Серік Әбдірешұлы. ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімовке А ш ы қ х а т
Кәрім Мәсімов, ҚР Премьер-министрі:
«Мен мемлекеттік тілді дамытуға басты назар аударғым келеді. Қазақстанда қазақ тілін дамыту - өте күрделі мәселе.
Қазақстан - тәуелсіз мемлекет, сондықтан бізге мемлекеттік тілді дамыту аса қажет.»
(Арқалық педагогика институтында айтылған сөз. 09.07.2010ж).
Қазақпарат агеттігінің сайты.
Аса мәртебелі Премьер-министр!
Сіздің құзырыңыздың пәрменділігі мен жоғарылығын мойындай әрі құрметтей отырып, Сіздің жоғарыда айтқан уәжіңізге таңырқай әрі жабырқай отырып, саусақтарымды компьютер теруіштеріне тигізуге мәжбүрмін.
Таңырқатқан әрі жабырқатқан бірінші себеп, Сіздің «Мен мемлекеттік тілді дамытуға басты назар аударғым келеді.» деуіңіз! Осы уәжіңізге орай, Сізге амалсыз түрде мына сауалдарды қоюға тура келеді:
- «...басты назар аударғым келеді.» деген тілегіңіз Сіз премьер болған күннен бастап неге туындамады?
- Сізге кәзіргі құзырлы лауазым бұйырған біршама мерзім мемлекеттік тілді дамытуға басты назар аударуға жеткіліксіз болып келді ме?
- «...қазақ тілін дамыту - өте күрделі мәселе» болса, бұған дейін оған назарыңызды неге аудармай келдіңіз?
Кәрім Мәсімов, ҚР Премьер-министрі:
«Мен мемлекеттік тілді дамытуға басты назар аударғым келеді. Қазақстанда қазақ тілін дамыту - өте күрделі мәселе.
Қазақстан - тәуелсіз мемлекет, сондықтан бізге мемлекеттік тілді дамыту аса қажет.»
(Арқалық педагогика институтында айтылған сөз. 09.07.2010ж).
Қазақпарат агеттігінің сайты.
Аса мәртебелі Премьер-министр!
Сіздің құзырыңыздың пәрменділігі мен жоғарылығын мойындай әрі құрметтей отырып, Сіздің жоғарыда айтқан уәжіңізге таңырқай әрі жабырқай отырып, саусақтарымды компьютер теруіштеріне тигізуге мәжбүрмін.
Таңырқатқан әрі жабырқатқан бірінші себеп, Сіздің «Мен мемлекеттік тілді дамытуға басты назар аударғым келеді.» деуіңіз! Осы уәжіңізге орай, Сізге амалсыз түрде мына сауалдарды қоюға тура келеді:
- «...басты назар аударғым келеді.» деген тілегіңіз Сіз премьер болған күннен бастап неге туындамады?
- Сізге кәзіргі құзырлы лауазым бұйырған біршама мерзім мемлекеттік тілді дамытуға басты назар аударуға жеткіліксіз болып келді ме?
- «...қазақ тілін дамыту - өте күрделі мәселе» болса, бұған дейін оған назарыңызды неге аудармай келдіңіз?
- Бұл ниетті үкімет басы ретінде енді қашан және қандай нақты әрекетке ұластырмақсыз?
Таңырқатқан әрі жабырқатқан екінші себеп, Сіздің «Қазақстанда қазақ тілін дамыту - өте күрделі мәселе.» деуіңіз! Осы уәжіңізге орай мынадай сауалдар өзінен өзі туындайды:
- Сіздің ойыңызша, сонда, қазақ тілін қазақтардың отанында дамыту күрделі болып, Моңғолияда дамыту оңай ма?
- «Қазақ тілін дамыту» деген тіркеске қандай ұғымды сыйғызып отырсыз, қазақ тілі дамымай қалған тіл ме?
- Иврит тілін тірілтуді қолға алғанда, Израилдық үкімет басының оны «өте күрделі мәселе» деп бағалаған пайымы мен уәжі бар ма?
- Аталмыш мәселені «өте күрделі мәселе» деп бағалайтындай, бұл уәжіңізді қандай жайтқа негіздеп айттыңыз: мәселені шешуге қарсы үлкен күш бар ма болмаса мәселені шешуге бұған дейін жұмсалған орасан әлеует пен ресурс нәтижесіз болды ма, әлде қазақ тілі қыруар мәселелердің тоғысқан түйіні ме?
- Бұл уәжіңіз өзіңізге тиесілі ме, әлде оны ғылыми сараптама мен мониторинг нәтижесі көрсетті ме?
Таңырқатқан әрі жабырқатқан үшінші себеп, Сіздің «Қазақстан - тәуелсіз мемлекет, сондықтан бізге мемлекеттік тілді дамыту аса қажет.» деуіңіз! Бұдан туатын сұрақтар:
- Татарстан тәуелсіз ел болмаса да, татар тілін дамытудан бас тартып отыр ма?
- Қазақ тілін дамыту шаралары, Қазақстан Кеңес одағы құрамында болғанда, қолға алынбады ма? Ендеше Тілбілім институты секілді құрылымдар мен жүздеген ғылыми-лингвистикалық өнімдер қайдан шықты?
- «...сондықтан бізге мемлекеттік тілді дамыту аса қажет» деумен кімнің көзін жеткізгіңіз келіп отыр, Қазақстан тәуелді болғанда, қазақ тілі құритын тілдердің қатарына сөзсіз жатуға тиіс пе еді?
Құрметті премьер мырза!
Сіз уәждеп отырған «Қазақстанда қазақ тілін дамыту - өте күрделі мәселе.» деген пайым шын мәнінде қайдан туындап отыр? деген сауалға өз жауабымды бере кетейін. Бұл - қазақстандық мемлекеттік органдар мен ұйымдардың мемлекеттің басты рухани сипатына қазақы мазмұн беруге немқұрайлы қарауынан және олардың басшыларының бұны мемлекеттік ішкі саясаттың мәйегі екендігі мен қазақ ұлтының тәуелсіздігі оның тілінен көрініс табатынын сезінбеуінен; мәселені айқындап, нақты шешудің орнына, жайдақ та көкезу насихатпен құтылудан туындап отырған «күрделі мәселе». Бұған соңғы бірнеше жыл бойы қазақ үкіметін басқарып келген Сіздің де қатысыңыз бар!
Сіз басқарып отырған үкімет «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аталған сағыздай созылған қауқарсыз да бұлдыр құжаттың қазақ тілін дамытуға қандай қатысы барын қарауға талпынған емес. Мақсаты мен күтілер нәтижесі анықталмаған, жауапсыз мұндай құжаттардың болмашы мәселелерді қордаландырып, оған аса күрделі сипат беретінін Сіздің үкіметке қарасты органдар ескерген емес. Тіпті, онжылдық бұл программаның өз мұратына қаншалықты жеткенін саралайтын іскер де білікті сараптың жоқтығы өз алдына, енді содан айырмасы аз, мерзімі де сондай тағы да онжылдық программасымақ туындағалы отыр. Өйткені, басқасын былай қойғанда, «Мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі мемлекеттік комиссия» аталатын Сіз басқарып отырған үкіметтің жанындағы құрылым мемлекеттік тілді дамытуға дәрменді де пәрменді құжат әзірлеуге қауқарсыз, іскер мамандар мен білікті сарапшылардан құралмаған! Елдің тіл саясатына нақты ықпалы боларлық тетікке айналмаса да, осы саясатқа қатысы бар қоғамдағы интеллектуалдық күштердің білігі мен ұсынысын жұмылдыра да, оны іске асыра да алмай отыр.
Осы жайттың көрінісі ретінде мемлекеттік тілді білу деңгейін анықтайтын ҚАЗТЕСТ жүйесі 2006-2008 жылдар аралығында қалыптасып, қолданысқа әзір болғанына қарамастан, әлі күнге міндетін атқаруға кірісе алмай келеді, себеп - оның міндетін заңдандыратын ең болмаса үкімет қаулысы қабылданбастан, түрлі сылтаулардың шаңына көміліп, қоғамда оған деген сан алуан сауалдар туғызуда. Аталған осы жайттардың өзі мәселенің күрделілігі неден туындап отырғанын ұқтырмай ма, премьер мырза?
Құрметті Кәрім Қажымханұлы!
Сіз премьер ретінде аталмыш күрделі мәселенің байыбын түсінуге тырыстыңыз ба? Тырыссаңыз, мынадай қарапайым мәселелерге көзіңіз жеткен болар еді! Сіздің үкіметіңіздің кейбір мүшелері өз қалтасынан ақша шығарғандай, ауыз толтырып, мемлекеттік тілді дамытуға бес миллиард теңге бөлінгенін айтудан танбайды. Алайда, сол миллиардтар қайда, қашан бөлінгені және одан қай нәтиже алынғаны неге айтылмайды? Айта аласыз ба, республикалық бюджеттің қай бабы бойынша қай жобаға сол бес миллиард теңге мемлекеттік тілді дамытуға қашан бөлінгенін? Бөлінсе, аталмыш сала бойынша мәселені еңсеру бес қадамға алға жылжыды ма? Жоқ!
Өйткені, мемлекеттік тілді дамытуға бөлінген қаржы мен мемлекеттік қызметкерлердің қажетін өтеуге, желбуаз насихат шаралар мен нәтижесіз отырыстарға бөлінген қаржы шатасқан түрде айтылып жүр. Миллиондаған мемлекет қаржысы мемлекеттік қызмет атқаруға дайындықсыз келген қызметшілерге қазақ тілін үйретуге негізсіз бөлініп отыр және оның тиімділігін тексеріп отырған үкімет жоқ. Біздің елден басқа әлемнің бір де бір елінен, мемлекет ісін мемлекеттік тілді алмастыратын өзге тілде жүргізетін, халықпен шет тілде қатынасатын бір де бір органды да, лауазымдыны да, қызметшіні де таба алмайсыз, премьер мырза!
Бұл жайт Сізге де қатысты. Сіздің үкімет отырысын ешбір шет тілде жүргізуге қақыңыз жоқ! Қасыңызға тілмаш пен тіл үйретушіні отырғызсаңыз да, министрлермен, әкімдермен мәслихатты қазақша жүргізуіңіз керек! Өйткені, бұл мемлекеттік саяси принцип! Ондай принципсіз ешбір мемлекет өзінің саяси-рухани имиджін де, идеологиясын да дамыта алмайды, абыройын асқақтатпайды. Қысқасы, қазақ тілінің ресми деңгейдегі абыройы мен аясын өзіңіз бастап тарылтып отырсыз, оған министрлеріңіз бен әкімдеріңіз өздерінің мол үлесін қосып отыр! Бұл жайт та, Сіз атаған күрделіліктің бір тінін жуандатып тұрған нәрсе емес пе?
Енді кәзір әзірленіп жатқан кезекті онжылдыққа арналған бағдарламаға оралайық. Бұл бағдарламаның тұжырымдамасы қоғамға жарияланбағандықтан, оның мақсатының да айқындығына шүбәміз бар. Тіпті, «қазақ тілін дамыту» деген тіркестің өзі де сондай бұлдыр қадамдардан туындаған буалдыр ұғым болып табылады. Сонда бұл бағдарлама тілді қай жағынан дамытпақ? Қысқасы, нақты мәселе айқындалып, анық сұрақ қойылмайынша, ешбір мәселе шешілмейтінін өзіңіз жақсы білесіз. Демек, мәселенің күрделілігі де сол нық қадам мен айқын ойдың әрекетке ұласпауында емес пе, премьер мырза?
Әлгі айтуға желеу болып жүрген миллиардтар да сондай бұлдыр іске жұмсалып, құмға сіңген судай болып жатқан қаражат емес пе? Тіпті, мемлекеттік тілдің қолданым ортасы барынша тарылған мемлекеттік дәліздерде өгей тілді ана тілі еткен азаматтарға қазақ тілінің грамматикасын жылдар бойы оқытып, жыл сайын нәтижесіз қаржы жұмсау қандай қисынға жатады, соны сұрастырдыңыз ба? Орыстілді ортаға шыдай алмай, мемлекеттік тілді қолдана алмай, мемлекеттік қызметтен шығып кеткен азаматтарды білесіз бе?
Елдегі тауар айналымына қатысты жарнамалар мен ақпараттардың, бизнеске қатысты отырыстар мен семинарлардың барлығы дерлік өзге тілдерде өтіп, таралатынын, сөйтіп, қазақтілді азаматтардың құқығы аяқасты болып отырғанын жақсы білесіз ғой? Ең болмаса, елге кіретін тұтыным тауарларындағы жапсырмаларға да тіл бойынша импорттық талаптар неге қатар қойылмайды? Осыларды ұйымдастыру мен талап ету қаншалықты күрделі? Осы жылдар ішінде аталмыш мәселелер бойынша үкімет не істеді? Тиісті түрде үкімет шешімін қабылдасаңыз, «Қазақстанда қазақ тілін дамыту - өте күрделі мәселе» болар ма еді?
Сіз бір елдің премьері ретінде біздің елдегі мемлекеттік тілдегі білім беру жүйесі бұдан он тоғыз жыл бұрын ыдыраған Кеңес одағының этностық сипатынан әлі арылмағанын білесіз бе? Біздің елде қазақ, орыс, украин, неміс, өзбек, ұйғыр т.т. этностық мектептер болғанмен, мемлекеттік сипаты бар мектеп пен балабақша жоғын аңғарасыз ба? Он жеті жасқа келгенше алуан этнос тілдерінде ғұмыр кешіп, өздерін өзге елдің өкілі сезініп келген адамға қолданым аясы мейлінше тарылған қазақ тілін үйретудің аса күрделілігін ескересіз бе? Елдегі білім беру мен тәрбие саласына мемлекеттік мазмұн беру турасында, сірә, үкіметтік отырыс болды ма?
Премьер мырза! Сіз қазақ тілінің қолданым аясын құрайтын ақпарат кеңістігінің қай тілдің пайдасына шешілгеніне назар аударып отырсыз ба? Елдегі қазақтілді БАҚтың үлесінде небәрі 5-7% ғана ақпарат өнімі тиесілі екенінен хабардарсыз ба? Ендеше мәселенің күрделілігін халыққа жаюдың қаншалықты қисыны бар? Оның барлығы Сіз басқарып отырған елдегі басты мемлекеттік орган жұмысының нәтижесі емес пе?!
Құрметті Кәрім Қажымханұлы!
Сіз - әлемдегі түркі халықтарына тиесілі санаулы үкіметтің бірін басқарып отырған бауырымсыз. Сіз қазақ тілінің түркі тілдерінің бай да іргелі лексикалық қорын қалыптастырған және грамматикалық дамуы жағынан әлемдік деңгейдегі ағылшын тіліне барынша жуық, табиғи әлеуеті мен икемі зор Тіл екенін жақсы білуіңіз керек! Қазақ тілінің дамуы мен таралуы барлық түркі тілдерінің нығаюына зор әлеует екенін сезуіңіз қажет! Ендеше мәселені барынша бадырайтып, ақталудың орнына, Сіздің бұл саладағы үлесіңіздің тарихи маңызды да мазмұнды әрекетпен қамтылғаны қисынды емес пе? Сіз премьер ретінде де, ел азаматы есебінде де, қазақ тіліне айырықша үлес қосу миссияңыздың ерекше екенін ескергеніңіз жөн. Еліміздің тұңғыш президентінің бастамасымен құрылған Мемлекеттік тілді дамыту қоғамдық қоры қаржылық зәрулікке ұшырап отыр, Сіз бастаған шенділер тобы өздерінің жеке үлесін бұл тарапқа да салып, азаматтарға жекелей үлгі көрсетуі тиіс емес пе?!
Сізге бұл ашық хатты жолдау арқылы жеке басыңызды мінеп, абыройыңызға нұқсан келтіруді ойлаудан аулақпын. Дегенмен де, қоғамда қалыптасқан кертартпа пікірлер мен жайттардан абай болуды ескерткім келді.Бірақ Сізге орасан табиғи және экономикалық ресурсты басқару бұйырған, әлемдегі аумағы жағынан тоғызыншы орынды иеленіп отырған тәуелсіз елдің үкімет басы ретінде мемлекетіміздің идеологиялық, лингвистикалық және рухани нышаны болып табылатын мемлекеттік тілі турасында бұлай айтуыңыз, жараспайды. Мәселенің көлемін халық бағалап, ал Сіз соны айқындау мен шешуді қолға алсаңыз - нұр үстіне нұр болар еді.
Әрине, бірнеше ғасыр бойы бодандықта болған тілдің мемлекеттік мәртебеге жаратылуы күрделі жайттарды туындатып, оны шешу сәйкес түрде үлкен әлеует пен ресурсты, жанқиярлық әрекетті керексінетіні белгілі. Бұл мәселе бойынша атқармақшы ісіңіз бен ниетіңіз жемісті болар деген үміт аралас тілек білдіремін.
Құрметпен, Серік Әбдірешұлы.
ҚР азаматы.