Тергеу ісі: Немцовті "пайдакүнемдік мақсатта" өлтірген
Дүйсенбі күні мекеменің өкілі Владимир Маркин қылмыскерлер 2014 жылдың қыркүйек айынан бастап, "15 миллион рубль сыйақы береміз деген уәдеден кейін" саясаткерді өлтіруге дайындалған деді. Осылайша тергеу комитеті оппозициялық саясаткерді "діни жеккөрушіліктен өлтірді" деген болжамды алып тастаған. Маркин қылмыстық іске қатысты ұсталған бес Шешенстан азаматын тергеуді аяқтадық деп мәлімдеді. Ал қылмысқа тапсырыс беруші мен ұйымдастырушыларға қатысты тергеу ісі әлі жалғасып жатыр дейді.
Борис Немцов 2015 жылдың 27 ақпанында кешкісін Қызыл алаң маңында жендеттердің қолынан қаза тапты. Бұл іске қатысты Шешенстан азаматтары Заур Дадаев, Шадид және Анзор Губашевтар, Темерлан Эскерханов пен Хамзат Бахаевтар ұсталған. Былтыр қараша айында сот өлтіруге тапсырыс берді деп Шешенстан ІІМ "Север" батальонының бұрынғы офицері Руслан Мухудиновты ұстау жөнінде шешім шығарған. Немцов отбасының қорғаушылары оның өліміне тағы бір шешен батальонының офицері Руслан Геремеевтің де қатысы бар дейді. Тергеушілер оларға бірнеше рет сырттай айып таппақ болды, алайда Тергеу комитетінің басшысы Александр Бастрыкин оны ұстауға тиісті қаулы шығарудан бас тартқан.
Абай-ақпарат