Жылыжайлардан 80 мың тонна көкөніс өнімдері жиналды
ОҚО-да бірінші жартыжылдықтың қорытындысымен ауыл шаруашылығы жалпы өнім көлемі 123 млрд теңгені құрады. Бұл туралы бүгін Елбасының жүктеген функциялары мен міндеттерінің орындалуы бойынша облыстық мәслихат депутаттарының алдындағы есебінде ОҚО әкімі Бейбіт Атамқұлов мәлім етті.
«Өңіріміздің аграрлы екенін ескере отырып, ауыл шаруашылығының дамуына ерекше назар аударылуда. Саланы қолдауға жалпы 29 млрд теңге бағытталып отыр.
Егіс көлемін ұлғайту, иесіз жерлерді игеру, заманауи технологиямен тамшылатып суару әдісін кеңінен енгізу, жылыжай құрылыстары, мал басын асылдандыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысымен ауыл шаруашылығы жалпы өнім көлемі 123 млрд теңгені құрап, 2 пайызға артты», - деді әкім.
Оның айтуынша, егіс көлемі өткен жылдан 13 мың гектарға артып, 788 мың гектарды құрады. Суармалы 466 мың гектар жердің 93 пайызы игерілуде (434 мың га).
«Ағымдағы жылы дәндік жүгеріден 108,4 мың тонна, көкөністен 811 мың тонна, бақшадан 1 252 мың тонна, картоптан 195 мың тонна, масақты дақылдардан 470 мың тонна өнім жиналды. Алғаш рет бидайдың орташа өнімділігі 22 центнерді құрап (2015 ж. - 17,8 ц/га), рекордтық өнім алынды», - деді Б. Атамқұлов.
Атап айтқанда, өңірде тамшылатып суғару әдісі қосымша 6 000 жуық гектарға ендіріліп, жалпы көлемі 49,7 мың гектарға жетті (Республикадағы үлесі 73%).
Жылыжайлар қосымша 72 гектарға салынып, жалпы 1 098 гектарды (республикадағы үлесі 87%) қамтыды. Осы жылыжайлардан 80 мың тонна көкөніс өнімдері жиналды. Ал терең қопсыту технологиясы 89 мың гектарға енгізілді.
Abai.kz