ҮЙТІП КЕТІПТІ, БҮЙТІП КЕТІПТІ...
Күн сайын еститініміз: Үйтіп кетіпті, бүйтіп кетіпті, сүйтіп кетіпті, атып кетіпті, шатып кетіпті, сасып кетіпті, батып кетіпті, жатып кетіпті, қатып кетіпті, шашып кетіпті, зорлап кетіпті, қорлап кетіпті, сорлап кетіпті, алдап кетіпті, атайын деп жалдап келіпті, шашын тықырлап алып, жан-жағын барлап кетіпті, шпиондар өріп кеткен, елімізді шарлап кетіпті...
Радикалдар халыққа оқ атты, қазақ қазаққа боқ атты, көздерімен шоқ атты, бұзып кірмек боғатты, біреу біреуді алдап жатыр, енді бірі арбап жатыр, күлтебеде күнде жиын, «не болып кетті?» деп талдап жатыр, біреу біреудің қанын шашып кетті, енді бірі билік дәлізінде біреудің аяғын басып кетті, байлыққа батқан миллиардер, шетелге қашып кетті, кетерінде талай былықты ашып кетті...
Кеше былай болды, анаудың өмірі лай болды, өйтіп кетті, сөйтіп кетті, ұрып кетті, сұмдықтардан шашыміз тұрып кетті, діни ағымдар жастар өмірін бұрып кетті, мұсылмандық иманымыз құрып кетті, жұлып кетті, ұлып кетті, тепкілеп тастапты Ұлықбекті, қатындар шылым шекті, адамдар қалды ма, сүйегі текті?
Анау мыжып кетті, қызып кетті, сызып кетті, атты, жатты, арам қатты, өтірік құшақтады, артынан пышақтады, көзіміз қараң, көңіліміз алаң, мына өмір жаман...
Айтатынымыз өсек, ойлайтынымыз төсек, күліп жатыр шөпшек, қариямызда тоқал, қолына ұстағаны бокал, бірінен бірі сұрағаны «шотал», айтатындары: құры, жоғал!
Туып кетіпті, кіндігін өзі кесіп, қанын жуып кетіпті, баласын қоқысқа лақтырып, көңілі суып кетіпті, түрмеден төртеу қашып, оларды төрт жүзі қуып кетіпті, шақалағын дәрігерлер сатып кетіпті, байлыққа батып кетіпті, анасының емшегі иіп кетіпті, көршінің қызы бір негрге тиіп кетіпті, ораза айында оңбаған біреу құранның үстіне сиіп кетіпті...
Тағы күнде еститініміз: Анау халық нәпақасымен байып кеткен, пәлен ауылды тасқын шайып кеткен, бір әйел дамбалын бағдаршамға жайып кеткен, анау өртеніп, жанып кеткен, «Джиптер» жарысып, бірі қалып кеткен, біреуді бес баласымен қағып кеткен, бір мас арықта ағып кеткен, бір бай кедейдің басын шағып кеткен, онымен қоймай, мұрнына солидор жағып кеткен, кемпірді мазақтап, шашына бантик тағып кеткен... Пәлен базар жанып жатыр, оларды өшіруге барын салып жатыр, елде жемқорлық, бірінен бірі алып жатыр...
Күнде еститініміз: Өйтіп кетіпті, бүйтіп кетіпті... Құдайым-ай, елде тыныштық болса екен, сол тыныштықты бұзғандар... арғы жағын өздеріңіз жазыңыздар, байлыққа, мансапқа семіре бермей, сәл-пәл «азыңыздар!»
Мұхтар Шерім
Abai.kz