Оппозициялық "Республика" сайты жабылғанын жариялады
Оппозициялық "Республика" сайтының жабылғаны туралы редакция мәлімдемесін сайттың тең құрылтайшысы әрі журналист Ирина Петрушова Facebook’тeгі парақшасында бейсенбі күні жариялады.
"Республика" редакциясының интернет-портал жұмысы тоқтағаны туралы жариялайтын уақыт келді. Тиісті мәлімдеме "Роскомнадзорға" жолданды. Біз жабылдық", - деп жазды Ирина Петрушова.
Петрушова мұндай шешімді басылымның журналистер ұжымы қабылдағанын жазды. Порталдың жабылуына бірқатар жағдай себеп болған: техникалық және қаржы мәселелері. Бұдан басқа да себептерін, Петрушованың пікірінше, "елдегі саяси ахуалды жіті бақылап отырғандар" жақсы түсінуі тиіс.
"Республика" 2000 жылдың мамыр айында апталық газет болып жарыққа шықты, содан бері редакция және оның журналистері қудалауға ұшырап келді. 2012 жылы бірқатар оппозициялық массмедианы, соның ішінде ақпараттық-сараптамалық "Республика" газетін де сот "бірдей БАҚ" деп танып, оны басып шығаруға тыйым салды. Қазақстанда "Республика" сайты да ашылмайды.
Абай-ақпарат