Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 5274 0 пікір 14 Маусым, 2016 сағат 12:11

МЫРЗАН КЕНЖЕБАЙ. "ҚАРАЛЫ КҮННІҢ" АРТЫНДА КІМ ТҰР?

«Атам қазақ «Көресіңді көрмей көрге кірмейсің» деген. Ресейден азаттық алдық, тәуелсіз болдық, біздің көргенді сендер көрмеңдер деп немерелеріме шүкіршілік айтып отыратын едім. Жасым сексеннен асқанда сол тәуелсіз деп жүрген елімде 10-15 адам тәртіп бұзды деп Ресейдің әскерін кіргізгенді де көрді шыққыр көзім. Бұл не сұмдық?» деп күңіренді аялдамада отырған ақсақалды әңгімеге тартқанымызда. Ойланып қалдық. Шынында да 25 жыл бойы қазақ жерінің байлығын судай шашып, басқасын айтпағанда қазақтың тілін босағадан сығалаған жетім баладай мүсәпір қып қойғаны аз болғандай Ақтөбеде атысқандар шынымен-ақ терроршылар болғанның өзінде елімізге Ресейдің әскерін кіргізіп, оқ атқызып қойғандардың жазасын беруге қазақтың бүгін күші жетпейді.

Бірақ күндердің күні болғанда ішіне ұзақ жылдар ыза мен кек толғандар биліктегілердің бала-шағасынан кек алмасына кім кепіл? Ау, қазақ басшылары әскеріміз күшті, митингіге шыққандарды басу кезінде полициямыз «нағыз професионалдар» екенін көрсетті деп күні кеше ғана теледидардан күшеніп отыр еді ғой. Ендеше, бірнеше адамға бола Ресейдің «спецназ» атты арнаулы әскерін алдырғаны қай сасқаны? Құдай кешірсін, бұл Қазақстанды Ресейге бұражола қосудың басталғаны ма, әлде анау террорист деп жүргендерді осы үшін біреулер қолдан жасап алды ма,   9-шы маусым күнін Үкімет  «Қаралы күн» деп жариялап неге қара жамыла қалды деген күнәһарлау ойға кеткеніміз тағы рас. Неге дейсіз ғой?

Біріншіден, қазақта, жалпы исламда терроризм, теракт деген ұғым жоқ. Сондықтан оны телеарналардағы тілі кеміс журналистерше «лаңкестік» деп тәржімаламай-ақ исламға  дұшпан елдер ойлап тапқан сол күйінде айта беруіміз абзал. «Лаңкестік», «лаң салу» деген мүлде басқа мағына. «Хан емессің – ылаңсың, айыр тілді жылансың» дегенді еске алыңыз. Және Ақтөбедегі бұл терактілердің төркіні қайда жатқаны, кім ұйымдастырғаны туралы ел ішінде алуан-алуан пікір бар. Тіпті, соның бәрін, билікте жүрген кейбіреулер, «митинг-ситингіні қойып, наныңды жеп, шәйіңді ішіп тыныш отырмасаң, көресіңді көрсетеміз» деп халықты қорқытып қою үшін жасаған жоқ па?» дейтіндер де жоқ емес. Атыс кезінде  екі жақтан да қаза болған байғұстар бірін-бірі не үшін атып жатқанын, өздерін осы жағдайға кімдер әкелгенін білместен кетті ме екен? Билік «қаралы күн» деп жариялаған күні халық осының анық-қанығын білуі керек еді ғой! Бірақ бұл жұмбақ күйінде қалып отыр. Бүйте берсек, енді көшеде кетіп бара жатқан кез-келген адамды ұстап алып терроршыларға қатысы бар деп қамай салуы да оп-оңай ғой.

Екіншіден, соңғы 25 жыл ішінде қаралы күн деуге тұрарлық уақиға аз болған жоқ. Атап айтсақ, Қызылағаш ауылындағы тасқын кезінде мың қаралы (одан көп болуы да мүмкін) адам өлді. Олар түгел дерлік елім  деп еңіреп келген қазақтар, биліктің тілімен айтқанда «аралманы» немесе «оралмандар» еді. Сол апаттан соншама қазақ қойдай қырылып жатқанда Қазақстан басшылары  неге «қаралы күн» жарияламады? Өйтпек түгіл сол ауылға барып көңіл айтпастан қалды ғой.

Үшіншіден, Жаңаөзендегі бейбіт митинг кезінде мұздай қаруланған әскер мен полиция автоматтан оқ жаудырып қолында мылтық түгіл таяғы да жоқ қазақтарды  шыбындай қырды. Кейбіреулер өлген адам одан әлдеқайда көп дейді. Ал жаралылар қаншама? Ендеше үкімет Жаңаөзен қырғынын неге «қаралы күн» деп жарияламады?

Төртіншіден, «Арқанкергендеде» қаншама қыршын атып өлтірілді? Ол қырғынды әлі мұрнынан құрты түспеген» жап-жас жігіт жалғыз өзі жасапты-мыс. Соған да сенейік.. Бірақ билік басындағылар ол күнді неге «Қаралы күн» деп жарияламады?

1986 жылғы желтоқсан көтерілісі кезінде де Ресей әскерлері қазақтың қыз-жігіттерін шыбындай қырып, тірі қалған жігіттерді қорлап, жас қыздарын зорлады. Қазақстан басшылары оны неге әлі де «қаралы күн» деп жарияламай отыр? Тек Ақтөбеде кім не үшін бастағаны жұмбақ, әйтеуір биліктегілер теракт деп атаған уақиға күні ғана «қаралы күн» аталуы тағы да жұмбақ. Тағы бір жағдай еске түседі. 1986 жылғы желтоқсанда жастарды атуға ішкі істер министрлігіне де, Қорғаныс министрлігіне де сол кездегі Министрлер Кеңесінің Төрағасы боп отырған адам рұқсат береді. Ал Жаңаөзенде,  Ақтөбеде полицияның оқ атуына қазіргі Премьер-Министр рұқсат (не бұйрық) береді. Ал қазақтың басынан өткен әлгіндей қырғынның бәрін көріп отырса да күні бүгінге шейін жағы қарысып қалған адамдай үнсіз келген Путин, Ақтөбедегі жағдайға байланысты жалма-жан көңіл айта қалғаны және оны терроризм деп қалай кесіп айтқаны да көзі ашық қазақты бұл қалай дегізбей қоймайды.

Содан бері Ресей телеарналарында Қазақстанға терроризм келді, ол Ресейге де қауіпті. Сондықтан Ресей әскерлерін Қазақстанға кіргізу керек деген сөздер көп айтылатын болды. Ал Қазақстан басшылары, сыртқы істер министрлігі Ресей телеарналарының бұл арандатушы сөздеріне байланысты Мәскеуге наразылық білдірудің орнына орыс солдаттарына қазақты атқылатып қойғаны жанымызды жеп барады. Адам баласының басына не ой келмейді, қанша көнбіс, жуас болсақ та бұған шыдай беруге бола ма? Қазақ осыдан кейін де 6-шы шілде де Астана күнін тойлап думандатар ма екен?, -деп өзіммен-өзім сөйлесіп отырысым мынау.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5543