Жексенбі, 10 Қараша 2024
Қоғам 5079 0 пікір 26 Мамыр, 2016 сағат 14:37

СОВЕТТІК МИФТЕРДІ СОМДАҒАН ФУРМАНОВ КІМ ЕДІ?

Қазіргі заман зерттеушілерінің пайымдауынша, Дмитрий Андрейұлы Фурманов – азамат соғысының нақты  тарихын адам танымастай етіп бұрмалаған советтік мифологияның іргетасын қалаушылар қатарында болған қаламгер. Мұны оның атағын асырған екі деректі шығармасы – бір тұлға тағдырын бейнелейтін «Чапаев» пен бір оқиға жайын әңгімелейтін «Бүліншілік» атты туындылары дәлелдейді. Екеуінде де сюжеттер автордың өзінің қатысуымен дамитынын білеміз. Алғашқысы Шығыс майданындағы Василий Чапаев басқарған 25-ші атқыштар дивизиясының 1919 жылғы Жайық бойындағы іс-әрекетін, екіншісі 1920 жылы Алматыда орын алған контрреволюциялық бүлікке қатысты жағдайларды әңгімелейді. Екеуінің де қазақ жерінде өрбігені мәлім. Сондықтан  да біз бұл қос шығарма авторын мерейжасына орай,  көпке беймәлім қырынан еске ала кеткенді жөн көріп отырмыз. Оның үстіне...

Тәуелсіздік дауылы Алматыдағы әсем даңғылдан «мәңгі тірі» саналған  большевизм көсемі  Лениннің есімін әлдеқашан жұлып әкеткен. Зәулім ескерткіші құлады. Алайда қаланың таңдаулы көшелерінің бірі большевик Фурмановтың атында, күні бүгінге дейін өзгерген жоқ. Шаһардың қақ ортасындағы саябақта кеудемүсіні де бәз-баяғы қалпында тұр. Мұның  сыры неде болуы мүмкін? Мұны, шамасы, Қазақ энциклопедиясындағы оның өмірбаяндық анықтамасына жазылған: «Верный (Алматы) қаласындағы Совет өкіметіне қарсы ұйымдастырылған бүлікті жоюға басшылық етті», – деген жолдармен түсіндіруге болар. Осы энциклопедиядағы арнайы мақалада Фурманов басқан «Верныйдағы советтерге қарсы бүлік – бай-кулактар мен буржуазиялық ұлтшылдардың 1920 жылғы 12 июньдегі контрреволюциялық бүлігі» екені айтылған.  Демек, оның есімінің демократия дауылына мызғымай төтеп беріп тұруының себебі осында жатса керек. Ал, осынау қаһармандық аңыздың іргетасын мызғымастай бекем етіп өруге, сөз жоқ, большевиктік классикаға айналған  «Бүліншілік» атты деректі туынды әсер етті. Фурмановтың бұл кітабы 1925 жылы шыққан. Жарық көрісімен қазақ большевиктерінің де жастанып оқитын шамшырақ-шығармасына айналған. Өзінің «Бүліншілігінде» Ораз Жандосовты табанды большевик ретінде ыспаттағаны үшін Фурмановты кезінде Сәкен Сейфуллин жақсы бағалаған. Республика Жоғарғы Сотының мүшесі Сапар Мұстафин осы кітапта теріс қылығымен аталатын Қарабай Әділбековті классик рухтандырған бағытта тұқыртып қайту үшін Меркеге аттанған...

«Бүліншілік» қазақшаланады. Кітаптың негізінде жазылған пьеса ұлт театрында сахналанады. Мектептерде, кітапханаларда Верный бүлігін басқан адал лениншіл Дмитрий Андреевич Фурмановты тілге тиек еткен ашық сабақтар, оқушылар конференцияларын өткізу дәстүрге айналады. Бертініректе Фурмановтың Алматыға келген бағытымен жүріп өтуді мақсат еткендер шығады. Естеліктерін жинаушылар іске кірісіп, Фурмановты Бурное–Верный күрежолымен тасымалдаған көшірлер мен олардың үрім-бұтақтарын іздестіреді. Атақты большевиктің тап өзін тасу бақытына ие болған жәмшіктер мен олардың бала-шағалары жайында жан тебірентерлік қалам тербеледі...

Алайда бұл трасса бойындағы тасымал қызметіне Фурмановтың көңілі толмаған болатын. Сол себепті жол бойғы бекеттер мен пошта тасушыларды әскери адамдармен ауыстыруды 1920 жылдың көктемінде Алматыға келісімен қолға алған. Жалпы, ол большевиктік идеяны найза ұшымен орнықтыруға оң иығын беріп тұрған қызыл күрескердің нақ өзі-тін. Оның Верныйда «революция жауларын» топтап, тергеусіз, сотсыз атып тастағаны жайында 90-шы жылдардың басында осы жолдар авторына алматылық тарихшы Ивлев әңгімелеп берген еді. Идеологиялық бұғаудан азат бүгінгі азамат оның Верныйда өткізген төрт айындағы солақайлықтарын әділ таразылай алады.   Астыртын тәсілдермен жасанды қылмыстық іс қозғауға шебер жәдігөй де көлгір большевизмнің «қаһармандық тарихына» оның қалай үлес қосқанын артына қалдырған шығармаларынан кім-кім де дөп басып тани алады. Ол 30-шы жылдарғы жаппай репрессияның алғашқы тәжірибесін Алматыда 1920 жылы іске асырды...

Дмитрий Фурманов 1891 жылы Ярославль губерниясында шаруа отбасында дүниеге келген. Кинешма реальды училишесінде, Мәскеу университетінің филология факультетінде оқыған. Университетті бітіріп үлгермей (1924 жылы аяқтайды), 1915 жылы бірінші дүниежүзілік соғысқа аттанады (санитарлық пойызда прапорщик шенінде қызмет етеді, сонда мейірбике Анна Стешенкомен танысып, үйленеді). Соғыстан оралған соң, идеялық ізденістері жетегімен әуелі максималист эсерлер қатарында болады, одан анархистерге өтеді. 1917 жылы Иваново-Вознесенскідегі революциялық ұйымдар штабының хатшысы қызметінде  солшыл батыл іс-әрекеттерімен көзге түседі. Артынша жергілікті Советтер төрағасының орынбасары боп сайланады. Питердегі большевиктер жасаған 25 қазан төңкерісіне наразылықтарын білдіру үшін бейбіт ереуілге шыққан пошта-телеграф қызметкерлерін тұтқындатады. Сол кезде Иваново-Вознесенск губерниясының әскери комиссары және большевиктердің губерниялық комитетінің төрағасы Михаил Фрунземен жақын танысып алады. Осы оқиғалар барысында өзінің саяси жолын өзі айқындай келе, әсіресе саясатта таңдау жасауына Фрунземен танысуының нақты әсер етуіне байланысты, 1918 жылдың жазында большевиктер партиясына кіреді. Со жылы Фурманов қызылгвардияшылар жасағын бастап, Ярославль көтерілісін басуға қатысады. Сол жылдың күзінде большевиктер партиясы округтік комитетінің хатшысы және Ярославль округтік әскери комиссары лауазымына көтерілген Фрунзенің тапсырмасына сәйкес, әскери бөлімдер ішіндегі насихат жұмысын басқарады. 1919 жылдың басында Фрунзе Шығыс майданы 4-ші армиясының командашысы лауазымына тағайындалғанда, ол да саяси қызметкер ретінде сонда аттанады.

Наурызда 4-ші армияның Василий Чапаев басқаратын 25-ші атқыштар дивизиясының комиссары боп тағайындалады. Алайда командирмен кей реттерде келісе алмай жүреді, ақыры жоғары әскери басшылыққа оның лауазымына лайық еместігін әшкерелейтін және қызметінен алынуы тиістігін дәлелдейтін баянхат жазады (кикілжіңнің шын себебі, бертінде Фурманов мұрағатын жан-жақты зерттегендердің жазуынша, оның әйелі мен Чапаевтың арасында махаббат секілденген қарым-қатынастар пайда болғанында еді). Алайда, тексеру нәтижесінде, командир емес, комиссар орнынан ығыстырылады. Сөйтіп ол Чапаевтың штабын казактар тас-талқан еткенге дейін Жайықтан Түркістан өлкесіне кетеді. Армия командашысы Фрунзе оны тағы да өз қарамағына алады. Фрунзе бұл кезде, 1919 жылғы тамыздан, Түркістан майданының командашысы, әрі Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитеті мен Халық Комиссарлары Кеңесі құрған Түркістан комиссиясының мүшесі-тін. Фурманов алғашында Түркмайдан саяси басқармасы бастығының орынбасары қызметіне, ал жыл соңында Түркістан майданы реввоенсоветінің (әскери-революциялық кеңесінің) Жетісудағы уәкілі лауазымына тағайындалды. Оған Жетісу облысындағы барлық партия ұйымдарын бақылау, яғни коммунистердің адалдығы мен сенімділігін қадағалап отыру тапсырылып, Түрккомиссия атынан айрықша мандат қоса берілді.   

Фурманов Алматыға он шақты жауынгер серігімен бірге келді. 1920 жылғы сәуірдің 5-6-ларында әйелі Анна Стешенко-Фурмановамен бірге қала ортасындағы Белоусов мейманханасына орналасты. Осында төрт ай тұрып, Жетісудың дәм-тұзын татты. Түркістан майданы Әскери Трибуналы көшпелі сессиясының мәжілісінде – Верныйда 11–19 маусымда совет өкіметіне қарсы контрреволюциялық бүлік болғанын бас куә ретінде дәйектеп, сөз сөйлеп тастап барып, тарихи соттың ақырын тоспастан, 1 тамыз күні осы үйден зайыбы және жауынгер досы Анна-Ная екеуі Кубаньға, жаңа қызмет орнына аттанды. Оған дейін осы үйде ол «буржуазиялық ұлтшылдармен» шешуші айқасқа шыққан. Мейманхана бөлмесін құдды «Октябрь төңкерісінің штабындай» сезініп, особист (айрықша бөлім қызметкерлері) жолдастарының құпия жұмыстарын үйлестіріп отырған еді...

Мұсылман қайраткерлері мен олардың большевизм мақсаттарына үйлесіңкіремейтін іс-әрекеттері жайынан Фурманов Ташкентте, Түрккомиссия апппаратында біршама қаныққан. Тиісінше өзіндік ой да қорытқан. Тиісінше, жаңа лауазымына сай тапсырмамен Ташкенттен шыққаннан бергі жол бойы да, Верныйға келген соң да соларды әшкерелей түсетін деректер жинаумен шұғылданған-ды. Мәселен, Түркістан Республикасының Орталық Атқару Комитеті (ТүркЦИК) 16-шы жылғы ұлт-азаттық көтерілістің зардаптарын шегіп әуелі Қытайға, одан бермен қарай босқан Жетісу қырғыз-қазақ босқындарын жерге орналастыру үшін Айрықша комиссия құрған болатын. Сол Айрықша комиссияның төрағасы Төреқұл Жанұзақовтың үстінен Мерке өңіріндегі байырғы мұғалім Қарабай Әділбеков арызданады. Шамасы, бір кезде Әулиеата әскери комиссары болған Жанұзақовпен Әділбековтің жұлдызы ертеден жараспаса керек. Ол Жанұзақовтың әкесі ат ұрлаумен байыған, баласы да әкесіндей, пәреқор, қатыгез адам деп хабарлайды. Соған байланысты Фурманов күнделігіне былай деп жазып қояды: «Орталықта, шамасы, Рысқұлов (Түркатком төрағасы Тұрар Рысқұлов – Б.Қ.) тұр. Агенттерін жер-жерге аттандырған. Аса жақын агенттерінің бірі – өзінің күйеу баласы, Жанұзақов. Екеуі де 16-шы жылғы көтеріліске белсене қатысқан, осы көтерілісті басқарған. Рысқұловтың үстінен түскен мәліметтер әзірге буалдырлау сипатта: ол бай, ең жақындарына бөліп беріп қойған жүздеген бас малы бар: ол Жанұзақовтан ақшалай қаржы алып тұрады. Таза емес. Жанұзақов барып тұрған оңбаған және қылмыскер адам. Қылмысты ісі үшін ол тұтқынға алынып, түрмеге отырған да». Пішпекте (Бішкекте) де, Верныйда (Алматыда) да Фурмановтың особист, яғни айрықша бөлімнің құпия жұмыстар жүргізетін қызметшісі боп табылатын серіктері Жанұзақов Төреқұлдың соңынан шырақ алып түседі. Бірақ, Фурманов күнделігіне таңырқай жазғандай, күллі мұсбюро (Жетісудағы мұсылман коммунистерін  біріктіретін партия бюросы) оны сыйлайды, аузына қарайды. Революциялық комитет, төтенше комитет, революциялық трибунал (ревком, чека, ревтрибунал) солармен бірге. Бірақ бұған Фурманов мойымайды.  Бәрібір ұлтшылдарды аймандай ғып әшкерелеу қажет деп біледі ол... Ақыры, особистер танытқан большевиктік «қырағылық» нәтижесінде – «көтеріліс әзірлеп жүрген Жанұзақовқа қару-жарақ қоймасы туралы» хабар апара жатқан жаушы қолға түсіріледі. (Рас, Фурмановтың өзінің мойындауынша, кейінірек тыңшының да, оның Жанұзақовқа деген хатының да жалған екені белгілі болып қалады. Яғни «көтеріліс жасамақ болған Жанұзақовқа хатты» особистер ұйымдастырған. Алайда негізгі мақсатқа жету үшін өздері қолдан қиыстырған интригаға, авантюралық өтірікке қысылатын болса – оның несі большевик!) Ізінше Жанұзақов жасанды «қылмысы» үшін тұтқынға алынады. Үйіне тінту жүргізіледі. Онымен жапсарлас бөлмеде тұратын Жетісу облыстық әскери-революциялық комитеті төрағасының орынбасары Қашқынбаевтың дүние-мүлкі де астан-кестен тінтіледі. «Заттары араласып кетіпті», – деп белгілеп қойды Фурманов 1920 жылғы 11 мамырда, оқиғаларды әдеттегісінше күнделігіне мұқият түртіп жүретін әдетімен. Содан әрмән ол: «Жанұзақовтың қағаздарынан елеулі материал табылмады», – деп өкіне жазады. Фурмановтың іздеген «елеулі материалы», әрине, оның «контрреволюцияшыл ұлтшылдығын» дәлелдеуге ілік боларлық бірдеңе-тін. Ал тінтушілер тапқан шын мәніндегі елеулі материал – Жанұзақовтың Түркатком Айрықша комиссиясының төрағасы ретінде жасаған жұмыс бағдарламасы – оны аса қуанта қоймаған болса керек. Өйткені, ұлт қайраткері көзқарасының кемелдігін танытатын бұл құжатқа, контрреволюция белгісін қалай қазбалай іздестіріп, қасақана жақсаң да жұқпайтыны анық еді (құжат мәтіні осы жолдар авторының 2000 жылы «Арыс» баспасынан шыққан «Ұлт театры шаңырағын көтеруші» кітабында жарияланған).

Қайткенде жау табу тәсілдерін жете меңгерген Фурманов пен оның қасындағы құпиясы мол айрықша бөлім (особотдел) қызметшілері Жетісу облыстық әскериревком төрағасы Юсуповтың пәтерін де тінтіп жіберді. Ал ол Фурмановтың «самаралық жолдасы» еді, бірақ «революция мүддесі» бәрінен жоғары. Алайда тағы да «айтарлықтай ештеңе табылмады». Әйткенмен Фурманов дегеніне жетті. Бұл жайында ол күнделігіне: «Юсуповты тінту арқылы ревкомның беделі түсірілді», – деп, қанағаттанған сезіммен жазып қойды. Түрккомиссия берген мандатқа арқа сүйеп, ол өзін ревкомнан жоғары санайтын. Ойына алған шаруасын өзімен ілестіріп әкелген гастролер-революционер серіктері арқылы емін-еркін жүргізе беретін. Верный үйездік-қалалық партия комитетіне бармайтын. Комитет  мәжілістеріне өзі Әскери кеңесін басқаратын 3-ші дивизия саяси бөлімінің коммунистік ұясынан да өкілдер жібермейтін. Партия комитетінің ескертпесіне бұлар «өңірдегі партиялық жұмысты Верный ұйымынан әлдеқайда жақсы да пәрменді жүргізетіндерін» айтып, өр жауап беретін. Бірақ, қызығы, Верный бүлігі басталды делінетін 1920 жылғы 12 маусым күні таңертең әскери қамал өкілдері оларға емес, Ресей Компартиясы Верный ұйымының комитетіне – үйезқалапарткомға келді...

Бас көтергендер армияға арнаған үндеулеріне: «Қызылармияшы жолдастар! Біз екі жыл бойы кім үшін шайқастық? Шынымен де қазір айрықша бөлімде жұмыс істеп, біздің әкелеріміз бен бауырларымызды атып тастап жатқан каторжниктер үшін болғаны ма? Жетісуда өкімет басына кімдер шыққанына қараңдаршы: Фурмандар, Шегабутдиновтар – әртүрлі жөйттер мен киргиздар. Ал еңбекші шаруа қайтадан құлдыққа түскен...» – деп жазды. Үндеу мәтіні жағдайды шиеленістіруі ықтимал қаһарлы сөздермен аяқталатын. Сондықтан да көтерілісшілер Фурман деп атап, жөйтке балап шүйліккен Фурманов шұғыл Ташкентке хабар жолдайды. Тиісінше, оның аттандауына сәйкес, Түркістан майданының қолбасшысы Фрунзе «Верныйда ақгвардияшылар бүлігі басталғаны» жайында Мәскеуге, Ленинге хабарлап, бүлікті басу үшін Верныйға сенімді жасақтар апару жөнінде шұғыл шаралар қолданып жатты.

Ал қалалық партия комитетіне Верный гарнизоны жіберген өкілдер партия ұйымының басшысы Өзбек Жарболов пен комитет мүшелері алдында қызылармияшылар наразылығының себептерін баяндап, ешқандай да «ақгвардияшылар көтерілісі» жасалып жатпағанын түсіндірді. Керісінше, олар ақ офицерлердің армиядан да, барлық кеңес мекемелерінен де шығарылуын талап етіп отыр. Әскери киім-кешек бірінші кезекте оларға емес, қызыләскерлерге берілу керек. «Кеңес құрылысында біздің РКП бағдарламасы бойынша жол беруге болмайтын «чиновник генералдығы» үдеп барады. Ал бұндай жәйт қызыләскерлер наразылығын күшейте түсуде... Өкілдер сондай генералдықтың бір мысалы ретінде Фурманов, Шигабутдинов (сол кезгі ресми құжаттарда осылай жазылған, Фурмановта және бергі орыс басылымдарында – Шегабутдинов, қазақ басылымдарында – Шагабутдинов) және Ефимовтердің жағымсыз қылықтарын ауызға алды. Олар особистерді ертіп, бәрі бірге Медеу шатқалына сауық-серуенге шыққан екен де, сейіл кезінде арба-көліктерін қаусатып алыпты. Соны «тез жөндеп бермесеңдер – тұтқындаймыз» деп, қамал шеберлеріне қоқанлоққы жасаған көрінеді... Қалалық комитет мәжілісінің хаттамасында мәселе: «Өкілдерді тыңдап, жан-жақты сұрастыра келе, партия ұйымының Верный комитеті былай деп тапты: қызыләскерлердің қамалға шоғырлануының және басшы органдар мен қызыләскерлер арасы ушығуының себебі – армия бөлімінің әскери киім-кешек ала алмауынан, сондай-ақ билік басында тұрған жекелеген тұлғалар әрекетіне – олардың төрешілдігіне риза болмаушылықтан, армияға экономикалық жағдай жөнінде ақпарат жетпей жататындығынан», – деп қорытылды. Сосын, осы түсініспеушілікті жан қинамай ретке келтіру үшін, қалком Бостандық үйінде бірлескен жиналыс өткізуге, наразылық себебінің «дұрыс түсіндірілмеуі ықтимал жағдайдың алдын алу мақсатымен» – маңызды қызмет орындарына өкілдер жіберуге қаулы алды.

Гарнизон орналасқан қамалға баруға құрамына жеті коммунист енген делегация бөлінді, ішінде Мәмет Әлекперов, Рахымжан Құсайынов, Абдолла Дербісалин секілді жергілікті ұлт өкілдері бар. (Соңғысы облыстық мұсылмандар бюросының төрағасы болған, мұсбюро тарқатылғаннан кейін, «бүлік» тұсында – ТүркЦИК Айрықша комиссиясының уәкілі-тін). Олар Верный гарнизонының Уақытша Жауынгерлік Революциялық Кеңесі мен әскери бөлімдер өкілдерінің бірлескен мәжілісіне қатысты. Бұл жиында қызыләскерлердің талаптары 12 бапқа бөлініп тұжырымдалып, оларды өкімет өкілдерінің қатысуымен өткізілетін жиналыста бірлесіп талқылауға шешім қабылданды. Талаптар қатарына киім-кешек, азық-түлікпен қамтамасыз ету кемістіктерін болдырмау, әскерді жарамсыз элементтерден тазарту сияқты мәселелермен қатар, кеңес кеңселерін бұқарадан алыстатып бара жатқан формализмді жою мәселесі шығарылды. «Мекемелерге кіруге рұқсат етудің ақымақтық жүйесі енгізілген, мұндай сорақылық тіпті царизм кезінде де болған емес», – деп дәйектеді олар бұл талабын. Және: «Конституция негізінде сайланатын кеңес өкіметін ұйымдастыруға шұғыл кірісу керек». – деп, сайланбалы билік органдарын жасау қажеттігін тұжырымдады. Сонымен бірге, наразылық білдірушілер Айрықша бөлім мен Революциялық трибуналдың іс-әрекет дағдыларына қатты шүйлікті. Талапкерлер бұл ретте: олардың Верный қаласы мен Жетісу облысында жүргізіп отырған жұмыс түрін «советтік деп айтуға болмайды», Айрықша бөлімнің күнделікті іс-дағдысында етек алған «іздеу-тергеу тәсілін жою қажет», «Ревтрибуналдың жауапқа тартылғандарға қолданатын (револьвер оқпанын құлақ-шекеге тіреп тұрып жауап алу және т.с.с.) қорқыту әдісіне жол бермеу керек» деп тұжырған. Қызылармияшылар, сондай-ақ, ату жазасына қарсы екендіктерін «ату жойылсын» деп,  арнайы бапта келте қайырумен шегелейді. «Күйзелген Лепсі және Қапал үйездеріне, басқа да үйездерге көмек беруге бағытталған ең шешімтал шаралар қолға алынсын» деген сөздермен аймақ қамын да ойлайды. «Аузынан арақ кетпейтін, өмір жолы да күдікке толы» Валуйский сияқты маскүнемдерді особистер қатарынан аластауға шақырады. Көтерген мәселелерін партия мен өкіметтің тиісті өкілдері Бостандық үйінде бас қосатын өкілетті мәжілісте ақылдасып шешіп аламыз деп дәмеленген «бүлікшілер» қабылдаған қаулыларының екінші бабына өздері ұнатпай, ерекше сынап отырған «айрықша бөлім мен әскери-революциялық трибуналды қарусыздандырудан әзірге бастарта тұру керек» деп жазды.

Толқудың алғашқы күнінен көтерілген бұл мәселелер төңірегінде келіссөз жүргізуді ұзамай ділмәр да шешен бас саяси қызметкер Фурманов өз қолына алды. Нәтижесінде, Бостандық үйінде 12 маусым күні сағат төртте болады деп күтілген жиналыс өтпейді. Ол кейін, «көтеріліс» бір оқ шығармай басылған соң, әскерилердің сценарийі бойынша, солардың қатаң қадағалауымен өткізіледі...

Оқиға кезінде Верныйда болған Жетісу облыстық оқу бөлімінің меңгерушісі Дінмұхамед Әділов 1928 жылы ОГПУ тергеушісіне: «Гарнизон Фурмановқа қарсы шықты», – деп көрсетті. 1920 жылғы 17 маусымда орталыққа жолдаған жеделхатында Жетісу обләскериревком төрағасы да тек гарнизон толқуы жайын сөз еткен: «Ташкент. Турцик. Копии: Крайкому, Турккомиссии, Реввоенсовету, Особому Отделу. Исчерпывающие сведения о происшедшем Верном волнении гарнизона подробно сообщу письменно почтой ближайшие дни. Предсемироблвоенревкома Юсупов. 3678. 17 июня 1920 г.»

«Совет өкіметіне қарсы жасаған ақгвардияшылар мен буржуазиялық ұлтшылдардың бүлігі» деген советтік тарихи ақпараттың – тым әсіреленген, асыра сілтенген, бірақ Фурмановтың Алматыдағы әрекетін ақтайтын большевиктік хабардан туындағаны анық. Қалалық партия комитетінің көзқарасын білеміз, облыстық әскери-революциялық комитеттің бағасын да шамалауға болады. Қала мен облыста бұл күндері шын билік азаматтық мекемелерден сусып, әскери басшылықтың қолына өткені айқын. Обләскериревком басшылығына Фурмановтың сенімсіздік көрсетуі «бүлікке» дейін-ақ басталғанын жоғарыда көрдік. Мұны қуаттайтын, 1920 жылғы 7 мамырда 521-санмен Ташкентке жіберілген хат туралы тағы бір дерек Фурманов кеңсесінің архивте сақталған құжаттары арасынан кезікті.  «Журнал исходящих бумаг канцелярии Уполномоченного Р.В.С. Туркфронта....» атты тіркеу кітабында: «Ташкент. Потуфк с разъяснением сколько жалованья получает Юсупов» деген сөздермен Түркмайданның саяси бөліміне Юсуповтың жалақысының мөлшерін анықтауды сұраған жеделхат жіберілгені жазылған. Сонымен, Фурманов Алматыдағы обләскериревком төрағасының қандай мөлшерде жалақы алып жүргенін де Ташкенттен сұрастырады. Өзінің «Бүліншілік» романы мен күнделіктеріндегі жазбаларында қарағанда – «самаралық жолдасының» жергілікті адамдармен кездесіп сөйлесуіне де шүбәлана қараған. Үйіне тінту жүргізгені анау. Сонда, Жетісудағы әскери билік буынының өзіне тым шұқшиюы жүйкесін әбден жұқартқандықтан,  Юсупов орталыққа – Түркаткомға мынандай жеделхат жолдайды: «Ташкент. Турцик. Следствие крайнего нервного напряжения связанного службой дни революции на ответственных постах советского строительства вызвавшего полное расстройство здоровья и упадок сил прошу распоряжения об освобождении меня от должности предсемироблвоенревкома с отозванием Ташкент так как основании вышеизложенных причин качестве ответственного работника полезным быть не могу. Предсемироблвоенревкома Юсупов. 3677. 17 июня 1920 г.» Бұл телеграмманың гарнизонның толқуы жайында толық мәлімет беруге уәде еткен жеделхатпен қоса жолдануына қарағанда – «бүлік» тұсындағы Юсупов пен Фурманов көзқарастарының қайшылығы қайта үйлеспес тұсқа жеткен.

Алматыға Түркмайдан РВС уәкілінің соңынан келген, алғашқы уақыттарда қызметін тікелей соның саясатымен сәйкестендіріп атқарған Жетісу облоқубөлім меңгерушісінің – оқиға куәгерінің – дөп басып айтқанына күмән жоқ, Верный гарнизоны Түркмайдан ревсоғыскеңесінің уәкіліне қарсы болды. Ол орталық өкілі боп дивизия әскери кеңесін басқаруға келгелі жақсара қоймаған әлеуметтік жағдайларына жауынгерлер ашық наразылық білдірді. Азамат соғысы аяқталып, бейбітшілік орнады-ау деген шақта уәкілдің оларды тағы да майданға – өз елінде партизандық соғысқа көшуге мәжбүр болған Ферғанадағы басмашылармен шайқасуға айдағысы келетініне келіспеді. Алайда Фурманов, большевизмнің Жетісудағы эмиссары, өзін кеңес өкіметінің айнасына балайтын. Ол, келесі бір жаңа орынға ауысып кету сәтін тосып отырған, жоғарыдағы әскери басшылықтың әрдайым қолдау табатынына сенімі зор, революцияның көшпенді солдаты Фурманов, өзін ең биік шындықты өмірге енгізуші деп білді. Сондықтан да қызыләскерлердің бетіне тік қарауын контрреволюция санатына жатқызды. Сондықтан да үлкен саясат мәселесінде «ымырашылдық танытқан» қалалық партия ұйымын таратып жіберуге қол жеткізді. Жалпы, Фурманов облыс пен қаладағы басшы қызметтердің бәріне өзінің дивизиялас әскерилері мен басқа да сеніміне ие болған серіктерін қоюды қамтамасыз етті. 3-ші Түркдивизия жабдықтау бөлімінің бастығы Позднышев Юсуповтың орнына Жетісу облыстық әскери-революциялық комитетінің төрағасы, ал саяси бөлім бастығы Кравчук Бекқажен Қашқынбаевтың орнына орынбасар-төраға болып шыға келіп, жетісулықтардың тыныс-тіршілігін жақсартуға білек сыбана кірісіп жатты...

Әскерилер мен қала жатақтарынан әлденеше ондаған адам түрмеге қамалды. Майдандық трибуналдың Фонштейн басқарған екі мүшесі бар алқасы (37-ші жыл «үштігі» осылай бастау алса керек) тамыз айында екі апта бойы 130-дай «айыпкердің» ісін қарады. Іштерінде 30 шақты мұсылман жұрттарының өкілдері бар. Не керек, қан төгілмеген «бүлік» қан төгумен қорытындыланды: әскери трибунал 12 адамды ату жазасына кесті, тағы төрт кісіні атып тастауға сырттай үкім шығарды, ондаған жанды әр жаққа жер аударды. «Саяси сауаты жеткіліксіз» болғандықтан оқиға мәніне терең бойлай алмай, «қантөгістің алдын алу мақсатымен» әрекет еткен, Ташкентке «бүліншілікті жәй ғана түсінбеушілік ретінде бағалап, абыржымауға үндейтін» телеграмма соққан Россия Коммунистік партиясы Верный ұйымының төрағасы Өзбек Жарболов сот ұйғарымымен Москваға жіберілді...

Ағымдағы құжаттардың көпшілігін өзімен ала кеткен Дмитрий Фурманов бірнеше жылдан кейін «Бүліншілік» атты  әйгілі кітабын жазып шығарды. «Бүліншілік» аңызы жетпіс жыл бойы халқымыздың әлденеше буынына «патриоттық нәр» беріп келді. Соны қайта қарайтын уақыт жеткен тәрізді. Осынау даңқты большевиктің жетісулықтарға төрт айда сіңірген қызметінің ақиқатын терең зерттеуге алатын кез келді. Биыл аталмыш большевиктік классика авторының туғанына 150 жыл,  біздің мемлекеттік тәуелсіздігімізге ширек ғасыр толады... 

 

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ

 Суреттерде:

1. Д. Фурмановтың портреті.

2. Дивизия командирі В. Чапаев (оң жақта), комиссары Д. Фурманов, «Чапаев» фильмінен кейін командирімен бірге аты аңызға айналған ординарец «Петька» – Чапаев тапсырмаларын орындаушы Петр Исаев (бірінші қатарда сол жақта).

 3. Д. Фурманов пен оның әйелі А. Стешенко-Фурманова.

4. Алматы қаласы. Д. Фурманов атындағы көше

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1156
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 2612
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 2640