Сенбі, 23 Қараша 2024
Кәсіп-түбі нәсіп 6609 0 пікір 20 Мамыр, 2016 сағат 11:02

ЭКСПО ҚАЗАҚСТАН ҮШІН БАЛАМАЛЫ ЭНЕРГЕТИКА САЛАСЫНА ИНВЕСТОРЛАР ТАРТУҒА ЖОЛ АШПАҚ

2015 жылдың қорытындысы бойынша дүниежүзіндегі альтернативті энергия көздерін зерттеуге және дайындауға тартылатын инвестиция 380 миллиард долларды құраған. Соңғы 10 жылдың көлеміндегі аталған секторға салынған салым 4 есеге өскен. Ал Қазақстанның аталған нарыққа өтуі үшін ЭКСПО-ның маңызы ерекше болмақ, -деп хабарлайды ranking.kz сайты.

Жаңартылған энергия көздерін дайындауға және зерттеу мақсаттарына тартылған жаһандық инвестиция көлемі – 2015 жыл

Соңғы 10 жылдың ішінде  (2005-2015) жаңартылған энергия көздерін (ЖЭК) дайындауға және зерттеу мақсаттарына тартылған жаһандық инвестиция көлемі – 3 триллион долларды құраған.  Егер 2005 жылы аталған секторға дүниежүзі бойынша 99 млрд. доллар  тартылса, 2015 жылы бұл көрсеткіш 380 млрд. долларды құрапты (4 есеге өскен).

2012-2013 жылдардағы жаһандық дағдарыс дендеген тұста ЖЭК тартылған инвестиция көрсеткіші азайғанымен, соңғы екі жылдың ішінде аталмыш саладағы динамикалық өсім байқалуда. Bloomberg New Energy Finance (BNEF) мәлемттеріне сүйенсек, 2015 жылы өсім динамикасы 5 пайызды құрап, инвестиция мөлшері өткен жылдармен салыстырғанда 20 миллиард долларға артқан.

Кейінгі он жылдың ішінде ЖЭК секторын зерттеу және дайындау мақсатына тартылған инвестиция құрылымы айтарлықтай өзгерген. Сондай-ақ, жел энергетикасы саласына тартылған салым көлемінде өзгерістер көп байқалмайды (40 пайыз көлемінде). Ал күн энергиясын өндіруге тартылған салымның үлес салмағы 22 пайыздан 56 пайызға дейін артқан.

Сонымен қатар, биоотын және қалдықтарды өңдеу арқылы алынатын энергетика құрылымы соңғы он жылда дүниежүзі инвесторлары үшін маңыздылығынан айырылған. Мысалы, 2005 жылы аталған секторға барлық инвестицияның 13 пайызы тартылса, қазіргі таңда бұл көрсеткіш бар болғаны 1-2 пайызды құрайды. Дәл осы секілді кіші гидроэлектростанция саласы да едәуір төмендеп, инвестициялық салым мөлшері 10 пайыздан 1 пайызға дейін азайған. Сонымен қатар, зерттеулер нәтижесіне көз жүгіртсек, дүниежүзі инвесторларының қызығушылығын тудыра қоймаған секторларға – геотермалды және мұхит энергиясы саласы кірген. Соңғы 10 жылдың нәтижесінде бұл салаларға тартылған инвестиция көлемі төменгі шекті көрсеткен.

ЖЭК секторын зерттеу және дайындау мақсатына тартылған инвестиция картасының географиялық орналасуы  жаһандық трендті көрсетті. Мысалы, соңғы 10 жылдың көрсеткіші бойынша Еуропа елдерінің үлес салмағы 46 пайыздан 17 пайызға дейін азайған. Десе де, аталмыш секторда Қытайдың үлесі 11 пайыздан 36 пайызға дейін артқан. ҚХР ЖЭК секторында көшбасшылықты үш қатарынан ұстап келеді. 2015 жылы ЖЭК секторындағы қытайлық инвестицияның мөлшері 103 миллиард долларды құрапты (2014 жылмен салыстырғанда 17 пайызға артқан). Бұл көрсеткіш Еуропада – 48 млрд.доллар (-21 пайыз), Азияда (Қытай мен Үндістанды есептемегенде) – 47,6 млрд.доллар (-2 пайыз), АҚШ-та 44,1 млрд.долларды (+19 пайыз) құрайды.

Сондай-ақ, аталмыш сектордағы өсім Қытай мен АҚШ инвесторларының үлесіне тиесілі болған. Өсім деңгейі артқан өзге де аймақтар көшбасшы елдермен салыстырғанда ЖЭК саласына инвестиция тартуда артта келеді және жаһандық инвестиция статистикасына ықпал етпеген. Десе де, соңғы жылдардағы көрсеткіштер бойынша Таяу Шығыс пен Африка елдерінде өсім едәуір байқалған. Бұл елдерде өсім 58 пайызды құрап, 12,5 млрд.долларды, Үндістан 22 пайыз өсіммен 10,2 млрд.долларды құраған. ЖЭК саласына инвестиция тартуда Бразилия дағдарыс кезеңінде айтарлықтай өсімді азайтып, 10 пайыздық көрсеткішпен 7,1 млрд.доллар көлемінде салым салған. Бұл саладағы өзге де Америка елдерінің (АҚШ пен Бразилияны есептемегенде) үлесі – 12,8 млрд.долларды құрайды (3 пайыз).

 

Қазіргі таңда жаңартылған энергия көздерін зерттеуге және дайындауға қызығушылық танытып отырған әлемнің көшбасшы елдері толықтай 2017 жылы Астана қаласында өтетін ЭКСПО-2017 Халықаралық көрмесіне қатысатындықтарын мәлімдеді. Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесінің негізгі тақырыбы «Болашақтың энергиясы» деп аталады. Сонымен қатар, Қытай, Үндістан, Германия, Швейцария мен Таяу Шығыстағы мұнай алпауыттары мен альтернативті энергетика секторы бойынша үлкен тәжірбие иегерлері Елордадағы көрмеге қызығушылық танытып отыр. Бұл өз кезегінде Қазақстанның аталмыш салаға әлемдік инвесторларды тартуға үлкен жол ашатын мүмкіндік тудырып отыр.

Айсұлу Тұрсынбаева

Abai.kz

 

 

 

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1471
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5420