Сәрсенбі, 13 Қараша 2024
Билік 9884 0 пікір 23 Мамыр, 2016 сағат 13:50

1916. ҰЛТ-АЗАТТЫҚ КӨТЕРЛІСІ. «ШАМЫРҚАНСАМ СЫНАР БОЛАТПЫН»

Биыл 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске 100 жыл толады. Бұл көтерілісті бастауға Орта Азия мен Қазақстан және басқа көптеген облыстарда бұратаналарды «Армияның соғыс жүргізіп жатқан аудандарында қорғаныс құрылыстары мен әскери құрылыстарды салуға алу» туралы патшаның 1916 жылғы 25-ші маусымдағы жарлығы сылтау болды. Жарлық бойынша еңбекке жарамды 19-дан 31 жас аралығындағы азаматтардың бәрін қара жұмысқа алу көзделді.

 Бүгінгі таңда ұлт-азаттық көтерілістер мен қозғалыстардың тарихын тың мұрағат құжаттары негізінде кешенді түрде зерттеуді, жаңаша тұрғыдан зерделеуді жүзеге асыру қажет. Негізінен алғанда тарихымызда көңіл бөлетін мәселелер аз емес. Солардың бірі де бірегейі қазақ елінің тарихындағы отарлау заманында тіні ешқашан үзілмеген, сабақтаса өрілген азаттық үшін 300-ден астам көтеріліс ұлы дала төсін шарпыған екен. Ал қазіргі жаһандану дәуірінде азаттық қозғалысы барысында халқымыздың ұлттық мемлекеттік идеясы төңірегінде топтастыру формалары мен әдістері, осы жолда ұланғайыр қызмет атқарған тарихи тұлғалардың өмірі мен қоғамдық-саяси қызметі туралы мағлұматтарды ғылыми тұрғыдан жүйелеп, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу еліміздің ішкі, сыртқы саясатына толықтай сай келеді.

Төл тарихымызда жан-жақты қарастырылатын түйінді мәселелердің бірі осы – тәуелсіздік жолындағы ұлт-азаттық көтерілістер тарихы, оның себеп-салдарлары, тактикасы жөнінде тереңірек зерттелуі қажет. Тарихымызда «феодалдық-монархиялық қозғалыстар», «сұлтандар көтерілісі», «шаруалар көтерілісі» қатарына жатқызылып келген көтерілістер отарлық езгіге қарсы қозғалыстың тарихын жаңа методологиялық тұрғыдан зерттеудің ғылыми маңыздылығы мен өзектілігін айқындай түседі. Сондай-ақ бұл көтерілістердің тарихын тек мектептер мен жоғары оқу орнындарында ғана емес, сонымен қатар  әскери оқу орындарында да кеңінен әрі тереңірек оқытылса деген де пікіріміз бар. Себебі болашақ елін қорғайтын ұландар үшін бұл аса қажетті деп білеміз. Ұлы дала қолбасшылары мен сарбаздарының ұлан байтақ қасиетті туған жерін қорғауда небір айла-тәсілді қолданғанын көпшіліктің біле бермейтіндігі де рас. Олардың соғыс тактикасының өзі арнайы зерттеуді қажет ететіндігі сөзсіз. Себебі, Түркістан өлкесін түгел шарпыған бұл көтерілістен қазақ даласының Ақмола, Семей, Орал және Торғай облыстарындағы ұлт-азаттық көтерілістің өзіндік ерекшелігі болды. Ол халықтық партизандық соғыс тактикасы еді. Көтерілісшілерге туған даласының кеңдігі, көшпелілердің жер жағдайын жақсы білуі, ірі ұйымдасқан топтармен жазалаушы отрядтарға тосыннан соққы беруімен ерекшеленді. Көтерілісшілер саны мысалы Зайсан уезіндегі әр топта 1 мың, Өскемен уезінде 3 мың, Ақмола уезінде 30 мың, Алексеев уезінде 10 мың, Ерейментауда 5 мың, Атбасар уезінің Ұлытау қонысында 7 мың, Қосағашта 2 мыңға жеткен (Восстание 1916 года в Средней Азии и Казахстане. Сборник документов и материалов. Изд-во АН СССР, 1960. с.490-491(786)).Торғай облысындағы Амангелді Иманов бастаған көтерілісті басу үшін Қазан әскери округінен жіберілген генерал Лаврентьев әскери басшылыққа жіберген хабарламасында: «Көтерілісшілердің іс-қимылы партизандық соғыс тактикасы негізінде құрылған»,-делінген. Бұл хабарлама көтерілісшілер өздеріне дейінгі батыр бабаларының әскери-соғыс өнерін жетік білген деген пікірге жетелейді.

Жазушы Л.Соболев көтерілісшілер туралы шыншылдықпен былай деп жазған болатын: «Ол әскер, аңыз-ертегілерде жырланатындай – ауыл ұсталары соққан найза, қылышпен, білтелі мылтықпен, садақпен және жебемен қаруланған  таңданарлықтай әскер еді. Амангелді осы ортағасырлық әскерді зеңбіректері мен магазинді винтовкалары бар жазалаушы отрядтарға қарсы бастады» (Правда газеті, 5 қазан, 1940 жыл).

   Сонау Кеңес өкіметінің алғашқы жылдары-ақ бұл мәселеге ерекше көңіл бөлініп, үкімет тарапынан қолдау тапқан. Оның мысалы 1926 жылы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің 10 жылдығын үкімет тарапынан атап өту қарастырылды. Осы айтулы датаны өткізу комиссиясының төрағасы орнына қол қойған О.Қ.Жандосов мұрағат қорларында сақталған материалдарды басшылыққа ала отырып «Кенесары Қасымұлы, Қаратай Нұралыұлы, Қайыпқали Есімұлы, Исатай Тайманұлы міне осылар қазақ халқының бостандығы мен азаттығы жолында қаза тапқан күрескерлер»,- дей келіп, 1916 жылғы көтерілістің 10 жылдығына орай тура келген 1806 жылы Қаратай сұлтан бастаған көтеріліске 120 жыл, 1826 жылы Қайыпқали Есімұлы бастаған көтеріліске 100 жыл, 1836 жылы Исатай Тайманұлы бастаған көтеріліске 90 жыл толғанын, 1916 жылғы көтеріліске халық батыры Исатай Тайманұлының ұрпақтарының қатысқанын назардан тыс қалдырмайды және Қаратай сұлтанның ұрпақтары да ата-бабадан қалған игі дәстүрді табанды түрде жалғастырып келе жатқандығын баяндайды (Қызылорда облысы мемлекеттік мұрағаты, 1-қор, 2-тізбе, 402-іс, 479 п.).

   1926 жылы Қазақ өлкелік партия комитеті мұрағаттардағы құжаттар бойынша Қазақстандағы ұлт-азаттық көтеріліс, революция және азамат соғысы жылдарындағы материалдарды жинаққа енгізуді төмендегідей рет бойынша жинақтауды қатерге берді. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс, Ақпан революциясынан Қазан революциясына дейінгі уақыт, Ақпан, Қазан революциялары және ұлттық мәселелер, азамат соғысы (Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағаты,141-қор, 1-тізбе, 6297-іс, 15 п.).

1916 жылғы қазақ даласындағы көтеріліс туралы мұрағат материалдары негізінде С.Асфендияров, Т.Рысқұлов, М.Тынышпаев сынды ұлт зиялылары құнды еңбектер жазғаны белгілі.  Қазақ зиялыларының өзі де сол кезде бұл оқиғаны маркстік-лениндік теория тұрғысынан ғана қарап, қайшылыққа ұрынып, бірлі-жарым ағаттыққа жол бергенімен, бұл еңбектер күні бүгіне дейін өз құндылығын жойған жоқ.

С. Асфендияров 1931 жылы 16 сәуірде Қазақ АКСР Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы О. Исаевқа жазған хатында бір топ профессорлармен бірге Орталық мұрағатта болып, материалдармен танысып және тарихи құжаттарды пайдаланудың жәй күйін білу мақсатында болғанын баяндай келіп, танысқан материалдарды екі санатқа бөліп көрсетеді (Қазақстан Республикасы Орталық мемлекетік мұрағаты(ҚРОММ), 30-қор, 1-тізбе, 994-іс,12п.). Бірінші санатқа өздерін қызықтырған тарихи материалдарды, ал екінші санатқа қалған материалдар, яғни пайдалы қазбалар қорын жатқызады. Ғалым бірінші санаттағы мұрағатта сақталған материалдардың тарихи маңызына тоқтала келіп, патша үкіметінің отаршылдық саясаты, қоныстандыру саясаты, Қ.Нұралыұлы, И.Тайманұлы, К.Қасымұлы көтерілістері, 1916 жылғы көтеріліс, азамат соғысы, тарих шежіресінде Қазақ АКСР-ның құрылуы туралы материалдарды ұжымдық және жеке зерттеуге болатындығын ескерте отырып, бұл материалдардың көпшілігінің баспасөзде әлі жарық көрмегеніне ерекше назар аударады. Бірақ патша үкіметі кезінде К.Қасымұлы көтерілісі (Н.Середа) және Қазақ даласын, Жайық бойын жаулап алу туралы (П.И.Рычков, А.И.Левшин) жеке еңбектердің жарық көргендігін жоққа шығармайды. Аталған авторлардың еңбектерінде тарихи оқиғалардың жан-жақты зерттелмегені және болашақта қазақ халқының тарихын оқытуда оқу құралы ретінде пайдалануға болмайтындығын сол кезеңде-ақ атап көрсетеді (Ресей Федерациясы мемлекеттік мұрағаты, 5325-қор, 9-тізбе, 2674-іс.   п. 49). Мұрағат қорында 1916 жылғы көтеріліске қатысты материалдардың аздығына көңіл бөліп, жинақталған естеліктердің өзін топтастырған жағдайда да тарихи материалдық құжаттар шығарудың мүмкін еместігін дөп басып айтады.

1940 жылдың қазан айында Қазақ КСР Халық Комиссарлар Кеңесі арнайы өткізген мәжілісте мұрағат деректері бойынша Қазақстандағы білім беру тарихын және 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістер туралы жинақтар шығаруды қолға алуға байланысты оған дайындық жұмыстарының барысы туралы арнайы  хабарлама тыңдалды (ҚРОММ, 54-қор, 1-тізбе, 611-іс, 5-7 пп.). Бірақ та аталған ғылыми басылымдарды шығару жоспары бірнеше кедергілерге кездесті. Біріншіден, шығарылатын жинақтарға қаражат жетіспеді; екіншіден, мұрағат қорларындағы қажетті құжаттар тәртіпке келтірілмеді; үшіншіден, өз ісін жетік білетін маман мұрағатшылар тапшылығы қол байлау болды (ҚРОММ, 54-қор, 1-тізбе, 611-іс, 49-51пп).

 ХХ ғасырдың 20-шы жылдары-ақ Х.Досмұхамедұлы ұлт-азаттық қозғалыс тарихын «бірыңғай ағым» теориясы тұрғысынан қарастырып, оның түгелдей отарлық езгіге қарсы бағытталғандығы жөнінде қорытындыға келді. Сонымен қатар ғалым патша өкіметінің Қазақстандағы отарлау саясатының әдістерін ашып көрсетуге ерекше мән берді. Х.Досмұхамедұлының ұлт-азаттық қозғалыс тарихын «бірыңғай ағым» теориясы негізінде қарастыруы Кеңес өкіметінің саясатына «сәйкес» келетін-ді. Себебі алғашқы жылдары халықтың сана-сезіміне ықпал ету мақсатында патша үкіметінің «бұратана» халықтарға жүргізген саясатын жан-жақты әшкерелеу еді. Кейін И.Сталиннің 1941 жылы партиялық баспасөзде Ф.Энгельстің «Орыс патшалығының сыртқы саясаты» деген еңбегі жөнінде жарияланған ашық хатынан кейін, яғни Кеңес өкіметінің сыртқы саясатының революцияға дейінгі Ресейдің ұлы державалық, аннексиялық саясатымен «сабақтастығы» туралы тұжырым жасалуына байланысты орын алған идеологиялық қыспақ жағдайында, шын мәнінде Сталиннің хаты патшалық Ресейдің отарлық саясатын ақтауға, орыстан өзге халықтардың ұлт-азаттық қозғалыстарын мансұқтауға жол ашты.

Дегенмен де, 1960 жылы А.В.Пястовский Қазақстан мен Орта Азиядағы 1916 жылғы көтеріліс отар халықтардың (Қытайдың, Парсының, Оңтүстік Америка одағының және басқалардың) импералистік езгіге қарсы барған сайын өрши түскен революциялық күрестерінің бір буыны болғандығы сөзсіз деген, - соны пікір айтқан болатын (Восстание 1916 года в Средней Азии и Казахстане. Сборник документов и материалов. Изд-во АН СССР, 1960. с.19).

...Өлке тарихындағы осы айтулы оқиғаға тоқтала кетсек. Бұл көтеріліс өлкемізді де шарпыды.  Дина Нұрпейісова ұлы Жұрымбайды 1916 жылғы «Июнь жарлығы» бойынша қара жұмысқа шақырылғанда «1916 жыл»(Набор) атты күйін шығарғаны белгілі.

Атырау өлкесінде халық батыры Исатайдың немересі Өтепқали Дүмбаянұлы(1846-1928) бастаған көтеріліс болғаны белгілі. Өтепқали қазақша-орысша оқыған, сауатты болған. Ол Теңіз маңы округіне қарасты 15-ші болыстың старшыны қызметін атқарды. Өлкедегі патшаның «зілді бұйрығына» бірден қарсы шығып, халықты «қара жұмысқа» барудан бас тарту туралы насихат жұмыстарын кеңінен жүргізді. Өтепқалидың маңына жақын ауылдардан жиналған сарбаздардың саны екі мыңға жетті. Өтепқали бастаған қозғалыстың орталығы Ақай шұраты болды. Байлардың жасаған тізімдері жойылып, өкімет өкілдеріне бағынбау кеңінен өріс алды. Көтерілісті басу үшін дала төсіне Астраханнан жазалушы әскер шығып, қатаң жазалау шаралары қолға алынды.

Көтеріліске қатынасқаны үшін Астрахан түрмесіне 70-тегі Өтепқали Исатаев және оның серіктері Н.Кентаев, Б.Жанбаев, И.Төлебаев, М.Маутенов, С.Меңдешов пен Н.Залиев қамауға алынды. Өтепқали Дүмбаянұлы түрмеде көптеген қиыншылықтарды бастан кешіп, 1917 жылғы Ақпан төңкерісінен кейін ғана босап шықты. Батырдың немересі 1928 жылы Мыңтөбеде жерленді.

 Көтерілістің куәгері С.Меңдешов сол кездегі Бөкей Ордасы еңбекшілерінің жағдайын кейіннен былай деп баяндады: «Дала халқынан олардың келісімінсіз алдын-ала кесіліп қойылған бағамен орасан көп мал жинап алынды. Патша армиясы қарамағына  киіз үйлер мен киіз де алынды. Қазақ батырақтары мен кедейлерін кулактар шаруашылықтарында, кәсіпорындарында жұмыс істеуге «өз ықтиярмен алу жүріп жатты».

Өлкеміздегі бұл тарихи оқиға қатысты құжаттардағы қара жұмысқа алу және көтеріліс туралы мәліметтер Астрахан, Саратов, Орынбор қалаларындағы мұрағаттар қорында сақталғаны белгілі. Сондықтан да өлке тарихына қатысты тың мәліметтерді іздестіру алдағы уақытта тарихшы мамандардың үлесінде деп білеміз.

1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс – бүкіл қазақ халқының жігерін жаныған айтулы көтеріліс ретінде тарихта қалды.

 Аққали АХМЕТ

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекет университеті, тарих ғылымдарының докторы, доцент

abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1239
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 2950
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 3320