Сәрсенбі, 13 Қараша 2024
Билік 21142 8 пікір 27 Мамыр, 2016 сағат 10:55

«ҚАЙТА ТІРІЛГЕН» ЕРТҰҒЫРЫЛ МЕН РУХЫ «ӨЛІ» ҚАЗАҚ

Екі ай уақыт бұрын «31 арна» телеарнасы Түркияның «Қайта тірілу: Ертұғырыл» атты телехикаясын («Жаужүрек Ертұғырыл) халыққа ұсынды. Бұл тарихи телехикая Осман империясының құрылар дәуірін баяндайды.

Телехикая режиссері – 33 жастағы Мехмет Боздағ (Бозтау), фильмді онымен бірлесе Кемал Текден құрған «Tekden Film» кино студиясы меншік иесі ретінде өндіріске шығарған. Телехикая Түркияның мемлекеттік басты арнасы TRT эфирінен 2014 жылдың 10 желтоқсанынан бері көрсетіліп келеді. Биыл көрерменге екінші маусымы жол тартып, қазірге дейін жалпы саны 60 бөлімі шығарылды. Бірінші маусымында халыққа 26 бөлімі көрсетілді. Елдегі ең үлкен телеарнада көрсетілуінен сырт, «Youtube» видео хостингіндегі өзінің  ресми арнасынан аталған телехикаяның әр бөлімі 2 миллионнан астам рет көрілген. Фильмнің басты ролін Енгин Алтан Дұзайтан сомдайды. Аталған хикая көрерменге жол тартысымен халықтың көңілінен шықты. Телехикая халыққа ұсынылғанына жарты жыл толғанда түсіру майданына Президент Ердоған барып қайтты.

Телехикаяның халықты баурай алуының басты себебі көшпенді өмірдің суреттелуі, көшпелі мәдениет декорациясының қанық бояумен берілуі. Тіпті, кейбір кадрлардан, киіз үй мен төсеніш текеметтерінен қазақы қошқар мүйіз оюларды да байқайсыз. Әрине, фильмде қазақ санасындағы көшпенді өмір айнытпай көрсетілмейді. Алайда, Батысқа модернизацияланған түрік халқы үлкен сілкініс жасады. Әр бөлімнің шығыны 500 000 доллардың төңірегінде болғаны туралы осы елдегі «Posta» газеті жазды. Алайда, өндіріске ұсынғандардың нақты мәлімдемесі жоқ. Телехикая бірінші маусымын аяқтағанда өндірушілеріне 60 мемлекеттен сатып алу өтініші келіп түскен екен.

Түркия фильм индустриясының ғаламат жетістігі ретінде бағаланып жатқан, аталған кинороман туралы Abai.kz редакциясы ізденіп көрді.

ТАРИХИ ТҰЛҒА -  ЕРТҰҒЫРЫЛ

Ертұғырыл ғазы немесе Ертұғырыл бей, Оғыз тайпасынан тараған Қайы руының XIII ғасыр ортасында көсемі болған, Османлы бейлігін (бектігін) құрушы Осман бейдің әкесі. Қазіргі Анадолының батысында,  Сөгүтте өмірден қайтқан. Османлы империясының негізін алғаш қалаушы тұлға. Ол 1281 жылы қайтыс болған соң, ұлы Осман ғазы 1299 жылы Осман империясын құрды.

Қайы руы – Оғыз қаған дастаны бойынша, оғыздардың 24 руындағы, Махмұд Қашқаридің «Диуани лұғат ат-түрік» еңбегі бойынша, оғыздардың 22 руындағы екінші ру. Таңбасы «IVI» пішіміне ұқсас. Османлы империясын 623 жыл билеген патша әулеті осы рудың ұрпақтары. Қайы – Оғыздардың Бозоқ қанатынан тарайды. Бұл көне түрік мемлекеттерінің әкімшілік құрылымының шығыс бөлігінің атауы. Дерекке сай Бозоқ қаласы Есілдің бойында, Қараөткелден оңтүстік-шығыс бағытқа қарай бес шақырым қашықтықта орын тепкен.

Оғыз Қағанатынан кейін, әу баста Сығанақ пен Қаратауда мекендеген Оғыздың Селчүк(Салжұқ) ақсүйек әулеті біртіндеп батысты жаулай қоныс аударып, Селчүк мемлекетін құрды. Осы әулеттің ұрпағы Алпарслан 1071 және 1081 жылдардың аралығында Кіші Азияны жаулап алды.  Осы аралықта «Анадолы бейліктері» аталған шағын мемлекеттер құрылды. Осман империясы да алғашында Османлы бейлігі ретінде құрылған еді.

Ертұғырыл ғазының әкесі Сүлеймен Шах. Шыңғысханның Орта Азиядағы үстемдігінен кейін Түркістан аймағынан 50 мың кісіні бастап, батысқа, Шығыс Анадолыға көш түзеген адам. Оның Сұңғыр Текин, Күнтуды, Ертұғырыл, Дүндар атты төрт ұлы болған. Сүлеймен Шах кесенесі Түркияның Сирия шекарасында, Шекараға 30 км жақын Сирияға тиесілі жерде орналасқан. 2015 жылы 21 ақпанда Сириядағы ішкі соғысқа байланысты кесене шекараға 180 метр ғана жақын Ешме ауылына уақытша көшірілген. Бұл өз кезегінде талай дауға түрткі болды. Түркия болса Лозанна бітімі мен Анкара келісімі бойынша Сүлеймен Шах орналасқан аймақты Түркияға тиесілі топырақ деп санайды.

Ертұғырылдың ата тегін басқаша тарататын деректер де бар. Біреулер оны Сұлтан Мәлік шахтан таратып, оның Күндізалып ұлынан туған немересі ретінде көрсетеді. Шах Мәлік 1072-1092 жылдары белсенді билігі тұсында Грузия мен Орта Азиядағы Қарахан мемлекетін бағындырған қолбасшы. Салжұқ мемлекетін саяси жағынан мықтап күшейткен, мемлекет шекарасын Сырдариядан Нілге дейін, Каспийден Жерорта теңізіне дейін кеңейткен тұлға. Қазіргі Түркия орналасқан Анадолыны жаулаған Алпарслан осы Мәлік Шахтың әкесі еді.

Ертұғырыл ғазының артынан ерген халықтың Батыс Анадолыға қалай келгені туралы нақты дерек жоқ. Дегенмен, оның иелігіндегі Сөгүтті Анадолы Селчүклі тарапынан қатысқан соғыстағы монғолдарға қарсы ерлігі үшін Аладдин Кейкубадтың қыстау ретінде сыйлағаны айтылады. Ертұғырыл Анадолының Үшбейі болған, өмірінің соңына дейін Византиядан келер қатердің алдын алып, жорықта болған. Деректер оның 93 жыл өмір сүргенін жазады.

Тарихи тұлғаның экранизациясында халықтың рухын жанитын сахналар көп. Діни үстемдікке қарсы күрестер, татулық пен берекені дәріптейтін, ерлік пен жігерді мадақтайтын сахналар кісіні еркісіз елітеді.

ТЕЛЕХИКАЯНЫҢ ӨМІРГЕ КЕЛУІ

Фильмнің сценаристі әрі өндіруші-продюсері Мехмет Боздағ: «Телехикаяны алғаш қолға алғанда ешбір актер бізге сенім білдірмеді, жобаның ұзаққа бармай тығырыққа тірелетінін айтты. Қаламасақ та бұл жағдай алғашқыда еңсемізді түсіріп, проблема тудырды. Шүкір, оның бәрі артта қалды. Дұрыс жобаны дұрыс методикамен жүзеге асырсаңыз, жеңіске қол жеткізесіз», - дейді Телехикая туралы  «sabah» газетіне берген  сұхбатында ол.

«- «Қайта тірілу: Ертұғырыл» телехикаясы бір жарым жылдан астам жалғасып келеді, бұл жоба қалай өмірге келді?

- Жобаның 4 жыл бойы ойымызда жүрген құрылымы бар. Османлы Мемлекетінің құрылу барысын түсіндіру ылғи да арманым болды. Өйткені әлемнің ғаламат хикаяларынан бірі еді. Түріктердің Анадолыға келуімен жер беті өзгерді; саяси, экономикалық және әлеуметтік мағынада мың жылды қамтыған бір орасан дәуірді бастатты. Меніңше, «Қайта тірілу: Ертұғырылдың» сұранысқа ие болуының себебі – тарихқа байланысты бір сұрақ қоюы және оның жауабын бергені.

- Телехикая қанша маусымға жалғасады?

- Бұл телехикаяны үш маусымға жоспарладым. Алда әлі бір жарым маусым бар. Оны толық қамтитын сценарий де, хикая да дайын. Соңын қалай аяқтайтынымызды білеміз, бұл актерлерді де бізді де алаңсыз жұмыс істетеді. Бізде тосын сый жоқ.

- Телехикая алғашқы күннен бастап-ақ рейтингтегі маңдай алды орынды бермей келеді, сыры неде?

- Иә, бастағалы біріншілікті бермей келеміз. Өкінішке орай, бүгінге дейін Түрік синемасы, өз тарихы мен арасына перде қойды. «Қайта тірілу: Ертұғырыл» болса бұл алаңда қаңсыған топыраққа су септі. Қоғамымызда бір қасірет, шөліркеу, тарихқа деген сағыныш бар еді. Телехикая бұл сағынышқа өз жауабын берді деп ойлаймын. Фильмді қолға алғанда, продукцияда барлық технологияны қолдандық. Экшн сахналары әлемнің мықты хореография мамандарымен жасалды. Режиссер мен техникалық құрамымыз актерлермен өте жақын қарым-қатынаста болады. Бір үйдің баласындай қызмет етіп келеміз.

- Бұндай массалық көрермен, қошамет күткен бе едіңіз?

 - Шынын айтар болсам, күтпедім. Ешкім де күтпеді. TRT, жобаға бас-көз болып шетінен қолдау көрсетті. Ойлағаныма жан бітіргелі бері күнделік жазып келем. Бірнеше апта бұрын, күнделігімді ақтарыстырып көрдім. Тап болған мәселелер мен қиыншылықтарымызды қайталап оқыдым. Ауыр сынақтарды бастан өткеріппіз.

- Атап айтқанда қандай қиыншылықтарға тап келдіңіздер?

- Өкінішке орай, Түркияда әлі кино индустрия жоқ, Мініске аттарды біз тәрбиеледік, барлық аксессуарларды өзіміз жасауымызға тура келді. Бұлардың машақаты ауыр еді. Киіз үйлерді тігіп, түсірілім жұмыстарына енді бастар кезімізде құйын келіп, үйлерімізді түгел төңкеріп кетті. Бастамай жатып зарарға ұшырадық. Оның үстіне бастауында бірде бір менеджер мен актердің жобаның сәтті боларына сенімі болмады.

- Ол жазған күнделігіңізді кітап ретінде жариялауды ойламайсыз ба?

- Иә, 3 маусым біткен соң кітап етіп бастырамын. Продюсер әрі сценарийсі ретінде бұл тәжірибеден басқалардың да пайдаланғанын, керек жерінен сабақ алғанын дұрыс көремін. Бір істі бастар алдында алдыңа шығар қиындықты да есепке қосып, барлық жақтан дайындалу керек.

- «Актерлер сенбеді» дедіңіз, оларды сізбен бір жолда болуға қалай көндірдіңіз?

- Сценарий мен жобаға деген сенімім оларды бізбен қалуға көндірді. Нарыққа байланысты құбылмадым, босаңсыған актерлерден бірден бас тартпадым. «B жоспарым» болды, бірақ іске асырмадым. Әркіммен түсіністім.

- Телехикая өз актерлеріне жаңа есіктер ашты ма?

- «Қайта тірілу: Ертұғырыл» көптеген актерлерге есігін ашып, жаңа мүмкіндіктер туғызды. Себебі біз, актер мәселесіне қатаң қарадық. Фильм шынайы болуы үшін олардың жеке өміріне де назар салдық. Түсірілім алаңынан суреттер, қандай да бір деректер әлеуметтік желілерде тарамауға тиісті болды. Актерлер құрамы аптаның екі күні ғана демалыс алды.

- Қазір қолға алып жатқан басқа жобаңыз бар ма?

- Иә, бар. Алпарсланды, Малазгертті(Манцикерт деп те айтылады. Малазгерт майданы шайқасы. 1071 жылы 26 тамызда Ұлы Селчүклі әміршісі Алпарслан мен Византия императоры Роман IV Диоген арасында болған, Алпарслан жеңіске жеткен соғыс. –ред.) жазып жатырмын. Қазір хикаясын бітірдім. Сценарийі жазылады, 2017 жылдың қаңтарынан түсіру жұмыстарын бастаймыз. Орта Азияда түсіруді жоспарлап отырмыз. Түркияның маңызды жобаларының бірі болады. Шетелден де актер қатыстырамыз.

- Өткен айларда Президенттің өзі түсіру жұмыстарын көзден өткізіп қайтты. Қалай қабылдадыңыз?

- Жоғары ілтипат болды әрине, Президентіміз де телехикаяны ұнатып көреді. Біздің түсіру алаңымызға келіп тосын сый жасады. Мемлекеттің жоғары билігінен бұндай ықылас көру бізге шабыт берді».

 

***

Жоғарыдағы сұхбат, жарым жыл уақыт бұрын жазылған, қазір телехикая екінші маусымын аяқтауға жақын. Біз бұл материалды неге жаздық? Жумоңды хан Жәңгірден жақсы білетін қазақ баласын тәрбиелеген мына заманда тарихымызды кино етіп түсіре алмайтынымызға қынжылыстан. «Мәңгілік ел!» деп ұрандап, мемлекет болып атқа қонғанда да мерейтойға үлгертіп бес бөлімді болса фильм шығара алмадық. Қазақтың әр үйіндегі мініс аты киноға түсуге дайын, екі иығына екі кісі малдас құрып отыратындай жігіттеріміз көп, батыр кейпіне лайық. Бұндай шартқа қарасаңыз біз әр бөлімін 500 мың доллардан әлдеқайда аз шығынға кино түсіре аламыз. Амал нешік, көш соңындамыз. «Қазақ елі» телехикаясын көреміз деп «шілдені» күтіп жүрген қазақ «31 арна» телеарнасынан тағы бір мемлекеттің тарихын жаттап алды.

Түркияның құрушысы және ұлы көсемі Мұстафа Кемал Ататүрік 1938 жылы қайтыс боларынан екі ай бұрын, 5 қыркүйекте Ыстамбұлда жатқан ауруханасына нотариус шақыртып, өсиет жаздырыпты. Өзіне тиесілі мүліктің үштен бірін бала-шаға, туған-туысына, үштен бірін «Түрік Тіл Мекемесіне(Лингвистикалық Қоғам)», қалған бір бөлігін «Түрік Тарих Қоғамына» қалдырыпты. Бұл екі мекемені де тіліміз бен тарихымызды түгендейік деп өзі бас болып құрған. Бұдан тіл мен тарихтың мемлекет үшін қаншалықты маңызды екенін ойлаған Ататүрік даналығын көруге болады. Тақырыпқа тұздық болған телехикаяның өзегін жазып, қаһармандық сахналырын термелеп отырмадық. Шетелден кино мен телехикая сатып ала бергенше, аздап болса да үлгі алсақ екен деп сөзімізді аяқтаймыз.

Нұрғали Нұртай

Түркия

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1239
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 2950
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 3320