Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 9138 0 пікір 16 Маусым, 2016 сағат 18:19

РАДИКАЛДЫ ДІНИ АҒЫМ ЖОЛЫНДАҒЫ АДАМНЫҢ БАҚ-ТА ҚЫЗМЕТ ЖАСАУЫНА ТИЫМ САЛУ КЕРЕК

Елбасымыздың салиқалы саясатының арқасында біздің еліміз дүние жүзі мемлекеттеріне көптеген этнос өкілдерінің бейбіт өмір сүру мекені ретінде танылған елдердің бірі. Алайда діни экстремизм біздің елімізді де айналып өткен жоқ. Оған дәлел, биылғы қасиетті Рамазан айы басталар қарсаңында Ақтөбе қаласындағы болған оқиға және қандықол қылмыскерлердің қолынан жазықсыз жандардың қаза тапқандығы барша қазақстандықтарды дүр сілкіндірді. Бұл діни ағымның артында мол қаржы мен сұрқия саясат тұрғаны ақиқат. Елімізде дәстүрлі емес «саясиланған ислам» ықпалына ерушілердің діни ұстанымдары біздің ұлтымыздың мың жылдан астам уақыттан бері ұстанып келе жатқан дәстүрлі дінімізге мүлдем қайшы және көп жағдайларда агрессиялық сипатта көрінеді.

Өкінішке орай қасиетті дінімізді күн көрудің кәсібіне, текетірестік пен өшпенділіктің айласына айналдырып жүрген дәстүрлі емес діни ағымдар. Күнделікті өмірде кейбір мешіт алдарында түрі қазақ бірақ қазаққа мүлдем жат арабтанған бейнесімен «жарнама» жасап тұрған теріс ағымдағы бауырларымызды, ҚМДБ иманының уағызын құлаққа ілмей ашықтан-ашық наразылық танытып жүрген қысқа балақ, жарасымсыз сақалдыларды осы кезге дейін байқамаған сыңай танытып, құқықтық шектеулер арқылы жауапқа тарта алмай келе жатырмыз. Осы орайда ой санасы әлі толық қалыптасып болмаған жастарымызды жат ағымдағы діни бағыттарға  кімдер тартып жатыр, кімдер уағыздап жүр? Бұл барша қоғамды ойландыратын және жедел шара қолдануды талап ететін жағдай болса керек.

Діни экстремизмнің және жат ағымдардың еліміздің қай өңірінде болмасын таралуы негізінен діни сауатсыздықтан болып  жатыр. Және де  қазіргі уақытта  түрлі ғибадатханалардағы шараларға,   мешіттердегі  жұма намаздарына кәмелеттік жасқа жетпеген мектеп, колледж оқушылары мен жастар көптеп қатысады. Жастарымыздың имандылыққа бет бұрғандықтары бәлкім жақсы да болар.  Өмірге деген көзқарасы қалыптаса қоймаған,  оның үстіне әлі де өз ортасын  тауып үлгере алмаған жас адамның еліктегіш келетіні және де ол жұмыссыз жүрген болса,  белгілі бір топтың қатарынада жүруге құлшынатыны бар. Сондай жастарымызды  дәстүрлі емес түрлі діни ағымдар тез танып, оларды бірден өз орталарына ептілікпен тарта білуде. Сөйткен жастарымыздың ендігі бар қамқоршысы да, ақылшысы да соқыр  наным-сенімнің  жетегінде жүрген, діни фанатизмді санаға сіңіруші топтар болып отыр.

Екіншіден, ғаламтор кеңістігіндегі теріс дін ағымына жетелейтін интернет сайттары, әсіресе «ВКонтакте» әлеуметтік желісі діннен әлі хабары жоқ жастардың діни түсінігін теріс қалыптастырып, дәстүрлі көзқарастарға қарсы шығып, ұлтымызды діни сенімдері бойынша бөліске салуға ұмтылуда.

Үшіншіден, жастар арасындағы жұмыссыздық, олардың әлеуметтік мәселелерінің жергілікті жерде өз дәрежесінде шешілмеуі, олардың бір бөлігін шарасыздықтан діни экстремизмге алып келуде.

Біздің барымыз да, қадірлейтін қасиетіміз де еліміздің тәуелсіздігі болса, біздің діни ұстанымымыз да ел бірлігі болуы тиіс. Олай болса елімізде дәстүрлі емес жат ағымдарды шектейтін батыл саяси шешім, құқықтық реттеу, ақпараттық түсіндіру мен ғылыми сараптау, қоғамдық, діни ой-салаларында тұжырымдар тез арада жасалуы тиіс. Мысалы, Өзбекстан, Тәжікстан сияқты бауырлас елдердің тәжірибесіне үңілсек, оларда өз тәуелсіздіктеріне  қауіп төндірген дәстүрлі емес барлық дін ағымдарына әлдеқашан заңды түрде шектеу қойған болатын.

Діни экстремизмге қарсы күресте ең әуелі  діни сауаттылықты арттыру маңызды қадам екендігі даусыз мәселенің бірі. Осы орайда діни сауаттылықты жақсарту орта мектептердегі «Дінтану» курсын оқытудың маңызы мен сапасын арттырудан басталып, діни экстремизм туралы түсінік, оның негізгі белгілері мен қауіптілігі туралы мәліметтер осы пән аясында кеңінен қамтылуы керек. Біздің жастарымыз жалпы дәстүрлі  діндердің тарихын, ілімін, құндылықтар жүйесін танып білулерімен қатар,   жалған діндердің белгілерін ажырата алулары да керек. Бұл олардың  радикалды  топтардың ықпалдарында кетпеулеріне оң әсер етер еді деп ойлаймыз. 

Сонымен қатар сауатты имамдар даярлау, олардың біліктілігін арттыру арқылы имамдардың тек діни емес, зайырлы білім үйреніп, оның шешендігі, келбеті, жүріс-тұрысы, көркем мінезділігіне барынша мән берілсе дейміз. Арнайы қор құру арқылы ҚМДБ-ға қарасты мешіттерде қызмет жасайтын барлық молдалар мен имамдарға айлық жалақыларын төлеу жүйесін реттеуді қолға алатын кез де жетті деп санаймыз.  

Сондай-ақ, еліміздегі дәстүрлі дінімізге көлеңке  түсіретін  сайттардың «ВКонтакте» әлеуметтік желілерінің жауапкершілігін барынша қатайту, қажет болған жағдайда жауып тастау тетіктері жасалуы қажет. 

Еліміздің қауіпсіздігіне нұсқан келтіретін радикалды діни ағымдағы көзқарасты мығым ұстанып, оны насихаттап жүрген азаматтардың мемлекеттік құрылымдар мен орта, арнаулы, жоғары оқу орындарында, БАҚ қызметтерінде жұмыс істеуіне тиым салу керек деп есептеймін.

 Мұрат Бақтиярұлы,

Сенат депутаты

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5512