқандай күл табылмағанын айтады. Отырарда ақшаның құйылғаны туралы 1967 жылы Самарқанд қоймасы ашылған соң анықталды. Осы қоймадан Х ғасырдағы Фараб теңгелері табылған. Біріншісі – алға ұмтылып, секіргелі тұрған арыстан бейнеленген мыс теңгелер. Екіншісі бетінде садақ пен шаршы түріндегі түріктердің тайпалық таңбасы (дүниенің төрт бұрышын меңзеген рәміз) бейнеленген теңге болған.

Егер Шыңғыс хан бәрін қиратып тастаса, сол заманғы тиындар қалай шыққан деген сауал туындайды. Күйреген қалаларда ақша соғатын мүмкіндік қайдан? Керісінше, сол кезде моңғол монеталарының дәуірі деген ерекше дәуір басталады. Шыңғыс ханның немересі Мөңке хан Шыңғыс ханның атынан, кейін өз атынан алтын, күміс тиындар шығара бастайды. Монетада Мөңкенің таңбасы анық көрінеді. Тіпті Шыңғыс хан дәуірінде алтын тиындар да болған. Бағдадта, Бұқарада, ауған жерінде соғылған тиындар бар. Қала өркендеп, сауда-саттық емін-еркін дамыған. Керуен сарайлар еркін жүріп-тұрған. Тиісті салығын төлеген. Тіпті оларды шығарып салып, жол көрсеткен кедендік қызмет те болған. Демек, Шыңғыс қаған дәуірінде қол астына қараған көптеген қалада монета соғу ісі тіпті дамыған деуге әбден болады.

Қазақстан тарихында Жошы ұлысы бізге маңызды. Өйткені біз Жошы ұлысынан кейінгі дәуірді жалғастырамыз. Сарайшық Жошы ұлысынан қалған. Мұнда көп зерттеу жүргізілді. Рас, Сарайшықтың көп жерін су шайып кеткен. Сөйтсе де, мыңнан астам монета табылған. Осы монеталарды белгілі археолог Зейнолла Самашев жетекшілік еткен экспедиция анықтаған еді. Жуырда тағы үш монета табылды. Айта кету керек, көне қаланың орнын қазу оңай емес. Құртақандай жерді бір ай қазасыз. Сарайшық қаласынан табылған нумизматикалық деректер ХІІІ ғасырдың соңы мен ХІV ғасыр аралығын қамтиды. Ол жерден табылған көне теңгелер Өзбек хан билігінің алғашқы жылдарында Сарай қаласынан шыққан. Осы кезеңдегі өзгерістер ақшалардың сыртқы түрінен көрініс тапқан. Күміс теңгелерде ислам дінінің енуі, орнығуы күміс теңге – дирхемдердегі сунниттік сенімнің белгісі мен Құранның алғашқы жолдарының жазылуынан көрінеді. Теңгелерде «кутлуг булсун» деген орта ғасырлық түрік сөзі жазылған. Бұл құтты болсын, яғни қолыңа түскен ақшаң құт болсын дегенді білдіреді. Жошы ұлысында алғаш рет исламды қабылдаған – Өзбек хан. Бұлар да шақаға кәлиманы, өз есімдерін жазады. Жібек жолы торабындағы үлкен қалалардың бәрінде монета соғатын орындар болған. Сарайшықта соғылған мына бір монетада «Сұлтан әділетті Жәнібек хан» деп жазылған, яғни патша әділ болса, халық әділ болады деген мағынаны білдіреді. Алтын ордаға саяхат жасаған арабтың саяхатшысы Ибн Батут өз жазбаларында «50-60 дирхемге жылқы сатып алдық» деп жазады. Әрбір тиындағы қалалардың атауы (Бұқара, Самарқан, Отырар, Хорезм) сауда қатынастарының қайда болғанын, шақаның қай жерде соғылғанын көрсетеді.

Шағатай – Шыңғыс ханның екінші ұлы. Қайшы секілді таңба Шағатайдікі. Көлемдері әр түрлі. Осы орайда айта кетейін, Шағатай дәуірінен бұрынырақта оңтүстік өңірде монета соғатын күміс азайып қалады. Қазіргіше айтсақ, дағдарысқа ұшырайды. Содан ба, табылған монеталардың ішінде жалған түрлері де ұшырасады.

– Жалған ақша жасаушылар сол кезде де болған дейсіз ғой?

– Иә, осы Шағатай дәуірінде соғылған монеталардың арасынан табылды. Салыстырып қарағанда, оңай ажыратуға болады.

– «Әмір Темір» деген араб қарпімен жазылған монеталар шынымен де Ақсақ Темір дәуірінде шыққан ба?

– Темірлан, Ақсақ Темір деп аталған Әмір Темірдің кереметтігіне дау жоқ. Монетада «Мұхаммед бин Әмір Темір күркән» деп жазылған. Ол Шыңғыс әулетіне күйеу бала ғой, күйеу бала дегенді білдіретін «күркен» (горгон) сөзі – ескі моңғол сөзі. Бұл монеталарда да кәлима жазылған.

– Іргелес Қытай елімен сауда қарым-қатынасы ежелден дамығанын көне шақалардан көруге болатынын әлгінде бір айтып өттіңіз. Осы сауданы жүргізу ерекшелігі қандай еді?

– Қазақ хандығы мен Цин патшалығы арасындағы сауда-саттық 1757 жылдары жақсы дамыды. Мәселен, Абылай хан Цин патшасына төрт арғымақ сыйлап, жеті адамды елші етіп жіберген. Цин патшалығы осы жеті елшіге киім-кешек, 1000 лән күміс ақша сыйлаған. Кейін Цин патшалығы Абылай хан, Әбілпейіз хан және Қабанбай батырдың ұсыныстарын қолдап, 1757 жылы – Үрімжіде, кейін 1765 жылы Құлжа мен Тарбағатайда сауда жәрмеңкесін («жылқыға – жібек» саудасын) ұйымдастырды. Ішкі қытайда сатып алынған есек пен сиырдың құны қазақ жылқысының құнымен салыстырғанда арзандау болды.

– Енді бүгінге оралсақ, ел Тәуелсіздігінің бір белгісі төл теңгесі ғой. Осы теңгеміздің дизайнына қатысты пікір көп. Біреулер алғашқы теңгелердің дизайнын қайтару қажет десе, біреулер теңгедегі алақанның суретіне сын айтады. Соған орай сіздің пікіріңіз қандай?

– Меніңше, 1993 жылы шыққан тұңғыш теңгелердің дизайнын қайтарған дұрыс сияқты. Ұлттық сана-сезіміміз әбден орныққанша, осындай дүниелеріміз болғаны жақсы. Ал енді ақшадағы алақанға келсек, қолда тұрған түк те жоқ. Бұл – ежелгі дәстүр. Әлгінде айтқандай, монетаның бәрінен түрлі-түрлі бейнелерді көруге болады. Негізінде, көне дәстүрді сақтайтын болсақ, теңгемізді металл монета түрінде шығару керек секілді. Қараңызшы, сонау VII ғасырдағы тиынымыз бұл күнге дейін жетті. Экономика жағынан ойлағанда, осы дұрыс. Сондықтан 10 мыңдық теңгелерді қымбат металдан жасап шығарсақ деген ой да келеді.

– Ел аумағынан табылған монеталардың мұражайда тұрғаны дұрыс. Әйтсе де жеке адамдардың сандығында талай түрі сақтаулы шығар. Соның бәрінің басын құрап, бір жерге жинақтау жағы қалай? Жалпы, ел тарихының айнасы іспетті монеталарды зерттейтін ғылымға қамқорлық бар ма?

– «Мәдени мұра» жобасы бойынша 64 мыңға жуық монета коллекциясы, 8-9 мыңдай шығыс монетасының ғылыми каталогын дайындап қойдық. Жалпы, біздегі нумизматика ғылымын дамытатын мамандар жетіспейтінін мойындау керек. Кеңес кезінде көбі Ресейге кетіп қалды. Жалғыз ғана Райхан Зәкиқызы Бурнашева деген ғалым апайымыз бар.

Ал монеталарды бір жерге жинастыру жағына келсек, құнды дүниелерді өздерінде ұстап отырғандар баршылық. Әлбетте, олар бізге әкеліп, тегіннен-тегін өткізе салмайды. Археологиялық қазбалардан табылған дүниелер мемлекеттің меншігі болғанымен, ақшаға құныққандар оңайлықпен бере салмайды. Сатып алу үшін қаржы керек. Ал келешекте құнды жәдігерлер көптеп табылатыны хақ. Сондықтан нумизматика ғылымын дамытуға қамқорлық жасалса, артық болмас еді.

Abai.kz

 

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371