Морис Бюкай: «Егер Құранды бұрыннан білгенде ғылыми сауалдың шешімін іздеп текке әуреленбес едім»
Аз-кем сөз.. Өткен ғасырдың соңғы ширегінде Францияда философ Роже Гароди, хореограф Морис Бежар, океанолог Жак-Ив Кусто мен хирург Морис Бюкай сияқты атақты оқымысты-ғалымдардың тұтас бір тобы Исламды қабылдап қоғамды дүр сілкіндірді. Тіпті араларында тілін кәлимаға келтіріп Әбділмәжит деген арабша ат алған католик пірадары Жан-Мари Дюшемен де болды. Көпшілік бұларды біле бермейді. Енді осы адамдардың дін исламға келу жолын баяндаймыз..
Аз-кем сөз.. Өткен ғасырдың соңғы ширегінде Францияда философ Роже Гароди, хореограф Морис Бежар, океанолог Жак-Ив Кусто мен хирург Морис Бюкай сияқты атақты оқымысты-ғалымдардың тұтас бір тобы Исламды қабылдап қоғамды дүр сілкіндірді. Тіпті араларында тілін кәлимаға келтіріп Әбділмәжит деген арабша ат алған католик пірадары Жан-Мари Дюшемен де болды. Көпшілік бұларды біле бермейді. Енді осы адамдардың дін исламға келу жолын баяндаймыз..
Морис Бюкай - есімі Францияның символы ретінде аталатын адамдардың бірі. Ата-анасы таза текті француздар болды. Мектепті бітіргеннен кейін медицина университетіне оқуға түседі. Кейін дәрігердің дипломын алып, Франциядағы ең білікті де білімді хирургтердің бірі атанды. Франция әуелден археология мен көне мұраларға көп көңіл бөлетіндігімен аты шыққан ел. 1981 жылы Франсуа Миттеран билік басына келгенде, перғауынның мумиясын зерттеу үшін Франция Мысырдан оның табытын алдырады. Көп ұзамай Мысырдың тарихындағы ең қатігез патшаның денесі Францияға жеткізілді. Әуежайда оны француз президенті мен елдің жоғары лауазымды шенеуніктері құрметпен күтіп алды. Кезінде Мысырлықтарға «Мен сендердің Тәңірлеріңмін!» деп жар салған әйгілі перғауынның табыты салтанатты рәсімнен соң археологиялық зерттеулер институтына әкелінді. Онда француздың атақты археологтары, хирургтері мен анатомдары құпиясын ашу үшін мумияны зерттеуге кіріседі.. Морис Бюкай осы жұмыс тобының жетекшісі және хирургтардың басшысы болып бекітіледі. Профессордың қарамағында істегендердің барлығы мумияны қайта қалпына келтіруге талпынады. Бірақ Морис Бюкайды басқа нәрсе қызықтырды. Ол ең алдымен перғауынның қалай өлгенін білгісі келді. Бір күні түннің ортасына қарай зерттеу жұмыстарының нәтижесі шықты. Онда денесіне жабысып қалған тұздан, перғауынның суға батып өлгені дәлелденеді. Кейін көз жұмған патшаның денесін «аман сақтап қалу үшін» судан шығарып, бальзамдағаны анықталды. Алайда ғалымдарды таңғалдырған басқа жәйт еді. Оларды бұл мумия өзгелерімен салыстырғанда қалай жақсы сақталған деген сұрақ мазалады..? Зерттеу нәтижесін негізге алған Морис Бюкай өзінің соңғы шешімін жұртқа естіртуге қамдана бастайды. Ол, батып кеткеннен кейін перғауынның денесі судан шығарылып бальзамдалған деген тоқтамға келеді.. Бірақ осы кезде оның әріптестерінің бірі ғалымның құлағына былай деп сыбырлады.. «Асықпаңыз..мұсылмандар перғауынның суға батып өлгенін баяғыда айтқан.». Алайда профессор бұған сенген жоқ. Өйткені мұндай дүниені дәлдікпен жасалған арнайы аспаптар мен қазіргі заманғы технологияның көмегінсіз іске асыру мүмкін емес. Бірақ профессорға әлгі әріптесі Құранда перғауынның суға батып өлгені мен бақтилық болған соң кейінгілерге ой тастау үшін оның денесі сақталатыны жазылғанын, мұсылмандардың оқиғаның дәл осылай өрбігеніне имандай сенетінін жеткізді. Бұл жәйт ғалымды одан әрі ой тұңғиығына алып кетті. Сонда қалай, мумия осыдан екі жүз жыл ғана бұрын 1898 жылы табылды емес пе? Ал Құранға мың төрт жүз жыл болған.. Ежелгі мысырлықтардың перғауындарының денесін бальзамдағанын бүкіл адамзат жақында ғана білген жоқ па?...
Сан сауалдарға жауап іздеген Морис Бюкай түні бойы мумияның жанында болып, суға батып кеткеннен кейін перғауынның денесі қайта «құтқарылғанына» мұсылмандар күмәнсіз сенеді деген әріптесінің сөзін ой елегінін өткізді..Ал Тәуратта перғауынның Мұсаны қуып келе жатып суға батып кеткені ғана айтылған. Оның денесі туралы бірде-бір жерде сөз қозғалмайды. Професор енді өзіне сұрақ қоюға көшті: «Менің алдымдағы Мұсаны қуған перғауынның денесі болуы мүмкін бе? Мен бұны бүгін ғана біліп тұрғанда, қалайша ол Мұхаммедке мыңдаған жылдар бұрын мәлім болған?!
Морис Бюкай түнімен көз ілген жоқ. Ол өзіне Тәуратты әкеп беруді өтінді. Кітаптан: «Су кері қайтып перғауынның әскері мен арбаларын басып қалды. Перғауынға ілесіп келгендердің барлығы тұңғиыққа батты» деген сөздерді оқыды. Бұл одан әрі профессордың дегбірін қашырды. Зерттеу жұмыстары бітісімен Франция мумияны әйнек саркофагқа салып Мысырға қайтарады. Алайда Морис Бюкай мұсылмандар перғауынның денесі сақталатынына кәміл сенеді деген сөздің төркінін түсінуге талпынды. Ғалым көп ұзамай заттарын жинап, Сауд Арабиясына сапар шегеді. Онда мұсылмандардың оқымысты-анатомдары бас қосқан медициналық форум өтіп жатқан. Келген бетте профессор оларға өзінің ашқан жаңалығын жеткізді. Оларға перғауынның денесі суға батып кеткеннен кейінде жақсы сақталғанын айтты. Осы кезде ғалымдардың бірі қолына Құранды алып, ондағы мына сөздерді оқып берді: «Бүгін Біз кейінгілерге ой салу үшін сенің денеңді құтқарамыз. Бірақ, адамдардың көбісі Біздің жіберген белгілерге көз жүгіртіп қарамайды».. Француз ғалымы бұл аяттан кейін қатты толқыды. Тіпті Құран сөзінің әсері күшті болғаны соншалық, ол орнынан атып тұрып, «Мен Исламды қабылдаймын, Мен бұл Құранға сендім!»-деп дауыстап жіберді.. Францияға Морис Бюкай мүлде басқа адам болып оралды. Кейінгі он жылын ол қазіргі ғылыми жаңалықтар мен Құран сөздерінің сәйкестігін тексерумен өткізеді. Осы уақыт аралығында профессор ғылыми деректер мен Құран арасынан қарама-қайшылық табуға тырысты. «Өтірік оған алдынан да артынан да жолай алмайды. Оны Данышпан әрі Мақтауға лайықтының өзі жіберген»... Қасиетті кітаптағы сөздерден Жаратушының кемел сипаты мен қолтаңбасын таныған оқымысты кейін Құран жөнінде арнайы кітап жазады. «Құран, Тәурат, Інжіл және ғылым.. Қасиетті жазбаларды қазіргі заманғы білім тұрғысынан талдау» деп аталған бұл еңбегі батыс мемлекеттерінің барлығын таң қалдырып, қоғамдық ойға қозғау салды. Дүкен сөрелеріне түскен оның алғашқы данасын жұрт талап әкетеді. Кітап француз, араб, ағылшын, индонезия, парсы, серб пен хорват және түрік, неміс, урду тілдеріне тәржімаланып жүз мыңдаған данамен қайта басылды.Осыдан кейін бұл еңбек Батыс пен Шығыс елдерінің кітап дүкендерінің барлығына түсті. Ең қызығы, Бюкайдың еңбегіне қарсы кітап жазғысы келген батыс ғалымдарының кейбірі оны оқығаннан кейін Исламды қабылдаған болатын. Кітаптың кіріспесінде Морис Бюкай былай деп жазды: «Құранда жазылған бұл ғылыми ақиқаттар басында мені қатты таңғалдырды. Мен бұдан отыз ғасыр бұрын жазылған кітаптан әр түрлі саланы қамтыған әрі қазіргі ғылыммен үндесіп жатқан мұндай дәл жауаптарды көрем деп ойлаған емеспін». Ғалымның бұл пікіріне Құранның өзі тамаша жауап берген: «Олар Құранға қарап неге ойланбайды? Егер Алладан жіберілмесе, адамдар одан көптеген қарама-қайшылық табар еді».
Хақты таныған ғалым көп адамның Исламға кіруіне де себепші болды. Солардың бірі Жак Ив Кусто. Кусто Гибралтар бұғазын зерттеп жүріп, қызық жәйтқа тап болады. Онда бір-біріне араласпайтын екі су қабатын тапты. Олардың арасын көзге көрінбейтін әлдебір перде бөліп тұрғандай еді. Бұл сулардағы темперутура, тұздану деңгейі мен өсімдіктер әлемі бір-біріне мүлде ұқсамайды. Кусто бұл жөнінде: «Гибралтар бұғазындағы бұл екі су массасының түйіскеніне мыңдаған жылдар болған. Қосылған соң бұл сулар бір-бірімен араласып, екеуінің тұздылығы мен сыйымдылығы бірдей болуы тиіс еді. Бірақ тым жақын түйіскен жерде де олардың әрқайсысы өз ерекшелігін сақтаған. Қысқа қайырғанда, екеуінің бірігуіне су пердесі кедергі жасаған»-деген болатын. Кусто бұл жаңалық өзін көп уақыт бойы қайран қалдырғанын және оны тіпті физика мен химия заңдылықтарымен де түсіндіріп берудің ауыр соққанын айтқан. Бірақ оқымысты Құранда ол туралы осыдан 1400 жыл бұрын жазылып қойылғанын естігенде бұған ерекше таңданды. Оған Құрандағы аятты Морис Бюкай көрсетті. Қасиетті кітаптың әл-фурхан сүресінде бұл жөнінде былай делінген: "Ол - бірінің суы жағымды, тұщы, ал екіншісі тұзды әрі ащы судан тұратын екі теңізді қосып, араласпас үшін олардың араларына бөгет қойды".
Мамандардың сөзіне сенсек, біздің Балқаштың суы да жартысы тұшы жартысы тұзды көрінеді. Ал Кусто кейін былай деп тебіренді: «Бұл мені қайран қалдырды. Құранның аудармасын оқығанда осы сөздің рас екеніне көз жеткіздім. Бұдан кейін мен былай деп дауыстап жібердім: «Қазіргі ғылымды 1400 жылға кейінге қалдырған бұл Құранның адамның сөзі еместігіне ант етемін. Бұл Жаратушының өз сөзі». Осыдан кейін мен Исламды қабылдап, оның шынайылығы, әділеттілігі мен пайдалылығына күн сайын көз жеткізумен болдым. Ақиқатты көрсеткені үшін Морис Бюкайға зор алғыс айтам».
Жолымбет Мәкішев
Makishev_777@mail.ru