ТУ ҰСТАУШЫ
Әр заманның, әр қоғамның, әр қағанның ту ұстаушысы болады. Елдің елдігін, ердің ерлігін, жердің кеңдігін танытатын, оны адамзатқа паш ететін, көздің қарашығындай сақтайтын ең сенімді адамы. Халық атынан сөйлейтін адам, ұлттың сөзін айтатын адам, ақиқаттың құлы. Ұлттың ту етіп көтеретін ұлы ұлттық қасиетін әлпештеп, қорғап, дамытатын адам.
Қарнының ашқанына емес, қадірінің қашқанына ғана қынжылатын, малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы деп боқ дүниеге бола ешқашан басын ауыртпаған қазақ үшін әрдайым тек адамның, басы жұмыр пенденің пәктігі пен мәрттігі ең басты және ең асыл құндылық болғаны шындық. Имандылық, инабаттылық, адалдық, білімділік қана оған абыройды да, материалдық байлықты да, түрлі атақ, дәрежені де әперген. Атақ-билік, мансап, ақша, алтын, мал-мүлікті, яғни біздің нарық заманымыздың парығын – түпкі мақсат ретінде емес, ұлы мақсатқа жетелейтін жәй бір қатардағы құралдың бірі деп таныған.
Біздің қоғамымыз арзанқол ұрандардың жетегінде кетпей аталмыш ежелгі елдік ұстанымымыздан ажырап қалмаған жағдайда ғана – ата-бабаларымыздың тарих сахнасында нық иеленген төрдегі орнын төмендетпейтін боламыз. Басқаша баю, яғни тілін, ділін, тінін, дінін ысырып қойып баю – ерімізге де, елімізге де жараспайтын дүние.
Қажытып, күйзелтетіні – бүгінгі билік мұны түсіне ме, түйсіне ме деген ой. Өйткені, мемлекеттік деңгейде ұлттық саясат бағдарламасы әлі де үкіметтің, өкінішке орай, күн тәртібінен түспей тұр, шынтуайтына келсек, әлі күнге қолға тиісті деңгейде алынбаған іс. Ал, керісінше, кері бағыттағы талпыныстардың етек алуы тынар емес...
Мұның салдары мен себептері туралы аз айтылған жоқ. Жан түршігерлік зұлматтарды бастан кешірген, кезінде тапталған, жаншылған ел, мың өліп, мың тіріліп, тәуелсіздікке қол жеткізді.
Ендігі мақсат пен мұрат біреу – ол тәуелсіздігімізді баянды ету, халқымыздың асыл рухани құндылықтарын сақтап, жаңғыртып өмірімізге ендіру. Мұны талап еткен көптеген ресми құжаттар, қаулы-қарарлар, жиын-құрылтай хаттамалары, қаулы-шешімдер, түрлі хаттар, мақалалар, монографиялар, көркем шығармалар, неше форматтағы үндеулер жеткілікті көлемде үздіксіз толастамай жатқаны сіз бен бізге жақсы мәлім. Осындайда тыңдар құлақ бар ма, жоқ па өзі деп қаласың кейде.
Бейнелі түрде айтсақ, халық – ұшы-қиыры жоқ жайылып жатқан телегей теңіз мұхит іспеттес болса, билігіміз кейде оның ортасында жүзіп жүрген аквариумға ұқсап кетеді. Шынысы қалың, суы жылы әрі тұщы. Аквариум ішіндегі жүз шақты балықтың бес-алтауы ғана мұхит тілін ұғады, басқалары – кілең керең-мылқау мақұлық сыңайлы.
Мемлекеттік тіліміз – мұхиттың суы, мұхиттың барша өмірінің кепілі, жанды дүниенің ортақ табиғи ортасы. Ал аквариумның суы да басқа, иттері де қара қасқа. Кезекті теңіз дауылына дейін ғана шынысы шыдас беруі мүмкін. Терезе-есігін ашып, ішіне таза теңіз суын жібермесе, ол туған мұхитпен қауышып бірікпесе, бірлеспесе, тұтаспаса, халқымен оның өз тілінде тілдеспесе, мұхит суына сүңгіп, балықтай жүзбесе, ертеңгі күні өзінің аман қалары неғайбыл...
Болашаққа ой тастап, сарапқа салып, қазіргі жәй-күйімізді жан-жақты таразылап көріп, мынандай тұжырым-ойлармен бөліскіміз келеді.
Аздап қиялға ерік беріп, оны ойша бейнелеп көрелік. Бүгінгі билік өзінің тікелей орындауға міндетті не мәжбүр, жалақы алып тұрған міндеттемелерін ысырып тастап, тек өз қара бас қамын ойласа, онда ең бірінші нені қолға алып, не істеу керек делік. Ертеңі мен бүгіні баянды, бақуатты, әр ісі қалыпты болсын десе, ол барынша жылдам, бар күшін салып мемлекеттік тілді дамытуы керек. Өйткені олар үшін Қазақстанда мемлекеттік тілдің толыққанды және еркін салтанат құруынан басқа берік және сенімді кепілдік жоқ.
Ал, жарайды дейік, өзін де ойламай-ақ қойсын, тек елін, жерін, халқын, ұлтын сүйсе, оның ғана қамын жесе, не істеуі керек олар сонда. Онда да билік, ең қызығы, ең алдымен тек мемлекеттік тілді дамытуы керек екен.
Мемлекетіміз ертең зайырлы, дамыған елдердің қатарына енсін десек, тек қана қарын тоқтығы мен көйлек көктігімен шектелмей, дамуды көздесе, ең басты кезек күттірмейтін мәселесі қайсы болу керек десек те, ол да баяғы – мемлекеттік тілді дамыту мәселесі болады. Өйткені зайырлылықтың басты белгісі – тілмен ғана келетін дамыған мәдениет пен жоғары өркениеттілік екені бесенеден белгілі.
Отанымыз тыныш, ұлт арасында татулық, ел ішінде ауызбіршілік болсын десек, басқа жұмыстарды қоя тұрып – онда да мемлекеттік тілді ілгерілету қажет болады.
Керісінше, ертең бір шатақ шықсын десеңіз, бейберекет оқиғалар басталғанын қаласаңыз – мемлекеттік тілді дамытуға тосқауыл қоя беріңіз. Бикфорд пілтесін тұтатса не болады, сонда соны анық көресіз. Бұдан артық диверсия таба алмайсыз...
Ұрпақ дүбара-мәңгүрт, намыссыз тобыр, бәсекеге төтеп бере алмайтын, параға сатылатын, «ит тойған жеріне» дегендей, атамекенін кез келген жатжұрттыққа оп-оңай ауыстыра салатын азаматтық қоғам дүниеге келсін десеңіз – мемлекеттік тілді тежей берсеңіз жеткілікті.
Жалпы алғанда, Қазақ еліне неғұрлым көбірек қастандық істегісі келгендерге, бизнес-экономика тұрғысынан болсын, адам құқықтары тұрғысынан болсын, ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан болсын, мәдени-психологиялық тұрғысынан болсын, таза саяси тұрғысынан болсын, ең тиімдісі – қазақтың ана тіліне тосқауылдарды қолдан жасай беру. Оның тез арада өзінің жағымсыз нәтижесін беретіні сөзсіз.
Өйткені, тіл, кезінде кеңес идеологтары үйреткендей, қарым-қатынас құралы ғана емес. Мемлекеттік тіл – мемлекеттің қаны да, жаны да, тәні де. Мазмұны да, формасы да, сырты да, іші де. Өз құрамына елдің де, жердің де барша ақпаратын, мәліметін, байлығын, тарихын, мәдениетін, өткені мен болашағын сыйғыза жинақтаған ғажайып құбылыс ол.
Олай болса, тіл үшін күрес – ең киелі парыз, мемлекеттік бағдар, ұлы міндет, ұлттық мақсат, халық мұратының өзі бұл.
Одан үлкен шаруа жоқ, одан асқан мұрат болмаса керек.
Міне, жоғарыда аталған осынау сара жолды өмірлік мұраты етіп, заман ағымы қалай құбылса да алған бағытынан таймай, кезелген қаруларға қасқая қарап, атылған оқтарды шыбын құрлы көрмей, мұзжарғыш кемедей жолындағы кедергілер мен қиындықтарды еңсеріп келе жатқан еңселі ағаларымыздың бірі, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, академик Өмірзақ Айтбайұлы бүгінде сексеннің сеңгіріне көтеріліп отыр. Ол осынау мерейлі жасқа жай келген жоқ, халқының қажетіне жарар зор рухани қазынамен, елдің сөзін ұстар, көшін бастар абыз ақсақал ретінде, туын ұстар, рухын асқақтатар қоғам қайраткері ретінде лайықты абыроймен жетіп отыр. Біз осы орайда атақты ғалым, қажырлы қоғам қайраткері Өмірзақ Айтбайұлының осы кезге дейін атқарған істерін, сіңірген еңбегін сүзгіден өткізіп, тізбелеп жатпай-ақ, тек соңғы жылдар бедеріндегі Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының басшысы ретінде ұйтқы болып, іске асырылуына септігі тиген бірнеше қадау-қадау жобаларды атап өтумен шектелгенді жөн көрдік. «Теңіздің суы тамшысынан білінеді» дегендей, бұл Өмірзақ Айтбайұлының тұлғалық келбетін танып білуге, оның алымы мен қарымын аңғаруға мүмкіндік береді ғой деп есептейміз.
Сонымен, тек соңғы жылдар бедерінде республикалық бас бұқаралық ақпарат құралдарында жеке хат-ұсыныс түрінде, ғылыми талдаулар қорытындысы ретінде таңбаланып, жазбаша құжатталған бірқатар тұжырымдарға тоқтала кетейік.
Туымызды төмендетбей жоғары көтеріп ұстап келе жатқан даңғайыр ғалым Өмірзақ Айтбайұлы басқарып отырған миллионнан астам мүшесі бар Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы атынан Президент Әкімшілігі, Сенат пен Мәжіліс Парламенті, Үкімет, министрлер мен әкімдер, мемлекеттік ірі мекемелер, ұлттық компаниялар, азаматтық қоғам алдына бір емес, бірнеше рет жүйелі түрде, ғылыми сарабы мен дәлелі үйлескен нақты талаптар қойылып, бірқатар міндеттер жүктелді.
Оларды тағы да естеріңізге салып, тізбектеп атап өтелік.
Бірінші талап.
Қазақстан Республикасында ең қысқа мерзімде шұғыл «Мемлекеттік тіл туралы» заң қабылданғаны маңызды. Жаңа сайланған Парламент Мәжілісінің депутаттары осы ауадай қажет заңды кешіктірмей қолға алады деген үмітіміз зор. Көрші елдің арнайы «Мемлекеттік тіл туралы» заңымен құзыреттелген орыс тіліне бұрынғы КСРО кезеңіндегідей жармаса беруіміз, керек болса, құқықтық нонсенс. Тәуелсіздік алған және өз мемлекеттік тілі бар елге бұл ерсі, оғаштау әрекет екені сөзсіз. Өйткені, кезінде, 2007 жылы, Конституциялық кеңес өзінің арнайы қаулысымен Қазақстанда «мемлекеттік тіл мәртебесінің жоғарылығы», «қазақ тілін жеке дара немесе басымдықпен қолдану мүмкіндігі» туралы, орыс тілінің қазақ тілімен «тең» қолданылуын жаппай емес, тек белгілі шектеулі мағынада ұққан жөн екендігі туралы тайға таңба басқандай қылып, «тең қолдануды белгілемейді» дей келіп, «мемлекет мемлекеттік тілге қамқорлық көрсетуге және оның дамуын ынталандыруға, тек мемлекеттік-құқықтық реттеу саласында ғана емес, сондай-ақ қоғамның басқа да барлық саласында оның қолданылуы мен таралуына жағдай жасауға тиіс» деп көрсеткен еді ғой.
Олай болса, мемлекеттік тілдің статусын, қолданылу тетіктерін, мемлекеттік органдардың міндеттерін белгілейтін заң әрбір тәуелсіз елде бар, мұндай заң бізде де болу керек.
Жоғары жаққа қойылған екінші талабымыз халық қалаулыларының тікелей өздеріне байланысты. Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенат пен Мәжіліс депутаттарынан мемлекеттік тілді жетік білуді және сол тілде жұмыстарын атқаруды талап ету шарты бұл.
Әрине, кейбір депутаттарымыз Парламентке, мәселен, еліміздегі өзге ұлт өкілдері тарапынан сайлануы да әбден мүмкін. Дегенмен, әр халық қалаулысы жоғары Парламент дәрежесіне көтерілген сәттен бастап ұлтымыздың бір бөлшегінің ғана өкілі болып есептелмейді. Олар – барша халқымыздың қалаулысы болады. Ал сол елдің өкілінің өз елінің дара жалғыз мемлекеттік тілін білмеуі ақылға сияр тірлік емес.
Бұл қабылданған халықаралық мызғымас қағидаға сай ұстаным. Басқаша болуы мүмкін емес. Қазірден бастап оған ұмтылу – міндетіміз.
Үшінші талап.
Жоғары талапқа тікелей байланысты. Қазақстанда бүкіл заңдар және заңнама актілері мемлекеттік тілде даярлануы, талқылануы, бекітілуі және жариялануы тиіс. Бүгінгі жәйіміз мүлде басқаша, тіпті керісінше болғанын көріп біле тұра осындай мақсатты Парламент алдына қалың көпшілік атынан ашық әрі қатал қойып отырмыз. Жоғарыда аталған Конституциялық Кеңес қаулысында жазылғандай, Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар екенін және орыс тілінің онымен ешқашан тең бола алмайтынын ескерсек, мемлекеттік тілден басқа тілде даярланған заңның қаншама құқықтық салмағы бар екенін де түсіну қыйын емес. Бұның өзі біздің осы талабымыздың орасан зор мәні бар екенінің тағы бір маңызды дәлелі.
Төртінші талап.
Республикада бүкіл балабақша мен бастауыш мектептерде жұмысты тек қана бір тілде – мемлекеттік тілде атқару қажеттігі. Бұғанасы әлі бекімеген, ұлттық тәрбие мен ана тілін әлі бойына толық сіңіріп үлгірмеген жастарға өзге тілдерді тықпалау – қылмыспен тең әрекет. Осы жерде біз ағылшын немесе басқа шет тілдерді Қазақстан азаматтарының меңгеруіне, терең білуіне, Елбасымыздың әр азаматымыз үш тілге жетік болсын деген тапсырмасына еш қарсы емес екенімізді баса айтқымыз келеді. Керісінше, ғалымдар дәлелдегендей, басқа бір тілді үйрену үшін бөгде тіл фактілерімен салыстыратын, оған тәржімаланатын оқушының негізгі туған тілі берік болуы негізгі шарт. Яғни бір толыққанды тілді болмаған бала ешқашан басқа тілді жарытып меңгере алмайды.
Сондықтан, біздің де, ғылымның да, дүниежүзілік практиканың да талабы бір – шет тілдер жасөспірімдерге бастауыш мектептен кейін ғана үйретілуі қажет. Жалпы алғанда, бір бөгде тілді толық меңгеріп алу үшін бір жылдық мерзім әбден жеткілікті. Ендеше, біздегідей балабақшада да, мектепте де, жоғары оқу орнында да осыған шығындана беру – сапасыздығымыздың, сауатсыздығымыздың, бос ысырапшылдығымыздың көрінісі ғана.
Дәл солай, бесінші талабымыз, жетімдер үйлерінде, түрмелерде, басқа да қазынадан қаржыландырылатын мекемелерде де бүкіл жұмыс тек қана бір ғана мемлекеттік тілде жүргізілуге міндетті. Осы мәселеге жауапты мемлекеттік органдар мен ведомстволарға тиісті тапсырманы беретін уақыт жетті.
Алтыншы талап.
Ақпараттық кеңістігімізде, ғаламтор, ТВ, радио және БАҚ-та мемлекеттік тілдің басым үстемдігін Үкімет тарапынан қамтамасыз ету қажет. Керек болса, бұл оның негізгі міндеті. Осыны тікелей іске асыру үшін жауапты мемлекеттік органдар жоспарлы әрі жүйелі түрде түрлі шара қолданулары лазым. Ең жоғары деңгейде талай көтерілген, Елбасымыз бірнеше рет өзі назар аударып тапсырма берген, зиялы қауым ерекше талап етіп отырған осы маңызды мәселе өзінің тиісті шешімін әлі тапқан жоқ.
Жетінші талап.
Ескі «Жарнама туралы» заңымыз бүгінгі заман сұраныстарына мүлде сай емес. Оны қайта қарап, жетілдіріп, өз бетімен кеткен көрнекі құралдар тілін реттеп, белгілі бір тәртіпке бағындырып, жаңа толықтырылған заң қабылдау қажет.
Сегізінші талап
Жер-су, елді мекен атауларына байланысты. Жаңа Парламентіміз бұрыннан айтылып келе жатқан «Ономастика туралы» заңды қабылдап ескі кеңестік және отар заманынан қалған теріс пиғылды жер-су аттардан арылу, бүгінгі тәуелсіз идеологиямыз бен мәңгі ел саясатымызға, ұлттық тарихымыз бен ұлттық құндылықтарымызға сәйкес «картамыздың» тазаруын қамтамасыз ету қажет.
Тоғызыншы талап
Бұл талап терминология мен аударма мәселелеріне байланысты. Мемлекеттік тілімізді шын мәнінде дамытамыз десек, дамыған елдердегідей және бізде бұрын болғандай Мемлекеттік терминология алқасының дәрежесі мен статусын көтерген абзал. Ол үшін, біріншіден, оны тікелей Үкімет басшысына, Премьер-Министрге бағындыру қажет. Екіншіден, алқа (комиссия) емес, кемінде, мына Ресейдегідей жеке дара Комитетке айналдырған жөн. Терминімізді жөнге келтірмей мемлекеттік тілге байланысты мәселелерді ілгерілете аламыз деген түсінік нәтиже бермейді, өйткені, мемлекеттік тіл дегеніміздің өзі – мамандар тілі, ресми тіл, яғни, терминдерден құралған тіл дегенге саяры анық.
Қазіргі кезде қолданыстағы терминжасам тәжірибесі ұлттық терминологиямыздың жүзден онын да әлі қалыптастыра алмағанын ескерсек, осы мәселенің кезектен тыс маңыздылығын түсіну қиын емес.
Оныншы талап.
Мемлекет басшысы, елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жуырда Біріккен Ұлттар Ұйымында сөйлеген сөзі – біздің осынау талаптарымыздың ең жоғары деңгейдегі квинтессенциясы десек қателеспейміз. Еліміздің сыртқы істер бойынша барша байланыстары, жұмыстары, іс-әрекеттері тек қана мемлекеттік тілде жүргізілуі шарт. Басқаша тірлік абырой әпермесін түсінетін уақыт жетті, ағайын. Әке-көкелеп жалбарынуды қойып, нақты ереже-тәртіпті енгізер мезгіл келді. Қашанғы бұрынғы құлақкесті кейіптен, құлдық санадан арыла алмай жүре береміз.
Он бірінші талап.
Қазақстан сыртындағы қазақ халқы шоғырланып отырған жерлерде қазақ тілін оқытатын орталықтарды ашып, оларды материалдық-техникалық тұрғыдан қамтамасыз етіп, оларды үйлестіру – байланыс көпірлерге айналдыру – ең басты парызымыз. Өйткені сырттағы қаракөздеріміздің басым көпшілігі ешқандай оралман емес. Оралман дегеніміз, халықаралық «репатриант» деген терминінің, яғни елден бір кездерде түрлі жағдайларға байланысты көшіп кеткен отандастарды, соны ғана білдіретін атау. Ондай да ағайындар бізде де, әлбетте, бар, жоқ емес. Дегенмен, Қазақстан шекарасының тысындағы қазақтың көбісі өзінің ежелгі ата-бабаларының атамекенінде отырғанын ашық айту керек. Саяси картаның тарылып, шекараның өзгеріп отыруы этнологияда болып тұратын құбылыс.
Осыған байланысты екінші жәйт, ол – шетелдегі қазақтардың санына байланысты. Тек ресми деректер бойынша оның өзі қырық пайыздан асып жығылуға жақын екен. Ресми санақтар, әдетте, шын жәйді азайтпаса, көбейтпесі анық. Біздің қолымыздағы мәліметке сүйенсек, шекаралас орналасқан елдердегі отандастарымыздың жиыны елу пайыздан кем емес. Олай болса, осы аталған екі жағдайды ескере келе, он бірінші талабымыздың да еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне тікелей байланысы барын ұғу қиын емес.
Он екінші талап.
Мемлекеттік мекемелердің мемлекеттік тілде іс жүргізуіне байланысты Қазақстан Республикасының ең жоғары деңгейінде нормативтік актілер қабылданды, бірнеше рет Елбасы жарлықтары шықты. Мемлекеттік тілге көшудің нақты мерзімдері де белгіленді. Орындалу мерзімдері бірнеше рет өтіп те кетті. Бірақ соңғы нәтижелер әлі де көңіл көншітер емес. Біраз аудан, қала, облыс деңгейлерінде талай оңды өзгерістер болып жатса да, осы өрескел фактіні ашық айтпасқа амал жоқ, үдеріске дәл қазір үлкен тежеу болып отырған – мемлекеттік органдарымыздың ең жоғары сатысы: министрлеріміз, депутаттарымыз, Президент Әкімшілігінің және Үкіметтің жоғары лауазымды тұлғалары. Оларға бола бүкіл жұртшылық қазақша жазғандарын қайталап тәржімалауға, не берсе де міндетті түрде екі тілде даярлауға, ресми жиналыстарда тілін сындырып орысша (көрші шет елдің мемлекеттік тілінде) сөйлеуге мәжбүр.
Осы маңызды мәселені қатаң қадағалауға алатын уақыт келді. Елбасы жарлығын орындамаған мемлекеттік қызметкерлер өз орындарын босатып, басқа лайықты азаматтарға берулері керек.
Он үшінші талап.
Мемлекеттік тілде сөйлеу мен жазу мәдениетіне байланысты арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылдаған жөн. БАҚ, ТВ және радио тілі, ресми құжаттардың тілдік сапасы сын көтермейтін дәрежеде екеніне назар аударғанымызға біраз уақыт болды. Өз тілін сыйламаған ел алысқа бара алмасы анық. Дүбара, шата-шатпақ, мәңгүрт ұрпақты тәрбиелегіміз келмесе, дереу осы дерттің алдын алған абзал.
Он төртінші талап – әліпбиімізге байланысты.
Бізге зорлықпен телінген және туған тілімізге үш қайнаса сорпасы қосылмайтын алфавиттен арылу – кезек күттірмейтін іс. Және мақсатымыз жәй жаңа әліпбиге көше салу емес екенін де білген абзал. Негізгі мақсатымыз барша дүние жүзіндегі түркі халықтарымен – ортақ және бір. Ол – ортақ, әр тілде бірдей дыбысталатын дыбыстарымызды ортақ, бірдей таңбалармен, әріптермен таңбаласақ деген принцип болу керек. Сонда ғана тілі мен ділі жақын түркі ұлыстары бір-біріне жақындай түсу мүмкіншілігіне қол жеткізулері мүмкін. Өйткені, жүзден астам түркі тілдерінің ғажап бір ерекшелігі – барша тілде сөздері еш өзгерместей бірдей болғаны, бір қалыпта сақталғаны. Аяқ, ат, ер, ата, алтын, арқа, ақ, қара ж.б. осы секілді сөздер үш жүз миллионнан астам түркі елдерінде бір-бірінен айнымаған бір нұсқада. Біздің айырмашылығымыз, бір-бірімізді кейде түсінбеуіміз – кірме, бөгде, шетелден алынған сөздерге ғана байланысты екенін мамандар жақсы біледі.
Басқа түркі мемлекеттері секілді біздер де латын алфавитіне көшкен кезден бастап түркі әлемі кеңістігінде өзіміздің табиғи және тарихи, геосаяси және мәдени аманатты, ата-бабалардың бата-өсиетін іске асыруға толық мүмкіншілікке ие бола аламыз.
Осы талаптар жүзеге асқан кезде ғана Қазақстан барша түркі халықтарының – атамекені, қазақ тілі – ең байырғы әрі ең бай түркі тілі, қазақ мәдениеті – ең іргелі әрі басты бағдар сілтер қасиеттерге ие мәдениет ретінде байтақ еуразиялық масштабта игілігін адамзатқа паш етуге қол жеткізері айқын.
Олай болса, осынау ауыр жүкті қайтпас қара нардай арқалап, еліміздің рух байрағын берік ұстап, жайнаған туын жоғары көтеріп, жоғарыда тізбектелген маңызы зор талаптарды билікке де, азаматтық қоғамға да қоя білген, қайсар да жайсаң академик ағамыз – Өмірзақ Айтбайұлына қажымас қайрат пен зор денсаулық тілейміз. Көпке бағдар болар – көктегі темірқазықтай жарқырай беруін, ойға азық болар – көшелі ғылыми дүниелерінің қоздай беруін, өмірдің өр белестерінде абырой мен алғысқа бөлене беруін қалаймыз.
Ерден Қажыбек, Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамының вице-президенті, Қазақстан Республикасы Әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор
Abai.kz