Далай-лама АҚШ президентімен кездесті
Ақ үйдің баспасөз қызметі хабарлағандай, АҚШ президенті мен Далай-лама кездесу барысында Қытайдағы тибеттіктердің жағдайы туралы талқылаған. Барак Обама Тибеттің бірегей діндарлығы, тілдік дәстүрі, мәдениетін нық қолдайтынын білдіріп, Қытайдағы тибеттіктердің құқығын қорғау маңызды екенін атап өткен. Ол сонымен бірге Далай-ламаның зорлық-зомбылықтан бас тартып, әлемді бейбітшілікке шақырып жүрген еңбегін жоғары бағалады.
АҚШ президенті Дамай-лама мен оның өкілдерін және қытай үкіметі арасында тікелей диалог жүргізіп, шиеленісті бәсеңдетіп, келіспеушілікті реттеуге шақырды. Барак Обама АҚШ-тың ұстанымын білдіріп, Құрама Штаттар Тибеттің тәуелсіздігін қолдамайтынын айтқан. Далай-лама да Тибеттің тәуелсіздігіне ұмтылмайтынын мәлімдеп, өзінің қытай үкіметі өкілдерімен диалогтың қайта жанданатынына сенім білдірген. Барак Обама мен Далай-лама АҚШ пен Қытай арасындағы қарым-қатынастың маңыздылығы жөнінде келіскен.
Абай-ақпарат