Сенбі, 23 Қараша 2024
Алашорда 9506 0 пікір 14 Қыркүйек, 2016 сағат 11:17

«АЗАТ» ҚОЗҒАЛЫСЫ МЕН АЛАШ ИДЕЯСЫ

Ұлттық ұйымның құрылуы

Ұлттың ұлт ретінде сақталуға, өзіндік ұлттық ерекшеліктерін сақтай отырып қалыптасып отырған жағдайдан аман шығуға деген ұмтылысы табиғи құбылыс деп бағамдауға болады. Тіпті, ұлт қамын ойлайтын көзі қарақты азаматтарын жойып, қалың тобырды қалдырса да, сол тобырдан белгілі бір топ бөлініп шығып, ұлт болашағы жайлы, ұлттық идея жайлы ойларды қалыптастыра алады. Оның жарқын мысалы ретінде қазақ халқының ұлттық идеясының қанша қуғын мен сүргінге, қатал тыйым мен бақылауға қарамастан сақталып, қайта жандануын келтіруге болады.

Кеңестік кезеңде, сонау жетпісінші жылдардың өзінде «Жас Тұлпар» ұйымының құрылуынан қазақтың ойлы ұл-қыздарының ұлт болашағы, ел ертеңі жайлы ойланып, тәуелсіздік, ұлтты сақтау жолында іс-әрекет жасауға талпынғанынан көре аламыз. Кейіннен «Қайта құру» орын алып, демократия желі ескен уақыттарда сол бұрыннан қазақ жайлы ойлап, толғанып жүрген азаматтар бірігуді мақсат етті, өз ой-армандарымен өзара бөлісе бастады, ұлттық идея жолында қызмет етуге бел шеше кірісті. Қазақтан шыққан көзі қарақты азаматтардың ұлттық идея жолында белсенді түрде жүргізген іс-әрекеттерінің ең бастысы Қазақстанның азаматтық «Азат» қозғалысы болған еді.  

1990 жылдың 30 маусым мен 1 шілдеде Алматыда, Қазақстан жазушылар одағының мәжіліс залында Азат қозғалысының құрылтайы өтті. Оған республиканың тоғыз облысынан, қырық бейресми топтар мен ұйымдардан 400-ге жуық делегат қатысты. Құрылтайға Өзбекстанның, Қырғызстанның, Әзірбайжанның және Москва қаласының демократиялық күштерінің өкілдері қатысып сөз сөйледі. Құрылтайдың күн тәртібінде  келесі мәселелер қарастырылды: а) Республикадағы сол кездегі жағдай және Қазақстанның азаматтық Азат азаматтық қозғалысының бағдарламалық міндеттері; ә) Қазақстанның Азат азаматтық қозғалысының жарғысының жобасы; б) Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларация жобасы; в) Қазақстанның Азат азаматтық қозғалысының басшы органдарын сайлау.

Мұнда қозғалысты алқалық басқаруды негіздейтін тең төрағалық институты енгізіліп, қозғалыстың жеті тең төрағасы сайланды, олар: Михаил Иванұлы Есенәлиев, Сәбетқазы Ақатаев, Марат Шорманов, Нұрбақыт Қойшыбеков, Евгений Головастиков, Гүлжаһан Биболсынова және Сайын Шапағатов еді. Сонымен қатар қозғалыстың ақсақалдар алқасы да көпшілікпен сайланды, оның құрамына Жағда Бабалықов, Камал Ормантаев, Әмина Нұғыманова, Мардан Байділдаев және Мақаш Тәтімов төраға болып кірді. Құрамы 33 адамнан тұратын Үйлестіру кеңесі құрылды және «Азат» газетінің редакциялық алқасы мен Тексеру комиссиясы сайланды.

Дегенмен, «Азат» қозғалысының қатары мен құрамын нығайтқан өңірлерде бұл кезде құрылып, өз істерін бастап кеткен шымкенттік «Бетбұрыс»,маңғыстаулық «Парасат», ақтөбелік «Алдаспан», аралдық «Тамшы», ақмолалық «Тіл және мәдениет», оралдық «Қазақ тілі» т.т. ұйымдарының ұжымдық түрде қосылып, қозғалыстың жергілікті филиал міндетін атқаруға көшуі өз тиімділігін арттыра түсті.

Егемендік идеясының туұстары

«Азат» қозғалысы құрылған уақыттан бастап Алаш қайраткерлері ұстанған ұлттық идеяға қызмет етті, ол ұлттық құндылықтарды қалпына келтіру, қазақ халқының ұлттық санасын ояту, тілді, діл мен дінді қайта қалпына келтіру және дамыту, түркі тілдес мемлекеттердің интеграциясы бойынша үлкен мәселелерді қолға алды. Сонымен қатар, қозғалыс құрылған сәттен бастап тәуелсіздікке қол жеткізуге барынша күш салды, осы мақсатқа сай іс-әрекеттерді жүзеге асырды. Сол кездегі коммуннистік партияға қарсы тұра алатын бірден-бір саяси күш ретінде Қозғалыс жаңаша идеяларды ортаға салды, қозғалыстың ұлттық бағыттағы айрықша ойлары халық тарапынан үлкен қолдауға ие болып отырды. 

«Азат» қозғалысы құрылтай мәжілісінде ең алдымен егемендік туралы Декларацияны қабылдау қажеттігін алға тартты және егемендік туралы Декларация жобасын халыққа ұсынды. Декларация жобасында еліміздің атауы Қазақ Республикасы деп көрсетіліп, оның қазақ ұлтының, сол сияқты басқа да ұлттық топтардың гүлденуі мен лайықты тұрмысына кепілдік беретін егеменді, демократиялық мемлекет ретінде орнықтырылатындығы айқындалды. Декларацияда Қазақ Республикасының егемендігін қамтамасыз етуші факторлар да атап көрсетіледі, онда жер, қазба байлықтар, су, ормандар, табиғи ресурстар және өзінің әуе кеңістігі Республиканың даусыз меншігі болып табылатындығы,өзге де күллі ұлттық байлықтарға тұтастай иелік ететіндігі; өз аумағында Қазақ Республикасының Конституциясы мен заңдары үстемдік ететіндігі және өзге де маңызды мәселелер қамтылған.   Егемендік туралы Декларация жобасын құрылтай мәжілісінде қабылдап, оның мәтінін газет бетінде жариялап, сәйкес органдарға тапсыру арқылы Азат қозғалысы еліміздің егемендік туралы Декларациясын қабылдауын жеделдете алды деп топшылауға негіз бар. Себебі, өзге одақ құрамындағы республикалар жаппай өз егемендіктерін жариялап жатқанда еліміздің ресми билігінің тым-тырыс отыруы сол кезеңдегі халық үшін де түсініксіз жайт болғаны анық. Ал, «Азат» қозғалысы егемендік туралы Декларацияны қабылдайтын уақыттың келгенін алға тартып, өз тарапынан Декларация жобасын ұсынып, халыққа тарату арқылы ресми билікке жанама қысым көрсете алды. «Азаттың» бұл декларациясы - Азаттықтың құжаттық алғышарты еді.

Еліміздің тәуелсіз мемлекет ретіндегі ең алғашқы Конституциясының жобасын да әзірлеген «Азат» қозғалысы болды. 1991 жылдың қаңтарында «Азат» газетінің №1 санында жарық көрген ғалым С.Өзбекұлы ұсынған Қазақ Республикасының Конституциясының жобасы әлі де болса саяси-құқықтық маңызын жоғалтпаған жоба болып табылады. Жоба авторы әлі де болса тәуелсіздігін жарияламаған еліміздің Конституциясының жобасын әзірлеу арқылы жалпы қозғалыстың тәуелсіздікке қатысты ұстанымын айқындап берді. Жобада ел атауы Қазақ Республикасы деп аталады және мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілін бекітеді. Сонымен қатар, елімізде бір палаталы Ұлттық Мәжіліс құру идеясы да осы жобада айтылған. Автор елімізде жергілікті халықтың дәстүрі, әдет-ғұрпы мен демографиялық ерекшеліктері негізінде ұлттық заңнама құру қажеттігін де Конституция жобасының 12 бабында айқын көрсеткен болатын.

Азат белсенділері республиканың әр аумағында халықпен тығыз байланыс орнатып, әртүрлі іс-шаралардың басы-қасында жүрді. Олар егемендік алуға байланысты, елдің біртұтастығын сақтауға, ұлтаралық қақтығыстарды болдырмауға және өзге де маңызды мәселелерге қатысты үлкен іс-шараларды ұйымдастырды. 1990 жылы 14 тамызда Азаткерлердің  федералдық шартқа еліміздің басшылығының қол қоймауын талап етіп аштық жариялауы қозғалыстың тәуелсіздік жолында ресми билікке қарсы тұра алатындығын көрсеткен еді.

«Азат» қозғалысы еліміздің дербес мемлекет ретінде орнығу үрдісін бастан кешіріп жатқан, аса бір қиын шақтарда саяси аренаға шыққан әрі жалпықазақтық ұйым.

90-шы жылдары қазақ елінің аумағына, елдігіне қатысты талаптар бейресми ортада көптеп айтыла бастаған еді, осындай баспасөзде жарияланған әртүрлі пікірлерге батыл жауап беру, тіпті, қажет болған жағдайда ресми биліктің ұстанымынан тыс нақты әрекеттерге бару азаттықтардың қолынан келді. Соның бір мысалы, Азат қозғалысының ұйымдастыруымен өткен 1991 жылғы 13-15 қыркүйек аралығындағы Оралдағы наразылық акциясын айрықша атап өтуге болады. Оқиғаның орын алуына казак мәдени орталығының бастамасымен Орал қалалық кеңесіндегі кейбір депутаттардың кеңестің күн тәртібіне патшалық Ресейге қызмет еткен казак әскерінің 400 жылдығын салтанатпен тойлау мәселесінің қойып, оған қатысты облыстық кеңестің оң сипаттағы қаулысының қабылдануы болады. Бұл шешімге қарсы болған Азаттың жергілікті белсенділері қозғалыстың орталық басқармасына келіп жағдайды түсіндіріп, көмек сұрайды. Нәтижесінде 1991 жылы тамыздың соңында Семей полигонының жабылуын табалп еткен шарасына жиналған азаттықтар «Аттанайық, Ақжайыққа!» штабын құрып, елдегі қозғалыс белсенділерін Оралға шақырған үндеу тастаған еді. Сол жолы егемен болмай тұрып Семей полигонын жабу шешімінен қанаттанған азаткерлер Орал қаласына Қазақстанның түкпір-түкпірінен 300-ден аса ұлтшыл азаматтарды жинаған болатын. Наразылық іс-шарасының нәтижесінде облыс басшылығының қабылданған шешімімен өткізілмекші болған мерекелік шара өтпеді, жергілікті жерде орын алған сепаратистік көңілкүйге тосқауыл қойылды. Орал оқиғасы Азат қозғалысының халық арасында беделінің көтерілуіне оң ықпал етті.

Қазақстанның тәуелсіз ел ретінде орнығуына барынша атсалысуды мақсат еткен қозғалыс белсенділері ел арасында әртүрлі іс-шараларды өткізумен қатар, халықтың саяси және ұлттық санасын ояту мақсатында көптеген сол кезең үшін өте өзекті мәселелерді бұқаралық ақпарат құралдарында ашық талқылап, өзіндік ұстанымдарын үздіксіз жариялаумен болды. Азат қозғалысының ұлттық мемлекет құру идеясының басты өзегі өзге ұлттардың басын ортақ ұлттық идеологияға біріктіре отырып, адам құқықтарын басшылыққа алып қазақ ұлтының мүддесіне негізделген азаматтық қоғам құру болды. Ұлттық идеологиясы бар елдің ғана айқын мақсаттарға қол жеткізіп, ұлттық тұтастыққа қол жеткізе алатындығын, өзге ұлт өкілдерінің елде өздерін бөтен сезінбеуінің басты кепілі адам құқықтарының қалтқысыз сақталуы екендігін түсіне білген азаттықтар өз ұстанымдарынан тайған жоқ. Олар елдегі тыныштық пен бейбітшілікке тек қазақ ұлтының мүддесін шектеу арқылы қол жеткізуге ашық қарсылық білдірді, тіпті, ұлттық саясатқа байланысты ресми биліктің ұстанымдарын ашық сынға алды. 

«Азат» қозғалысы еліміздің тәуелсіздігі ресми жарияланған соң ел билігінің атқарған іс-шараларына баға беріп, қажет болса нақты мәселелерде қарсылығын білдірді. 1992 жылдың 17-24 шілдесінде Алматыда «Азат» қозғалысы, Республикалық партия және Желтоқсан ұлттық-демократиялық партиясы ұйымдастырған бүкіл республикалық бейбіт наразылық шеруі болды. Бұл жолы олар үкіметті таратып, демократиялық жолмен қайта құруды, компартия атынан сайланған депуттардың мандатын дербес саяси ұйымдар өкілдеріне беруді талап етті. Бұдан біз «Азат» қозғалысының мемлекет саясатының оң және теріс тұстарын байқай білген оппозициялық саяси ұйым ретінде қалыптаса алғандығын көре аламыз.

«Азат» қозғалысының тағы бір үлкен мән берген мәселесі түркі мемлекеттерінің интеграциясы болды. Құрылған уақытынан бастап Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Әзірбайжан  елдеріндегі саяси партиялар мен саяси ұйымдармен тығыз байланысып, осы елдердегі саяси ахуалмен таныс және оларға қатысты өзіндік ұстанымда болды. Тіпті, «Азат» қайраткерлерінің бірі С.Ақатай «Түркістан халық қозғалысының бағдарламасын» жасап, онда қозғалыстың басты мақсатын Орта Азия мен Қазақстанның (Түркістанның) азаматтарының азаматтық, саяси, экономикалық, әлеуметтік, рухани және мәдени құқықтарын қорғау және жүзеге асыру, олардың белсенділігі мен өз бетінше әрекет етуіне, қоғамдық және мемлекеттік істерге тікелей қатысуына, кәсіби және өзге де мүдделерін қамтамасыз етуге, халықтың денсаулығын қорғауға ықпал ету, қайырымдылықпен айналысу, мәдени-ағартушылық, сауықтыру және спорттық шараларды ұйымдастыру, қоршаған ортаны, тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау, патриоттық және адамгершілік тәрбие беру, халықаралық қатынастарды дамыту, халықтар арасындағы бейбітшілік пен достықты нығайту және өзге де заңмен тыйым салынбаған істермен айналысу деп көрсеткен еді (Өміржанов Е.Т. Азат қозғалысы және Қазақстанның саяси-құқықтық ой-пікірінің тарихы.Алматы, 2009.75 бет). Осы бағдарламаның мәтінінен «Азат» қайраткерлерінің түркі бірлігіне деген көзқарастарының қаншалық деңгейде болғанын көре аламыз.

Кезінде М.Шоқай көтерген Түркістан   идеясының қайта жанданып өмірге енуіне, халық санасына кірігуіне «Азат» қозғалысының үлесі өте қомақты. Азаттықтар Орта Азиялық бес түркі тілдес мемлекеттің конфедерацияға бірігуін ашық қолдады. «Азат» газетінің 1991 жылғы №20-21 сандарында жарық көрген Түркістан конфедерациясы туралы декларациясы арқылы азаттықтар көпшілік қауымның мұндай одаққа қатысты пікірін білуге ұмтылды. Азат қозғалысы қайраткерлері Орта Азиялық түркі тілдес мемлекеттердің бірлесе дамуы арқылы ғана сыртқы күштерге төтеп бере алатын, ортақ нарығы мен ортақ шекарасы бар алып одаққа айнала алатындығына сенімді болды.

Жалпы алғанда, Азат қозғалысы құрылған уақытынан бастап, «Алашорда» өкіметі қолға алған ұлттық мүддені ту етіп көтерді, ұлттық мүдде жолында көптеген батыл қадамдарға барды. Тіпті, ресми билік қабылдаған шешімдерге ұлттық мүдде тұрғысынан баға беріп, ашық түрде қарсылық білдіруден тайсалмады. «Азат» қозғалысы Қазақстанның жаңа тарихында атауы алтын әріптермен жазылатын, қазақ ұлтының ұлттық рухын оята білген, ұлттық мүдде жолында қызмет етудің мысалы бола білген ірі саяси ұйым болып қалды. Қозғалыстың басты ұраны болған, ең алдымен рухани құндылықтарды ретке келтіру мәселесі бүгін де өз құндылығын жойған жоқ, керісінше, оның айқын ақиқат екендігі өмірмен дәлелденуде. Қозғалыстың ұлттық идея жолында атқарған қызметі мен ұсынған идеяларын қоғамда кең насихаттап, білім беру бағдарламасына енгізу арқылы қоғамдағы ұлттық рухты көтеруде нақты нәтижелерге қол жеткізуге болады.

Өміржанов Есбол Тоқтарбайұлы, з.ғ.к., доцент

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5502