Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4513 0 пікір 1 Маусым, 2009 сағат 05:23

Зират басына мешіт соғу дұрыс па?

Тау самалынан алыстап, Қарасай ауданы аймағына кіргеніміз сол, жотадағы қорым түбінде мықшыңдап жатқан адамдарды көрдік. Патша сарайындай үлкен бір ғимараттың іргетасын қалап жатқан құрылысшылар екен.
Жоғарылау тұсында аспанмен таласып кесене тұр. Оу, бұлар айдаладағы қорым басында не салып жатыр? Елсіз мекенге нендей ғимарат қажет болды екен? Қызығушылығымыз жеңіп, жақын барып сұрадық. «Анау – марқұм Жатқанбай Ішпекбаев ақсақалдың зираты, мынау ұлының әкесіне арнап соғып жатқан 250 адамдық мешіті»,– деп жауап берді құрылысшылар.

Тау самалынан алыстап, Қарасай ауданы аймағына кіргеніміз сол, жотадағы қорым түбінде мықшыңдап жатқан адамдарды көрдік. Патша сарайындай үлкен бір ғимараттың іргетасын қалап жатқан құрылысшылар екен.
Жоғарылау тұсында аспанмен таласып кесене тұр. Оу, бұлар айдаладағы қорым басында не салып жатыр? Елсіз мекенге нендей ғимарат қажет болды екен? Қызығушылығымыз жеңіп, жақын барып сұрадық. «Анау – марқұм Жатқанбай Ішпекбаев ақсақалдың зираты, мынау ұлының әкесіне арнап соғып жатқан 250 адамдық мешіті»,– деп жауап берді құрылысшылар.
Атақты Ішпекбаевтардың әулетін республикада білмейтін адам кемде-кем шығар. Алматы облыстық Ішкі істер басқармасын басқарып, бір күнде Ішкі істер министрінің вице-министрі қызметіне тағайындалып, Астанадан бір-ақ шыққан Алик Ішпекбаевтың құдіретімен осынау түрен тимеген әсем жота жырылып жатқанға ұқсайды. Сексеннің сеңгіріне шығып қайтыс болған Жатқанбай ақсақалда не арман бар десеңізші?! Әке аруағын сыйласа, Аликтей асыл ұл сыйласын! Алайда, шариғат заңы бойынша Алланың үйі – мешіттер тек елдің көп қоныстанған жерінде, сол елдің игілігі үшін салынушы еді ғой. Мәртебелі А.Ішпекбаев мырза бұл мешітті қай халық үшін салып жатыр?.. Құрылысшылар: «Мешіт құрылысы біткен соң, осы маңайға ауыл түседі»,– деп, «жұбатқысы-ақ» келді. Бірақ, әлбетте, табиғаты көз тұндыратын сұлу аймақ өз елінде алақандай жер бұйырмай  шаңырақтары ортасына түскен қазақтың отбасыларына бұйырмасы айдан-анық. Ауыл дегені өз әулеті мен жақын-жуығынан артылмайтын болуы да мүмкін. Қолында билігі мен «заң-закөні» барлар өз-өзін жарылқай бермей, қаңғып жүрген халқына да бір қарайласса нетті?» - деген жабырқау оймен мекеннен ұзай бердік.
Жол үсті Қарасай ауданы, Шамалған ауылы, Қарасай батыр атындағы облыстық мешітке соғып, мешіттің бас имамы Мұхтар Сардарбекұлы Абсаматовтан көкейде кептеліп қалған екі сұраққа жауап алғандай болдық.
– Негізі, мешіт қазіргі заманымыздың талабы бойынша, өзінің қызметін халыққа көбірек ұсыну үшін ел-жұрттың ортасында, халықтың көп жүретін жерінде, мүмкіндігінше сәулетті жерде орналасқаны дұрыс. Бірақ, сондай жердегі мешіт қана мешіт, басқа жердегісі мешіт емес деген пікір шариғатымызда жоқ. Алайда, мешіттің халықтың баруына қолайлы, пайдалырақ жерде салынғанын көздейміз. Жалпы, мешіттің шарттары бар: құбылаға қарау, шариғаттық сәйкестікке дөп түсіп салыну қажеттігі. Қорым басына мешіт деп ниет етіп салынса, мешіт деп қабылдауға тиіспіз. Ал ата-бабасының басын тұрғызып, оны әспеттеу – мүлдем бөлек тақырып. Қазақстанда бірнеше тарихи жерлер бар. Мысалы, Отырар қаласының сыртында Арыстанбаб бабамыздың қабірі жатыр. Жанында бірнеше ғасырлардан бері жұмыс істеп келе жатқан мешіт бар. Кезінде қала болғанымен, кейін елден жырақтау қалған.
Ал аспанмен таласқан қорымдар туралы не айтасыз?
– Бұл туралы Қазақстан мұсылмандарының Діни Басқармасы, имамдар талайдан бері айтып келе жатыр, бұл айтыла береді де. Ислам діні бойынша қабірді әспеттеуге, көп дүниені шығын етіп, соншалықты зәулімдете тұрғызуға қажеттілік тумайды. Шариғаттың қоятын талабы сол, басына белгі ретінде бір тас қойыңыз, егер қорымның сыртында қоршау болмаса, адам мен мал баспасын деген мақсатта тек қоршап қана қойсаңыз жеткілікті. Арғысы – тірі адамның абыройы үшін әуреге түскен пендешілік, шариғатқа лайықсыз тірліктер.
Мешітті әркім өз әкесінің атынан аша беруіне бола ма?
– Әрине, жоқ. Бірақ, бұл қиын сұрақ. Қазір ҚМДБ бұл мәселені қатаң қолға алды. Мешіт салардан бұрын мешіт салушы кісі Бас муфти Әбсаттар қажы Дербісәлі хазіретке өтініш жазып, рұқсат сұрайды және мешіттің өзі мен жерін түгелдей ҚМДБ-нің филиалы етіп тіркеуге, мешітке ат беріп, имам сайлау мәселесіне, ішкі жұмыстарына араласпайтыны жайында тілхат беруге міндетті. Сондай тілхаттың негізінде ғана діни басқарма ол кісіге мешіт салуға рұқсат береді. Басқа жағдайда, я хазіреттің бұйрығынсыз салынып жатқан мешітті көргенім жоқ. Қысқасы, қазір рұқсатсыз мешіт салынбайды. Ат беру мәселесі де жүйелі жолға қойылды. Мешітке атын беру қандай кісілерге лайық? Егер ол кісі шын мәнінде халыққа, елге қызмет жасаған танымал адам болса, ешқандай лауазымына қарамайды. Ел үшін құрбан болған батыр бабаларымыз, дін үшін қызмет етіп өмірден өткен имамдар, яғни бүкіл ел ардақтап сүйетін тұлғалардың есімін ұсынған жамағаттың өтініші бірнеше процестерден өтіп барып,  Қазақстан бойынша әр облыстың өкіл имамдары, ҚМДБ аппаратының қатысуымен төралқа жиналысында көпшіліктің дауысына салынады. Яғни, мешітке ат беру мәселесін хазірет шешпейді, төралқа шешеді. Лайықсыз деп табылған жағдайда ат берілмейді. Өз басым қандай мешіт салынбасын, елдің, жердің атымен аталғаны дұрыс деп есептеймін. Болмаса жалпы қазаққа ортақ тұлғалар мен дін шамшырақтарының есімдерімен аталса, абзал болар еді.
Мұхан Исахан, заңгер, шариғаттанушы: «ҚР «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер» Заңы бойынша ҚМДБ-нің пәтуасынсыз-ақ, Әділет министрлігінің рұқсатымен мешіт салып, бөлек діни бірлестік құруға жол берілген. Алайда, осы құқықтық норма еліміздің рухани тұтастығына жарықшақ түсіріп отыр. Әсіресе, шетелден келген діни ағымдар осы құқықтық норманы негізге алып, ҚМДБ-ға мұрнын шүйіре қарайды. Мешіт ашып, ат қоюды ғана емес, исламға қатысты мәселелердің құзыреттілігін ҚМДБ-ға берген болсақ, көп мәселенің алдын алған болар едік.
Қорымның басына мешіт салу мәселесіне келетін болсақ, Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Қабырдың басында намаз оқуға жол жоқ», – деген. Бірақ, оның белгілі-бір арақашықтығы бар. Осы арақашықтық сақталса, қорымға жақын жерден мешіт салудың сөкеттігі жоқ. Егер, жаңа салынған мешіт мұсылмандардың ауызбіршілігін бұзатындай болса, онда ол мешітті жапқан жөн. Себебі, Пайғамбарымыз (с.а.у) өз дәуірінде мұсылмандардың бірлігін қаламаған екіжүзділердің салдырған Дирар мешітін өртеткізген болатын. Елімізде көптеген адамдар шариғаттың бұл заңдылықтарынан хабары болмаған соң, ниеті жақсы болса да, кейде қателікке бой алдырып жатады. Жалпы, қазір уахапшылдардың (салафиттер) қабірге зиярат жасауды терістеп, бұл мәселе ел ішінде ушығып тұрғанда, қабірге жақын жерден мешіт тұрғызбай-ақ қойған дұрыс секілді. Мешіт салып, сауап алғысы келгендер ҚМДБ-мен ақылдаса отырып әрекет етсе, жаңсақтыққа ұрынбаған болар еді.
Түйін: Байқап отырған боларсыздар, жауаптар екіұшты. Әу бастан мемлекеттен бөлек діни істерге жауапты имамның өзі біресе «қорым басына мешіт соғуға болады» дейді, біресе «болмайды» дейді.  Соған қарағанда, біздің дініміздің әлде де мықыны  бос, діңгегі әлсіз-ау, шамасы. Мүмкін, бұл сұраққа Дін комитетінің төрағасы Ардақ  Досжаннан  мардымды  жауап естірміз?..

 

 

Автор Гүлжанат Шонабай   
«Қазақстан-Заман» газеті 28 мамыр 2009 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5377