ОТАН, СЕНІ СҮЙЕМІН!
(Жалғасы. Мақаланың басы мына сілтемеде: http://abai.kz/post/view?id=8254)
«Кешегісін ұмытқан, бүгінгісін сезбеген, ертеңгісін қайғырмаған адам кімге басшылық қылады?» деп ой толғапты Міржақып Дулатұлы. Ескірмейтін, қай заманда да мәнін жоймайтын есті сөз, әсте, осы болар! Сондықтан жарты әлемді жаулап алып, алақанында әлдилеген Шыңғыс ханның «Өзіңнен кейін де өмір бар екенін, сенің ұрпағыңа да ішіп-жем, өріс, қоныс керек екенін ұмытпа» деген ұлағатын жадынан шығарған биліктегі пенделерге не дегендеймін? Дұрысы, осыдан жиырма жылдан астам уақыт бұрын, тәуелсіз елміз деп, басымыздағы бөркімізді аспанға атып, алақайлап жүрген күндердің бірінде «Егеменде» ме, әлде «Қазақ әдебиеті» газетінде ме, әйтеуір біреуінде жарияланып, содан қойын дәптеріме көшіріп алған Әбділдә Тәжібаевтың төменгі өлең жолдарын осы сөзімнің тұздығы ретінде кіріктірейін.
...Бұл неткен қиял?
Не қылған бітпес елестер?
Көремін кейде
Сұмдық елестер – өрескел!
Туған жерімді
Жоғалтып кейде жүремін,
Бұл неткен сұмдық!
Шалдың шатасуы емес пе?..
Сол уақытта сексеннің сеңгіріне шыққан абыз қартымыз тектен-текке тіксініп, қайғырмаған екен-ау!..
«Бүгінде әбден байып, халықтың есебінен қаржылық тұрғыда нығайып алған олигархтық-кландық топтар бір-бірімен қырқысып, тақ таласы үшін қырық жылдық қырғын бастап кетпесе игі... – деп кеудедегі күдікті ойы мен үрейін сыртқа шығарыпты белгілі қоғам қайраткері, ЖСДП-ның төрағасы Жармахан Тұяқбай. – Олар «халықтың отын оттап, суын сулайды» дегенге кім сенеді?..
...әбден байып алған кейбір әкім-қаралар мен министрлер байлығын сақтап қалу үшін тезірек қызметінен кетуге бүгін де даяр отыр. Олар өз байлығын әлдеқашан сыртқа шығарып алған. Енді тыныш өмір сүргісі келеді, қуғынға түсіп, сотты болғаннан қауіптенеді...» («ДАТ» апталығы, 7-сәуір, 2016 жыл).
Міне, тәуелсіздіктің рахатын көріп, шапағатына шуақтағандардың бүгінгі тірлігі, ой-арман, мақсаты. Ал, еліміздің еркіндігін шын аңсап, сол үшін отына күйіп, мұзына тоңғандар ше?
«Қазақстан тәуелсіздігін жариялағаннан бері үкімет қызметкерлері де, емесі де жұрт алдында сөйлегенде: «Құдайға шүкір, тәуелсіздігіміздің арқасында» деп бастайды. Ал, осы тәуелсіздік үшін күресте азап көрген адамдар қазір қайда жүр екен, жағдайлары қалай?» деген бір сөз ауыздарынан шығар емес. Осыдан-ақ олардың «тәуелсіздікті қадірлеуі» КСРО кезіндегі «интернационализмді қадірлеуі» сияқты – тек тілінде ғана екенін білеміз. Тәуелсіздікті аңсадық дейтіндер, сол үшін күрескендерді іздемейді де...» деген Хасен Қожахметтің сөзінен ащы ақиқат лебі еседі. Оны мойындамасқа, сексен алтының сергелдеңіне ұшыраған жастардың бүгінгі тағдырын ойламасқа шамам жоқ! Желтоқсаншы қыз-жігіттеріміздің ерлік күресін бағалай алдық па? Оларды құрмет биігіне көтердік пе? Жоқ! Жоқ және жоқ!.. Солай болғандықтан да көтеріліс шындығын ашуға айрықша үлес қосқан күрескер ақынымыз Мұхтар Шахановтың күйінішті сезімнің шырмауында отырып шығарған мына шумағын амалсыз ауызға алуға мәжбүрмін:
Ер қадірін бағаламаудан,
Қай ел опа тауыпты?
Ерлікті жасамаудан,
Бағаламау әлдеқайда қауіпті...
Иә, аяулы оқырмандарым менің, сонымен әңгімеміздің желісі айналып келіп Желтоқсан көтерілісі тақырыбына тықсырып, тіреді-ау деймін.
Қасиетті де, қасіретті де Желтоқсан ғой бұл!
Қасиетті болатыны – ұлт үшін болған және халықтық мүддемізді ту еткен көтеріліс; ал, қасіретті дейтініміз – арада отыз жыл өтіп, Қазақстан әлем таныған дербес ел, мемлекет атанғанымен, отаршыл Ресейдің ығына жығылып, ықпалынан кете алмай, әлі күнге дейін именуден аса алмай кібіжіктейтін бейшара билігіміздің көтеріліске деген көзқарасы еш өзгермеді және мына жүйе ауыспай, билік ұлтжанды болмай еш өзгермейді де! Бұл – басы ашық мәселе, айдай ақиқат, шүбәсіз шындық.
Желтоқсан – біздің ғана емес, кешегі кеңестік ауқымда өмір сүрген елдер тарихында да орны бар ұлы оқиға. Советтер Одағының ыдырауына, социалистік жүйенің күйреуіне бастамашы болғанын тағы да естеріңізге салайын. Оны Ауған соғысымен де, Чернобыль апаты қасіретін жоюға қатысушылардың ерлігімен де салыстыруға болмайды. Ол екеуіне де қатысушылар, қаһарман атанғандар өз еріктерімен барған жоқ, Отан алдындағы азаматтық борыштарын өтеуге мәжбүрлікпен қатысты. Ал, Алматының үлкен алаңына жиналғандар өздерінің қазақ екенін сезініп, өз еріктерімен ширығып шықты. Сөз жоқ, оған үгіттегендер, орталықтың ұлтымызға көрсеткен өктемшіл саясатына қарсы үн қатуға шақырғандар болды.
Солардың бірі өзіміз жоғарыда аты-жөнін атаған белгілі қоғам қайраткері, саясаткер-ғалым, көтеріліс ақиқатын ашуға айрықша атсалысқан заңгер Сабыр Қасымов болғанын біреу білсе, біреулер білмейді. Солай екенін ашыңқырап жеткізу үшін, өзім құрастырып шығарған айғақ-кітаптардың ІІ томындағы тарихшы-ғалым Мәмбет Қойгелдінің сұқбат материалының әр жерінен үзінді келтіремін.
«Сен 17-18 желтоқсанда не үшін жатақханаларды араладың? – деп қатқыл сұрақ қойды. (Сұрақ қойған – Қазақстан КП Орталық комитеті әкімшілік органдар бөлімінің меңгерушісі Ефимов. – Авт.) – Тіпті, бірінші Алматыға, Рихард Зорге көшесіне дейін, ондағы жұмысшылар жатақханаларына дейін барыпсың. Онда не істеп жүрсің?» – деді. Абырой болғанда сол мезетте «кремлевка» құтқарды. Телефонның шырылы оның назарын өзіне аударып кетті. Ефимов сөзін аяқтаған кезде мен байсалды қалыппен, «ол жақта туыстарымды тексеріп, үйлерінен шықпасын деп қадағалап жүрдім» дедім.
Ефимов қоштасып жатып: «Әйтпесе мұндағылар сені халықты алаңға шығарушы, осы тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушылардың бірі жасағысы келіп еді», – деді. Оның мені үлкен бәледен құтқарғанын сыртқа шыққан соң барып түсіндім...
...Сол күндері адамдар өздерін қалай ұстады дейсіз ғой? – деп жалғастырады ойын әрмен қарай Сәкең. – Шенеуніктер, әрине, бәрі емес, қудалау науқанына белсенді қатысып, халық мүддесі мен абыройын шімірікпей сатып, жаңа биліктің алдында жарамсақтанумен болды, зиялы қауым өкілдері, идеолог-ғалымсымақтар теледидар мен ақпарат құралдарында биліктің идеология саласындағы жолбикесі қызметіне жарыса араласып кетті. Желтоқсанның қолға түскен батырлары қорғансыздың күйін кешті. Олар әділетсіздіктің құрбандары болып жатқандарын түсініп, демдерін іштеріне тартып, бәріне шыдап бақты. Қыздар жылады, көмек сұрады, кейбіреулері алаңға «кездейсоқ келіп едім» деді. «Қазақстанның бірінші басшылығына Колбиннің тағайындалуына қарсылығымды білдіруге митингіге арнайы келдім» – деп қасарысқандар да болды...
...Сол кезде маған ең ауыр тигені – жергілікті прокуратура органдарына, аудандық милиция бөлімдеріне, арнаулы қабылдау мекемелеріне кіріп жүріп, сойылға жығылған, ашыққан, жадап-жүдеген қыздар мен жігіттерді, жүкті әйелдер мен жасөспірімдерді көру болды. Оларды милицияның кез келген бос бөлмесіне топ-тобымен қуып тығатын, тәулік бойы тамақ бермей ұстап, ұрып-соғатын, қорлайтын, ұлттық, адамдық, әйелдік намыстарын, абыройларын, ар-ождандарын таптайтын.
Дәліздерде қабырғаға қаратып, сағаттар бойы аяғынан тік тұрғызып қоятын. Бұл жерлерде заң мен адамшылық дегеннің, адам құқығы дегеннің жұрнағы да болған жоқ.
Торығуда жүрген сондай бір сәтте түн жарымда досым Жамбыл Ысқақовқа келдім де, көшеге шақырып алдым. Ол мені көріп қорқып кетті, бұл – бүкіл халықтың қасіреті, болып жатқандарды жүрекке сонша жақын алуға болмайды деп айтып, жұбата бастады, үйіне кіруді ұсынды, мен оған келіспедім. Сосын ол үйіне кіріп, бір шөлмек арақты тіске басарымен алып шықты да, мынадай күйде ішпесе болмайтынын айтты. Өксігімді баса алмай, солқылдап жылай бастадым. Даусым шығып кетсе керек, Жамбыл үй тұрғындары оянып кетпесін деп мәшиненің роліне өзі отырды да, үйінің қасындағы саябаққа қарай апарды. Мен болсам Аллаға, тағдырыма налып, көтерілісшілерді күтіп тұрған бақытсыздықтар мен қайғы-шерге өзімнің де қатысымның бар екенін түсініп, шарасыздықтан торығып жылай бердім.
Рухани күйзелісім бір сәт бәсеңсіген кезде бәрін дұрыс істегендей күй кешетінмін. Ақырында мынадай тұжырымға келдім: егер мен өзімді-өзім ұстап берсем, әрине, қамауға алады, сосын мен де тұтқындағылардың қатарына қосыламын. Қарсылығымды, ішкі күйзелісімді ешкім де естіп білмейтін болады. Сонда, мына кінәсіздерді ешкім де қорғай алмайтын болады, шенеуніктердің заңсыз әрекеттерін сауатты түрде әшкерелей алатын адамдардың қатары бір кісіге кеми түспек.
Ұйқысыз өткен көптеген түндерімнің бірінде өз өмірімді, өз күш-қуатымды Желтоқсан идеалдарына арнаймын деп Алла алдында, ата-бабалар алдында, бүгінде азап көріп жүрген көтерілісшілер алдында ант бердім. Осы кезге дейін сол антыма адалмын». («Алматы 1986 Желтоқсан» айғақ-кітабы. ІІ том, 556-559 беттерінен алынды).
С.А.Қасымов 1988 жылы КОКП Орталық Комитеті жанындағы қоғамдық ғылымдар академиясын бітіріп келіп, Қазақстан КП Орталық комитетінде жауапты қызметте жүрген кезінде, М.Шахановтың өтініші бойынша, Жоғарғы Кеңес құрған мемлекеттік комиссия құрамына енеді. Тағдыры тәлкекке ұшыраған талай желтоқсандықтардың істерімен тікелей айналысып, оқуға, жұмысқа қайта қабылдануына, партия мен комсомолға кіріп, әкімшілік және қылмыстық істердің қаралуына барынша көмектесті. Көп жыл заң саласын тастап, саясат пен ұлттық қарым-қатынастар саласында қызмет етті. ҚР Парламентінде жауапты жұмыста жүріп, биыл зейнет демалысына шықты.
«Мақтансыз айтар болсам, менімен бірге қызмет істегендер жаман заңгер болмағанымды жақсы біледі. Бірақ Желтоқсан мені басқа адам етті. Мен бұған еш өкінбеймін!» – дейді.
Желтоқсан көтерілісіне байланысты биліктің құйтырқылықпен және асқан зәлімдікпен жүргізіп, жасырып-жапқысы келген ақиқатын ашу оңайға соқпағанын ниеті түзу, жазықсыз жапа шеккен халыққа жаны ашитын кім-кім де өте жақсы біледі. Бес рет құрылып, таратылып, қатты қарсылықпен жұмыс істеген комиссия мүшелерінің кездестірмеген кедергі, тап болмаған тосқауылы жоқ деуге болады. Соның құрамында үлкен жауапкершілік жүгін мойнына артып, бар күш-жігерін аямай, әділет үшін арашашы бола білген Сабыр Ахметжанұлы да биліктегілер мен шенділердің талайымен текетіресті. Ұстанымына адал, өресі биік, табанды азамат екенін сөзімен де, ісімен де дәлелдеп, көрсете білді.
«Бірде мен сол кездегі Орталық Комитеттің идеология бойынша хатшысы Жәнібековтің қабылдауына шақырылдым, – деп әңгімелейді өзі. – Келсем, ол кісі МҚК төрағасы В.М.Мирошникпен бірге отыр екен. Өзекең: «Сенімен Виктор Михайловичтің сөйлескісі келеді. Сіздер сөйлесе тұрыңыздар, мен түскі асқа барып қайтайын», – деп шығып кетті. Мирошник ешқандай да үзіліссіз бірден: «Комиссия құрамына қосқанда, біз сізді партиялық бағытты жүргізетін болады, объективті жұмыс істейді деген сенімде болдық. Ал, қазіргі уақытта қоғамдағы біраз күштер, арасында Жоғарғы Кеңестің депуттаттары да бар, бұл комиссияның жұмысына қарсы», – деді. Мен: «Комиссияның құрамына байланысты ешқандай да негізсіз шешімдер қабылданбайтынына сенімді болғаныңыз жөн. Ал комиссия жұмысына қарсы күштерге байланысты айтарым, оның жұмысын қолдайтындардың да бар екенін білген дұрыс. Комиссия жұмысының нәтижесі жарияланған соң барып қана қоғамның пікірі жөнінде айтуға болар», – дедім.
Әрине, ішкі ой-түсінігі шектеулі, былайғының бәріне шекесінен шікірейе қарап, билік айта, тұқырта сөйлеуге әбден дағдыланған МҚК төрағасына бұл сөзі ұнамайды. Ол «сенге» көшеді.
«Жиренішті кейіппен: «Жарайды, Шаханов ақын, популист, депутат, оған даңқ, халық қаһарманы деген атақ керек, ал саған не жоқ? Сен өзі кімсің? Сен сияқтылар көп, кім біліп жатыр? Шахановты біз сақтауға тиіспіз, ол – халық депутаты. Ал сен кімге қажетсің? Ертең сен бірдеңеге ұшырасаң, ешкім де білмей қалады. Сабыр Қасымов ешкім де емес, сенің ешкімге керегің жоқ! Сен жай жұмысшы отбасынан шыққансың, Ресейден келдің, мұнда керек десе туыстарың да жоқ екен, ертең-ақ ұмыт болып қаласың. Шаханов сені пайдаланып жүр, басыңды айналдырған, оның қармағына түсіп қалғансың. Сен өзің ақымақтау адам екенсің. Менімен біреу артыңда тұрғандай сөйлесесің. Қандай қасиетті нәрсеге қол салып жатқаныңды білмейді екенсің. Сендер КОКП Саяси Бюросының шешімдерін қайта қарамақсыңдар!» – деді.
Мирошник ұзақ сөйледі. «Мәскеуде сен сияқтылармен басқаша сөйлеседі, ал біз сендерге жоғарғы саяси басшылардың шешімдерін қайта қарауға жол бермейміз. Сенімен одан әрі сөйлеспеймін де. Сен сияқтылардың есін жиғызатын жолды қарастырамыз», – деді.
Бұл уақытта Жәнібеков те қайта оралған еді. Мирошник кеткен соң Өзекең маған: «Абайла, сақ жүр... Сендер халық үшін зор жұмыс жасап жатырсыңдар» деді. (Әлгінде көрсетілген кітап материалынан. 561-562 беттер).
Ұлтқа адал қызмет етуге келгенде, қазақ халқының алдындағы перзенттік міндеттерін өтеу мәселесін сөз еткенде Алаш арыстарын әрдайым үлгі-өнеге етеміз. Сол арыстарымыздың алдына ешкімді түсіргіміз келмейтін деңгейде шабыттана, ширыға айтамыз. Ал асқан ұлтжандылығымен, күрескерлік рухы, қайраткерлігімен оза шауып, қазаққа қатысты қандай мәселелерде де азаматтық бағдарынан айнымай келе жатқан Сабыр Ахметжанұлы Қасымовты қай биікке көтеріп, бағаласақ екен?..
«О, Отаным, мен саған сөзіммен де, ісіммен де қызмет еттім!» деген екен біздің дәуірімізге дейінгі VI ғасырда Римде өмір сүрген бір ойшыл. Біз білетін Сәкеңді әлгі данагөйдің сөзіне сай әрекет етуден бір танбай келе жатқан арлы азаматтың нақ өзі дер едім!
«Адамды азаматтық тұғырға көтеріп, қайраткерлік биікке өсіретін тазалық пен адалдық қана» депті Софы Сматаев.
Біздің биліктегілер арасында адалдықты ту еткен азаматтар неге аз? Меніңше, ондайлар бар, бірақ оларды жемқорлық пен парақорлық әбден меңдеп алған билік аппаратына жолатпайды. Аңсап жеткен тәуелсіздігімізді тәрк етіп, құтын қашырып жүргендер де билікте отырған дүлей тұлғалар.
...Өңкей жемқор жырындың,
Жарып тұр гүл-қауызын:
Бүйткен «Бостандығымның» –
Әкесінің ауызын! –
деп көмейінен от шаша кіжінеді Иран-Ғайып.
Ел күткен, біз үміт еткен тәуелсіздік, бостандық басқаша емес пе еді? Әлбетте ақын ағамыздың күйзелетін де, билікке қаратып жұдырық түйетін де реті! Әттең, дүние... «Күресерге дәрмен жоқ, іш қазандай қайнайдының» кебі...
«Халқын сүймеген адам – халқына жексұрын», – дейді қой аузынан шөп алмайтын момақан мінезді Үмбетбай Уайдин ағамыз.
«Тәуелсіздікті алған соң көп қазақтың жіберген қателігі – «Әкеңді жау шапса, қоса шап!» жасамағаны, жасай алмағаны. Совет өкіметі кезінде де шауып үйренбей, шайлығып қалған байғұстар-ай, ауыздарыңды ашып, аспанға қарап, алайып қалған түрлерің мынау!.. – деп, қайрансыз қазағына жаны ашып, күңірене толғаныпты талантты журналист, мезгілсіз марқұм болған Жұматай Сабыржанұлы. – Абай айтса, айтқан шығар, о кісінің міндеті – айтылмаған сөз қалдырмау еді ғой, қажеті қанша еді сол ар-ұят, ынсаптың?! Енді, міне, құдайсыздың құлысың».
Құдайсыздар, халық алдындағы парызы мен қарызын, міндетін, жауапкершілігін жадынан шығарып алған ұяты аздар не деген өлермен, тірмізік еді! Енді осы ойымызды іргеміздегі қырғыз, жырақтағы украйн үкіметі мен парламентіне жанастырып сабақтайықшы. Кейінгі бір ай әлетінде екі елде де үкімет ауысты.
«Қырғызстан премьер-министрі Темір Сариевтің қызметінен кетуіне Ыстықкөл облысындағы Балықшы-Корумды тас жолы төңірегіндегі дау-дамай себеп болған көрінеді, – деп жазды республикалық басылымдардың бірі. – Қорытындысында парламентарилер Т.Сариевтің жетекшілігіндегі министрлер кабинеті отставкаға кетуі керек деген шешім шығарды. Ал, премьер-министр: «Жұмысымнан кетуге әзірмін, бірақ адал жұмыс істеп, лас саяси ойындарға қатыспайтынымды, ешуақытта бұлай жасамайтынымды аяғына дейін дәлелдеймін. Мен үшін мемлекет мүддесі бәрінен жоғары!» – деді. Азаматтың азаматтығы, мемлекет пен халық алдында ақ-адалдығы, өзі мүшесі болып жүрген қоғамға берілгендігі деген осындай-ақ болар деп, сүйсіндім.
Дәл осы тұста Украинада да үкімет басшысы отставкаға кетті. Яценюк сөйтетінін екі ай бұрын парламентарилерге ескертіп қойған. Себеп – ойға алған жоспарын, ел экономикасын тығырықтан алып шығу жөніндегі діттеген мақсатын жүзеге асыра алмағандығы.
Ал бізде ше?
«Е-е-е-е-е-е...» дейміз ызаланып, тынысымыз жеткенше үнімізді созып. Өйткені, түйіні шешілмей күйдіретін де, күйіндіретін де мемлекеттік мәселе, міндеттер көптігімен бас айналдырады. Олар жөнінде еркін ойлы басылымдар жазудай-ақ жазып жатыр. Алайда депутаттарымыз «өте тәрбиелі, көргенді, сыпайы, мәдениетті, ұялшақ, ұяң...» Сондықтан қазақ мәселесі дегенде құнғып, үндері шықпайды. Мәсімов міз бақпайды. Қонжитып қондырып қойған қола мүсін секілді. Апырмай, не деген төзім, не деген мінез, бітім-болмыс!!!
Ал оның орынбасары Д.Н.Назарбаева ұлы Нұрәли Әлиевтің Отанымыздан жымқырған мол ақшаны жасырып ұстау үшін Кипрдегі есепшоттары әшкере болса да сыр бермеп еді, енді өзі де тұтылыпты. Мұндайда басқа елдерде, «бұдан әрмен қарай бұл қызметте отыруға моральдық құқым жоқ» деп, тіпті президенттік, премьерлік орыннан өз еркімен кеткендердің талайын естідік, түрлерін көгілдір экраннан көрдік. Бізде... Иә-иә, мұндай мәрт мінез көрсететін бірде-бір азамат ырымға ытқып шығып, разы етпеді-ау. Министрлердің арасынан да, әкімдердің ортасынан да, сондай-ақ депутаттардың ішінен де... Бұл – біздің «тәуелсіз» елімізде ғана болатын «ғажайып құбылыс», әбден әдетке, дәстүрге айналған кеспірсіз өмір көріністері. Жаңаша жұмыс істейді, бұрынғылар секілді марғаулық танытпайды дейтін парламенттік жаңа құрамның мүшелері – күніне 120 мың теңгелік қонақ үй бөлмелерінде шалжиып жатқан депутаттарымыз «жігіттік» көрсете алмай қапалы. «Әй, аналары маңдайы торсықтай ұл таптым деп мәз болған көкелер, өздерін өздері таратып, содан кейін үйреншікті орнына ұялмай-қызармай қайта қонжиған мырзалар мен ханымдар, не бітіріп отырсыңдар?» деп жаһанға жар салғым, жағым айрылғанша айқайлағым келеді. Өйткені, сіз бен біздің, бәрі-бәріміздің жалғыз Отанымызда, егер солай деп түсініп, отты жүрегіміздің дегеніне бағынсақ, елімізде айтса нанғысыз дейтін оқиғалар, қилы-қилы қылмыстар, өте ауыр, жан түршіктірерлік бәлелі істер жүзеге асып жатыр, жалғасып жатыр. Қазақстан – қылмыскерлердің ұлтқа да, ұлысқа да мән бермейтін, қара орыс, сары орыстар мен қысық көз келімсектердің дегені жүріп, қасиетті топырағымызды аздырып-тоздырып, асты-үстін тонап, бар байлығын сыртқа жөнелтетін, соған әй дейтін әже, қой дейтін қожа табылмайтын жұмыр жердің жұмақ бұрышы сыңайлы. Сондықтан да: «Жау келсе аттандайтын қазақтарым-ау, қайдасыңдар? Барсыңдар ма? Бар екендерің, ірі екендерің, аталарыңның ел қорғаған батыр, би, әйгілі адам болғаны рас болса, онда неге бас көтермей, бұғасыңдар? Әлде сендер де бай елді жұтатып, халқын қарызға батырып, қайыршылық күйге жеткізгендер жағындасыңдар ма?..» деп те күйінемін.
Қазақ жері – мәңгілік мекеніміз, Қазақстан жалғыз ғана Отанымыз еді ғой. Алматыны жүрегіміз деуші едік. Осы әсем қала 1986 жылдың ызғарлы желтоқсанында көтерілістің бесігі болды. Бұрынғы Брежнев, одан кейінгі Жаңа, бүгінгі Республика алаңы дейтін жер Мәскеудің шешіміне бағынбай, иін тіресіп тұрып, қарсылық көрсеткен қазақтың қыз-жігіттерінен майысып еді. Сол уақытта жастарды райынан қайтаруды мақсат екен Н.Ә.Назарбаев, С.Мұқашев, З.Камалиденов және республиканың бас прокуроры, сотының төрағасы, Ішкі істер министрі, басқа да билік тізгінін ұстаған мықтылар мінберге көтеріліп, сөз сөйлеуге ұмтылған. Бірақ ашу-ызаға булыққан наразы халық олардың ешқайсының сөзіне көңілдері толмай, қар жентектері, мұз кесектерімен атқылағаны күні қазіргідей көз алдымда...
Қазақ жастары алаңға басқа барар жер, басар тауы қалмаған соң барған. Алаң – халық әбден тығырыққа тірелгенде, билік менсінбейтін мінез көрсетіп, кекірейе қарап, сөзіне құлақ асудан қалып, екі ара әбден алшақтағанда ғана жиналатын жер. 1986-шы жылғы әйгілі оқиға кезінде осылай болған, әйткенмен ол уақытта ел тоқ, жұмыссыздық жоқ болатын. Алайда үлкен ұлттың мүддесін аспандатқан Мәскеудегілердің қазақ халқын қорлауы, намысына тиюі, ондаған жылдар бойы жинақталған ұлттық мәселелер ұлдарымыз бен қыздарымызды ашындырған. Ол уақытта адамдардың арыз-шағым айтып баратын ұйым, мекемесі жетерлік еді. Бүгінде соның бірі де жоқ. Әкімшілікке барса да, прокуратура, сот, полиция бөлімдерінің есігін ашса да, ең ақыры «НұрОтан» партиясының жергілікті аудандық, қалалық, облыстық басшыларына жолығайын десе де, ғимараттың кіре беріс есігі алдын күзеткен полицейлер «кімге келдің, неге келдің, әуелі бізге айт» деп, кес-кестеп жолын бөгейді, кіргізбейді. Қабылдауға кіре қалғанның өзінде істері бітпейді. Жоғарыға жағдай айтып жазған хаттарына жауап ала алмайды. Халық жаппай қарыз, жаппай жұмыссыз, кедей-кепшік, ауру-сырқау, мүгедек... Әсіресе жастардың жағдайы өте ауыр, өте аянышты. Бірақ, билік оны көрмейді, білмейді, тіпті білгісі де, жұрттың мүшкіл халі туралы жылап-еңіреп айтқан сөздерін тыңдағысы да келмейді. Өздері, ақиқатын айтқанда: «Хабарда» көрсетіліп, «Егемен Қазақстан» газетінде жазылып жүргендей таңғажайып кеңістік, әдемі әлемде өмір сүріп жатса, бар қызық-қуанышымыз, шат-шадыман кездеріміз келешекте деп, ертеңге ұмтылумен, алыс арманға ентелеумен күн кешуге тиісті жастарымыз қоғамымызда қордаланған бүгінгідей көрініспен өмір бойы үй-күйсіз жүреді, жер ала алмайды, бақытсыз баз кешіп өтеді. Ал, олар өмірге әкелетін ұл-қыздар ше?..
Әлбетте кім-кімнің де адамша өмір сүргісі, еңбек еткісі келетіні – өмір заңдылығы. Осыны биліктен талап етуге бәрі де құқылы. Бірақ қайда барады, кімге айтады? Мәселен биліктегілер тоталитарлық жүйе жаман еді деп қара күйені қалыңдатып жағатын социализмде халық мұндай теперіш көріп пе еді? Заң жұмыс істейтін, ол халықтың мүддесін қорғайтын. Бүгінде қорлайды...
Алаңның келбеті де қазір өзгерген. Желтоқсан көтерілісін еске алу былай тұрсын, «желтоқсан» деген сөзді айтудан зәресі ұшатын билік мінбердің орнында ізін де қалдырмай, тегістеді, жанынан жерасты демалыс орындарын, арақ-шарап сататын сауда-саттық дүкендерін ашты. Елбасының ыңғайына құлағандар ол жерді қалай өзгертсе, солай өзгертсін, бәрібір, қазақ үшін алаң – қанды алаң. Қазақ жастарының ұлттың мерей-мүддесі, қазақ халқының асқақ абыройы үшін қайсарлық көрсетіп, намыс найзағайын ойнатқан қасиетті алаңы. «Туған жерім – Қазақстаным!» деп ән салған алаң ол! Сол айтылған әннің аясында олардың ел мен жерге ғана емес, қазақ ұлтына деген сыршыл сезімі, сүйіспеншілігі, құштарлығы, шексіз махаббаты меймілдеп тұр еді. Желтоқсанның қаһармандары көкейдегі, көкіректегі «Отан, сені сүйемін!» деген қылаусыз ойларын осылай жеткізген...
Мен де соның бірімін!
(Соңы)
Талғат АЙТБАЙҰЛЫ, публицист-жазушы
Abai.kz