Созақтың қаракөлі Араб елдеріне экспортталуда
Облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов Созақ ауданында болған сапарында қаракөл қойын өсiруге баса көңіл бөлу керектігін айтқан болатын. Өйткені бұл шаруашылық түрінің табысы мол, жергілікті халыққа тиімді боларын атап өткен-ді. Бүгiнгi таңда мал шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтарының бәрi еттi қой түрлерiн өсiрумен айналысып келеді. Осы орайда сала мамандары көзін тапса, қаракөл шаруашылығынан келер табыстың көл-көсiр болатынын айтады.
Аталмыш бағытта жұмысты жандандырған теріскейліктерге қаракөл мал шаруашылығын дамытудағы жұмыс өз нәтижесін бере бастады. Бүгінде Созақ ауданында екі бірдей шаруашылық - «Құмкент» және «Қара құр» өндірістік кооперативі қаракөл қойын өсірумен айналысады. Жуырда «Қара құр» өндірістік кооперативінен 1238 бас еркек қаракөл тоқтыларын Біріккен Араб Әмірліктеріне экспортталғаны жұмыстың жолға қойылғандығының айғағы болса керек.
«Қара құр» өндірістік кооперативінің басшысы Ж. Садырханұлының айтуынша, Араб Әмірліктерінен арнайы келген мамандардың қой сұрыптаудағы талап үделерінен шығып, жыл соңына дейін тағы экспортқа шығаруды жоспарлап отыр.
Кеңес Одағы тұсында Созақ мыңғырған малымен ерекшеленген аудан есептелетін. Өйткені, бұл ауданның табиғаты мал шаруашылығын өрістетуге өте ыңғайлы. Әрі Созақ даласында өсетін шөппен қоректенген малдың еті өзге өңірлерге қарағанда ерекше дәмді болады.
Abai.kz