«Абай оқулары» республикалық байқауы өтеді
2016 жылдың 21 қыркүйегінде Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен «Абай оқулары» республикалық байқауы өтеді, - деп хабарлайды Абай-ақпарат министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті үстіміздегі жылғы 21 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына және Қазақстан Халқы тілдері күніне орай Қазақстанның этнос жастары өкілдері арасында дәстүрлі «Абай оқулары» республикалық байқауын өткізеді" делінген хабарламада.
Байқаудың мақсаты – қазақ тілінің көркемдік ерекшелігін, бай сөздік қорын насихаттау, Абай шығармашылығын насихаттау арқылы қазақтың тілі мен әдебиетіне, мәдениетіне деген этнос өкілдерінің ықыласын арттыру әрі еліміздің рухани бірлігін нығайту.
«Абай оқулары» республикалық байқауына еліміздің облыстары мен Алматы қаласы байқауларының 13 жеңімпазы қатысады. Байқау ережесіне сәйкес үміткерлер Абай шығармаларын (білім, ғылым және өнер тақырыптарына өрілген поэзиялық шығармасын немесе қара сөзін) жатқа оқу, «Абай жолы» роман-эпопеясынан үзіндіні көркемсөз оқу талаптарына сай шеберлікпен орындау, Абай әндерін немесе халық әндерін шырқау бойынша сайысқа түседі.
Байқау қатысушыларының жұмысын абайтанушы ғалымдар мен зиялы қауым өкілдерінен құралған қазылар алқасы бағалайды және оның жеңімпаздарын анықтайды. Байқау жеңімпаздары арнайы дипломдармен, алғыс хаттармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталады.
Abai.kz