Сенбі, 23 Қараша 2024
Кәсіп-түбі нәсіп 4423 1 пікір 10 Маусым, 2016 сағат 12:10

КҮРІШТІҢ ЖАҢА ТҮРІ – «АЙСӘУЛЕ»

Сыр бойында ауыл кәсіпкерлігін дамытуға арналған шағын несиеге қол жеткізгендердің қатарында «Жамбыл» ауылшаруашылық тұтынушылар кооперативі бар.  Аталған ұжым Сырдария ауданының Қоғалыкөл аулында орналасқан және  жаңа заман лебімен өндірістік кооперативке бірігіп,  күріштің «Айсәуле» сұрыбын енгізумен айналысуда.  

 

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бөлген 300 миллион теңгелік қаражаттан алғашқы транш ретінде 6 ай жеңілдігімен 36 ай ауқымында қайтаратындай 4 400 000 теңге мөлшерінде қарыз сомасын алған «Жамбыл» АТК» ӨК басшысы Болатбек Рүстемов өтінішінің бұлай тез қаралып, қажетті қаражат көлемінің шапшаң беріле қоятынын күтпегенін айтады.

Бүгінде іскер кәсіп иесі кепілге тұрарлық мүлік түрін әзірлеп, жалпы болжанған 10 млн. теңгенің қалған бөлігін алуға дайындалып жатқанын айтты.

«Қолға тиген ақшаны бірден кәдеге жаратып, Ыбырай Жақаев атындағы ғылыми-зерттеу институты ойлап тапқан күріштің жаңа сұрыбын егіп тастадық. Енді егістік даласын күтіп-баптап, қоңыр күзде мол өнім жинауға ниет етіп отырмыз», - деп сәтті басталған шаруадан сыр шерткен Болатбек Қамарұлы шағын несие бағдарламасы жайлы жағымды жаңалықты естіп, алдымен Қызылорда облыстық кәсіпкерлер палатасына барғанын еске алады.

«Ондағы мамандар мән-жайды егжей-тегжейлі түсіндіріп, тиімді тұстары мен артықшылықтарын жан-жақты байыптап берді.  Әрі қарай жылдам құжаттарымды жинап, айналдырған екі аптаның ішінде несиені еншіледім.  Расы керек, мемлекет тарапынан көрсетілетін қамқорлық құралдарына жатырқай қарап, көбінесе іс-қимылға білек сыбана кірісіп кетуден тартыншақтаймыз ғой.  Осы жолы мінсіз қызметке шын таңғалдым. Кәсіпкерлер палатасындағы қыз-жігіттерге мың алғыс», - деп әңгімелейді күріш пен бидай және жоңышқа сынды ауыл шаруашылығы саласы өнімдерін өндіру, қайта өңдеу мен өткізу бағытында бірнеше жауапкершілігі шектеулі серіктестік басын қосқан кооператив төрағасы.

Табысты бизнесін дөңгелеткен кәсіпорын жетекшісінің айтуынша, «Жамбыл» АТК» өндірістік кооперативі 2016 жылдың сәуір айында құрылтайшылық шарт негізінде құрылған. Егістіктен тыс, мал жайылып, шөбі шабылатын 10 мыңнан гектардан астам жер телімдері бар.  Арнайы техника кооператив құрамындағы «Агро-Орталық» ЖШС меншігінен жұмысқа жегілген.

Шілде айында авиахимиялық өңдеу әрекеттері жүргізілмек. 7%-дық мөлшерлемедегі несие мақсаты да сол, негізінен тұқым, жанар-жағармай сатып алу. Сәйкесінше еліміздегі ірі күріш өсіруші өңір есептелетін Қызылорда облысында таңдау жасау да қиынға соқпаған.

Жалпы, Сыр бойында Қазақстандағы күріштің 85 пайызы өндіріліп, жыл сайын шетелге экспортқа жіберіліп келеді. Еңбек көрігі қызу қайнаған қауырт істерге маусымдық кезеңде қосымша мамандар жұмылдырып, жаңа жұмыс орындарын ашу көзделуде.

Алдаберген КЕМПІРБАЕВ

Abai.kz

 

 

 

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5502