ЕЛДІҢ БІРЛІГІ БИЛІККЕ КЕРЕК ПЕ?
Жердің дауы кімнің кім екенін әшкереледі? «Халқым» дегенде көзінен жас парлайтындардың көбінің әншейін әртіс екенін көрдік. «Жұртым» дегенде жүрегімді жұлып беремін» деп жүргендер бір ауыз сөз айта алмай мандырап қалды. Саясаткер, қоғам қайраткері, жазушы, ақын, әртіс һәм әр «жылт еткеннің» дені түйеқұстай басын «құмға тығып» жатыр. Өз басын қорғай алмай жүрген сол «жылтетпелерден» не үміт, не қайыр?
Жалпы, «елде бірлік болу қажет» деген ұранды билік жиі айтады. Бұл қазір біреулерге мемлекетіміздің басты идеологиясы секілді көрінер. Бірақ, шынтуайтына келгенде сол бірлік біздің билікке ешқашан да қажет болған емес. Шама-шарқы келгенше, елді бөлшектеп билеуді жөн көріп отыр.
Дәлел керек дейсіз бе?
Байлар мен кедейлер...
Шетелге ақшасын тасыған байлар мен нанын тауып жей алмай отырған кедейлердің арасында қайткенде бірлік болады?. Орта тап қалыптасқанда ғана. Ол бізде жоқ.
Ұлттар мен ұлыстар...
«Қазақстан халқы ассамблеясы» деген қуыршақ ұйым құрылған. Мемлекетіміздегі қазақ ұлты мен өзге диаспоралардың арасындағы татулықтың кепілі осы ұйым болуға тиіс. Бұл құрылым ешқашан өзге диаспораларды қазақ ұлтының айналасында топтастыруды басты бағыт еткен емес. Мәселен, жер мәселесінде мемлекеттің шаңырағы шайқалып кете жаздады. Ассамблея іргелі ұйым ретінде жұмған аузын аша алмады. Демек, мемлекетті құраушы ұлт қазақ халқының оларға енді жүрегі жібімейді деген сөз.
Тіл мен тілдер...
Ел-жұрт бірігу үшін – бір ғана тіл қажет. Бір тілдің айналасында ұйыспаған жерде бірлік, тұтастық болмайды. Мұны билік білмейді емес, біледі... Біле тұра 25 жыл елді қазақтілділер және орыстілділер деп екіге бөліп, біртұтас ұлтқа айналуымызға бөгет жасап келді. Енді бұл топқа ағылшын тілділерді жекпек. Дұрысы еліміздегі халықтың 82 пайызы білетін қазақ тіліне басымдық беріп, өзге тілдердің басын мемлекеттік тілдің алдында идіру қажет-ті.
Дінмен мен діндер...
Тәуелсіздік алғалы бері шекараны айқара ашып, әлемде қандай дін, қандай ағым бар, соның бәрін елге кіргізіп алдық. Діні бір емес ұлт ешқашан бір бола алмайды. Қазір халықтың бірі арабтың, бірі түріктің, бірі шүршіттің танымын идеал етіп, ұлттық сенімді қырық жамау жасап келеді. Осылайша олар өзара әркез алауыз болып, биліктің мүмкіншілігін артыруда.
Ру мен рулар.
Қазақ ұлты тұтасса, бұл ел нағыз азат елге айналып, жоғарыдағы әр шешім қазақтың қалауымен шешілер еді. Мұны қаламайтын топтар әрдайым қазақ рулары арасына от жағып, рушылдық, жершілдік дертін асқындырып отыруға тырысады.
Қош! Мемлекет халқының бірлігіне қарсы жасалып келе жатқан астыртын саясатты тізе берсек бүгін тауыса алмайсыз. Астыртын жасамады дегеннің өзінде осыған тосқауыл қоятын идеологияны жүргізу мемлекетіміздің басты ұстанымы болуы тиіс еді.
Жоғарыда айтылғандарды былай қойып, "ауыл халқы – қала халқы", "жұмыстылар – жұмыссыздар", "ұлтшылдар – ұлтсыздар" деп бір қазақты мыңға бөліп алып, Қазақстан халықтарының бірлігі туралы ертегі айту кімді болмасын назаландырары хақ. Осыдан кейін "ел бірлігі билікке шынымен керек пе, жоқ па?" деген орынды сұрақ туады.
Қазір елімізде мыңдаған әлеуметтік топтар бар. Жер мәселесі сол әлеуметтік топтардың басын бір арнаға тоғыстырды. Яғни, жер мәселесі елдің, дұрысы ұлттың бірлігін сақтап қалатын басты құндылық екенін көрдік. «Ұлт қайткенде тұтасады? Қайтсе бір идеяға бірігеді?» деген ғасырлық сұраққа жауап табылды. Осындай сәтте түйеқұстай басын «құмға тығып» жатқан тұлғаларға қарап мөңіреп, бірін мақтап, бірін даттап, негізгі тақырыптан ауытқымау қажет... Менің айтпағым осы еді?
Қ.Бірлікұлы
Abai.kz