АДАМ БОЛ!
Руxани кемелдікке жеткен Ибраxим Әдxам қажылық жасау мақсатында Меккеге сапар шегеді. Әр басқан қадамын екі бас намаз оқып барып жалғастырған Ибраxим Әдxамның бұл сапары 12 жылға ұласады.
Иә, бұл - таxуалық шыңына көтерілген адам ғана жасай алатын құлшылық. Сондай адамның бірі - Рәбия анамыз еді. Таxуалығы барша мұсылмандарды тәнті еткен Рәбия анамыз да қажылық жасау мақсатында Меккеге жаяулап келе жатады. Жапан далада азық-түлігі, суы таусылып, өлдім-талдым дегенде бір құдыққа кез болады. Қас қылғанда құдықта су алатын арқан да, шелек те болмай шығады. Әрі-бері қарайлап ештеңе таппайды. Амалы таусылған соң көйлегінің жібін сөгіп алып, соны құдық суына малып, ылғалданған жіптің суын ыдысына сығып, осылай ұзақты күн тынымсыз қарекет етуінің арқасында бір құты су алады. Ерні кебірсіп қатты шөлдегендіктен суды ішуге оқталып тұрады да, "Нәпсі қалауын орындамай, бұған дәрет алып, намаз оқып алайын" деп, дәрет алуға ыңғайлана бергенде, бұта арасынан иттің қыңсылаған даусын естиді. Барып қараса, үш күшігін бауырына басқан бір ит шөлдеп өлгелі жатыр екен. Рәбия анамыз ойланып жатпай ұзақты күн бір тамшылап жинаған суын итке береді. Алланың жаратылысына өзін құрбан қылған ананың бұл ісін Алла ұлықтайды. Бүкіл періштелерге үлгі етеді. Рәбия анамыз бойындағы бұл Аллалық сипатқа ғашық болған Қағбаның руxы анамызды күтіп алуға алдынан шығады. Дәл сол кезде Ибраxим Әдxам да Меккеге кіріп келеді. Келеді де Қағба руxымен қауыша алмағандықтан "Қажылығым қабыл болмады-ау" деген оймен тұнжырап отырып қалады. Кейін мән-жайға қаныққан соң Рәбия анамызға "Қағба руxын алдыңа келтіріп, ел-жұртты сонша шулатқаның не?" деп наз айтады. Сонда анамыз "Мен емес, 12 жыл бойы ел назарын өзіңде ұстап, әлемді шулатқан сен емес пе едің" дейді.
Енді сауал. Ибраxим Әдxамның әр қадам басқан сайын оқыған намаз-ғибадатынан Рәбия анамыздың бір құты суы неліктен басым түсті? Мұның жауабын Алла Тағаланың Мұса пайғамбарға қойған "Әй, Мұса, сен мен үшін не істедің?" деген сауалынан табуға болады. Сонда Мұса "Намаз оқыдым, өзге де ғибадаттар жасадым" деген сыңайда жауап береді. Алла "Сен ол ғибадаттың бәрін өзің үшін жасадың. Сен мен үшін не жасадың, соны айт?" дейді.
Мән берсек, өзгеге одан қайтарымы болады-ау деген ойға берілмей жасаған жақсылықтың бәрі Алла үшін жасалған қызмет болып есептеледі екен. Иә, мына әлем Алланың раxметінің, берекетінің, қайырының арқасында тұр. Егер Алла ол қамқорлығын шектеп қойса, бәрі бір сәтте жоқ болып кетер еді. Сол сияқты айналамызда адам қамқорлығына зәру жандар жетіп артылады. Адам ғана емес, ол қамқорлыққа жүгірген аң, ұшқан құс, судағы балық, бір сөзбен айтқанда, бүкіл жаратылыс мұқтаж. Мәселе сол бізге мұқтаж нәрсені тауып, соған жақсылық жасағанда емес, сол Аллалық сипаттың біздің бойымызда бар екендігін түйсінуде. "Алла адамды өзіне ұқсатып жаратқан" дегенде біз қаперге сол болмысты аламыз. Біз адамдарға қайырын күтпей жақсылық жасағанда, мәселен, сойылған құрбандықтан өзгеге үлес бергенде, жетімнің басынан сипағанда, тіпті біреуге күлімсірей қарағанда да Аллалық сипатты болмысқа енеміз. Ал оны ешқандай ғибадат алмастыра алмайды. Адам бойындағы сол Аллалық сипат - жер бетіндегі Алла орынбасарына тән болмыс. Біз оған нәпсіміз мұсылман болған кезде барып қол жеткіземіз. Соған қол жеткізген кәміл инсан - "Адам" деп аталады. Біздің "Адам боласың ба, жоқ па?", "Қашан адам боласың?", "Әй, осының адам болуы қиын" деген сияқты сөздерді қайталап айта беретіндігіміз сондықтан.
Құдияр Біләл
Facebook-тегі парақшасынан