Ресейлiктер Отырар қауынына әуес
Отырар ауданы әкiмi Ерлан Айтаханов Маяқұм, Балтакөл ауыл округтерiнде iссапармен болып, «Отырар-Сүт-Ет» селолық тұтыну кооперативi мен «Отырар Агро өнiмдерi» ЖШС диқандарымен кездескенде көптеген игi iстердiң атқарылып жатқанына көз жеткiздiк, деп жазады «Оңтүстік Қазақстан» газеті.
Қазiргi таңда кооператив құрамына жергiлiктi «Серiкбай-Б», «Мейiрбек ЛТД», «Үсенов-Н» жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктерi кiредi. Кооператив биыл 190 гектар алқапқа «Жиенбай» сортты қауыны, 130 гектарына жоңышқа, 100 гектарына жүгерi дақылдарын еккен.Тың технологияларды пайдалану арқылы мол өнiмге қол жеткiзген шаруашылықтың өнiмдерiне сұраныс жоғары болып отыр. Бүгiнде Сыр бойының сары торлама қауындарын Ресейдiң Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларынан келген кәсiпкерлер өздерi тасымалдап әкетуде. Мәскеудегi Домодедово халықаралық әуежайы мен «Фудсити» сауда орталықтарында сатылып жатқан қауындар мәскеулiктер мен шетелдiк қонақтардың сүйсiнiп жейтiн таңсық астарына айналған. Сол секiлдi Нева жағалауындағы «Ленинградтық өреңдер де» Сыр бойының қауынының дәмiн татуда.
Ал, Балтакөлдегi диқандар ғылымға негiзделген, соңғы озық технологияларды пайдаланып 104 гектар алқапқа тамшылатып суару әдiсiмен пияз егiптi.
Диқандар әр гектарынан 60 тоннадан өнiм алуда. Бұл өнiмдер келiсiмшарт бойынша «Отырар қойма» ЖШС-нiң қоймасында сақталады. Сонымен қатар, 50 гектар алқапқа тамшылатып суару әдiсiмен күздiк пияз егiлiп бiттi. Аудан басшысы Ерлан Қуанышұлы диқандардың өнiмдi еңбегiне ризашылығын бiлдiрiп, жұмыстарына табыс тiледi.
Abai.kz